Ішкі тәсіл. Ішкі тәсілдің саусақпен анықтау түрі. Науқас аузын кере ашады. Сұқ саусақпен төменгі жақ бұтасының алдыңғы қырын, одан кейін самай қырын анықтайды. Бұл екеуінің арасында ретромоляр үшбұрышы бар. Саусақ шұңқырға орналасып, оның ұшы самай жотасына бағытталады. Шприц қарсы жақтың кіші азу тістерінің тұсына кілегей қабыққа саусақ ұшына жақын, төменгі азу тістерінің шайнау бетінен 0,75-1,0 см-дей биіктікке шаншылады. Ине самай қырына тіреледі. Шамамен 0,75 см тереңдікке 0,5 мл анестетикті жібереді де шприцті анестезия жасайтын бетке қарай жылжытады. Әрі қарай самай жотасын иненің ұшымен айналып өтіп, сүйек бойымен сырғып тағы да 1,5-2,0 см бойлайды. Шприцтің бағыты бастапқы жағдайға жақындайды , ал ине төменгі жақ тесігінен жоғарғы жақ сүйек науасына тіреледі. Мұнда 1,5-2,0 мл-дей анестетик жіберіп 15-10 мин уақыт күтеді.
Анестезия аумағы. Төменгі жақ нервісі нервтендіретін аумақ түгел анестезияланады: барлық тістер, альвеола өсіндісі, төменгі жақ денесі, төменгі ерін, тері, иек, альвеола өсіндісін жабатын жұмсақ тіндер (кіші азу тістен 2-ші азу тіске дейінгі аралық, ауыз босағасының кілегей қабығының басқа, ұрт нервісімен нервтендіреді). Тіл нервісі де жансызданады; альвеола өсіндісінің ішкі жағының кілегей қабығы, ауыз түбі мен тілдің алдыңғы 2/3 бөлігі.
Күрек пен сүйір тістер қарсы беттен келген анестомоздары болғандықтан толық жансызданбауы мүмкін. Соны ескеріп, алдыңғы тістерді, 5,6,7 – ші тістерді жұлғанда қосымша инфильтрация жасау керек.
Ішкі тәсілдің саусақсыз (аподактил) түрін А.Е. Верлоцкий жете талдаған. Ауыз әдеттегідей қатты ашылады. Шприц ауыздың қарсы бұрышынды, инені қанат-жақ қатпарының сыртын ала үстіңгі және төменгі азулардың шайнау бетінің орта тұсынан 1,5-2,0 см тереңдікте сүйекке тіреп, анестетик жібереді. Егер иненің ұшы сүйекке тимесе оны біраз суырып, қарсы бетке көбірек бұрып сүйекке тигенше шаншу керек.
Қанат-жақ қатпары жалпақ болса инені оның орта тұсына, жіңішке болса қатпардың ішкі жағына шаншиды.
Торус анестезиясы (М.М. Весбрем бойынша). Нысана – төменгі жақ үстірті. Ол тәж және буын өсінділеріне жалғасқан қыраттарының қосылуынан пайда болып, төменгі жақ тармағының ішкі жағында төменгі жақ тесігінің аздап жоғары, алдыңғы тұсында орналасқан. Төменгі жақ үстірті тұсында сезу нервінің үшеуі де қатар өтеді. Олар: төменгі альвеола, тіл және ұрт нервтері. Үстірттегі борпылдақ тінге енгізілген анестетик үш нервті түгел жансыздандырады. Нысана көзі ретінде қанат-жақ қатпарының сыртқы бөлігі мен ұрттың кілегей қабығы арасында орналасқан ұрт сызаты есептеледі.
Жалпы ереже: ауызды керек ашып инені ұрт сызатының кілегей қабығына тік жоғарғы 3-ші ауыздың шайнау бетінен 0,5 см-дей төменірек шаншиды. Шприц пен инені көлденең бір деңгейде ұстап, сүйекке дейін енгізіп төменгі жақ үстіртіне жетіп, 1,25-1,5 мл анестетик жібереді. Ине шамамен 0,25-тен 1,5-2,0 см бойлайды, бұл әркімнің жеке анатомиялық ерекшеліктеріне байланысты. Анестезия аумағы: мандибуляр анестезиясы мен ұрт анестезиясының қосындысы. Барлық тістер, альвеола өсіндісі, жақ денесі, альвеола өсіндісін жапқан кілегей қабық, төменгі ерін, иек, ауыз түбінің кілегей қабығы мен тілдің алдыңғы 2/3 бөлігі.
Мандибуляр анестезиясының сыртқы тәсілі (С.Н. Вайсблаттың жақасты жолы). Нысана – төменгі жақ тесігі. Инені төменгі жақтың төменгі қырының бұрышынан артқа қарай 1,5-2,0 см қашықтықта шаншиды. Сол жаққа анестезия жасаған сол қолдың бас бармағын төменгі жақтың артқы қырына басып ұстап, сұқ саусақ жақтың төменгі қырының сыртына, оның артқы қырынан 1,5-2,0 см жерде орналасады да саусақ ұшы ине шаншатын орынды меңзейді. (8 сурет)
8-сурет. С.В. Вайсблат бойынша траго-орбитальды сызық ортасынан ине шаншитын нүкте.
Оң жаққа инъекция жасағанда сол қолдың бас бармағы ине шаншатын жерді, сұқ саусақ иненің бағытын көрсетеді. Иненің жуандығы 0,8 мм-дей, ұзындығы 5 см-ден кем болмағаны жөн.
Инені теріге саусақтың алдынан жақтың бұрышының артқы шетінен 1,5-2,0 см-дей жерге шаншиды. Ине ұшы төменгі жақ тесігіне жеткенге дейін сипап жүруі керек. Жақтың тесігі мен төменгі қырының арасы 27 мм, бұған жақты орай орналасқан жұмсақ тін қалдығын қоса есептейміз. Жалпы алғанда инені жақ бұтасына параллель 35-40 мм-дей тереңдікте 4,0 мл анестетик жібереміз.
Анестезия аумағы: Төменгі жақ пен оны қоршаған тінді нервтерден үш нерв (төменгі альвеола, тіл және ұрт нервтері).
Берш-Дубов анестезиясы. Жақ қарысып қалғанда шайнау еттерін босаңсыту үшін Берше анестезиясын қолданамыз. Ол үшкіл нервтің үшінші тармағының қимыл талшықтарын жансыздандырады (шайнау, самайдың терең және қанат тәрізді нервтері) да науқастың аузында операция іс-қимылын жасауға мүмкіндік береді.
Жалпы ереже. Бет сүйегі доғасының астына құлақ түйінінен 2 см алға қарай теріге перпендикуляр ине шаншып, оны жақ ойығымен 2,0-2,5 см-дей тереңдікке ендіріп 3-4 мл анестетик жібереміз. Дәрі осы арада өтетін төменгі жақ нервісінің қимыл тармақтарына әсер етеді. 10-15 мин соң еттер босаңсып, ауызды жайлап ашу мүмкін болады.
В.М. Уваров инені 4,5 см-ге дейін терең ендіріп, сопақ тесіктен шығатын төменгі жақ нервісін түгелімен жансыздандыру жолын ұсынды.
Иек анестезиясы. Нысана – иек тесігі. Тесік жақ денесінің орта тұсында 1-2 кіші азу тіс түбірлерінің астында орналасады (балаларла сәл алға қарай орналасқан). Тістер жоқ болса тесікті анықтау жолы мынандай: жақтың орта сызығы мен шайнау етінің алдыңғы жағына дейінгі аралықты тік сызықпен дәл екіге бөледі. Көлденең сызық жақтың төменгі қырынан 12 мм жоғары алынады. Сызықтардың қиылысқан жерінде тесік орналасады. Оның аузы артқа, сыртқа, жоғары қараған.
Ішкі тәсіл. Ауыз жабық, төменгі ерін мен ұртты керек тартып инені өтпелі қатпарға 1-ші азу тұсынан шаншиды. Одан әрі инені алға, төмен, ішке қарай 0,75-1,0 см-дей енгізіп иек тесігіне тақайды. Ине ұшымен сүйекті сезіп тұрған жөн. 0,5-2,0 млерітінді жіберіп көреді. Ине ұшының тесікке түскендігі еріннің аздап ауырғандығы арқылы білінеді.
Сыртқы тәсіл. Иек тесігін анықтаған соң жұмсақ тіндерді сол қол саусақтарымен сүйекке баса ұстайды. Инеге ішкі тәсілдегідей бағып беріп, оны сәл жоғары және артқа таман шаншиды. Сүйекке жеткен соғ аздап анестетик жіберіп ине ұшымен тесікті тауып, инені аздап енгізіп анестетік жібереміз. Анестезия 3-5 мин соң білінеді.
Анестезия аумағы. Иек пен еріннің жұмсақ тіндері, күрек, сүйір, кіші азу тістер, альвеола өсіндісімен еріннің кілегей қабығы 2-ші кіші азудан орталық күрек тіске дейінгі аралық.
Ұрт нервісін жансыздандыру. Оны жасау үшін инені төменгі жақ тармағының алдыңғы қырына, үстіңгі азу тістердің шайнау беті деңгейіне шаншып 1 см-дей тереңдікке ендіреді. Бұл анестезия сирек қолданады. Төменгі жақтың альвеола өсіндісінің босаға жағындағы кілегей қабығын жансыздандыру үшін анестетикті жұлынантын тістің тұсындағы өтпелі қатпарға ендіреді.
Тіл нервісін жансыздандыру. Ол үшін ерітіндіні төменгі жақтың самай қырының ішкі жағына төменгі альвеола нервісінің анестезиясымен бірге ендіреді. Инені аталған жерге не бары 0,75 см ғана ендірсе тек қана тіл нервісі жансызданады.
Тіл нервісі 3-ші азудың тұсынан анестетикті альвеола өсіндісінің ішкі жағынан ауыз түбінің кілегей қабығы астына инемен 0,5-1,0 мл енгізгенде де жансызданады. Бұл арада тіл нервісі тек кілегей қабық астында жатады.
Анестезия аумағы. Тілдің алдыңғы 2/3 бөлігі, жақтың ішкі бөлігінің қабығы мен ауыз түбінің кілегей қабықтары.
Үшкіл нервтің 2-3 ші тармағын бас қаңқасының түбінен анестезиялау (орталық анестезия). Үшкіл нервтің негізгі тармақтарын дөңгелек немесе сопақ тесіктерден шығаберісте жансыздандыруды орталық, яғни сабақ анестезиясы деп атайды.
Орталық анестезияның әсері толық және ұзақ болады. Инені бір рет қана шаншып көптеген аумақты жансыздандыру оның өткізгіш анестезиясы алдында артықшылығының анағұрлым айқын екендігін дәлелдейд. Анестезия қатал стерилді жағдайда ғана жасалады.
Қажеттілігі:
1. Шеткі анестезияны жасауға кедергілердің (қабыну, ісік, жара, жақтың қарысуы) болуы.
2. Патологиялық процеске байланысты жақ сүйегінің нысана белгілерін анықтай алмау.
3. Жақ сүйектеріндегі аумақты операциялар: үлкен ісікті, кистаны, секвестрдіалу, пластикалық операция, остеомсинтез, жақ сүйегін кесу.
4. Жақ-беттегі үлкен жарақатты емдеу.
5. Үшкіл нервтің 2-3 тармақтар невралгиясын емдеу.
Үшкіл нервтің 2-ші тармағын анестезиялау. Нысана – қанат таңдай шұңқыры. Үстіңгі жақ пен қанат тәрізді өсінділер арасында самайасты шұңқырының ішкі жағында орналасқан. Самайасты шұңқырмен қанат-таңдай немесе орақ тәрізді саңылау арқылы байланысады. Шұңқырдың алдыңғы жағын – үстіңгі жақтың артқы бетінің медиальды шеті мен таңдай сүйегінің көз өсінідісі, артқы жағынан – сына тәрізді сүйектің үлкен қанаты мен қанат тәрізді өсіндісінің алдыңғы беті, ішкі жағын – таңдай сүйегінің перпендикуляр пластинкасының сыртқы беті, жоғарғы жағын – сына тәрізді сүйектің төменгі беті мен үлкен қанаты.
Төменгі көз саңлауы арқылы шұңқыр көз шарасымен, беттің алдыңғы жағымен байланысады. Негізгі таңдай тесігі арқылы – мұрын қуысымен, дөңгелек тесік арқылы ми сауытымен, ал қанат таңдай өзегінің жалғасы таңдайдың үлкен тесігі арқыл ауыз қуысымен байланысады.
Қанат-таңдай анестезиясының түрі көп. Анестетикті енгізудің мынандай жолдарын таңдауға болады:
1. Бет сүйек асты қанат тәрізді сүйек жолы – беттің бүйір жағынан бет сүйегі доғасының асты.
2. Бет сүйекасты-беттің алдыңғыбүйір жағы – бет сүйегінің төменгі бұрышы.
3. Көз жолы – алдыңғы жағынан, көз шарасы арқылы.
4. Ауыз жолы – төменгі жағынан, ауыз қуысындағы қанат таңдай өзегі.
Бет-сүйекасты-қанат тәрізді сүйек жолы (С.Н. Вайсблат ұсынған) басқаларынан жиірек қолданады. Нысана белгісі ретінде құлақ түйінінен алға қарай жүргізілген сызығының орта тұсы алынады. Бұл сызық «құлақ-көз» немесе «трагоорбитал» сызығы деп аталады. Сызықтың алдыңғы жағы көз шарасының сыртқы қырымен бет сүйегінің төменгі бұрышын қосатын сызықтың ортасына дейін тіреледі. Тұжырымдап айтқанда: траго-орбитал-ангуляаралық деген жөн.
Жалпы ереже: ұзындығы 6-7 см-дей инені бет доғасының астына траго-орбитал-ангуляр сызығының ортасына тік шаншып 2-7-5,5 см-дей тереңдікте сына тәрізді сүйектің қанат тәрізді өсіндісінің сыртқы жағына тақайды. Алдын ала инеге кигізілген тығын арқылы бұл тереңдікті белгілеп иненің жарымынан астам бөлігін суырып алады. Енді иненің ұшын 15-20 градусқа алға қарай бұрып жаңағы белгіленген тереңдікке шаншып 2-3 мл анестетик жібереді. Ине ұшы қанат-таңдай шұңқырының кіре берісіне жетеді, ал шұңқырдың көлемі небәрі 2 см3 болғандықтан анестетик борпылдақ тінге сіңіп мұндағы үшкіл нервтің екінші тармағын жансыздандырады.
Бет сүйегі асты жолы. Алдын ала сол қолмен анықтап алған бет-альвеоляр қырының арт жағына инені шаншып ішке және жоғары бағыттап үстіңгі жақтың бұдырына жетеді. Сүйекті жағалай отырып 4,5-5,5 см тереңдікке қанат-таңдай шұңқырының кіре берісіне 2-3 мл анестетик жібереді.
Көз жолы. (В.Ф. Войно-Ясенецкий ұсынған). Инені көз шарасының төмен-сыртқы бұрышының үстін ала бет доғасының жоғарғы қыры тұсына, яғни одан 2-3 мм-дей жоғары горизонталь бағытта шаншиды. Инені көз шарасының сыртқы қабырғасымен жағалай жылжытып 4,5 см тереңдікте дөңгелек тесікке жетеді. Сол араға 2-3 мл анестетик жібереді.
Көз жолының Вайсблат модификациясы. Инені көз шарасының төменгі қырының ортасынан бірнеше мм-дей ішке таман шамалап шаншиды. Ұзындығы 5-6 см ине кигізілген шприцті оң қолмен, ал көздің астыңғы қырының терісін сол қолдың сұқ саусағымен басып ұстайды. Әрі қарай инені сүйекті жағалай жылжытқан сайын үнемі аздаған анестетикті жіберіп отырады. Иненің ұшындағы анестетик көз алмасын, қан тамырлары мен нервтерді ығыстырып оларды жарақаттан сақтайды. 3,0-3,5 см тереңдікте 2-3 мл анестетик жібереді. Барлығы 5 мл дейін ендіруге болады.
Ауыз (таңдай ) жолы. Инені таңдайдың үлкен тесігінің тұсына шаншиды. Ине шаншитын кілегей қабыққа иод тұнбасын жағады. Ауызды мейлінше керек ашып инені таңдайдың үлкен тесігіне енгізеді. Тесікті бірден таба алмаған жағдайда аздап анестетик жіберіп, сүйекті жағалай жылжытып барып тесікті табады. Әрі қарай өзек ішімен 2,5-3 см жоғары, артқа жылжып барып 1,5-2,0 мл анестетик жібереді. 10-15 мин соң 2-ші тармақтың аумағы түгел жансызданады.
Үшкіл нервтің үшінші тармағын анестезиялау (бетасты-қанат тәрізді жол). Нысана - сопақша тесік. Инені траго-орбитал-ангуляр сызығының ортасына шаншиды. Тік шаншылған инені 2,7-5,5 см-дей тереңдікке жеткенде, сына тәрізді сүйектің қанат тәрізді өсіндісінің сыртқы жағында, тереңдікті белгілеп алып, инені жарымынан астам бөлігін кері суырып, оның бағытын 15-20 градус артқа қарай бұрып, жаңағы белгіленге тереңдікке қайта шаншып 2-3 мл анестетик енгізеді, 10-15 мин соң үшкіл нервтің үшінші тармағы иннервациялайтын аумақ анестезияланады.
Жергілікті анестезиялардан кейінгі асқынулар
Асқынулар жалпы және жергілікті болып бөлінеді.
Жалпы асқынулар: талу, коллапс, шок, аллергиялық реакциялар, анестетиктен улану. Жалпы асқынулар дәріні көтере алмаудан немесе уланудың салдарынан болады.
Талу – имдың қан айналысының бұзылуынан (анемиядан) аяқ астынан болатын жағдай. Оның себептері науқастсың хирургия аспаптарын, қанды, мамандардың қимылын көргеннен, алдағы болатын іс-шараларды ойлап қатты қорқуы. Бейімдейтін жайлар: қалжырап шаршау, ұйқы қанбау, жүйкенің жұқаруы, аштық, улану т.б.
Клиникасы. Бет қуқыл тартып көз қарауытады, әлсіреп басы айналып, лоқсып, құлағы шулайды, қол-аяғы мұздап, салқын тер шығады. Көзі аларып, қарашықтары ұлғайып науқас естен танып, қолдары еріксіз салбырап, орындықтан сырғып немесе құлап түсуі мүмкін. Тамырдың соғуы жиілеп, білінер білінбес болады. Бұл көрініс бірнеше минутқа созылады, сосын барып науқас есін жияды. 20-40 мин уақыт бойы ол әлсіреп, басы ауырады.
Емі. Операцияны шұғыл тоқтатып, басты төмендету, орындықтың арқасын түсіру немесе науқасты төсекке жатқызу. Терезені ашып, тыныс алуға кедергі жасайтын, белдік, іш-киім ілгектерін босату. Мүсәтір спиртін иіскету. Егер бұл шаралар нәтиже бермесе, жүрек пен тыныс қызметін жақсартатын дәрілер егу керек (10% кофеин, 10-20% камфора майы, 1 % лобелин, цитотон ерітінділері).
Алдын алу. Бейімдейтін жайларды болдырмау, ал олар белгілі болса, кіші трансквилизаторлармен премедикация жасау керек.
Коллапс – организм қызметінің күрт бұзылып нашарлауы. Талудан күрделірек асқыну.
Бейімдейтін жайлар. Ол көп қан жоғалтқан, жарақат алған жүйкенің қалжыраған, уланған, жұқпалы аурумен ауырған кездерінде болуы мүмкін.
Клиникасы. Күтпеген жерден науқастың өңі бозарып, құрғайды (кейде қызарып, терлейді – вазомотор). Ақыл-есі қалпында, көруі нашарлайды. Жүрек қызметі бұзылады (жүрек соғуы нашарлайды, тамыр соғуы әзер білінеді, аритмия, қан қысымы 60/30 мм с.б., аздап қолаяқ тырысуы сезіледі).
Емі. Науқасты горизонтал жайғастырып, аяқ-қолды көтеріңкі етіп ұстаған жөн. Қымтап жылытып, ыстық шай немесе кофе ішкізеді. Содан соң тамыр тарылтқыш (адреналин, мезатон), глюкокортикоид (преднизолон, гидрокортизон), жүрек (0,5-1,0 мл 0,5% строфантинді 10-20 мл 40% глюкоза немесе физиологиялық ерітіндіге араластырып егеді) дәрілерін егеді. Коллапс кезінде науқасқа керекті әрекеттер жасалынбаса өлім қаупі төнеді.
Аллергиясы бар науқастарға қолданылатын алдын алу шаралары: Алдын алу шараларының негізі – емханада мұқият жиналған анамнез бен оны талдау.
А.С. Лопатиннің (1983) пікірінше барлық науқастарды екі топқа бөлуге болады.
1. жеңіл аллергиялық анамнезді.
2. ауыр аллергиялық анамнезді.
Екінші топ тәуекел тобы болып есептеледі. Бұлар 3 дәрежеге бөлінеді, оларды емдеу күрделірек.
1 дәрежелі тәуекел – анамнезінде дәріден аллергия болмаған, бірақ түрлі жұқпалы аурулармен (экзема, ревматизм, тыныс демікпесі, коллагенез, поллиноздар) ауырғандар. Анафилактикалық шоктың алдын алу үшін бұларға скарификация, содан соң теріаралық диагностикалық сынақ жасалады. Нәтиже теріс болса анестетик терапевтік мөлшерде қолданыла береді.
2 дәрежелі тәуекел – анамнезінде тамақ пен химиялық заттардың, дәрілердің кейбіріне аллергиялық реакциясы бар адамдар. Оларға диагностикалық сынақтың тамшы, скарификация, теріаралық түрлерін бір-бірлеп қолданып көреді. Нәтиже теріс болса анестетиктің терапевтикалық мөлшерін қолдана беруге болады.
3 дәрежелі тәуекел – көптеген дәрілерді көтере алмай ауыр аллергиялық реакциясы болған адамдар. Оларды тексерудің иммунологиялық лабораториядан бастау керек. Диагностикалық сынақтар стоматология емханасына немесе стационарда өткізіледі. Ол үшін анафилактикалық шокқа қарсы шаралар жүргізуге сақадай сай тұру керек. Анамнезінде жергілікті анестетикке аллергиясы бар науқастың аллерголог-дәрігерге көрінуі шарт. Аллергологиялық анамнезі ауыр науқасқа эфир тобындағы (новокаин) жергілікті анестетиктерді қолданбау керек. Оған наркоз қолдануға болады.
Аллергиялық реакция беретін анестетиктерді қолданудан 2-3 күн бұрын гистаминге қарсы, стероид дәрілерімен алдын алу емі жүргізіледі (кетотифен, циметидин, фенкарол). Эпсилон аминокапрон қышқылының 0,1 г/кг мөлшері аллергияға қарсы жақсы нәтиже береді. Бір тәулікте оның 15-16 г емдеу курсына 45-80 Б. жұмсап, үнемі каогулограмманы қадағалап отыру шарт.
Аллергиялық реакциялар:
Есек жем. Нерв жүйесі функциясы бұзылған кезде пайда болады. Анестетик енгізген соң аяқ астынан терінің әр жері күлдіреп, қатты қышып, ашып мазалайды. Кейде күлдіреген жерде торсылдақ пайда болады. Жұтқыншақ пен көмейдің кілегей қабығының күлдіреуі салдарынан жөтел мен тұншығу мазалайды. Ауру жедел ағымды, көп күндер ішінде күлдіреу бір жерде жоғалса басқа жерде пайда болып жалғасып отырады. Есекжемнің созылмалы қайталанатын түрі де бар.
Емі. Димедрол, борм ішу кұн сайын 0,1% 1 мл-ден тері астына адреналин геу. Жағдай ауырласа суда ерігіш гормондар (преднизолон, гидрокортизон) қолданылады.
Квинке ісігі теріде, кілегеі қабықта болатын шектелген, жедел ағымды ісік. Жұтқыншақ, көмекей ісігі тыныс алу мен жұтуды қиындатады. Ісіктер қышымайды, ауырмайды, тек бозарып тұрады. Аймақтық лимфа түйіндері өзгермейді. Квинке домбығуы қалқанша безі қызметі нашарлаған адамдарда жиірек болады.
Емі. Тері астына атропин, венаға 10% хлорлы кальций ерітіндісі енгізіледі, 6-8 күндей димедрол не супрастин ішу керек.
Шок – барлық маңызды ағзалар қызметінің күрт төмендеуі Х.П. Шустердің (1989) қорытындылауы бойынша, а) науқас жағдайының қиындағаны туралы хабар; б) шығу себебі мен бейімдейтін жағдайларға қарамастан, организмнің өте қиын халде болуы; в) жарақат ауруының басталуы; г) организмнің жарақатқа жауап әрекеті. Даму себептеріне байланысты шок: геморрагиялық, анафилактикалық жарақаттық, кардиогендік, психогендік т.б. болып жіктеледі. Іс жүзінде стоматологияда анафилактикалық шок жиі кездеседі. Новокаиннің анафилактикалық шок тудыратын дәрілердің ішінде 4-ші орында екендігін есте ұстаған абзал. Бұл асқыну өзінің аллергиялық ауруы бар немесе жақын туыстарының бірінің аллергиялық ауруы бар немесе жақын туыстарының бірінің аллергиялық анамнезі ауыр болған науқастарда жиі кездеседі. Анафилактикалық шоктың белгілі кардиальды, астмоидты, церебральды, абдоминальды түрлері бар. Ол жай түскендей, ауыр, орташа, жеңіл болып бөлінеді. Белгілі түрінде – кейбір адамдар дәріні енгізген соң біраздан кейін мазасызданып, қорқып беті мен қол-аяғы қышып, жыбырлап құлағы шулап басы ауырады, терлейді. Беті бозарып тамырлары тартылып, естен тануы мүмкін. Көз қарашығы ұлғайып, жарыққа қимыл әсері сақталады. Төс тұсы ауырып, ол жүрекке қарай жылжиды. Тамыр соғуы жиілеп, қан қысымы төмендейді. Эпигастрия аймағындағы сезілген ыңғайсыз жағдай ішінің шаншуына ұласып, лоқсу күшейіп науқас құса бастайды. Кейбірулердің іші кеуіп, еріксіз зәрі мен нәжісі шығып кетеді. Кейде тыныс тарылса, кейде асфиксия болады.
Шоқтың басқа түрлерінде бір ағзаның жаралануы айқын білінеді. Шок жай түскендей немесе ауыр жүрген жағдайда науқасты тез арада жоғалтып алу қаупі төнеді. Ал шоктың орташа, жеңіл өткен түрлерінде жаңағы аталған белгілер білінеді.
Емі. Жағдайға байланысты түрліше әрекеттер жасалады. Науқастың басын бүйіріне қарай бұрып, тілін шығарып, аузын құсықтан тазалап, төменгі жақты алға қарай жылжытып, жоғарғы тыныс жолдарын ашып күштеп тыныс алдыру керек. Антигеннің қанға тарап кетуін әрі қарай тежеу үшін ине шаншылған жерді айналдыра 0,1% 0,5 мл адреналинді 5-10 мл-дей натрий хлорлы изотоник ерітіндісіне араластырып егеді. Бұлай ету мүмкін болмаса 1 мл-дей адреналинді анестетик жіберген жерге енгізеді. Гистаминге қарсы дәрілер (1% 2-4 мл димедрол, 2,5% 2-3 мл супрастин, 2,5% 2 мл пипольфен, 3% 3-5 мл преднизолон, 0,1% 0,5 мл гидрохлоид адреналин венаға, бұлшықетке) қолданылады. 5% 100-120 мл эпсилон-аминокапрон қышқылын қолдану жақсы нәтиже береді. Бронхоспазм күшейе бастаса, 2,4% 10 мл эуфиллин немесе 0,5% 2 мл изадрин жібереді. Жүрек қызметін қалыптастыру үшін диуретиктер, жүрек глюкозидтерін 2-4 мл лазикс, 0,06% 0,5-1,0 мл коргликон егеді. Дәрілер венаға жіберіледі. Бұлшықетке егілген дәрілер жақсы әсер бермейді. Сонымен қатар оттек ингаляциясы жасалады.
Жағдай жөнделмесе дәрілерді қайтадан қолданамыз. Қажет болған кезде жүрек-өкпе жүйесі реанимацияланады. Анафилактикалық шокты бастан кешкен науқастар жүрек, бүйрек, асқазан-ішек жолдарынан болатын асқынулардың алдын алу үшін арнайы бөлімдерде жатады. Мұқият зертегі талданған аллергологиялық анамнез асқынулардың алдын алуға жол ашады.
Идиосинкразия. Қазір жергілікті анестетиктерге идиосинкразия көбірек ұшыраса бастады. Оның белгілері: теріде қызыл дақтардың пайда болуы, қышу, ыстықтап барып терлеу, кейде бет-ауыздың көгеруі, талу.
Аталған жайларды жою үшін венаға 1% 1-2 мл димедрол, яғни 2,5% 1-2 мл пипольфен, супрастин ерітінділерін 10% - 10,0 мл хлорлы кальцийге араластырып жібереді. Науқасты жатқызып, оның тамырын, қан қысымын, тыныс алуын қадағалайды. Жағдайы нашарлай бастаса жедел реаниматорды көмекке шақырады, себеі, организмнің анестетикке сезімталдығы өте жоғары болса, алғашқы белгілер өрістеп коллапс, анафилактикалық шокқа жалғасуы ықтимал. Терідегі қызыл дақтар жайлап өшіп науқас жағдайы қалыптаса бастаса 1 сағаттың ішінде үйіне қайтаруға болады. Науқасқа қай анестетикке реакция болғандығы жайлы ескертеді. Сырқатнамасының бірінші бетіне жаңағы анестетикті көтере алмайтыны жайлы белгі қояды.
Алдын алу. Науқасқа бір кездерде жағымсыз әсер еткен дәрілерді сынап көру. Бірнеше рет анестетик қолданылатын науқастарға алдын ала (3 күн бұрын) гистаминге қарсы дәрілермен (пипольфен, димедрол, супрастин) премедикация жасалады.
Новокаинмен, тримекаинмен улану. Организмге новакаин мен тримекаинді белгілі мөлшерден артық ендіру улануға соқтырады. Улану орталық нерв жүйесін қоздырады, содан кейін оның қызметін тежеп коллапсқа, тыныс алу мен жүрек қызметін тоқтатуға соқтырады. Уланудың жеңіл түрінде науқас лоқсып, басы айналады, ыстықтап, аяқ-қолының еті тартылады. Уланудың ауыр түрінде бұл аталған жайларға нерв жүйесінің қозуы, тырысу қосылады. Көп кешікпей қозу тоқтап, тежеу басталып тыныс алу тоқталады. Қозу мен тежеудің тез алмасуы бірнеше минут ішінде болуы мүмкін.
Емі. Уланудың жеңіл түрінде науқасты жатқызып, мүсәтір спиртін иіскетіп тыныш халде қалдырған жеткілікті. Уланудың ауыр түрінде венаға тез әсер ететін барбитураттар (13% 1-2мл тиопентал натрий) жібереді. Барбитураттар анестетик күшін азайтып оның улану әсерін тежейд. Қажет жағдайда 10-20 минуттан соң барбитураттарды қайтадан венаға жіберуге болады. Тыныс алу нашарлағанда (респиратор арқылы) күштеп тыныс алдыру керек. Онымен қатар тырысуға қарсы кураре тәрізді дәрілерді қолданамыз. Улы организмнен айдап шығу үшін тездетілген диурез (маннитол, лазикс) қажет.
Емханада уланудың белгілері сезіле бастағаннан-ақ оған қарсы күрес шараларын жүргізіп, жедел жәрдем шақыру керек. Улануға қарсы қолданылатын дәрілер емханада дайын тұруы қажет.
Жергілікті асқынулар. Иненің сынуы. Үстіңгі жақ пен төменгі жақ анестетиясының кез келген түрінде ине сынуы мүмкін. Ине көбіне канюляның түбінен сынады. Ол коррозияға ұшыраған, тозған инені қолданғанда немесе анестезияны инені күштеп жылжытып жасағанда сынады.
Алдын алу. Иненің бүтін жаңа екендігін тексеріп отыру, нысанаға жеткенде сыртта 1 см-дей қалатындай ұзынынрақ инені қолдану, анестезия техникасын дәл орындау.
Емі. Иненің орналасқан жерін дәл анықтау үшін бірнеше проекцияда рентген суреттері түсіріледі. Ине ешқайда жылжымай бір орында қалып, тұрған жері ауырмаса аса қауіп тудырмайды уақыт өте келе капсулаланып қалып қояды. Олай болмаса, оны стационарда хирург операция кезінде алып тастайды.
Қан тамырлары мен оның тармақтарының жаралануы. Өтпес, ұшы майысқан инелерді қолданғанда, анестезия техникасын дәл ұстамағанда болуы мүмкін. Туберал анестезиясы кезінде қанат тәрізді вена өрімдері жараланып, тез арада гематома пайда болады, ұрттың жұмсақ тіндері ісіп шыға келедк. Гематома өздігігнен ыдырап тарайды немесе іріңдейді.
Алдын алу. Жақсы инелерді пайдалану, инені жылжытқанда сүйекті жағалап ине алдына анестетик жіберіп отыру. Бұл асқыну туберал анестезияда жиі кездесетіндігін ескеріп, оны толық қажеттілік туғанда ғана жасау.
Емі. Гематома пайда бола бастаған сәтте, ол жерді басып тұрып, қысып таңу, бір тәулік бойы мұздатып ұстаған жөн. Іріңдеп кетпеуі үшін алғаш қабынуға қарсы дәрілер, кейінірек оны ыдырату үшін УЖЖ, құрғақ ыстық қолданылады. Іріңдеген гематоманы тіліп, қабынуға қарсы, денсибилизация дәрілерін тағайындайды.
Бет терісінің ишемиясы. Осы жерді қамтамасыз ететін қан тамырының тарылуынан болады, сондықтан бет терісі тез ағарып кетеді. Бірақ бұл көрініс көп ұзамайды. Емнің қажеті жоқ. Инфраорбитал, ментал анестезияларда жиі кездеседі.
Нервтің жаралануы. Анестезия техникасын бұзған кезде нысанадағы нерв пен бірге оның маңындағы нервтер жаралануы мүмкін. Эндоневрал анестезиясы кезінде ине нерв талшықтарын үзіп, жыртып кетуі белгілі симптомдар (парестезия, ауыру, температура тактилді сезімдердің төмендеуі) арқылы білінеді. Кейде көп мөлшердегі анестетикті жылдам енгізгенде де нерв талшықтары жарақаттанады. Мандибуляр анестезия кезінде инені шектен тыс терең бойлатып жіберсе бет нервтері анестезиясында ымдау етінің парезі пайда болады. Осы сияқты инфраорбитал анестезиясы кезінде бет нервінің ұрт пен бет тармақтары жансызданады. Үшкіл нервтің жарақаты күннен айларға созылатын парестезия мен невралгия түрінді болып, оның тармақтарының тітіркенуі бет нерві мен симпатикалық нервтерге тарауы мүмкін.
Алдын алу. Үшкіл нерв пен оның маңындағы нервтердің жақ пен бет топографииясын жете білу, жақсы инелерді қолданып, анестезия техникасын мүлтіксіз орындау.
Эндоневральды жарақаттарда невритке қолданылатын ем (физиотерапия – УЖЖ, соллюкс, аналгетиктер, витаминдер) жасалады. Дәрінің әсерінен болған парез өзінен өзі кетеді, оған ем қажет емес.
Ауа эмболиясы. Шприцте ауа қалып, оның анестетикпен бірге қантамырға түсуі. Бұл асқыну дәрігердің олақтығының салдары болып табылады.
Жаңылысып басқа дәрілерді (спирт, сілті, сутегінің қосотығы т.б.) қолдану. Ауыр асқынулар қатарына жатады. Бұл дәріханадан жаңылысып басқа дәрі беру немесе емханада анестетиктерді басқа дәрілермен аралас сақтау, дәрілердің ұқыпсыздығының салдары. Бұл қателіктің алғашқы белгісі – дәріні ендіре бастағанда-ақ қатты ауыру.
Алдын алу. Анестетикті басқа дәрілерден бөтен сақтап, қолданар алдында этикеткасына назар аударып, органолептиктік тексеру (дәмі, иісі, түсі), новокаинге Лукомский сынағын жасау.
Емі. Жаңылыс жіберілген дәрінің концентрациясын төмендету үшін жедел түрде сол аймаққа 0,25% новокаин, физиологиялық ерітіндімен (80-120-150 мл) блокада жасалады. Содан соң барып тілу керек. Іріңдеп некроз болмауы үшін антибиотиктер қолданып, жараны гипертоник ерітіндісімен жуып, қадағалап тұрады.
Инфекция ендіру. Асептика ережелері бұзылғанда (анестетик, ине, шприц стерилді болмаса) абсцесс, флегмона, қан тамыры нерв жараланғанда қабыну процессі басталады.
Алдын алу. Асептика шарттарын қатаң түрде сақтау (ерітінді,инструменттер, дәрігердің қолы, операция аймағы стерилді болуы керек). Ине шаншудан бұрын ауызды әлсіз антисептик ерітіндісімен шайып, ине шаншитын жерді йод ерітіндісімен залалсыздандырады.
Емі. Қабыну процесстерінің жалпы емі жүргізіледі.
Бұлшықет жарақаттары (жақтың қарысуы) мандибуляр, торусал анестезияларында кездеседі. Асқыну қант тәрізді етті өтпес немесе ұшы майысқан инемен жаралау, бұлшықетке шектен тыс көп анестетик енгізуден болады.
Клиникасы. Ауырсынып, ауыз жақсы ашылмайды.
Емі. Ауызды сода ерітіндісімен шаю, жақ астына жылу қою, контрактураны тарататын терапия, механикалық ем.
Таңдайдың кілегей қабығының некрозы. Жаңылысып басқа ерітінділер енгізумен бірге, анестетикті көп мөлшерде (1,0 мл-ден артық) жіберсе де (кілегей қабық сүйек қабығымен бірге сүйектен ажырап кетуі мүмкін) болады. Сүйек қабығының ажырауы тіндердің қоректенуін бұзып жұмсақ таңдаймен сүйектің некрозына соқтыруы мүмкін.
Алдын алу. 0,5-0,75 мл-ден артық анестетик жібермеу, ине ұшы кілегей қабық астында болуы керек.
