Table of Contents бірінші бөлім



бет4/5
Дата08.02.2022
өлшемі1,57 Mb.
#122935
1   2   3   4   5
Байланысты:
Ақбілек. Жүсіпбек Аймауытов

О бағыдында сіз ол тарапта кәпірнің қолынан аман-есен қалас болғаныңызды естіп шадуә қарам болып, аллаға шүкірана еттік.
Тағдырда язмыш илан дарылпанадан, дарылбақия рақылап еткен шапағатлы анамызның иманы саламат болгай еді. Қазаға ыразы, бәлеге сабыр етіңіз.
Үшбу Ақберген иолдашымны сізге көңіл айтып, аманлық, білу ушін жіберіп отырмын. һар нешік болсын, біздің көңілімде бөтен ниет жоқ. Сіз де көңіліңізге бөтен нәрсе алмағаныңызды тілеймін. Аз күнгі қайғы жапаға сабырлық қылыңыз. Не нәрсе болса, қайырын тілейік. Онда сізлер, мұнда бізлер аман болғай едік.
Дәйю қалам тебреткуші бірадарыңыз Бекболат деп білерсіз».
Бұл хатты анау-мынау әйел оқыса, қуанғаннан секіріп түсер еді. Ақбілек мырс етіп күліп жіберді:
— Жеңешетай-ай! Жақсы болды ғой!— деп хатты қалтасына салуға қимай, қайта-қайта ашып, айналдырып көре берді.
— Айтқам жоқ па?
— Ақберген қайда?
— Біздікінде отыр.
— Маған жолықпай ма?— деді де: — Жоқ, жоқ, болмайды екен,— деп, өзін-өзі тоқтатты. Ақберген біртүрлі жылы көрініп кетті, өйткені ол жарынан хат әкелді ғой. Көргісі келсе де, басы қаралы екенін, жолығу жеңілдік болатынын ойлады: — Енді қайтеміз?— деді.
— Қайтесің? Сен де хат жаз.
— Не деп жазам?
— Өзің білесің. Көңіліндегі сөзіңді сен де жаз, ұяласың ба?
— Апырмай! Енді не деп жазам?
— Таңертең ерте жүреді. Қазір дайындап қой. Мен бір айналып келем,— деп Ұрқия кетіп қалды.
Ақбілек қол сандығынан кесте сызатын қызыл қарындашы мен бір парақ қағаз алып, «Қыз Жібекті» астына салып, етпетінен жатып, қарындашын жалап қояды.
«Ғазиз көргушіні», «Бағдында хал-ахуал сұрасаңызды» бұ да жазды. Содан кейін аузына сөз түспейді. Сөз самсап-ақ тұр, бірақ қайсысын жазарын білмеді. Біресе бәрін айтқысы, көп жазғысы келеді; біресе әдепті ойлайды. Қанша жазса да, ойдағының мыңнан бірін жеткізе алар емес. Қарындашты жалай түсіп, біреу келіп қала ма деп, сасқалақтап отырып:
«Бізде де бөтен ниет жоқ. Үшбухатты алғаннан кейін бір келіп кетпегіңізді тілеймін. Асығыс жазылды. Ғайып етпеңіз... Дәйю Ақбілек» — деп жазды.
Аздан соң, Ұрқия келіп, хаты алып кетті.
Ел жатса да Ақбілек ояу, оның қиялыңда келешектегі сұлу өмір. Өзін ұзатқан екен дейді. Басында жібек желек, кигені үлде мен бүлде. Жанында Ұрқия мен Сара, ауылға таяу жасыл сайда тамылжып, сызылып тұрғанда, алдынан самалдай болып, қызылды-жасылды қыз-келіншектер келеді. Олардың көйлегі де, көк шалғын да, күлкісі де судырлап, сыңғырлап кетеді. Шекесіне тырс-тырс еткізіп, қатындар шашу шашып, балалар аяғының астынан таласа-тармаса алып жатады...
Құлпырған шайы шымылдықты алдынан ұстап, қаз-қатар қыз-келіншектің қақ ортасында желегінен екі көзін жалтыратып Ақбілек келе жатыр. Жұрт мәре-сәре, у-шу...
Жасауын жайнатып жиып, кілем, көрпе төсеген, оюлы ақ отауға әкеліп кіргізеді. Құрулы шымылдық ішіне бықырлаған қыз-келіншектердің ортасына Ақбілек отырады. «Келінді көреміз» деп үлкен қатындар келгенде, Ақбілек сызылып түрегеледі. «Ашшы бетін!» деген бір үкім дауыс шыққанда, желегін бір қыз ашады. Ақбілектің келбеті Ай мен Күндей. Қатындар таң қалады: «Көп жаса! Отыра той, шырағым!» дегенде, Ақбілек жібек көйлегін судыратып, отырады...
Той өтеді. Ел тарқайды. Ақбілек ақ отауында... ол келіншек. Басына жаулық салдырыпты, сыртында желегі. Төсек ағаш алдында ақ саусағы майысып, күйеуіне ақ көйлек қайып отыр. Жанында домбыра шертіп, Бекболат жантайып жатыр. Ақбілек әдемі күй шерткенде жаны сүйсініп күйеуінің бетіне жымия жылы қарайды; ішінен «Жаным-ау!» дейді. Бекболат та жымиып қолын созады. Ісін қойып, Ақбілек шынтақтап, күйеуіне таман жақындайды. Күйеуі мойнынан құшақтап, үлбіреген аузынан, мамық тамағынан тәтті сүйеді. Бірінің көзіне бірі қарайды. Қараса да тоймайды...
Үлкен үйдің самаурыны қайнағанша, Ақбілек отауының түндігі ашылмайды. Жібек шымылдық күлімдеп күн сәулесі жабықтан түскенде, Ақбілек тұрайын десе де, күйеуі қыпшасынан қысып, қытықтап, күліп жібермейді. «Болар енді, сәулем!» деп, Ақбілек тұрып, киініп, жез құман алып, майысып, дөң астына түзге кетеді.
Лек-лек болып жүгіріскен қозы, ойнақтаған бота, желі басында құлын ұстаған, бие қуған бала-шаға, тезек терген, ән салған қыз-келіншек... соларға, қарап, Ақбілек ақырын аяндап келіп отауына кіреді. Өзі дәрет алып болған соң, күйеуінің қолына су құйып, шымылдықтың бауындағы кестелі орамалын әпереді...
Кешке таман қанжығаларына қатарлап қаз, үйрек байланып, бедеу мініп, қаршыға ұстаған күйеулері келе жатқанда, Ақбілек ақ отаудың жанында қарап тұрады...
Көшкенде Ақбілек желегін қайырып, беліне қыстырып, отауын жығысып жүк артысады. Көш жөнеліп кеткен соң, артта қалған өңшең қыз-келіншек жамылғылы көк жорға мінген Ақбілекті орталарына алып, көшке жеткенше жарыс салады. Бұлар көш қасында топтанысып келе жатқанда, қолдарында қаршығасы, бір топ болып, күйеулері де сыпылдатып өте шығады...
Ақбілек бала көтереді. Күйеуіне тартқан бір жақсы ұл табады. Күйеуі Ақберген екеуі ана жақта қаршығаларын айналдырып жатқанда, Ақбілек бесіктегі бөбегін тырбиған саусағынан сүйіп, арқалығына асылып, еміреніп, емізіп отырады. Ағасы атқа мініп кеткенде, басына үкілі тақия кигізіп, бөбегін алып алдынан шығады. «Ағаңды қарашы, шыбыным!» дегенде, бөбегі ұмтылады: ағасы бөбегін жоғары көтеріп, насыбайынан иіскейді...
Бұдан да сұлу, бұдан да тәтті қиялдарда жатып, Ақбілектің көзі ілінеді...
Таңертең Ұрқия келгенде Ақбілек:
— Кетіп қалды ма? — деп сұрады.
— Кетіп қалды,— деді.
Өйткені кешегі хатта күйеуін шақырғаны ұят болғандығы артынан есіне түсіп еді.
Арада төрт-бес күн өтті ме, қалай.
Ақсақал үйде жоқ еді. Ақбілек Сарасын қолынан ұстап, әйнек алдында тұр еді. Малшылар мал қоралатып, малшы қатын сиыр сауып жатыр еді. Қораның жоғарғы бұрышынан әйелдің жаулығы ағараң етті. Ұрқия екен.
— Қалқам, құлағыңды әкелші,— деді.
— Шын ба?
— Шын емей...
Ақбілек сіңілісін Қажікенді шақырып кел деп жіберді де, аузы жабыса қалды.
— Енді қайтеміз?
— Біздікіне түсет те.
— Ағайдан ұят емес пе?
— Жоқ, ойбай! Екеуіңнен бөлек онда не ой бар дейсің.
— Біздікінен бір тоқты сойыңдар.
— Шырайлым-ау! О не дегенің... Оған бір қонақ асы бере алмағанымыз ба?..
Ақбілектің жүрегі алып-ұшып барады. Үйге кірді. Шам жақты. Шәй жасады. Алашаның қайырылған жерін жазды. Жайнамазды дұрыстап ілді, әйтеуір бір жерде байыз тауып отыра алмай, оған да, бұған да алаңдай берді. Ол бейне бір осы үйдің ішін көруге, сынауға, мінеуге келген кісі: бәрі де жинақ, таза, ретті болса екен дейді. Самаурын да, Қажікеннің жеңі де, малшы қатынның бет-аузы да, дастарқан, орамал да кір тәрізді.
— Қарағым-ау! Жеңін салтақ-салтақ боп кетіпті ғой! Мұрыныңды сүртпесейші, әлде кімнің баласына ұқсап,— деп, Қажікеңді иегінен қақты...
Қажікен Сараның қолыңдағы бауырсағын қағып түсіріп, Сара ыңылдап жылағалы келе жатыр еді:
— Айналайын, күнім!.. Қой қой енді... бауырыңа тимесейші! Сенің есің бар ғой!— деп, екі бауырын уатып басалқа айтты.
— Үрбие-ау! Бетіңді кішкене жуып жүрсейші!— деп, қазаншы қатынның алдына бір уыс бауырсақ тастады. Жаулығы тозып кеткенін жаңа көргендей, апасының ескі кимешегін бермек болды.
— Күн сайын далада жүргенде іштерің пыспай ма?— деп, қойшыға да тіл қатты.
— «Бұ қай сөзі!» дегендей, қойшы таңырқап:
— Неге пысады? — деді.
Ақбілек бәрінің қамқор анасы өзіндей, бәрін де қанаты астындағы балапандай, бауырына басып, жылытқысы келеді. Бәрін де өзіндей қуанышты, бақытты болса екен дейді. Ешкімді ренжітетін, ешкімге жамандық ойлайтын түр жоқ. «Неге пысады?» деп қойшының қоңырайғанын да жарастықты көрді. «Қайтсін пақыр! Шаршап келеді ғой!..» деп ойлады.
Шәй күндегідей ұзақ ішілген тәрізді. Сараның ұйқысы келмейтін тәрізді. Қарадан қарап отырып асыға берді. Шәй жиылысымен, балалардың төсегін салды. Тысқа шықты. Ac үйдегі Үрбиеге барып қазанды тезірек қайнат ертерек жатамыз, ұйқымыз кеп отыр,— деді. Қайтып кеп жұпар сабынын бұрқыратып, бетін, мойнын, білегін әбден тазалап жуды. Абдыраны ашып, мәре көйлегін алып, балаларға көрсетпей, апасының ескі жаулығына орай, көрпенің арасына қойды.
Ет піскенше Сара ұйықтап қалды. Қажікен қойшының қасында отырып «Жалмауыз кемпір» деген ертегісін айтқызды. Ет түсірілді. Ақбілектің ет жегісі келмейді. Малшыларға: «Жеңдер»,— дей берді. Етті жеп болып келе жатқанда, Ұрқия келді.
— Жеңеше, ет же!
Ұрқия:
— Ауыз тиейін, — деп бір жапырақ салды.
Ет жеп болған соң, Қажікенді жатқызып, Ұрқия мен екеуі тысқа шықты. Әйнек алдында тұрып, екеуінің күбірлескендегі әңгімесі: қалай жолығу, қай жерде жолығу еді. Ұрқияның ойы: Ақбілекті өз үйіне апарып, екеуіне бір табақтан дәм жегізу еді. Ақбілек Әмір ағасынан ұялып, әрі балаларды жалғыз тастап кетудің есебін таба алмай, бармауды қалап еді. Қаласа да, Ұрқияның ойы дұрыс: шамның жарығында оны көріп отырып, бір табақтан ас жеген, қандай жарастықты! Бұл тұңғыш жолығуы ғой. Әрі сөйлесіп, бері сөйлесіп, Ақбілек балаларды ұйықтатып баруға бел байлады.
Балалар ұйықтаған кезде, Ақбілек мәре көйлегін, таза камзолын киіп, жұпар исін аңқытып, биқасап шапанын жамылып, аяғын ептеп басып, есікті ептеп жауып, буыны дірілдеп, табалдырықтан аттады. Ай жарық. Қар күмістей жылт-жылт етеді. Жұлдыздар сайрап тұр. Екі үйдің арасындағы жалғыз аяқ жол қарауытып жатыр. Бұ жол ұжмаққа апаратын жол секілді. Осы жолмен барып, қызықты, тәтті, сұлу өмірдің есігін ашатын секілді. Басқан сайын бақ есігі жақындайды. Жүрегі дүрсіл қағады. Ұрқия алдынан шықты.
— Әмір ағам қайда?
— Ауыз үйде... Сендер оңаша боласың.
Ой алла-ай! Ақбілек шын сонымен бірге отырғаны ма?!
Ұрқия есік ашты. Қатты ұйықтап оянғанда, қараңғы үй кенет жарқырап кетсе, көзің қандай ұялады. Бақ есігі ашылғанда, Ақбілектің беті де ұялып, кіруге жүрексініп, әнтек кідіріп қалды.
— Кір, қарағым, кір!
Олар көрінбейді. Бірақ осы үй толған олар. Көйлегін судыр еткізіп, Ақбілек кіріп келді. Бекболатқа отырған үйі нұрға толып кеткендей болды. Ақбілек жеңешесінің артынан еріп, сызылып келіп төменірек отырды. Тура қарауға дәті шыдамай, төмен қарады.
— Есен бе, қарағым! — деп, әуелі Ақберген амандасты. Бекболат қалай амандасудың есебін таба алмай?
— Есен бе, қарағым!— деп, жолдасының сөзін айта салды. Ақбілек:
— Үш-шүкір,— деп, ернінің үшін қыбырлатты.
Тым-тырыс.
— Апаңның артқы жақсылығын берсін!.. Құдай әмірі мақұл... тек өз маңдайларың ашылсын!— деп, үнсіздікті Ақберген сейілтті. Бекболат үндеген жоқ.
Ақбілек уысындағы торғын орамалымен көзін сүртті. Бекболат төмен қарады.
Ол екі арада Ұрқия етін түсірді. Қонақтарының қолына су құйып, дастарқан жайды. Төсін салып, семіз тоқтының жарты етін түгел асқан екен. Он шақты тоқтының маңдайы ғой.
Ақбілек күйеуіне онша таянбай, арасында бір кісі сыйғандай ғып, табаққа таман отырды. Ақберген пышағын алып: «Тураймыз, ба?» дегендей Бекболатқа қарады. Бекболат ым қақты.
— Құдағи, мұнда келіңіз! — деп, Ақберген астың алдын ана жақтағы қайын ағасына жіберу керектігін білдірді.
— Ойбай, жей беріңдер, қарақтарым! Күйеу кәдесін соң істерсіңдер,— деп еді; Бекболат сақау кісіше ымдап болмаған соң, Ұрқия табақты ауыз үйге апарып, бір жапырақ кесіп беріп, қайта әкелді. Күйеулер Ұрқияны шақырып, төртеу болып, табақты жағалай отырып, ет жеуге кірісті. Ұрқия отырарда Ақбілекке қарап:
— Қарағым, жақын отыр! Бекболаттан несін ұяласың? Екеуіңнен жақын кісі жоқ... Бұ да бір мереке емес пе?..— деп, түртіп еді. Ақбілек әнтек қозғалды. Әйтсе де табаққа да, Бекболатқа да қашығырақ еді.
— Иә, сүйтіңдер, тізелесіп отырыңдар! Ұялатын үлкен кісі жоқ қой,— деп, Ақберген де айтты.
Екеуі бірдей қоймаған соң, Ақбілек қозғалып, Бекболаттың оң тізесіне шапанын сүйкей отырды.
«Жеңдер, алыңдардан» басқа, дастарқан үстінде пәлен сөз бола ма? Жасырын келген күйеу түгілі, етке бас қойғанда, Әлдекей ағайлардың да аузына құм құйылып қалады. Бәрі де әдепті, сыпайы, бірін-бірі қалтықсыз сыйлап, шын көңілмен жақсы көріп, өліп-өшіп отыр. Ет жеп отыр деймісің? Бұлар ырыс жеп отыр ғой!
Бекболат көз қырымен жарының бетіне қарап қояды. Ақбілек бұрынғыдан сұлу, әдепті, салмақты, сәулем болған екен деп ойлайды. Мұндай жары болғанына ішінен мақтанып, мұртынан жымыңдайды. Ақбілек әнтек именіп, бетінің ұшы ойып алғандай қызара береді. Бекболаттың бетіне тура қарауға беті шыдамайды. Оның салалы саусақтарына көзі түскенде, Қарамұрттың саусағы есіне түсіп, өз ойынан өзі ұялып отыр еді. Күзгі беймаза қара шыбындай дәл осы арада есіне түсіп, мазасын алғанға ішінен қынжылып еді. Бірақ Бекболат оны сезбейді. Сезді ме екен деп, Ақбілек шашын сипаған боп, шалқайыңқырап, Бекболаттың бетіне бір қарады. Көзіне көзі түсіп кетті. Оның көзі — сүйгенім бір сен — деп тұрған тәрізді, талмау, буалдыр көрінді. Ақбілек: «Мен де сенің жолыңа жаным құрбан дегендей салалы, оқ кірпігін салмақпен қағып, майы жылтыраған қара көзін бір төңкерді. Екеуінің де біріне-бірі көңіл тойды...
Тамақтан кейін Ұрқия күйеу мен қалыңдықты ертіп шығарып салды.
Екі жар қораның сыртына жеткенде, аяқтары қоюлады. Әнеки, тоқтады. Жар қолы жардың белін қысты. Ақбілек назданып жоғары қарағанда, ай жүзін аспанда ай көрді. «Сүйсең сүй!» дегендей, жұлдыз да жымың қақты. Қылыш мұрт бал ерінге тигенде: 
Дем алыс ысынып,
Саусағы суынып,
Белгісіз қысылып,
Пішін құбылып:
Иығы тиісіп
Үндемей сүйісіп.
Мас болып...»
жатқанын ақын Абай болмаса, біз суреттей алмаймыз...
Аңсап жолыққан екі асық тар төсекте не айтысып, не қойыспайды; таң атқанша, іш-пыш-мыш... деп көп сыбырласты. Ол сыбдырды жазуға орман — қалам, аспан — қағаз, теңіз — сия болу керек...
Және қараңғы үйдегі күйеу, қалыңдықтың сыбырын тыңдайтын жеңгесі біз емес, оны жеңгелерінен сұрай жатарсыз. Әйтеуір ел тұрмай Бекболат атқа қонды. Ақбілек шапанын бүркеніп, қасында тұрып, жеңгесі қолтықтап аттандырып, саулық тілесті.
Бекболат келіп кеткеннен былай, Ақбілек анасының қайғысын аз-аздап ұмыта бастады. Өйткені өз тілегі, өз өмірі, өз бағы қызықтырақ, басымырақ бола бастап еді. Бұрынғыдан да бетер еркекті енді жақсы көрді, Бекболаттың жиі келіп жүргенін тіледі; онсыз өмірде қызық жоқ тәрізді көрінді. Алайда ол тілегін күйеуіне білдіруге ұялып еді.
Бір күні тағы да көңілі еркек тілеп, керіліп-созылып жатып, жүрегі айнып құсқаны... Жүрегі бей-жай болады да тұрады. Жұмыртқаға зауқы шабады. Танданады. Жерік болғаны ма? Бекболат келіп кеткелі бес күн аралаған жоқ қой. Онымен де тұрмады. Ақбілек толғақ науқасқа ұшырады. Ұрқия өзі бала көтермесе де, бала көтерген әйелдердің жерік болғанда қайтетінін біледі ғой. Ақбілектің жата беретіні: жұмыртқа іздегені, толғағы — аумаған бала біткен әйелдің белгісі. Ақбілек жеңгесінен дертінің мәнісін сұрай берген соң:
— Қалқам-ау, бойыңа бірдеңе бітті ме деп шошимын, — деді.
— Қойшы, жеңеше! Қайдан бітеді?
— Кім біледі.
— Жаңа да емес пе еді?
— Қайдам...
— Тез білінуші ме еді?
— Бірер ай өткенде білінсе керек еді.
— Ендеше, бұрын болды ғой...
— Сөйтіп масқара болмаса...
Айтқандай-ақ, екіқабат екені күн асқан сайын мәлім болуға айналды: етегі де көптен бері сынбапты, іші де әнтек томпиған іспетті...
Ақбілекке бұл жаңа дерт болды. Ұзатқалы отырған қыз емес. 
Күйеуінің келгенін жұрт білмейді... Және күйеуінен екені екі талай: дерт болмай қайтсін... жеңгесімен сыбыр тағы молайды: баланы қалай түсірудің амалын кеңесті.
Ұрқия жансыздап кәрі қатындардан бала түсірудің, ем-домын сұрастырды. Бала бірдеңеден шошынғанда, жығылғанда, оқыста түсетінін білді. Ұрқия қараңғы бұрышқа тығылып тұрып, Ақбілек келе жатқанда, «Ап!»— деп шошытып байқады; ойнағансып, ішке түртіп қалып байқады. Оған түсетін бала көрінбеді. Ақбілектің ішкені ас болмады; жатуды, күрсінуді көбейтті...
Сөйтіп жүргенде бір күні Ұрқия отырып:
— Шырайлым-ау! Мен де екіқабат болдым білем. Сарымсаққа зауқым шабады; менің де жүрегім лобып құсатын болдым...— деді.
— Сенікін қойшы! Сенің тілегенің бала ғой... Құдай көз жасыңды игені де,— деді.
Ұрқияныкі рас екен. Бір күні ауылдың бір-екі қатыны қабу қабып отыр еді, Ұрқия ауыз үйге барып, лоқсып, құсып келді. Қатындарға келіп, жерік боп жүргенін бала біткенін айтып:
— Өстуші ме еді,— деп сұрады.
Қатындар:
— Құдай берейін десе қиын ба?— деп, тамсанысты: құтты болсын айтысты.
«Ұрқия екі қабат» деген хабар кешікпей-ақ ауыл арасына жайылды. Тілеулес қатындар: «Байғұсқа болсын» деп, Мамырбайдікіне араласқанын күндейтіндері «Ә, қойшы!..» Ол бала тапса, біздің сұр төбет те күшіктер... десті.
Дегенмен, Ұрқияның екіқабаттығы анық болуға айналды: бір-екі айдан кейін іші де білініп қалды.
* * *
Аздан бері ақсақал аттан түспейтін болып кетті. Атайын арасының дау-шары, кемпір назы дегендейін ақсақалдың алдына келмей тұрмады. Біреуге о деп, біреуге бұ деп сөзге кіріспесе, ептеп-септеп өз құлқын да ойламаса, ел адамының адамдығы, айбыны бола ма? Дос сүйініп, дұспан күйіне ме? Әйтпесе, «Ақсақал» атана ма? Мамекең де «Ақсақалдың» қалпын құрып атқа мініп жүр еді.
Не жұмысы барын кім білсін, бүгін қасына ұлтарақты ертіп, Әбен ауылына кетті. Ел адамдары ол ауылға осал-оңтағай жұмыспен бармаса керек қой. Ақсақалдың барысы да, сірә, тегін емес қой. Жүрерінде ауылдағы өрімші Тайкөтті шақыртып, сақал-мұртын тұжыртып, кеңірдек жүнін қырдырды. Ақбілектен жуылған көйлегін сұрап киді. Төс қалтасына сегіз бүктеп, таза орамал салды. Етігін де түкіріктеп сүртті. Көптен бері бүйтіп түзелгенін Ақбілек көрген жоқ еді; бір сый жерге баратынын іші сезді.
Әбен ауылы отыз шақырымдай келуші еді. Біздің Қыдекеңдер болса, жолда бір ауылға қонып, бір ауылға түстеніп отырып, алтыншы күні қонаға әрең жетер еді. Мамекең ондай қолы тиіп жүрген азбах ақсақал емес қой: жолда атын бір шалдырып, қонаға Әбел ауылына келді. Жайлауда болмаса, қыстауында отырғанда Әбен ауылына бармағалы екі-үш жыл аралап кетіп еді.
Әбен ауылы Алтайдың бір шұрай қойнауында. Былқылдақ бұлақ. Бұлақ бойы тал. Сырты — орманды, ақбарлы заңғар тау, алды бұйрат. Бұйрат ішінде қамысты көл. Бұлақтан өте берістегі ұзын қора Әбендікі. Анау таудың ет бауырындағы жеке қора әкесімен туысқан Сатай қажынікі.
Мамырбай ақсақал бұлақтан өтіп, қораның ығындағы тармақ діңгекке таман келе жатыр.
Арты тұтас, алды ашық, жарыса созылған екі ұзын қора. Ортасы — беті ашық аран. Бұл аранға бес-алты жүз жылқы сыйып кетеді. Теріскейдегі ұзын қораның күңгей беті жағалай есік, мұның бәрі қойға, түйеге, сиырға, ботаға, тайыншаға арнап соғылған бөлек-бөлек мал қора. Анау артқы көлденең өңшең ат қора. Күнгейдегі ұзын қора байдың үйлері: өзі отыратыны бір басқа, екі қатынның үйі екі басқа, баласының отауы, қонақ үй, малшылардың үйі, шошала, еттік, астықхана...
Қораның төңірегі тап-таза. Аранның түкпірінде буы бұрқырап екі құр ат суып тұр.
Ақсақал аттарын діңгекке байлатып етегін қамшымен бір қағып, қақырынып, теріскей жақтағы кішкене есіктен байдың қорасына кірді. Қадалары бір-бір кісідей, көш құлаш дөңбекпен, сыпсың шырышпен жабылған бүп-бүтін, оқтай, заңғар қораға кіріп келгенде, не дәуір-ақ денелі ақсақал баладай боп кетті. Өмірі мұндай қораға кіріп көрмеген Ұлтарақтың көзі бажырайып, аузы аңқиып қалды. Толып жатқан есіктің қайсысына кірерін білмей, аңырып тұрғанда, бір есіктен оңтайлы аттай даяршы жігіт шыға келіп, сәлем беріп, қонақ үйге бастады. Сықырлаған жаңа есіктің тақтай табалдырығын аттап, қонақтар үйге кірді. Ақсақал сәкі тақтайға отырар-отырмаста даяршы жып етіп етігін тартты. Ұлтарақ қолбаңдап жете алмай қалды. Етік қоятын жері де бөлме тақтайлы қабырғадан шығарған шкаф екен. Үйдің асты тақтай: төбесін қолдың саласындай мүсін шырыппен ит арқалау қыла жауып, ақпен сылап тастапты. Кіре беріс жер аласа, құр тақтай, одан арғы жер төрдегі үлкен әйнектерге шейін, киіз, алаша, көрпе, бөстек төсеулі биіктеу сәкі. Екі әйнектің арасында жоғарыда желдеткіш шырылдап ән сап тұр. Ұлтарақ тиірмен бе деп ойлады. Бұрыштағы карнезді нар пештің қуысында қаз мойын жез шәугім; пештің алдында үлкен жез шылапшын. Төрдегі көлденең сырықта қызыл ала тек жайнамаз, екі сүлгі. Осы секілді үш қонақ үйдің ортадағысына Мамырбай ақсақал келіп отырды. Оң жақтағы үйде қонақтары бар екен: күбірлеген дауыс естіледі.
Қас қарайған кез еді: даяршы жігіт жетілік лампыны жағып, қайыңның безінен нақыстап істеген үш сирақты күрсіге орнатып, ортаға қойды. Біраздан кейін даяршы кіріп:
— Бай келе жатыр,— деді.
Ақсақал өңірін жиып, қобдиланып, тамағын кенеп, ұлық келе жатқандай шалқайыңқырап, сіресіп қалды. Бай келді. Ақсақал ұшып түрегеліп, қол қусырып сәлем берді. Бай даусын әрең шығарып әлік алды.
«Жарықтық» әлі қартайған жоқ екен. Без белді қара бүркіттей, айыр сақал, қылыш мұрт, қабақты, қасты, мұрынды, айбынды, арғымақ, ақсары кісі; келбеті бұрынғының батырындай. Байдың қасында Мамырбай ақсақал емес, қарын тұғыршық тәрізденіп кетті. Бай түрегеп тұрып даяршыға аятын ұсынды. Даяршы мысықша жып етіп, етігін еппен суырып, тері шалбарының құрысқан балағын жазды. Мамырбай ақсақал екі қолын ұсынғанда, бай бір-ақ қолын берді де, тіп-тік болып, қара ешкі терісі бөстегіне келіп отырды.
— Шаруалар амандық па? — деп келте ғана амандасты. Ақсақал байдың күйі-жайын, ауыл-аймағын да қазып, амандық сұрағанда, бай:
— Аман,— деп бір-ақ peт жауап берді. Аз тым-тырыстан кейін: — Сапар оңғарылсын!— деді.
— Әлей болсын! — деп ақсақал қаутаңдады.
— Ана үйдегі кісілерді мұнда келтірші!— деп, бай даяршыны жұмсады.
Деуі-ақ мұң екен — төрт-бес кісі жетіп келді. Бай:
— Сіз берірек...— деген сөзінен ақсақал қадірлі қонақ өзі екенін сезіп, мардамсып қалды.
О келген қонақтардың ішіндегі сорпаға шығары: Иманбай би, Әлдекей, Мүсірәлі екен: қалған екеуі солардың жолдасы. Бұлар сол ретімен ақсақалға таяу жерден орын алды.
Қонақтар амандасып, жайланған кезде үлкен көк дастарқан жайылып, бауырсақ шөмеле боп төгіліп, ақ тарелкамен екі жерден сары май қойылып, сары бие самаурын күжілдеп үйге кірді. Самаурынның екі жағындағы екі епті даяршы қара ботносқа қызыл кәрлен шыны-аяқтарды қатарлап тізіп шәй құюға кірісті. Шәй құюы да тәртіп: бірде-бірінің аяғын ауыстырмайды, ілгерілі-кейінді құймайды, ернеуінен асырмайды, бірін-біріне соғыстырмайды, әккі дүкеншілердей қолы-қолына жұқпайды. Төрдегілердің шәйі күрең, қаймағы кесек боп құйылады: Мүсірәліден төмен кеткен соң, шәйі көгілдірленіп, ар жағынан Семей көріне бастайды. Май да, бауырсақ ұйтқысы да ақсақалдың алдында, төменгі жаққа шашырандысы барып жатыр. Біздің Ұлтарақтар шетке шыққан бауырсақты қасқырша қақши берген соң, бай:
— Ана жаққа бауырсақ жіберші,— деді.
Мамырбай ақсақал: «Бауырсақты үркітіп отырған сен бе?» дегендей жолдасына зілді көзімен бір қарап қойды. Бытырап жайылған тоқтыларға содан кейін азырақ құт қонайын деді.
Шәй үстінде пәлендей сөз бола қойған жоқ. Ақсақал сегіз бүктеулі орамалын суырып, мандайын сипай түсіп отырғанда, бай шыны-аяғын төңкерді. Кейін қалса, айып төлейтіннен жаман өзгелері де төңкере бастады.
Шәй жиылды. Байдың малдасын құрып отырғанын көріп, бір адам аяғын көсілген жоқ. Әлдекей өзіне-өзі келіп, қара шақшасын суырды. Бай ым қақты. Топырақ салған, қалақшалы кішкене шылапшын Әлдекейдің алдына жетіп келді. Сондай бір шылапшынды өз алдына қойып, түкіріп отырды. Оны көрген Ұлтарақтар қалай болса солай былш еткізуді доғарып, қақырғысы келсе, тысқа шығатын болды.
Әлдекей қаз мойынды баяғы қағысына салды. Мүсірәлі құс көрген қаршығаша қобдиланып, алақанын жайып еді. Әлдекей бетіне ажырая қарап, басын шайқап, шақшасын тұтамдап отырып алды. Алақаны жаюлы қалған соң, Мүсірәлі ұялыңқырап:
— Кішкене, кішкене...— деді.
— Өзіңдікін атсайшы,— деп Әлдекей қырын қаранды.
— Әкел бері,— деп, Мүсірәлі омыраулап, тізеден тартты.
— Болмайды,— деп Әлдекей оны елең қылмай, жәйімен түкіріне берді.
Со кезде бай жымиып, Әлдекейге қарап:
— Мүсірәлі саған неге жабыса береді? — деуі-ақ мұң екен, Әлдекей қоқайланып:
— Білмеймін осы иттің маған не ғып үйір боп жүргені!— деп, бір жымиып алды.
Мүсірәлі Әлдекеймен құрдас еді; әзілге доғал болған соң, Әлдекей оның иығынан түспеуші еді. Бай сонысын біліп, әлгі ишарасы: «Тағы бір қолға ал!» дегені еді, байдың мұнысын сезген соң, Әлдекей ұзын кеңірдегін созып:
— Баяғыда осы Мүсірәлі Шаян ноғайдың бақалын қыдыртып жүр еді...— деген кезде-ақ, отырған жұрт жымыңдап, күлуге ыңғайлана бастады,— бұл онда Бөкетпен құда ғой, Бөкет бір тілді адам еді. Сонда Мүсірәлі қалмақшы Исабаймен оңаша сөйлесе беріпті. «Құдаңыз сізді керек қылмай кетті-ау» деп жұрт Бөкетке, қалжыңдаса керек. Сонда насыбайын атып болып, Бөкет айтқан екен: «Батыр мен батыр — маңайласқан жауда бас қосады: шешен мен шешен — таңдайласқан дауда бас қосады; молда мен молда жайнамазда бас қосады; ит пен ит — жер ошақта бас қосады. Анау қалмақшының иті, мынау қасқыр тымақтың иті. Екі иттің бас қосқан жері осы болды ғой»— деген екен...
Жұрт ду күлді. Мүсірәлі қызарақтап:
— Уа, шіркін-ай, уа шіркін-ай!.. Қашан сүй деп... Өзің кім едің?..— деп келе жатқанда, Әлдекей тағы киіп әкетті:
— Тәнті мырзаның аузынан жалыны шығып тұрған кезі. Біздің Сәрсекеңе қырындап жүрсе керек. Қозыкеге келіп түсіпті. Қозыке: Сәрсекең алдына жай, Сәрсекең алдына жай!— дей берсе керек. Сонда Тәнті мырза дастарқанды серпіп жіберіпті. Жұрт аңтарылып отырып қапты. Омарәлі ділмар адам екен: сөзді со кісі бастапты:
«Ертеде бір жақсы хан жаман хандікіне қонаққа келген екен. Жаман хан салған жерден: «Е, хан, еліңіздің қатыны буаз ба? Малы жуан тыша ма?»— деп келе жатқанда, ана бөлмеде отырған қатыны шыжымды тартып қалыпты. Жаман хан борбайын ұстай-мұстай тұра жөнеліпті. Жаман ханның данышпан уәзірі бар екен. Жақсы хан уәзірден: «Ханың неге кетіп қалды? Қатыны буаз ба? Малы жуан тыша ма?— дегені қай сөзі?» деп сұрайды. Сонда уәзір отырып: «Қатыны буаз ба? — дегені — еліңіздің өсімі қалай дегені еді. Малы жуан тыша ма дегені — шаруасы берекелі ме дегені еді; сіз сол сөзіне түсінбеген соң кетіп қалды» депті. Жақсы хан аттанған соң: «Мені не деп кетті?» деп, жаман хан уәзірінен сұрағанда, уәзір манағы жауабын айтып: сізді мақтап кетті депті. Сонда жаман хан: — «Уай әттеген-ай! Шыжымды ерте тартпағанда, одан да дәмді сөздерім бар еді»— деген екен.
Сол тәрізді бұ кісінің шыжым тартып отыратын — бәйбішесі еді. Қозыкенің сөзінде парық жоқ,— деген соң, Тәнті мырза мырс етіп, жұрт та күліп, қошемет қып, тамақ жеуге кіріскен екен. Біздің Мүсірәлі де жаман хан секілді өзінен қатыны тәуір адам,— дегенде жұрт тағы күлісті.
Манағы манағы ма, Мүсірәлі одан жаман қызарақтап, дабырлап:
— Сен бір надансың!..— деп келе жатыр еді. Әлдекей тағы бір мысал сөйледі.
— Әкімбек мырзаныкіне Алшымбайдың Ісләмбегі келіп отыр екен. Жәнәбіл қожа, осы Әсекеңдер де бар екен. Бір сөздің кезегінен Ісләмбек Жәнәбілдің қожалығына тиіп сөйлесе керек. Сонда Жәнәбіл отырып:
«Имам Ғалламай Таптазани мен Қожайы Баһауидден бір мәжілісте отырса, біреу «Я зүлжалал!» депті. Таптазани ғалым кісі екен: «Зүлжалал» емес, залжалал деген дұрыс» десе, Қожайы Баһауидден; «Зүлжалал» дұрыс деп жатып таласады. Баһауидден қызып кетеді: «Ендеше лауқыл мақпүздың өзінен қарайық»— дейді. Қараса — «Зүлжалал» екен. Сонда Таптазани назаланып: «Ей, тәңірі! Залжалал еді ғой! Мынау үтірді сызып тастайын ба?» дегенде, Құдай тағала: — Сенікі де рас, «залжалал» еді, бірақ мына Баһауидден кереметті құлым еді: осыны ұялтпайын деп, «зүлжалал» қып, түзетіп қойып едім,— деген екен,— депті.
— Құдай өтірік айта ма? — деп, Ісләмбек Жәнәбілді ұялтыпты.
Жәнәбіл Ісләмбекті тоқтатқалы: «Қаз дауысты Қазыбек өлгенде, Бегі мысық әулие өлікті асасымен үш салып, төртінші сала бергенде: «Жындымысың?» деп, біреу қолынан ұстай алған екен. Сонда Бергі мысық әулие: «Әй, қолымды бекер ұстадың-ау! Енді бақ-дәулет үш атасына шейін-ақ барар» деген екен, — деді. Ісләмбек Қазыкеме үш атадан соң келеді екен: сөзден жығылыпты.
— Бұл Мүсірәлі, рас, Таптазани сияқты ғалым адам. Одан бұдан жинастырған сөз болмаса, бізде мұныкіндей ілім жоқ,— деп Әлдекей «Надансың» дегенге тағы оңдырмай кекетті. Жұрт тағы қарық болысты.
«Жақсылардың» бұл қаңқулап отырған Мүсірәлісі, құдасы келінін бермейтін болған соң, байдан жәрдем сұрай кеп отырған кісі еді. Партияда бес түндікті артынан ерте алмайтын, ағайынға сүйкімсіз, мал жанды, қарау адам еді.
Мүсірәлінің иін қандырған соң, қызыңқыраған бай бір жігітке ым қағып, домбыра алдырды. Жындықара деген жігіті қазақ пен сарттың айтысқанын айтып, қонақтарды күлдірді. Өлеңнен жалыққан кезде, байдың бір ым қағуымен Жындықара ұртын қушитып, ернін шүртитіп, екі қолын артына жіберіп, шапанын көтеріп қанат қып, еңбектеп, секектеп, бүркіт болып, төменгі жақтағыларға төніп, екі аяғының арасынан насыбайын саңғыды. Оның қызығы басыла бергенде, Жындықара кетіп қап, белдемше байлап, басын ақ орамалмен тартып, буаз матүшке болды... Матүшке былдырлап, орысшылап, әрқайсысына бір шарылдап, артымен еңкейе беріп, бұтының арасындағы қуыққа құйған суын қонақтардың үстіне шашты. Онысы буаз матүшкенің түзге отырғанын салғаны еді. Көбінесе буаз матүшкенің құты Мүсірәліге түсті. Төрдегі Мамырбай, Иманбай, Әлдекей ақсақалдар матүшкенің сиынан қапастау қалды.
Әңгіме, ойын-күлкімен отырғанда тамақ та пісті білем: даяршы сыбыр еткен соң, бай өз үйіне кетті. Қонақтар да бір қабат желпініп: «ойбай қызық-ай!» десіп, тысқа шығып, аспанға қарасып, күн райын, тоғабын сөз қылысып, үйге кірді.
Ет мейлінше мол болды: тең жарымы жеусіз қайтты. Ет асауға бір адам келген жоқ. Байдың тәртібі солай ғой. Семіз тай сойған екен. Жылы-жұмсағын салған екен. Табақ қойылған кезде, Әлдекей көңілденіп: Тоқтар ишанның айтатын «Қазы — иу, қозы — иу, қызы — иу, қымызы — иуі болған екен!» деді: Десе де, оптығып отырған кісі қомағайланып, үлпершектен басыңқырап жіберіп, қараған қуған түйеше қолы қыдырыңқырап, қара кесегін іздеп кетті. Өзгелері де мелдігінен атып, майды саусақтың саласынан ағызып, жаласып, саусақпен бірге бойы да балқыды. Әлдекей жұрттың көңіліндегі сөзін біле қояды ғой: «Шіркін, бай десе, бай ғой!» дегенде, өзгелері де: «Есеп бар ма!», «Құдай берген кісі ғой!» десті.
...Иә... «Құдай берген кісі ғой!»...
Торшолақта бес тал құйрық бар; оның жарымы да тал сияғы жоқ, бірдеңе. Жал дегеніңіз — өртеңдегі қараған. Сондықтан ба екен үйтетін бастай мойны қылқиып тұрғаны. Бүтін арқаны Торшолаққа тағдыр жазған емес; қолыңды арқасына таман апарсаң, құлағын жымитып, артын қиқаң еткізіп, тізгіннің аржақ тілін тартып тұрмасаң, қоң етіңнен қыршып алады. Торшолақтың жүні сида, қарны қабақтай, бұты таяқтай. Сонда да Торшолақ тоймыш, өмірі арық та, семіз де боп көрген жоқ. Торшолақ ыстық боп көрген мал емес; аузын жерден екі елі айырмайды. Жұрт Торшолақ тоймыш болған соң, арқасынан ер түспейді деп ойлайды; ер түспесін білген соң, торы шолақ тоймыш болғанын қайдан білсін. Торшолақ көзіне, көрінгенін күйедей соға бермегенде, не бітірсін: үйірі иесіз қап бара ма? Тігетін кестесі қап бара ма? Көп жылқыдан, бос жүрістен күдер үзгелі қашан. Құнан болғалы тор шолақ қойшының астынан түскен жоқ. Бұ күнде торшолақтың қаншаға келгенін жұрт ұмытып та кетті, тек «Торшолақты» біледі..
Торшолақ беріктіктен қойшыға ат болды ма, қойшыға ат болғандықтан берік болды ма, — ол арасы мәлім емес; әйтеуір Торшолақ берік: мың салсаң, аяғын бір баспайтын бір мың төкім. Торшолаққа қамшы дегеніңіз жалақтың тілімен бір есеп; өйткені борбай жақты қойшыға тапсырып, ауызбен ауыл үй қонған болатын. Торшолақтың жаны сүйетін жүрісі — аяң. Бүлкектен де оған налог төлегені оңай. (Желіс, шабыс түске кірмеген нәрсе ғой); өйткені кішкене бүлкектесе, қарны қорқ-қорқ етіп, шорттасы үзіліп кете жаздайды. Оның бүлкегі мінген кісіге де пәлен бапты емес, оны бүлкектетем дегенше, томарлы жерде қоқан арбаға мін. Қойға мінген мал құл боп кетеді ғой. Қалайда Торшолақ үштің біріне қосылған мал. Ол үшіміз: жаман қатын, шабан ат, өтпес пышақ қой.
Торшолақты неге сөз қып отыр деп қаңыраймаңыз; оның кішкене кілтипаны бар. Мана Әбен байдың үйінде құрметті қонақтар көк дастарқанды жағалай отырып, шәйға бас қойды ғой; дәл со кезде осы Торшолаққа мініп Қойтеке түйеге жөнелген еді.
Малшылар да Торшолаққа ұқсап, жоқтан өзгеге ерініп, біріне-бірі иек сүйеп кететін әдеті ғой. Түйеші қойшыға сеніп, ауа жайылған бес түйесін қайырмаған екен. Өзі қайырып алар деп, қой ұзап бара жатқан соң қойшы да айдай келмепті. Күн кешкіріп бара жатқан соң, қойшы мен түйеші әңгімеде жүріп атқа жеңіл телпекбай тауып алмас па: «Сен барып айдап келе ғой!» деп, Торшолақпен Қойтекені жіберді.
Әкесі осы қойдың соңында жүрумен басы көрге кірген, шешесі байдың сиырын сауатын жетім бала кім десеңіз, ол — Қойтеке. Тоғыздан ой екіге дейін Қойтеке қозы бағып, он үшке шыққан жылы қойдың соңына түсіп еді. Tic қақпаған бала қойшыны ана қойшылар «қолды аяқты бала» көріп, оған-бұған жұмсай беруші еді. Қойтеке де жасынан көп жұмсалған, кежір бала ғой. Әйтсе де, тіл алмаса, үлкен қойшылар тоқымаш сыйлап қоятынын білген соң, жазған Қойтеке тепеңдеп түйеге тартты.
Қойтекенің астында желқом, оның асты Торшолақ: қолында шығыршықты кендір қамшы: кигені шолақ қаудыр тон: аяғында шана бас шоқай. Көз барында түйенің қарасын көрейін деп, аяғын тыпырлатып, шолтаң еткізіп Торшолақты борбайға салып қалады. Торшолақ қырсаудың қырсауы: бит шаққан құрлы хабарына келмейді. Торшолақтың көрген қоқайы осы-ау!
«Ой жамандат! Ой ісік келгір!.. Құлағыңды... иттің малы!» деп, Қойтеке тістеніп, шапқа да, басқа да, мойынға да ұрады. Со кезде Торшолақ басын бір изеп, екі адымдай ғана бүлік-бүлік борсаңдайды да, жорғасынан жаңылып кеткен немеше, жалма-жан қыбыр аяңына қайта түседі. Қойтеке тағы ұрады, боқтайды, қарғайды, сілейді, жұлқынады, тыпырлайды. Торшолақ міз бақпайды. Жұлқына-жұлқына Қойтеке әбден терледі, қол, аяғы да талды, сонда да тыпырлауын қоймайды. Әлден уақытта бір дөңге шығып, көз ұшында бұлдыраған төрт-бес қараны көрді. Қас қарайып барады. Енді тезірек жетейін деп, Торшолақты тағы да басқа, кезге төпей бастады. Сол төпеудің үстінде кендір қамшының басы ұшып кетіп, сабы шолтаң ете түсті. Олай іздеді, бұлай іздеді. Шөптен айырғысыз кендір қайдан табылсын.
Кендір қамшы адыра қалған соң-ақ, Қойтеке мен Торшолақтың басына бір алуан жаңа дәуір туды. Бұл дәуір туысымен-ақ, Торшолақтың мерейі үстем бола бастады: қу шекесіне, жұқа шабына шылтыңдап маза бермейтін шыбыннан құтылды: шолақ саптың сіреу теріге былп еткенін бұйым көрсін бе! Бірақ бұл дәуір. Қойтекеге жайсыз келді: қажып қалған қары қатты ұруға жарамады; ұрғаны өтпеді. Торшолақ аянды азайтуға айналды. Мына қыбырмен жуырда анау бес қараға жете алмасын сезді. Қарғалап, зарлап, боқтап, кейіп, ақтық күшін жиып, қос тепекке салып тыпырлап көріп еді, Торшолақтан қайран болмады. Қойтекенің жүрегі өртеніп, күйіп, долданып, кейіп, еңіреп домалақ етті де, Торшолақты басқа бір салып қоя берді.
Қара түн жан-жағын қамап, жұтып қоятындай ұмтылып келе жатыр. Таулар бұлдырап барады. Айдалада жермен-жексен қыбыр-қыбыр етіп, домалаңдап Қойтеке келеді. Жүрісі өнбейді: қайбір борбайы ұзын кісі. Тойталандаған шоқай етік кекжиіп кейін тартады: томаршаға бұлтылдап тайғанай береді. Сонда да ентелеп, ентігіп, жанұшырып, тырбаңдауын қоймайды. Тер пұшпағынан ақты. Жыртық милық, жалбыр тымағын қолына алды: жаман тонның белін шешті. А дегенде бойы әнтек сейілген тәрізденсе де, аздан соң шекесіне қыл бұрау салған адамдай, басы тарыла бастады. Тер қатқанын біліп, жаман тымағын жалп еткізіп қайта киді.
Не дегенмен жанды қарға ғой, борбайы тырбыңдап, жер кенеше қыбырлап келеді. Бір игі жері: алыс, жақынды көп кезіп, тырбық борбайы жер мөлшерін алған ғой: алғашқы бетінен адасқан жоқ. Әлден уақытта серейген мойнақтарды көзі шалды. Келе: «Шөк былай, ақ шелек!» деп, шырылдап, айғайды салды. Түйелер: «Сен қайдан келіп қалдың?» дегендей, әуелі аңтарылып, бір қарады да жаяу Қойтеке екенін көрген соң, «Быж-ыж!» деп мазақтаған немеше мойындарын қақырайтып, көрмегенсіп, қырындап жайыла берді. Әйткенмен тырбыңдаған Қойтекенің шолақ ағашы тірсектеріне тықылдай бастаған соң, түйелер елейін деді: айдаған жағына ығыса берді. Бір жаман жері: ішінде бас білгі түйе жоқ екен. Мойнақ ит қайбір жөнге жүрген: бірін қайырса, бірі теріс лағып, сілесін әбден қатырды. Қайырған сайын қарғайды: «Жау алғыр, иттің малы!» деп қояды. Түйелерге «Қарағым!» дегенмен бір есеп.
Тойталаңдап, алас ұрып жүргенде, өкшесі даладай боп қажалып қалған екен: қаны сорғалап, майы шығып ауырып жүргізбеді. Жерде қарбық қар, түн жалтыр, шытқыл еді. Амал жоқ, шоқай етігін қолтығына қысып, жаяу жүгірді. Әудем жерге бармай-ақ мұзға тыққандай аяғы ағаш боп қатып қалды. Аяғы мұздаған соң, бойы жаурады... Тісіне тісі сақылдап, дірілдеп, қалшылдап, өлдім-талдым дегенде, түйелерді айдап ауылға келді. Келе мұрттай ұшып, ас үйдегі жаман жабудың арасына кірді...
Мана біздің «жақсылар» Әлдекейдің Мүсірәліні мазақтағанына, Жынды қараның буаз матушке болғанына мәре-сәре болып, жылы үйде майға тойып, «Құдай берген кісі ғой!» деп, байды мадақтасып жатқанда, Қойтеке: «Иттің малы... ақ шелек!» деп, егіле еңіреп, үсіп өлгелі келе жатыр еді.
Қойтеке жаурап келіп, ұшып жығылғанда, «Тоңып қалды-ау!» деп аяудың орнына манағы қойшы:
— Торшолақ қайда?— деп сұрады.
Өзі ыңқылдап-күрсілдеп, беті албырап жатқан Қойтеке:
— Қалды далада...— деуге мұршасы келді.
— Жұрымың құрғыр-ау! Оны неге тастап кеттің? Қасқыр жеп қойса қайтесің, — деп, қойшы қоңқылдап, жер-жебіріне жетті.
Қойтеке не жауап қайырсын: өзі бойын жылыта алмай, танауы тарс бітіп, дөңбекшіп жатқан кісі. Тек бәйбішенің «қаттысын қайырып, жұмсағын жұмырып» жаңа болып келген шешесі:
— Қойтекемісің? Ac жедің бе?.. Heғып жатырсың? — деп сұрады.
Баласының ыңыранып, тісін шықырлатқанын естіп шешесі:
— Ой, саған не болды?! — деп қасына келіп, үңіліп еді, баласы ышқынып, солқылдап жылап қоя берді... — Соры қайнаған шіркін, сорың қайнаған екен ғой!..—деп шешесі де кемсендеді...
Сол жатқаннан Қойтеке тұрған жоқ...
Бір жұмадан кейін, таң сәріде төрт құлақты ескі бейіттің түбінен үш-төрт малай жерошақ қазып, жазған сорлының кішкене денесін қара жерге тапсырды.
Мамырбай ақсақал таңертең тысқа шыққанда, сеңсең ішігін күміс кісемен шарт буынған Әбен бай екі қолын артына ұстап, үш жігітімен қара атты айналдырып жатыр екен; сыңар тағасы түсіп қалып, соған жаңа таға қаққызбақшы екен. Мамырбай ақсақал байға сәлем беріп, қасына таман келіп тұрды; байға сөз қатқалы:
— Тағасы түскен бе?— деді.
Бай «Не көріп тұрсың» дегендей, аттың аяғынан көзін айырмай:
— Е! — деді.
Бір жігіт аттың құлағы мен шаужайынан ұстап, енді бірі бүкпелеген аяғын сүйеп, үшінші мініскер жігіт шегенің тұқылын суырып жатыр екен. Мініскер бір шегені балғамен шегіндіргелі жатқанда, бай, тұрып:
— Оған болмайды. Кемпірауызбен суыр, — деді.
«Дуалы ауыз» ғой, кемпірауызбен оп-оңай суырылды.
— Үлкен үйде, ышқаптың астыңғы тартпасында, кішкене ақ жәшікте тағаның шегесі бар; бәйбішеге айтып, содан алты шеге әкел!— деп, бір жігітті жұмсады. Көз ілескен жоқ, жігіт барды да алып келді.
Жаңа шегені қаға бастағанда, ат шапшып, айнала берді. Бай бар ынтасын салып, еңкейіп, сығалап:
— Шынтағын соқтырма!.. Турасына кетпесін: шалқайта қақ!— деп, жігіттеріне қадағалады. Байға кім сөз қайырсын, бірі аттың қолтығын, бірі мойнын сипап: «Құр, жануарым, құр!» деп, атқа еңсесін салысты. Қаққан сайын, ат шапшып, секіріп тұрмады. «Байқа, байқаны» бай да көбейтті. Сүйтіп жүргенде, бүкпелі аяғы босанып кетті:
— Неге босатасың дурак! — деп, бай аяғын ұстағанға ұрысты. Жігіт таңдайын қағып, аяққа жармасып жатып:
— Шылбыр үзіліп кетті,— деді.
— Андағың қай шылбыр? Бері көрсетші!
Жігіт көрсетті. Бай шылбырды көріп?
— Кімдікі бұ жаман шылбыр? Біздің шылбыр емес қой!— деп ақырды.
Ат басын ұстаған жігіт бұл аттың шылбыры кеше құрыққа тағылғанын, мына шылбыр қойшынікі екенін айтты. Бай:
— Құрықтың өз бауы қайда? Құрықтан о шылбыр неге алынбаған? Өз жүгеніне неге тағылмаған?— деп сұрады.
Жігіт құрықтың бауы үзіліп қалғанын, құрық жылқышыда кеткенін білдірді.
Бай кейіді:
— Шылбырды құрыққа таққан кім?— деп сұрады. Жігіт таққан кісінің атын атағанда, бай:
— Иттің баласы!— деді.
Бай «иттің баласы» деген кісіге бапты болмайтынын жігіттер де біліп, тым-тырыс болды. Үйткені ол зорын тапқанда байдың аузынан шығатын сөз ғой.
Бай ашулана бастаған кезде, тұруды қолайсыз көріп, Мамекең үйге жөнелді. Бір дуан елді аузына қаратқан атақты байдың шылбырға бола ренжігені Мамекеңе уақ мінез секілді көрінді. Шегенің қай жерде тұрғанына шейін білгеніне: «Неткен ұмытпайтын шаруақор адам!» деп таң қалды. Бірақ Матайдың Әбеніне мін тағуға болмайды. Ол біліп істейді: оның ірі мінездері толып жатыр.
Әбен өзінен жоғарғыға шәкірт, өз теңдесіне кекірт, өзінен төменге ұстаз бола біледі. Берем десе де, алам десе де, қылам десе де қолынан келеді. Бай білмейтін ақыл жоқ: ол ішті кісі. Орыстың, қазақтың ұлығы байды аттап өтіп көрген емес. Бай ұлықты күтсе есінен тандырады. Бірақ бай еш уақытта: мынаны былай қып беріңіз,— деп айтқан емес; тек сый-құрметін басынан асыра береді. Уақ-түйекті айтса, байдың нөкерлері айтады; олар да байдың сөзі қып айтпайды. «Елдің қамы үшін...» пәлен-түген деп, жақауратып, майдалап келтіреді. О түгілі елдің уақ-түйек сөзіне де байдың өзі кіріспейді; ол тек: ананы үйтіңдер, мынаны бүйтіңдер,— деп, қысқаша бұйрық қылады. Сырдан сыңар аяқ өткен, құла ауыз билері, нөкерлері тілдің майын ағызып, қанын тамызып, әңгіменің иін әбден қандырып, пісіріп, түсіріп әкеліп, «тоқ етерін» байға естіртеді. Бай не мақұлдайды, не өз картасына келтіреді.
Шайдан кейін байдың нөкер-билері: бірі Мамырбаймен, бір Имамбаймен, бір Мүсірелімен оңаша шығып сөзге кірісті. Екі-үш сағаттан кейінгі әңгіменің тоқ етері мынау боп шықты:
Бірінші — Мүсірәлінің құдасын көндіріп, келінін бергізуге бай міндетті, соның үшін Мүсірәлі байға бір жақсы ат сый қылады.
Екіншісі — Мамырбай ақсақал құдай дескен құдасынан айырылады; үйткені ол байдың дұшпаны: малын да, жесірін де кетіру керек. Ақбілекке бай орын тауып береді.
Үшінші — Имамбай би қол астындағы Өрік деген жесір қатынды екі баласынан айырып, іргеден шығарып, алты қараға Мамырбайға сатады. Қалың малдың бір қарасы — байдың сыбағасы болады.
Төртінші — Өрік қатынның малы бөліске түседі. Малдың жарымы мен екі баланы бір жамағайынының қолына беріп, қалған жарымын жақсылар үлесіп алады.
Бесінші — Мамырбай ақсақалдың бір мүддесі Мұқашты мұқалту болса, оны жайғастыруды бай мойнына алады. (Қалай жайғастырғанын кейін естірсіз).
Сөйтіп, кешеден бергі байдың сый-құрметі далаға кеткен жоқ, есесі толды. Байға «Құдай берген кісі ғой!». «Құдай бергенге құлай береді» деген осы да.
Етке тойғанда, «Құда мың жылдық» деп, қазақ босқа шатады. Мың жылдық болса, Мамекең құдасынан неге айырылды?
Күштілер өз тамағына бірдеңе түсірерде: Жетім жесірдің көз жасы... әділдік, туралық, обал бар... құдай бар... деп күлгірленеді. Олай болса, Өрік неге жаза тартады?. Екі баласы неге зарлайды? Қойтеке неге жасын жерге шертеді? Сүттей ұйып отырған, шын сүйіскен асық жарлар Ақбілек пен Бекболат неге айырылады?
Қайда шындық? Қайда әділдік? Қайда адамгершілік? Қайда құдай? Қайда қиямет?
Ойланыңдар, бейуаздар! Қасқыр өзі де ойланбайды.
* * *
Әбен ауылына барғандағы Мамырбай ақсақалдың ат қосшысы Итаяқтың Ұлтарағы еді. Итаяқ әкесі — Бақыраш. Бақыраштың әкесін адам білмейді. Сондықтан Ұлтарақтарды жұрт «Түбі жоқ, шұнақ құл» деуші еді. Ұлтарақ қол-аяғы бақандай, қара жон, солапат көсе жігіт еді. Ат баққан, шөп шапқан, самаурын құйған, ет асағаннан басқа жақсылардың сөзіне араласпаған жігіт еді. Жасы қырыққа келсе де, әлі қатын алған жоқ еді. Үйткені өзінен үлкен екі ағасы: Байпақ пен Шұлғау да қырық бес, елуге келгенде төртеу ара бір қатынды әрең алған ғой. Ұлтарақ сол жеңгесімен тамыр деп, ауыл үйдің қатындары өсек қылар еді... Үйткені Байпақ ағасы шірік неме болған соң, Ұлтарақ «жақсылардың» қасына еріп, ет жегенге буланып, жеңгесін қатынынан жаман ұрушы еді.
Ақсақал Әбен ауылынан келген соң Ұрқиялар:
— Үлкен кісі не бітіріп қайтты? Не сөз болды?— дегенде, Ұлтарақ тайдың семіз болғанын, май сол қалпымен қайтқанын, қандай мүшелерін салғанын тәптіштей сөйлей берді. Одан соңғы бір үлкен әңгімесі «Буаз матүшке» болды. Ұлтарақтан жарымаған соң қатындар:
— Өй, солапат! Өй соңқадам! Сені буаз матүшкені көріп келуге жіберіп пе едік?— деп келемеж қылды.
— Енді қайт дейсіңдер? Мен көргенімді айттым...— деп Ұлтарақ күбілжи берді.
Ақсақалдың даусы ашығырақ шыққанына қарағанда, үлкен жұмыс бітіріп, көңілденіп қайтқаны байқалады. Ертеңіне ақсақал Әмір сияқты ауылдың кейбір еркектерін шақырып алып, қатын алмақ боп қайтқанын естіртті. Ағайындары қуанысқан болып, «Қайырлы болсын» айтысты: өздері де осыны ойлап жүрсе де, айтуға бата алмай жүргенін білдірісті.
Еркектер білген сөзді әйелдер естімей тұрған ба, бұл әңгіме Ақбілектің де құлағына тиді. Ақбілек сыртына шығармаса да, тым болмаса, анасының жылын күтпегеніне ренжиін деді. Бірақ әкесіне не десін? Балалардың, шаруаның қамын ойлап асыққан шығар деп, өзін-өзі жұбатты: тек тәуір адам болып, жолыққай еді деп тіледі. Апасы өлген соң, енді бәрі бір ғой: несіне күйіп-піссін? Және өз, қайғысы өзінде: әкесінің қатын алғанын тексергендей боп жүр ме?
Бұл хабардан кейін, бір жұма өтер-өтпесте мал алуға бес кісі құдалар да келіп қалды. Бастығы әнеугі Имамбай би, өзгесі ағайындары. Бір қой сойылып, құйрық-бауыр желініп, ертеңіне құдалар үш сиыр, бір ат, бір тай, бір бие алып ауылына қайтты. Қатынды әкелуге ақсақал Әмірді, Қажікенді, тағы бір-екі жолдас қосып жіберді. Екі күн өтіп, үшінші күн кешке Ақбілектің жаңа шешесін алып келді.
Ауылдың қатындары үй ішін дұрыстап жиып, сыпырып, тазалап, шашуларын да әзірлеп қойған екен: алдынан шығып, жаяулатып әкеліп, төргі үйге кіргізіп: «Ізі-жолың құтты болсын!» деп, кексе қатындар шашу шашты.
Жаңа шешесін Ақбілектің қасына таман әкеліп отырғызған еді. Сара Ақбілектің алдында, әкесі еркектермен төрде отыр еді. Қатындар қамалап, балалар анталап, үй-іші кісіге лық толды.
Ақбілек жаңа шешесіне көз қырын салды. Көзі тікшиген, жұқа, қабақ, қаймақ ерін, таңқы мұрын, тымырайған, қайқаңдау, қара сұр адам екен. Үйге жылан кіріп келгендей, Ақбілектің жүрегі су ете түсті. Сара Ақбілекке қарай тығылып, көзі бажырайып, үріккен тайлақша ожырая қалды. Қажікен көзі үйреніп келген ғой, еш нәрседен хабарсыз, киімін шешініп, әкесінің алдына барып жантайды. Ақсақал көзінің құйрығын бірер жіберді. Не ойлағанын кім білсін, балаларға:
— Топырламай, шығыңдар!— деді.
Мұндайда қатындар жыбырламай жай отыра ма, кішкене Сараға:
— Мынау апаң, қарағым! Саған апа болам деп келді... бара ғой! — деді.
Соны айтқанда, жаңа апасы:
— Келе ғой! — деп, алақанын жайып еді. Сара жаман үрейленіп, Ақбілекке тығыла түсті.
— Қайтсын? Тосырқайды ғой... бала ғой... Әлі-ақ бауыр басып кетеді ғой,— деп қатындар жайластырды.
Көркембай деген кемпір жаңа шешесін қомсынды ма, Сараны аяды ма, бәйбішені жоқтады ма:
— Е-ей, жасағанның әмірі-ай!..— деп тамсанып көзін сүртті.
Өмірі көрмеген, ойда жоқ, жат адам үйір болғанша не заман: мінезі үйлесе ме, жоқ па, оны айтуға да болмайды. Оған қараған жоқ, қатындар жаңа шешесіне Сараны оп-оңай тели қоямыз деп ойлады. Сара отығып, есейіп қалған бұзаудай бөтен енеге жуымады; енесі де қасына таянса, аяғын серіппегенмен, иілгендей,. мекіренгендей түрі жоқ еді.
«Мені екі баламнан, малымнан, неше жылдай үйренген, бауыр басқан жерімнен айырып, неге сатып алдың? Сондағы түрің мына буырыл сақалың ба?»— дегендей, Өрік оқты көзімен ақсақалға бір-екі қарап қойды. Ол қарасы қасындағы қатындарға ұнамады:, «Шіркіннің көз қарасы қалай жаман еді! Кісі отырғанда қарамай-ақ, иба қылса қайтетін еді» деп ойласты.
Қарқындары басылған соң, қатындар тарай бастады. Төрт-бес еркек, бірді-екілі қатын қалды. Үйлеріне қайтқан қатындар жаңа бәйбішені сынап, сөйлесіп бара жатты.
Біреуі:
— Кәпірдің тікірейген көзі жаман екен: оңдырмас,— деп; Енді бірі:
— Ерні қаймыжықтай екен: сөзге соққан шығар,— деп;
Тағы бірі:
— Қабағы қаймақтай боп, танауы делдиіп тұр екен: дәу де болса, долы шығар...— десті.
Бәйбіше марқұмға салыстырғанда:.
— Қайдағы!.. Басқан ізінен садаға кетсін,— деді. «Балаларға қалай болар екен?»— деген сұрауға:
— Ай, мынау шеше болып жарытпас. Қатытез тұсақша бедірейіп тұр екен,— десті.
Өрікті қадірлеп, ешкім еріп келмегені де қатындарға сөкетті көрінді.
— Соқа басын сопитып қоя бергені несі!— деп тамсанысты...
Ұрқия тоқалға шәй әперіп отырып, байқастады. Өрік түк қымсынбастан тізесін шошайтып, жұртқа қарсы қарап, шалқайып отырып шәй ішті. Ұрқияға онысы ұнамады: «Жаңа түскен кісі тым болмаса қырындап отырсайшы!» деген ой келді. Өріктің байы өлген жесір қатын екені, екі баласы онда қалғанын ұмытып кетті. Жаңа түскен әйел баяғы өзіне ұқсап, сызылып, ұялып тұру керек деп шамалады.
