Жақ пен жақ айналасының нервтенуі.
Тістер, жақ, ауыз бен беттің жұмсақ тіндері, көз, сезу нервтенуі түгелімен дерлік үшкіл нерв (5 жұп) арқылы жүреді. Үшкіл нерв - аралас нерв, оның жуан түбіршегі – сезу, жіңішке түбіршегі – қимыл нервтері. (1 сурет).
1-сурет. Үшкіл нерв құрылысы: 1-үшкіл түйіні; 2-көз нерві; 3- жоғарғы жақ нерві; 5-IV қарыншаның түбі, 6-тіл нерві, 7-шайнау бұлшықет нерві.
Сезу түбіршегі самай сүйегінің пирамида ойығында (меккель қуысы) гассердің жарты ай түйінін құрайды да негізгі үш тарамға бөлінеді. 1) көз нервісі (n. ophthalmicus), 2) үстінгі жақ нервісі (n. maxilaris ), 3) төменгі жақ нервісі (n. Mandibularis). Төменгі жақ нервісіне Гассер түйінін құрауға қатыспайтын қимыл түбіршегі келіп қосылып, ол аралас нервке айналады.
Көз тарамы жоғарғы көз саңылауы арқылы көз шарасына енеді. Оның алдында ол көз жасы (r. lacrimalis), маңдай (n. frontalis), мұрын-кірпік нервтеріне бөлінеді. Мұрын-кірпік нерві көз шарасында медиальды орналасқан, оның тармақтары қабақ, көз жасы қалтасы, сына тәрізді қуыстың артқы тор ұяларының, мұрынның алдыңғы, бүйір бөліктерінің кілегей қабықтарын, сонымен қатар көз алмасын, мұрынның шеміршегін, жанын, ұшының біразын нервтендіреді.
Маңдай нервісі көз шарасының жоғарғы қабырғасының ортасымен жүріп үшке бөлінеді: 1) көзүсті нервісі (n. supraorbitalis); 2) маңдай бұтағы (r. frontalis); 3) шығыршақүсті нервісі (n. supratrochlearis).
Көз үсті нервісі – ең негізгісі – ол көзүсті ойындысынан шығып маңдай терісіне ұласады. Маңдай бұтағы да алдыңғы нервтен медиальдау келіп маңдай терісін нервтендіреді. Шығыршық үсті нервісі көз шарасының ішкі бұрышынан шығып жоғарғы қабақ терісіне, кеңсірік пен маңдайдың өзіне қараған бөлігіне ұласады.
Көз жасы нервісі латеральды жүріп жас безін, жоғарғы қабақтың сырт жағын нервтендіреді.
Жалпы көз нервісі жақ пен ауыз қуысын қоректендіруге қатыспайды.
Сурет – 2. Үстіңгі жақ нервісі. Мезу нервісі альвеола өсінділерін жауып тұрған жұмсақ тін, үстіңгі жақ тістер, мұрын қуысы, үстіңгі жақ қуысы, танаулар үстіңгі ерін, астыңғы ерін, астыңғы қабақ пен көзасты тіндеріне тармақ береді. Үстіңгі жақ нервісі ми сауытынан дөңгелек тесік арқылы шығып, қанаттаңдай ойықта: а) бет нервісі бөлініп, ол әрі қарай бет-самай және бет нервісі болып тарайды да аталған аумақты қамтиды. Б) қанат-таңдай нервтері қанат таңдай түйініне келіп қосылады, в) одан кейін жоғарғы артқы альвеола тармақтары 3-4 талшық болып үстіңгі жақ төмпешігімен алға, төмен қарай жалғасып үстіңгі тістер өрімінің артқы бөлігін құрайды. Үстіңгі жақ нервісі көз шарасына көзасты саңылауымен еніп, көзасты нервісі деген атпен көзасты сайында жатады. Бұл арада одан жоғары орта альвеола тармақтары сүйек өзектерін бойлап алға, төмен қарай сабақтасып үстіңгі тістер өрімінің орта бөлігін құрайды.
2 – сурет. Жоғарғы жақ нерві
Көз асты нервісі енді көзасты өзегіне еніп, одан тараған тармақтар үстіңгі тістер өрімінің алдыңғы бөлігін құрайды, әрі қарай көзасты тесігінен шығып кіші қаз табанына жалғасқан нерв талшықтары жоғарғы ерін, төменгі қабақ, мұрын қанатының, кеңсірік пердесі терісінің өзіне тиісті бөлігін нервтендіреді.
Қорыта айтқанда, артқы, орта, алдыңғы нерв тармақтары бір-бірімен араласып, жоғарғы тіс өрімін құрайды. Аталған оң жақ пен сол жақ өрімдері өзара анастомоз түзеді, олардан үстіңгі тістерге, қызыл иекке, кілегей қабық пен жақ қуыс қабырғаларына нерв тармақтары тарайды. Артқы өрімнен тараған тармақтар үлкен азу тістерге, орта өрімнен – кіші азу тістерге, ал алдыңғы өрімнен күрек, сүйір тістерге барады.
Таңдайдың кілегей қабығын қанат-таңдай түйінінен тараған талшықтар нервтендіреді. Бұл түйін парасимпатикалық нерв жүйесіне жатады. Ол парасимпатикалық талшықтарды 13 жұпқа жатарын сілекей бөлетін ядросының перанглиондар тармағынан алады. Түйінге нерв талшықтары үлкен тасты нерв деген атпен келеді.
Симпатикалық постганглиондар талшықтары терең тасты нервтің құрамында жоғарғы мойын түйінінен келеді. Сезу талшықтары үстіңгі жақ нервісінен келеді. Түйін парасимпатикалық нейрондардан құралған.