Жұмсақ таңдай парезі. Палатинал анестезия кезінде дәріні таңдайдың үлкен тесігінен артқа енгізгенде шектен тыс көп анестетик жібергенде пайда болады. Науқас лоқсып, құсып, жөтеліп, таңдайда бөгде зат бар сияқты сезінеді.
Алдын алу. 0,5-0,75 мл-ден артық анестетик жібермеу, анестезия техникасын бұзбау.
Емі. Жұмсақ таңдай тілшесін, тілдің түбіне тимейтіндей етіп ауызды кере ашып, терең тыныс алу, операцияны тез аяқтау.
Мұрын түбінің кілегей қабығының жаралануы. Күрек тістер анестезиясында инені 0,3-0,5 мм-ден терең енгізгенде болады. Қан ағуы мүмкін.
Диплопия. Қосарланып көріну инфраорбиталды анестезия кезінде инені тереңдетіп сұғудан, көп мөлшерде анестетик жіберуден келіп шығады.
Алдын алу. Инені өзек ішінде 7-10 мм-ден артық сұғуға, 0,5-0,75 мм-ден артық анестетик жіберуге болмайды.
Емі. Асептика бұзылмаса ешқандай емнің қажеті жоқ.
Көз алмасының жаралануы. Инфраорбитал анестезиясы кезінде ине өзекке тым терең бойлата сұққанда немесе инені өзекке емес, көз шарасының төменгі қырынан жоғары сұққанда болады.
Инъекциядан кейінгі ісік пен аурулар. Дәрінің дұрыс даярланбауынан (ерітіндіні изотоник емес жай суда даярланғанда), анестетикті сүйек қабығының астына жібергенде, ұзақ уақыт тұрып қалған анестетиктерді қолданудан келіп шығады.
Алдын алу. Анестетиктер жааңадан даярланған болуы, анестезия кезінде сүйек қабығын жараламау, иненің сүйекке жанай қозғалуы қажет.
Анестетиктердің жергілікті зиянды әсері (ісік, дерматит) жиі және ұзақ уақыт теріге анестетиктердің әсерінен туады (медицина мамандарында кездеседі). Кейбір тым сезімтал науқастарда новокаин жіберген жерде дерматит байқалуы мүмкін егер анамнезде анестетиктерді көтере алмайтыны белгілі болса, онда алдын ала организмнің анестетикке сезімталдығын анықтап алған жөн. Содан кейін қажет болса басқа анестетик қолданылады.
V тарау
ТІС ЖҰЛУ ОПЕРАЦИЯСЫ
Адамзат арасында тіс жұлу операциясы ең көп жасалатын операция. Басқа операциялармен салыстырғанда тіс жұлу операциясының біраз ерекшелігі бар. Ол кейде оңай және тез болғанымен, кейде өте күрделі болып ұзаққа созылуы мүмкін. Онда дәрігерге көмекші, көптеген аспаптар қажет болады. Күрделі операция стационарда ұзаққа созылған анестезия арқылы жасалады.
Жалпы тіс жұлу ауыр операция болып есептеледі, себебі, тіс өз ұясынан күштеп жұлынып алынады. Тіс жұлынған кезде дөңгелек сіңір, периодонт, сүйек қабығы қан тамырлары мен нерв талшықтары үзіледі, тіс ұясы да жараланады, оған ауыздағы заттар түседі. Ауыз қуысының адам организмдегі микробқа ең бай жері екендігін, оны стерилді ету мүмкін еместігін еске алсақ, онда тіс ұясындағы жарақатқа инфекцияның енуі түрлі қабыну процестеріне жол ашу қаупін арттыра түседі.
Тіс жұлу кезіндегі науқастың уайым-қайғысын (тыныс алу мен тамыр соғуының жиілеуі, қан қысымының көтерілуі, кейбір ағзалар қызметінің бұзылуы) жаңағы аталған жарақатқа қоса есептесе жергілікті немесе жалпы асқынуға себептің жеткілікті екендігін анық түсінуге болады.
Тіс жұлу операциясы көне замандардан белгілі (Эскулаптан). Ол туралы алғашқы жазба мағлұматтар Гипократқа тиесілі (Р. Бауме, 1899).
Алғашқы қорғасын қысқыштардың үлгісі Дельфит храмында сақталуы. Темірден жасалған қысқыштар жайлы Аристотель жазып қалдырған.
Тістердің анатомиялық ерекшеліктері есепке алынбаған көне дәуірде тіс жұлу күрделі операция болып саналған. 1826 ж. Гаррис Фай тістердің анатомиялық ерекшеліктерін есепке ала отырып қысқыштар үлгісін ұсынған, ол сол үшін күміс медальдің иегері болды. Кейінірек 1841 ж. Джон Томас анатомиялық қысқыштар жасады, олар көп өзгеріссіз күні бүгінге дейін қолданылуда.
ТІС ЖҰЛУ ОПЕРАЦИЯСЫН ЖАСАУҒА БОЛАТЫН ЖӘНЕ БОЛМАЙТЫН ЖАҒДАЙЛАР
Тіс жұлу операциясы белгілі бір қажеттіліктерімен шектелген. Терапевтикалық стоматологияның дамып емнің жаңа түрлерін қолдануы периодонттағы патологиялық процестерді тоқтатуға жол ашты. Ертеректе санация кезінде жұлып тастайтын түбірлер мен бұзылған тістер, алып-салмалы протездерді ұстату үшін пайдаланылатын болады. Гемисекция, реплантация, түбір ұшының резекциясы тістерді сақтап қалуға жағадй жасады. Тіс жұлынған соң тек сол тістің ғана емес, оған көрші, қарсы орналасқан тістердің (конвергенция, дивергенция, орнынан өсіп шығуы) айналасында да көп өзгерістер болады. Бұл шайнау жүйесіндегі өзгеріске әкеледі. Бірнеше тістің жұлынуы сөздің, сырт пішіннің бұзылуына әкелуі мүмкін.
Сөйте тұра тісті жұлмай қалдырған кезде одан пайда болатын өзгерістерді ескеріп (организмнің сенсибилизациясы, күшінің азаюын, нерв талшықтарының тітіркенуін, кілегей қабықтың жаралануы мен инфекцияның тарауын), тісті жұлу алдында операцияға тиісті қажеттіліктерді анықтап алған жөн.
ТІС ЖҰЛУ ОПЕРАЦИЯСЫН ЖАСАЙТЫН ЖАҒДАЙЛАР
Қажеттіліктер толық (абсолютное п) және жартылай (относительное п.) Танфильев Д.Е. 1966) жалпы және жергілікті (Бернадский Ю.И.., 1970), жедел (срочное п.) және жоспарлы (плановое п.,), (Заусаев В.И., 1981) болып жіктеледі.
Жедел және толық қажеттілікке жедел ағымды одонтогендік инфекция (остеомиелит, абсцесс, флегмона, периостит) жатады. Қабыну процесі басталуынан көп кешікпей ауру тіс жұлынса, онда инфекцияның әрі қарай тарауы тоқтатылып, тезірек оң нәтижеге қол жетеді. Қабыну процессі ұлғайып кетсе, тіс жұлу операциясы жеткіліксіз деп табылады. Қосымша көшпелі қатпар, басқа да жақ айналасындағы жұмсақ тіндерді тіліп, жалпы ем жүргізу қажет.
Консервативті ем нәтижесіз болса, қабыну процессі асқынып кетсе, одонтогенді хрониосепсис кезінде ауру тіс шұғыл түрде жұлынады.