Ac ішіп, жұрт тараған соң, қатындар төргі үйге төсек салуға кірісті. Кекселеу қатын бәйбішенің құс төсегін көпіртіп, алақанымен шартылдатып, байдың орнына салды. Оны көргенде, Ақбілектің іші қазандай қайнады. «Есіл апасының қасиетті орнына әлде кімнің жаман қатыны шынымен жатқаны ма?! Апасының аруағын қорлады ғой, аяқ асты етті ғой!». Мана, алғаш көргенде-ақ, денесі жиіркеніп еді, енді апасының төсегіне жататынын көргенде, бұл бөтен қатын Ақбілектің асыл нәрсесіне озбырлық қылғалы, бірдеңесін ұрлағалы келгендей көрінді; өзіне де, осы үйге де оны жау деп түсінді. Бұрын төргі үйге жататын Ақбілек, бөтен қатын келген соң, екі бауырын алып, ауыз үйге жатты. Бөтен қатын келе, бәрін айдап шығып, әкесін жеке иемденіп кеткені де Ақбілекке ауыр тиді; әкесінен біржола айырылғандай көрді.
Көпке дейін Ақбілектің көзі ілінбеді. Төргі үйдегі әкесінің сыбдыры тоң жермен жүрген аттың дүбіріндей естіліп жатыр. Үлкен кісінің ебі де кетіп қалады екен. Әкесінің дем алғаны, жөтелгені, қатынның шылапшын салдыратқаны, судың сарылдағаны, бәрі сайрап тұр. Естімейін деп көрпемен басын оранып біраз жатып еді; оған да болмады. Бұрын апасы барда мұның бірде-бірін құлағы естімеуші еді. Енді өзі де қатын боп қалғандікі ме, немене — әйтеуір құлағын салмайын десе де, еріксіз сала береді. Бұрын әкесін әке деп ойлаушы еді. Енді әкесі жұрт көзінше биеге оқыранған айғыр тәрізді көрінді. Әкесін ұятсыз, жаман адам көріп, жиренді... сүйтіп жатқанда, қара мұртпен, Бекболатпен бірге жатқан, құшақтасқан... күндер көзіне елестеп, өз көңілі де еркекті тіледі... Әкесін мына бөтен қатынға қызғанған тәрізденді. Адам есіне келмейтін, жаман-жаман былғанып, жиреніш ойлар басына келіп, енді өзінен өзі жиреніп, дөңбекшіп, қайтерін білмеді. Мұндай жаман ойды ойлауға кім, не себеп болғанын да біле алмады... Қалайда жүрегі дүпілдеп, басы айналып, тұншығып, пысынап, кеп азап тартып жатып, әбден талған кезде көзі ілінді.
Ертеңінде түндегі бөтен қатын, алдақашанғы осы үйдің байырғы қатынынан жаман, ерте тұрып, төсек жиып, байға дәрет алғызып, орамал әперіп, шылапшынды шығартып, сыпсыңдап, қужаңдап, ажарланып түрегелді. Шәй ішкенде кешегідей Ақбілектің қасына отырмай, дастарқанның ана басына, ақсақалдың қасына, апасының орнына отырды. Астына төрт қабаттап көрпе салып алыпты. Ақбілек екі бауырымен дастарқанның бұ жақ шетінде қалды. Үш бала бір жақ, ана қатын бір жақ секілді көрінді. Қақ ортада, төрде әкесі отыр. Әкесі бұлар жақтікі бола ма, ананікі бола ма, белгісіз. Мына қатынның отырыс-тұрысы, лезде «бәйбіше» бола қалғаны, дастарқанның басына әкесіне жақын отырғаны, — бәрі де Ақбілекке ұнамай отыр. Бұ қатынды «Апа» деп атауға ындыны қаламай, енді не деп атарын тағы біле алмай отыр. Бірақ «Апа» демеске тағы болмайды: әкесіне қатын болды. О қатынға бола емес, әкесінің көңілі үшін, «Апа» деу керек. Қатын алу әкесіне лайық болды. Әкесіне лайық болған іске Ақбілек қарсы тұруға жол жоқ. Осылай болуға тиіс. Міне, Ақбілектің жұбанышы.
Өрік шаруақор қатын боп шықты. Шаруақорлығы ғой: белдемшесін байлап, жеңін сыбанып, соғымның ішек-қарнын аршыған қатындарға болысып ішекке жылтаң қарақ май жібермей, бір табаққа бөлек жинады. Ішекқарыншы қатындардың некесіне басылған шақпақ ет, шажырқай, ұйқы, бел тамыр, шолақ кеңірдек, талақ сияқтыларды да:
— Бері әкел, бермен?— деп, танауы желбеңдеп, астауға сала берді. Өрік қырындаған кезде, қатындар біріне-бірі қарап, еріндерін шығарып:
— Мынау бір, ындызы жарымаған шіркін ғой!.. — деп күңкілдесті.
Қазы тілгенде, шұжық, қарта қылғанда, мүше бұзғанда, Өрік өзі қақайып қарап отыратын болды. Не құрлы Өрік қытымыр, күнтақты болған сайын, со құрлы қатындар да ерегісіп, ұрламайтын мүшелерден ұрлауға айналды.
Бұрынғыдай емес, малшы-құлшы да шөміштен қысым көрді. Есепке кірмей, емін-еркін тиетін ішек-қарын, өкпе, көтен, мойындар да қылға тізілді. Өрік ас салуда да шеберлік көрсетті. Бұрын соғым сойған күні бәйбіше марқұм ауылдың кісілерін шақырып, жылы-жұмсағын асып, бір тойғызушы еді; биыл о да болмады. Сүйтіп, Өрік бір жақ, ауыл бір жақ болуға айналды. Өрікке наразы болғандар Ақбілекке келіп шақты. Ақбілек бір-екі көрші қатынның сөзіне кірісіп:
— Апа, не қыласыз? Бұрын алып жүрген нәрсесі ғой,— деп еді.
— Ас-суда жұмысың болмасын! Бар, ісіңді қыл!— деп бетін қайырып тастады.
«Осы үйді тез байытуға келген ғой!» деп, ауыл үй, Өрікті жарадай көрді.
Оның бәріне де Ақбілек елең қылмас еді. Ақбілектің жанына бататын қылықтары да көріне бастады. Бір күні Сара бауырсақ сұраса, бере қоймайды. Бірдеңеге айналып жатты ма, кім білсін. Сара қыңқылдап, иығынан тартып, мазасын алып қоймаған соң, Өрік ашуланып:
— Сенің-ақ жыланшығың құрып тұра ма? Неткен бала өзі!— деп Сараны төбеге бір қояды. Сара жылап әкпесіне келеді. Ақбілек о жолы үндемейді. Тағы бір ретте аяғыңмен алашаны былғадың деп Сараны итеріп тастайды. Сара тағы жылайды. Ақбілек тағы үндемейді. Енді бір күні Қажікен байқамай қағып кетіп, лампының шынысын қиратып алды. Өрік желкеге бір түйеді. Онымен де қоймайды:
— Ой, қағынды! Ой, түйнеме келсін! Добалдай боп көзің шығып кетті ме? Көк шешек!— деп жаман, жаман қарғысты соғып жатқанда, Ақбілек кіріп келеді. Ақбілек мұндай қарғысты бұрын естіп көрген жоқ қой: шыдай алмай күйіп кетіп:
— Не қылды! Неңді бүлдірді? Баланы мұнша қарғап... Ауыл үйден ұят емес пе...— деп келе жатқанда Өрік кимелеп:
— Тәйт әрі, албасты, қатын қар! Сенікі не? Сен неге қыстырыла қалдың! Менен тумады дейтін шығарсың... Қарғамақ түгілі отқа тастап жіберсем де, менің қолымнан алатын кісі жоқ... Балаға ара түскеніңді көрсетпе!.. Паһ!.. Бауырың екен, көрдік! Көрермін бауырыңды ала кеткеніңді?.. Әлі-ақ кетесің байыңа!— деп, шаптығып, ит терісін басына қаптады. Ақбілек:
— Ойбай-ау!.. Ұят қой!.. Пәленшенің қатыны дейді ғой, — деп тағы бірдеңе айтпақ болып еді, Өрік одан жаман дәуірлеп: ...Қатыны болсам, неғыппын? Ойнас қылыппын ба? Өтірік айтыппын ба? Құдайға шүкір, оң қолым таза, аузым оймақтай? Келсем, құдайдың жазуымен келіп отырмын... Аяғынан келген дейтін шығарсың... Құдай сендей абиыры кеткеннен, орыс салдақылағаннан сақтасын!— деп бастырмалатып, аузынан көбігі бұрқырап жатқанда, Ақбілек шыдай алмай, еңіреп шыға жөнелді.
Сараны жетелей-метелей Ақбілек. ағыл-тегіл боп Ұрқиянікіне барды. Солығын баса алмай, ышқынып, кеңкілдеп отырып, естіген сөзін айтты. Ұрқия Ақбілекті алдына жатқызып, шашын сипап, аялап:
— Қойшы енді, қалқам! Қоя ғой енді. Со шіркінмен қайдан тіресіп қалдың? О бір көргенсіз адам ғой...— деп, уатып еді; Ақбілек уанбады: апасының жоқтығын, өзі масқара болғанын, бойына айырылмас пәле жабысқанын айтып:
—...Мен бір сорлы ғой!.. Менен сорлы кім бар дейсің?.. Бұдан өлгенім артық еді ғой!..— деп сұңқылдады.
Ақбілектің жылағанына көңілі босап, Ұрқия да жылады. Екеуі жылап-жылап, әбден сілесі құрып мауқы басылды...
Кешке таман «Әкең біліп қойса ұят болар» деп, көзі қып-қызыл боп ісіп кеткен Ақбілек пен Сараны Ұрқия ертіп үйіне апарып салды.
Балаларының мұндай күйге ұшырағанын әкесі көрмеп пе? Көрсе, оларға бүйрегі бұрмап па, дерсіздер. Иә, дейтін жөніңіз бар.
Еркек үйде отыра ма? Малға, шаруаға, бас-көз боп, көбінесе, далада жүреді ғой. Және біздің Мамекең секілді ел адамы төбенің басын, қораның бұрышын, қидың түбін босатпайтын әдеті ғой. Үйдегі қатын не деп жатқаны, бала не ғып жүргені олардың ойын пәлендей бөлмейді. Үйде басы ағарып отырған қатын бар; түзде малай бар. Ендеше, шаруа түгел деп есеп қылады. Үй ішінде мерездей шіріп жатқан бітеу жараға олар көзін салмайды. Зәуде көзі түсіп қалса да, көрмеген, білмеген боп жүре береді. Неге десең, қатын, баланың сөзін олар уақ, бос сөз көреді. «Қатын ит оттайды да — қояды; бала шіркін жыламай жүрмейді» деп, өздерін үй ішінің шыршуынан жоғары, ірі санайды. Еркек ұлы кеуде келеді ғой.
Ой, қарындастар-ай! Дүниеде сөз баққан адамның атағына қызықпағайсың! Өзіңді-өзің күң қыласың! Ой, балалар-ай! Дүниеде бойың өспей, бұғанаң қатпай тұрып, туған анаң өлмесін! Жас жүрегіңді қанды жаспен шер қыласың! Ой, көк өрім, жастар-ай! Көкірегіндегі жылы жүректі, бауырмалдықты кім берді саған? Әлдилеген, аялаған, аяған, бабың болып бағып-қаққан кім сені?— Ана, ана, мейірімді ана. Адамды сүйгіш, ар-ұятты, көргенді бала болсақ, әкемізге бір есе, анамызға он есе борыштымыз. Тәжім еттік бізді тәрбиелеген аналарға! Кеп жасасын аналар! Көсегесін көгертсін балалар!..
