Қазіргі таңда қоғамның сұранысына сай “Қазақстан Республикасының жаңа әлеуметтік даму жағдайында мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудің тұжырымдамасы” дайындалды. Тұжырымдаманың мақсаты – қоғамның әлеуметтік даму жағдайында мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудің жүйесін айқындай отырып, ұлтаралық қатынас мәдениетін, еліміздің бейбітшілігі мен егемендігін сақтауға, экономикасын дамытуға ықпал ететін тұлғаны қалыптастыруға бағытталды. Патриоттық тәрбие беру тұжырымдамасында төмендегі міндеттер жүйесі қамтылды:
Қазақстан Республикасының Конституциясына, мемлекеттік рәміздеріне, Қазақстанды мекендейтін барлық халықтардың тарихына, дәстүрлеріне, мәдениетіне және ұлттық ерекшеліктеріне құрметпен қарау;
- мемлекеттік тілге, әлемдік тілдерге және ұлтаралық тіл болып есептелетін орыс тіліне, Қазақстанды мекендейтін басқа халықтардың тілдеріне құрметпен қарау;
халықтар арасында сүйіспеншілік пен достықты, дін аралық қатынастар бойынша түсінушілікті қалыптастыруға ықпал ету;
Қазақстан Республикасының бейбітшілігі мен тұтастығын, Отанның экономикалық байлығын дамытуға, Отанды қорғауға және жалпыадамзаттық тыныштықты сақтауға әрқашан дайын болу;
жалпыадамзаттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық өркениеттілікті бағалау, құрметтеу (бейбітшілік, тыныштық, қауіпсіздік, еркіндік, ізгілік, тұлғаның еркіндігі мен құқығын қамтамасыз ету);
мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудің жүйесін негіздей отырып, ұлттық және әлемдік білім нәрінен сусындаған ғылыми техникалық прогресс көшіне ілесе алатын патриот тұлғаны қалыптастыру.
Оқушыларға патриоттық тәрбие беруде мектептегі әр қызметкерлердің өзіндік атқарар міндеті бар.
Мектеп оқушыларының бойына патриоттық құндылықтарды қалыптастыруда пән сабақтарына қойылатын негізгі талаптар айқындалды:
- пән сабақтарының мектептегі және сыныптағы жүргізілетін патриоттық тәрбие жүйесімен өзара байланыста жүргізілуі, пән аралық байланыс, өткен тақырыптармен жүйелі сабақтастық, оқушылардың іс-тәжірибесі;
- пән сабақтарының алдына қойылатын мақсатының нақты болуы және педагогикалық тұрғыда негізделуі;
- сабақтың құрылымында патриоттық тәрбиеге арналған мазмұнның қамтылуы, сабақ мазмұнының оқушылардың патриоттық іс-әрекетінің негізі болуы, берілетін білім мен оқушылардың патриоттық іс-әрекеті арасында байланыстың болуы;
- пән сабақтарында оқушылардың патриоттық сезіміне ықпал ететін материалдардың қамтылуы;
- сабақ үстінде оқушылардың танымдық, белсенділік іс-әрекеттеріне ықпал ету, сабақтағы қамтылған материалдар олардың санасына, көңіл-күйіне әсерлі болуын ескеру;
- сабақтың құрылымы, мазмұны, қолданылатын әдістері мен тәсілдерін айқындауда патриоттық бағыттарына баса көңіл аударылуы керек.
Қорыта келгенде, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар арқылы тәрбие беру оқушы бойындағы сана-сезiмдi, намысты, парызды қалыптастырумен қатар егемен елiмiздiң тәуелсiздiгiн, ынтымағын, бiрлiгiн сақтап қалатын патриот-азамат тәрбиелеуге толық мүмкiндiктердің бар екендiгі анықталды.
Достарыңызбен бөлісу: |