Жоспарлы қажеттіліктер мыналар:
Сауыты түгел бұзылып, түбірі протез салуға пайдалануға жарамай қалған тіс;
Түбірі қисық, өзегі бітеу болып, реплантация мен түбір ұшының резекциясын жасауға, емдеп жазуға болмайтын тіс;
Гаймор қуысындағы қабынуға себепкер тіс;
Ішкі ағзалардың ауруына себепкер тіс;
Пародонтоздың 3 дәрежесінде босап қалған тіс;
Ортодонтикалық ем кезінде басқа тіске орын босату үшін;
Антогенисін ерте жоғалтып, орнынан мейлінше шығып кеткен (Попов-Годон фонемені), протезге пайдалануға жарамсыз күйге жеткен конвергенция, алынатын протездің орнықты тұруына кедергі жасайтын соңғы тіс;
Жақ сүйегі сынғанда сынық сызығында қалып инфекцияны әрі қарай тарататын, сынықтардың кедергі жасайтын, сынған, мейлінше босаған тіс;
Сауытын жонса да тіл, ерін қанат-жақ қатпарын жаралайтын тіс;
Ортодонтиялық емге келмейтін, тіс доғасынан тыс (жоғарғы сүйір тістер) тіс (косметикалық пайымдау негізінде жұлады);
Ретенцияға, дистопияға ұшыраған қиыншылықпен шығатын (ақыл тістер) тіс;
Альвеола өсіндісіндегі киста мен ісікті радикалды операция жасап алып тастағанда жыланкөздің шығуына кінәлі тіс.
Сүт тістерді жұлу қажеттілігі балалар стоматологиясында айтылады.
Жоспарлы жағдайда жұлуды (жартылай қажеттілік) 1-2 күн кейінге қалдырғанмен науқастың денсаулығына пәлендей нұсан келмейді.
Қорыта айтқанда, қажеттілік бар кезде тісті мүмкіндігінше ертерек жұлу дұрыс болып табылады.
ТІС ЖҰЛУҒА БОЛМАЙТЫН ЖАҒДАЙЛАР (ЖАРТЫЛАЙ)
Тіс жұлуға толық қарсылық жоқ. Жартылай жұлуға болмайтын жағдайлар жалпы және жергілікті деп бөлінеді.
Жалпы жұлуға болмайтын жағдайлар:
1. Қан аурулары (гемофилия, геморрагиялық диатез, анемия, лейкемия);
2. Жүрек-қан тамырлары аурулары (миокард инфаркты, декомпенсациялы жүрек ақауы т.б.)
3. Жұқпалы аурулар;
4. Нерв жүйесінің аурулары (эпилепсия, психоз т.б.)
5. Екіқабат кезде, етеккір келгенде
Қан ауруларымен ауырған науқастың тісін жұлған соң тіс ұясынан аққан қан көпке дейін тиылмауы мүмкін. Сондықтан науқасты стационарға жатқызып гематологтың қатысуымен емдеп, содан соң тісін жұлуға болады.
Күнделікті бақылау кезінде қанның ұюы 4-5 мин-ке жеткенде (қалыпты жағдайдың жоғарғы шегі) тісті жұлуға болады. Дәрігер гематологтың емін жарақат жазылғанша жүргізу керек.
Лейкемия ауруы кезінде ауызда жара, некроз болғандығын ескеріп, тіс жұлғанда, оның айналасындағы тіндерді қорғау керек. Етеккір келгенде әйелдердің қан ұюы нашарлайды. Сондықтан егер аса қажеттілік болмаса, тісті етеккір тоқтаған соң 2-3 күннен кейін жұлуға болады.
Жүрек-қан тамырлары бұзылыстарына байланысты болмайтын жағдайлар. Жалпы дәрігерлік дайындықтан соң тісті емханада немесе стационарда жұлуға болады.
Ауыр науқастардың тісін жұлуға болмайтын жағдайларды А.И. Рыбаков (1962) тым артық айтылған деп есептейді. Шұғыл қажеттілік кезінде (жедел ағымды одонтогенді инфекция) асқынудың алдын алып, абайлап, тісті жұлудың еш қиындығы жоқ. Тіс жұлудың алдында терапевтпен кеңескен дұрыс.
В.З. Скоробогатьконың (1966) мәліметі бойынша, тіс жұлған соң кейбір аурулардың асқынуы мүмкін (қан қысымы көтеріліп, жалпы әлсіздік, жүрек соғуы жиілеп, төс қыры, жүрек тұсы сыздап ауырады).
З.М. Миканба (1958) жүрек-қан тамырлары ауыратын науқастарды жете зерттеп, олардың тісін жұлуға толық қарсылық жоқ деп табады. Ол өзінің әдістемелік хатында (1963) ауруларды 3 топқа бөледі.
1 топ. Қарсылықтары жартылай, тістерін емханада жұла беруге болатын аурулар түрлері: 1) жүректің органикалық ақауы; 2) кардиосклероз;
3) кризге ұшырамаған 1-2-3 дәрежелі гипертония; 4) қан айналымының 1-2 дәрежелі созылмалы кемшілігі; 5 ) ревматизмнің өршу фазасындағы жүректің органикалық ақауы; 6) жүрек астмасы мен стенокардия ұстамалары жоқ жүрек инфарктына үш айдан астам уақыт өтсе.
2 топ. Қарсылықтары толық аурулар түрлері; 1) жедел ағымды миокард инфарктының алғашқы күндері; 2) инфарктың асқынулары – жиі қайталайтын коллапс пен жүрек қарыншаларының жедел ағымды аневризмасы; 3) гипертониялық криздер.
3 топ. Жартылай қарсылықтары бар аурулар. Жиі стенокардия ұстамасы бар созылмалы жүрек кемшілігі бар аурулар. Жеделдету септикалық эндокардит пен жүрек қарыншасының созылмалы аневризмасы бар аурулар терапевтикалық стационарда емделіп болған соң терапевтің кеңесімен тіс жұлу мәселесі шешіледі.
Барлық жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауырған науқастарды псхика-эмоциональды, гормональды дайындықтан (премедикация, тиянақты анестезия) өткізеді. Анестетиктерге адреналин қосылмайды. Қорқу, қобалжуды болдырмайтын дәрілер беріледі. Жүрек-қан тамырларының қызметі дұрыс жүріп тұруы үшін жүрек гликозидтері, тіндегі зат алмасуын жақсартатын, антиаритмикалық дәрілер беріледі.
Жұқпалы аурулар кезінде науқас организмнің қорғаныс күштері әлсірейді, соны ескеріп, тиісті қажеттілік болмаса тіс жұлуға болмайды. Жартылай қарсылықтарға нерв жүйесінің аурулары жатады (истерия, эпилепсия, психхозда т.б.). маман дәрігермен кеңесіп, кішігірім дайындықтан соң олардың тістерін жұлуға болады.
Екіқабат әйелдердің емдеуге болмайтын тістерін санация кезінде жұлу қажет. Әйтпесе, тісті жұлудан бұрын акушер-гинекологпен кеңесіп алу керек. Екіқабат әйел сырқат болса тіс жұлу кезінде бала тастап қою қаупі бар. Санация жасауға ең қолайлы мезгіл үшінші айдан сегізінше айға дейінгі аралық. Себебі, 1-2 ай ішінде лоқсу, сілекей шұбыру, тағы сол сияқты ыңғайсыз жайлар мазаласа, 8-9 айларда әйелдің дәрігерге қатынап, тістерін емдетуі де біраз қиыншылық тудырады.
Жаралы-некроз стоматиті мен гингивит тіс жұлуға жергілікті жартылай қарсылық болып саналады. Жалпы алғанда ауызда жара пайда болуы кілегей қабықтың иммунитетінің төмендеп микрофлораның күшеюінің дәлелі. Сондықтан, шұғыл қажеттілік болмаса тіс жұлуды жара беті қабыршықтанып жазыла бастаған кезге дейін қалдыра тұрған жөн. Төменгі жақтың аздап қозғалған соңғы тісін жұлуды кейінге қалдыра тұру, оны аз уақыт болсада алынбалы протездің қалыптасуына септігін тигізетін мүмкіндігіне байланысты.