Қысқасы, қанат-таңдай түйінінен тарайтын нерв талшықтары үш түрлі талшықтардан тұрады. Олар вегетативті парасимпатикалық, симпатикалық және сезімтал талшықтар. Түйіннен сезу нервтері мұрын, қатты және жұмсақ таңдайдың кілегей қабықтарына, көз жасы безіне тарайды.
Түйіннен мынадай нерв талшықтары тарайды:
1. Жоғарғы артқы латеральды және медиальды мұрын талшықтары мұрын қуысына еніп жоғарғы, ортаңғы мұрын кеуілжірін, мұрын пердесін нервтендіреді. Нерв тармағының ең ірісі мұрын пердесін бойлай төмендеп мұрын-таңдай нервісі деген атпен күрек тіс өзегіне кіреді. Сол жерде ол қарсы жақтың нервісімен анастомоз түзіп күрек тіс тесігінен шығады да қатты таңдайдың алдыңғы бөлігінің кілегей қабығын нервтендіреді.
2. Төменгі артқы мұрын тармақтары мұрынның төменгі кеуілдірінің кілегей қабығына тарайды.
3. Таңдай нервтері төмен қарай қанат-таңдай өзегімен бойлап, таңдай өзегінде үш тармаққа бөлініп ауыз қуысына шығады. Олардың ең үлкені – үлкен таңдай нервісі қатты таңдайға шығады. Онда ол таңдай сайына орналасып алға қарай тарайды да қатты таңдайдың кілегей қабығының 2/3 бөлігін жұмсақ таңдайдың кілегей қабығы мен бадамша без аумағына тарайды.
Төмен жақ нервісі қозғау мен сезу талшықтары бар аралас нерв.
Сезу талшықтары төменгі жақ пен оның буынын тістер, қызыл иек ерін, иек, самай, шықшыт пен алқым бездерін, ауыз түбінің кілегей қабығын түгелімен, ұрт, құлақ қалқаны мен тесігі қабырғасының біразын, тілдің алдыңғы 2/3 бөлігін нервтендіреді.
Нерв сабағы ми сауытынан сопақ тесік арқылы шығып екіге бөлінеді: оның алдыңғы бөлігі кішірек көбінесе қимыл, ал артқы үлкенірегі сезу бөлігі.
Қимыл бөлігі шайнау бұлшықеттеріне тарап: шайнау, самайдың терең, латеральды және медиальды, қанат тәрізді таңдай пердесін керу, дабыл жарғағын керу нервтеріне бөлінеді. Осы аталғандардан басқа ұрт нервісі де алдыңғы бөліктен тарайды.
Артқы сезу бөлігі құлақ түйінімен, бет нервісімен байланысады да, құақ-самай, төменгі альвеола және тіл нервтерін береді. Олардан басқа артқы бөліктен тағы бірнеше қимыл нервтері таралады.
Ұрт нервісі сопақ тесіктен төменірек алдыңғы тармақтан бөлініп төмен, алға және сыртқа қарай созылып латеральды қанат тәрізді ет бастарының арасынан өтеді де ұрт етінің сыртында жатады. Соңғы тармақтары ұрттың терісі мен кілегей қабығын, қызыл иекті 54/45 тістер мен 7/7 тістер ортасына дейінгі аралықты нервтендіреді. Төменгі альвеола нервісі төменгі жақ нервісінің ең үлкен тармағы. Ол аралас және тіл нервісімен бірге төмен қарай қанат тәрізді, латеральды және медиальды еттер арасынан өтіп төменгі жақ тесігі арқылы төменгі жақ өзегіне кіреді. Тесікке кірер алдында одан жақ-тіласты нервісі бөлініп жақ-тіласты еті мен қос құрсақты еттің алдыңғы құрсағын нервтендіреді. Одан басқа сезу тармақтары иек терісінен төменгі жаққа қарай тарайды. Төменгі альвеола нервісі өзек ішінде төменгі тістер өрімін құрайды. Өрімнен тіс ұшы саңылауына, тіс ұяларына, қызыл иекке тарайды. Иек тесігіне жетіп, иек нервісі болып аталып жақ сыртына шығады. Әрі қарай иек тармақтары иек терісіне, төменгі ерін тармақтары төменгі еріннің терісі мен қабығына және альвеола тармақтары қызыл иектің сырт жағына таралады. Төменгі жақ өзегіндегі нервтің жалғасы күрек тістер нервісі сүйір тіс пен күрек тістерді, кіші азу тістің бөлігін нервтендіреді, сонымен қатар қарсы беттің күрек тістер нервісімен анастомоз құрайды.
Тіл нервісі доғаша иіліп төменгі альвеола нервісінің алдына таман, медиальды орналасып қанат тәрізді бұлшықетпен төменгі жақ тармағының арасын бойлап алға, төмен қарай жалғасады. Өзіне дабыл шегін қосқан ол тілдің дәм сезуін қамтиды. Одан әрі нерв ауыз түбінің кілегей қабығы алдында орналасады да жақасты, тіласты, сілекей бездерінің, тіласты кілегей қабығын, қызыл иек пен жақтың тіл жағындағы кілегей қабығын, тілдің бұлшықетін, оның алдыңғы 2/3 бөлігінің кілегей қабығын нервтендіреді.
Құлақ-самай нервісі өз тармақтарымен беттің терісін шайнау еттерінің алдыңғы шетіне дейін, төменгі жақ буынын, шықшыт безін, құлақтың сыртқы тесігінің терісін, дабыл жарғағын, самай мен құлақ қалқанының алдыңғы жағының терісін нервтендіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |