Объективті белгілері. Сырттан қарағанда аурған жақтағы жұмсақ тіндер домбығып (ісініп), терісі қызарыңқырап, сау жағымен салыстырғанда қызуы көтеріледі. Саусақпен пальпация жасағанда жоғарғы жақ сүйегі және төменгі көзасты тесігі ауырады.
Алдыңғы риноскопия жасағанда ауырған жақтағы мұрын қуысының кілегей қабығы қызарып домбыққанын және ортаңғы мұрын желбезегінің астынан гаймор қуысында жиналған ірің ағуын байқауға болады.
Риноскопияға қосымша тәсілдердің бірі В. И. Воячек ұсынған диафоноскопия болып есептеледі. Қараңғыланған бөлмеге науқасты отырғызып, ауыз қуысына кішкене электр шамын немесе диафоноскопты енгізіп еріндердің толық жабуын өтінеді. Осыдан кейін шамды жаққанда сау жағындағы тіндер және көз жанары қызарады, ауырған жағы қараңғы болып қалады. Ал, науқас сәулені тек сау жағымен сезінеді.
Жоғарғы жақ сүйегі қуысының дерттерін тексергенде ренттенография тәсілі өте бағалы мағлұматтар береді. Әдетте қуыс іші толған, сондықтан рентген сәулесін кедергісіз өткізеді де рентгенограммада ашық болып көрінеді. Егер гаймор қуысында сулы-ірің немесе басқа заттар болса рентген сәулесі тосқауылға тоқтап рентгенограммада бұлдыр немесе қараңғы болып көрінеді. Егер, жоғарғы жақ қуысында сүйық ірің жиналса рентгенографияны науқасты тұрғызып жасағанда оның деңгейін байқауға болады. Қуыстың кілегей қабығы домбықса қабырға көлеңкесі тәріздес көрінеді. Одонтогенді гайморитте бүл айтылған көріністер тек бір жағында орналасып, басқа қосалқы мұрын қуыстары таза болады. Рентгенографияны сәуле тоқтататын (контрастты) сұйық заттармен жасағанда дерттің көлемін және сипатын көрумен қатар, дүрыс ем қолданылуын қамтамасыз етеді.
Томография тәсілі дерттің қай қабатта жатқанын, оның топографиясын анықтайды. Қазіргі кезде компютерлік томография тәсілі гаймор қуысында кездесетін дерттерді анықтауға үлкен көмегін тигізеді.
Жоғарғы жақ қуысын төменгі мүрын жолымен Гартман әдісімен тесіп қуыс ішіндегі заттарды сорып алып, оны цитологиялық жолмен тексеріп диагнозды анықтауға болады. Ол үшін төменгі мұрын жолын 2% дикаин ерітіндісімен жансыздандырып қисық Куликовский инесімен қуысты теседі. Тескеннен кейін шприц арқылы қуыс ішіндегі затты сорып алып, сол ине арқылы қуысты антисептикалық ерітінділермен жуу керек.
Гаймор қуысының дерті тіс дерттерімен байланысын анықтау үшін жоғарғы жақ сүйегінде орналасқан тістерді тексеру қажет. Әсіресе жегімен бүзылған тістерді, емделген тістерді электроодонто-диагностика әдісін қолдана отырып тексереді.
Жедел одонтогенді гайморитті жедел іріңді периоститтен, жоғарғы жақ сүйегінің жедел остеомиелитінен, үшкіл нервтің невралгиясынан және риногендік гаймориттен айыра білген жөн.
Одонтогенді гайморитті риногенді гаймориттен келесі ерекшеліктеріне сүйене отырып ажыратуға болады: дерт тістің ауырғанынан басталады, жоғарғы жақ сүйегінде қабыну процестері (периодонтит, пародонтоз, остеомиелит, іріңді киста) болуы мүмкін, жоғарғы жақ қуысымен қатынасты жыланкөз, әдетте қуыс біржақты бұзылады.
Жедел одонтогенді гайморитті емдеу жалпы және жергілікті болып бөлінеді.
Ең алдымен, инфекция көзін жою үшін оған себепші болған тісті жұлып, остеомиелит ошағын ашып қуыс ішіндегі іріңді ағызу қажет. Ол үшін мұрын қуысының төменгі жолының кілегей қабығын 1% дикаин, 2—3% эфедрин ерітінділерімен (жағып) жансыздандырып Куликовский инесімен іріңді сорьш алғаннан кейін, қуысқа резинка түтігін енгізу қажет. Сол түтік арқылы қуысты антисептиктермен, антибиотик, кортикостероидты (гидрокортизон, преднизолоң т. б.) және протеолитикалық ферменттер ерітінділерімен жуу қажет. Әдетте, қуысқа тәулігіне 10—25 мг трипсинді немесе химотрипсинді 2—3 мл физиологиялық ерітіндімен жібереді. Жалпы ем үшін антибактериялық, десенсибилизациялық, жалпы нығайту, симптоматикалық емдерді қосып қолдану керек.