Қатерлі ісік аумағындағы тісті жұлудың қажеті жоқ, ол ісікті операция жасап алған кезде бірге кетеді. Олай етпегенде, тіс жұлу, ісіктің тез-өсуіне, жайылынуына әкеліп соқтырады.
Қорыта айтқанда, атап өткен аурулар мен жедел ағымды сәуле ауруы, бүйректің жұқпалы ауруы т.б. тіс жұлуға жартылай қарсылық болып саналады. Толық қажеттілік (жедел ағымды қабыну процессі) болмаса, стоматолог тиісті мамандармен ақылдасып, науқасты дайындап болған соң барып тіс жұлады. Науқастың халі – жағдайы қиын болса, бұл жұмыстардың бәрі стационарда жасалады. Асқынып кетудің алдын алу үшін лекоз, агранулацитоз, сәуле ауруы, септикалық эндокардит, ревматизм, нефрит ауруларына антибактериалды терапия жүргізу қажет.
Науқас тарихына байланысты мәліметтер, тіс жұлу операциясы қысқа да дәл түрде құжаттарда жазылып отырылуы шарт.
Тіс жұлу әдістері
Тіс жұлу операциясы қызыл иек пен периодонтит тіндерін және тіс ұясынан тісті немесе түбірді тіс ұясынан зорлап шығарып алу қимылдарынан тұрады.
Тіс түбірлері алшақ орналасқан болса тіс ұясы күштеп кеңейтіледі. Тістерді аранйы қысқыштар мен элеваторлар арқылы жұлады.
Кейбір кездерде тіс жұлуға бормашина, қашау, балға қолданылады. Бұл аспаптармен тісті жұлуға кедергі жасайтын сүйек алынып тасталады. Әрине, бұл операциялар науқастарға біршама қиындықтар туғызады.
Тісті жұлудан бұрын анатомиялық ерекшеліктерді ескерген жөн. Мысалы: түбірдің саны, түрі, үлкендігі, қисаюы, түбірлер далдасы, ұя қабырғасының қалыңдығы, гаймор қуысының жақындығы, төменгі жақ өзегінің жақындығы, иннервациялану т.б. Бұл керекті мәліметтер анатомиядан белгілі.
Тісті жұлудың қиындығы алдын ала белгілі болса (төменгі ақыл тістерді жұлу) рентген жасау қажет.
Жұлынантын түбірден басқа тістерге қарап та бірталай мәлімет алуға болады. Мысалы: жалпақ және төмен тіс сауыты оның түбірлерінің алшақ орналасқанының дәлелі. Тіс жұларда науқастың жалпы жағдайын есепке алып, дәрілеп анестезия жасап психологиялық дайындықтан өткізу керек.
Науқасқа тіс жұлу кезіндегі кейбір жайлар туралы біршама түсінік берсе, ол тіс жұлған кездегі ыңғайсыз жағдайларға онша назар аудармайды.
Тіс жұлу кезіндегі науқас пен дәрігердің орналасуы. Үстіңгі тістерді жұлғанда науқас биік креслода басын шалқайтып отырады. Жұлынатын тіс дәрігердің иығы деңгейінде болу керек. Сол жақтың тістерін жұлғанда науқастың басы дәрігерге қарай, ал оң жақтың тістерін жұлғанда әрі қарай құрылады.
Төменгі жақтың тістерін жұлғанда креслоны шынтақ деңгейіне дейін төмендетеді. Науқастың басы тік орналасады. Төменгі күрек, сол сол жақ кіші, үлкен азу тістерін жұлғанда ол сол қолымен науқастың басын құша оң жағында немесе арт жағында тұрады. Тіс жұлу қиын болатын болса науқасты жатқызады.
Операция алаңын дайындау. Ауыз қуысын асептикалық жағдайға келтіру мүмкін емес. Әлсіз антисептиктер микрофлораны жоя алмайды, ал күштілері кілегей қабықты жаралайды. Сондықтан ауыз қуысын дайындауды тамақ қалдықтарын тазалап, оның микрофлорасын азайту деп түсінуге болады. Ол үшін ауызды калийдің марганец қышқылы, хлорамин,фурацилин, ас содасы т.б. әлсіз ерітінділермен шаю керек. Жұлынған тістің ұясына түсіп кетпес үшін жақын тұрған тістерді тастардан калий перманганаты, сутегі тотығымен малынған тампонмен тазарту керек.
Ине шаншитын нүкте мен жұлынатын тіс аумағын йодтың 1-2 % спирті ерітіндісімен өңдеу керек.
Тіс жұлу аспаптары. Негізгі тіс жұлу аспаптары анатомиялық қысқыштар, элеваторлар. Қысқыштар ұш бөліктен тұрады: 1) Жақтары – тістердің анатомиялық құрылысын есепке алып ішін ойық етіп бедерлеп жасалған. Тіс сауытын, немесе түбірдің қалған бөлігін қоса ұстайды. 2) Саптары – дәрігер ұстайтын бөлігі. 3) Құлыбы – қысқаштың екі бөлігін бір-бірімен бекітеді (9, 9а, б –сурет).
9-сурет. Тіс жұлатын қысқыштардың құрылысы:
1-ұртты; 2-құлпы; 3- сабы; 4-өтпелі бөлігі.
|
9 а – сурет. Жоғарғы жақ тістерін жұлатын қысқыштар:
А) күрек, сүгір тістерді; б) кіші азу тістерді; в, г) үлкен азу тістерді; д) жоғарғы үшінші үлкен азу тіске.
9 б – сурет. Төменгі жақ тістерін жұлатын қысқыштар.
А, б) күрек, сүйір, кіші азу тістерді; в) үлкен азу тістерді; г) төменгі үшінші азу тістерді; д) барлық төменгі тістердің түбірлеріне.
|
Тұрақты тістер мен сүт тістерді жұлатын қысқаштар тобы бөлек болады. Олардың басқа үстіңгі, төменгі жақ тістерін, сауыты сақталған тістер мен түбірлерді жұлатын қысқаштар да бір-бірінен өзгеше. Белгілі бір тістерді жұлатын арнайы қысқаштар бар.
Қысқаштарды таңдағанда төмендегідей белгілеріне назар аударады. Бұрыш белгісі – үстіңгі жақ тістерін жұлатын қысқаштардың жақтары мен саптары бір түзудің немесе параллель (паралельге жақын) түзудің бойында орналасады.
Төменгі жақ тістерін жұлатын қысқаштардың жақтары мен саптары бір-бірімен 90' (яғни соған жақын) бұрыш түзеді. Бұлардың барлығы дерлік сапты бойлай иілген (саптары бір-бірінің үстіне орналасады), содан соң кейбіреулері (негізінен ақыл тістерді жұлу үшін) саптың қырына қарай иілген (горизонталь) саптары қатар орналасады. Саптың иілу белгісі: үстіңгі күрек, сүйір тістерді жұлу үшін тік қысқыштар, ал, кіші, үлкен азу тістерге S – тәрізді иілген қысқыштар қолданылады, олардың сабы бері орналасқанмен жақтары тісті дәл ұстайды. Үстіңгі ақыл тіске арнайы немесе байонет (штык тәрізді) қысқыштар қолданылады.
Төменгі жақ тістері қысқыштардың жақтары мен саптары 90' бұрыш түзгендіктен, оларды құстұмсық деп те атайды. Оң мен солдың белгісі: жақтарының екеуі де бірдей қысқыштар оң, сол екендігіне қарамай қолданыла береді. Олар тік, тәрізді жақтары жұмыр, байонет, құстұмсықты қысқыштар.
Үстіңгі 6-7 – ші тістерді жұлатын қысқыштар жақтарындағы өсінділеріне байланысты оң, сол болып бөлінеді. Өсінді тістің ұрт (вестибуляр) жағына орналасып, ұрт түбірлерінің арасына қарай бойлайды. Сондықтан ол қысқыштың сол жағына орналасса оң, ал керісінше сол жақты болып саналады.
Достарыңызбен бөлісу: |