Өріктің бір-екі рет балаларға дауысы шығып жатқанын естіп, ақсақал:
— Қатын қойсайшы! Не керек баламен ұрсыса беріп...— деген болды. Ақсақалдың көзінше бәсеңдегенмен, оңашада қатын өзінікін қылып жүрді.
«Не дер екен?» деп, Ақбілек өгей шешесі жылатқан бауырларын әкесіне, жіберіп байқады. Әкесі:
— Әй, қатын-ай! Сені ме!..— деп әңгімесіне айнала береді.
Ақсақалдың қатынға сөйлей алмайтын да реті бар: жасы болса келіп қалды; қатыны мүшел жарым жас. Қатыны көзіне шөп салса, немесе, ұрам деп кетіріп алса — өлім ғой. Енді қартайғанда қатын сабап не барқадар табады? Бәрінен бұрын бұ қатын шаруасын тап-тұйнақтай ұқсатып отыр; қылғаны қолайына жағады. Мұндай қатын болмаса, үйі үй бола ма? Қатын ала беру оңай емес; қатынмен шатақтасып жату елден-жұрттан тағы ұят. «Менің осы ойымды білмей ме екен? Маған жаны ашымай ма екен? Балаларды қойғызса болмай ма... Шыршау шығара бермей...» деп ақсақал бір ауық Ақбілекке де ренжіп қоюшы еді.
Әнеугі ұрыстан кейін, Өрік Ақбілекті ықтатып алуға бел байлап еді. Шам сөнсе, Өрік сыбыр-сыбыр етіп, ақсақал: — е, е — дей беруші еді. Сол сыбырдың көбі Ақбілек болады екен. «Қызың мені кісі құрлы көрмейді; ас-судың билігін маған беретін емес... Балаларды азғырып маған жау қып қойды... Пәлен жерде пәлен етті...» — деп, өтірікті шындай қып, құлағына оқи береді екен. Алғашқы кезде ақсақал: «Қой!.. Бала боп па?., үйтпес... есі бар ғой...» десе де, күнде оқи берген соң еңбек қой: «Осы қатын неге айта береді?.. Әлде, рас та шығар...» деген күдік бірте-бірте пайда болды...
Дала меңіреу ақ кебін. Біресе, жел ысқырып, боран соғады: біресе, сақылдаған сары аяз болады; біресе, шашағы салбыраған бозғыл тұман басады. Қорадан шыққан сиырдың бақайы сытыр-сытыр етеді. Етіктің шақырына есік үн қосады; есік ашылса, екі арба аяз үйге кіреді. Тысқа шыққан қара сақал демде кәртейіп, сақал-мұрты аппақ болады. Қатын-бала жылы үйден шықпайды; қатынас сирейді. Еркек малмен әлек. Кәрлі қыс ақала бас бурадай басып адамның қырыс-тырысын жаздырмайды. Адам бірінен-бірі қыстың кегін алатындай, қырғи қабақ боп, тоңырайсып отырады.
Қыстың сондай тарқама, шау, тымырсық күндерінде әйелдер бірін-бірі аңдысып, қылп еткенді қылға тізіп, өсектеп, ұрыс-қағыспен күн өткізеді. Өрік өсекші қатындарды бауырына тартып, береген кісісі болды. Жар дегенде Өрік Ұрқиямен ұстасты: Ақбілекті азғырып, өзіне қаршыға қып салатын Ұрқия деп ұқты; Ұрқия келсе, бас терісі аузына түсіп, кірпідей жиырылды. Пәле іздеген кісіге сылтау табылмай тұра ма, бір күні Ұрқияға: «Қу бас қаншық! Келме үйіме, маңымнан көш жер аулақ жүр!» деп, жерден алып, жерден салып айдап шықты. Ұрқия да тоқалдың мінездерін ауыл үйге сөйлеп, өзіне тілеулестер тапты. Сүйтіп Мамырбай ауылы екі ұдай партия болды. Бір жағы Өрік бастаған көршілердің қатыны: екінші жағы Ұрқия, Ақбілек бастатқан ауылдың көпшілігі. Ақсақалдікінен ішіп-жейтіні бар, кедейлердің қатыны Өрікке ауды; өз ораза ашары өзінде, кісіге жалынышты еместері Ұрқия мен Ақбілек жаққа шықты. Партия болған соң, біреуді біреу аяй ма: бірін-бірі мұқатуға өтірікті, өсекті өрбіте берді. Кімнің не міні, не жамандығы бар, — бәрі де терілді, қазылды. Талай жасырын нәрселер жарыққа шықты. Осы қазбалаудың, аңдысудың салдарынан Ақбілектің екіқабат екені де мәлім болды.
Бұ хабарды естігенде, Өрік өлген байы тіріліп, екі баласы қолына тигендей қуанды. Дүниеде әйел бір-бірімен өштеспесін. Әйел өштессе, аяу дегенді білмейді. Қайдағы жараның аузын жұлып алатын нәзік, жанды жерді аңдиды. Әйел шақса, шаяннан бетер шағады. Әйел өмірі кешірмейді.
«Ақбілек екіқабат» деген сезді құлағы шалғанда, Өрік:
— Ә!.. Шешесінің күйігі екен десем, уһілеп жата беретіні... Камзолының түймесін салмайтыны, шапанын арқасынан тастамайтыны — сол екен ғой,— деді.
Содан кейін Өрік бір талайға дейін Ақбілекпен араздығын ұмытқан кісідей, сөйлесіп, жылы ұшырап, жылмыңдай қалды. Неге бүйтіп жүргенін Ақбілек түсіне алмады.
Бір күні Ақбілек тысқа шыққалы түрегеліп еді, Өрік қамқорсып:
— Ішіңе жел қарысар, түймеңді салып шықсайшы!— деді.
Шын екенін, аярлық екенін біле алмай, Ақбілек күдіктеніп, кірпігін мұңая бір қағып, үндемей шығып кетті.
Тағы бір күн Өрік әбдіре ақтарып, төрт кез сантон тауып алып, Ақбілекпен ақылдасқан боп, өзіне қынама пішті. Өз камзолын ұнатпай, Ақбілектің камзолына салып пішуді қалап:
— Қарағым, сенің камзолың маған шақ болар. Белінің қиғанын көрейін: түймеңді салшы! — деді. Енді аярлық екенін Ақбілек сезді:
— Мен киюші ме едім? Өлшесең, өз бойыңа өлшей бер!— деп камзолын шешіп лақтырып жіберді.
Өрік әлі де көзі жетпегендей, таңертең Ақбілек ұйықтап жатқанда, ақырын барып, көрпесін ашып қарады; ішіне суық қол тигенде Ақбілек шошып оянып:
— Ә, ә... немене... бұ кім?!— деп еді, Өрік:
— Көрпең ашылып қалғанға жауып жатырмын,— деді.
Өрік көзін жеткізді. Қапысы жоқ. Дәл өзі. Бейшара, құны қалғандай, неге сонша қудалады екен? Ақбілек бірдеңесін алды ма? Тегі құны қалған ғой. Құны емей немене? Екі баласынан айырып, Ақбілектің әкесі сатып алды. Мынау шалдың екі кішкене баласын көргенде, өз балалары есіне түсіп, олар не боп жүр екен? — деп ішін жарып жібергендей болушы еді. «Ит ашуын тырнадан аладының» кері ғой, көзіне көрінген, әлі жеткені Ақбілек еді. Бірақ Өрік байға бауыр басқандай, дүниені бала қылғандай, өз балаларын, өткен күнін ұмытуға да айналып бара жатыр еді. Оның күйттегені, көбінесе, жаңа өмірдің қызық-шыжығы еді. Ақбілекпен өштігі әуелде өткен күнін көксеуден туса да, жүре-жүре ол себеп ұмытылып, енді тек өштіктің қызырына түскендіктен өшігуші еді. Жығылғанды жұдырықтау оған өнер, мақтан есепті көрінуші еді. Үйткені адам — айуанның айуаны ғой. Кімнің басына күн туса, соны табалауға, мұқатуға, одан әрі батпаққа батыруға құмартып тұрады: табаласа, аяғымен таптаса, сонда айызы қанады. Әсіресе, ел мақтаған, кірсіз адамды кірлеуге жаны өш болады. Үйткені кір көңіл адам кірсізді көре алмайды, күндейді; өзіндей қылуға тырысады.
Қыстың аяқ кезінде, Өрік ақсақалды әбден өзіме қараттым ғой деп, сенімі күшейген кезде, Ақбілектен ақтық көңілін шығаруға, екіқабат екенін естіртті. Ақсақал аяқ астынан аю шыға келгендей шошып кетті:
— А, А... қой... қой! Ой... ой!.. — дей берді.
Қатын жанын беріп сендірді. «Оны азсынсаң» дегендей босанатын мезгілі де таяу екенін білдірді.
Ақсақал абдырады, састы, қысылды. Бұрын қыздығынан айрылды деп, өкініп, қызғанып, жиреніп жүрген үстіне мына хабар төбесінен жай түскендей болды. Түнеугүні Әбен ауылына барғанда, Ақбілекті басқа жерге бермек боп, сөз байласып қайтқан еді. Ол беретін жерде хабар болмай кетіп еді. Әбеннің тіліне сеніп: «Қызымды Бекболатқа бермеймін» деп, құдасына сәлем айтып жіберіп еді. Не онда жоқ, не мұнда жоқ, бұл қыз бір масыл болды ғой, өтпей қалып, абиырымды алмаса игі еді... — деп жүргенде, мына хабарды естіген соң, қызынан біржола көңілі суыды. Бүйтіп масқара болғанша, неге баласын түсіріп тастамады екен? Бұл — орыстың баласы ғой. Орыс түгілі, өз күйеуінің баласын оң жақта тапқан қызды кім естіген? Одан масқара нәрсе бар ма? деп азуын шайнады. Ақбілекті тауып әкелген кездегі жиренгені, қынжылғаны — мынаған астар болмай қалды. Япырай? Бұ қызды енді қайтсе екен? Көзін қайтіп жойса екен? Буындырып өлтірер ме еді... Таспен атып өлтірсе қайтер ед? Қол-аяғын байлап, суға тастап жіберсе, нетер ед?..
Осындай ауыр ойлар жанын жеп, жігері құм боп, ішкені ас болмай, бітеу жара асқынып жүргенде, бір күні қораның ішінде қасына қатыны келіп:
— Қызың толғатып жатыр!— деді.
Ақсақалдың көзі қанға толып кетті, дауысы қырылдап: — Кетір... Кетір бәлекетті!.. Жоғалт кәпірдің көзін!.. Көрсетпе, көрсетпе!..— деуге тілі келді.
Өрік үкідей ұшып Ақбілекке келіп:
— Әкең бұл үйден кетсін деп жатыр! Тұр, жылдам! Кет! Бар ана сырласыңа!.. Келімді-кетімді кісі бар... Сені жайратып отыра алмаймыз... Сенің қағанағыңды жуатын мұнда кісі жоқ...— деді.
Өзі қиналып, құр жаны отырған Ақбілекке мына сөз қалай тигенін сөзбен жеткізуге болмайды... Ақбілек еңсесін сүйретіп, бүйірін таянып, бір басып, екі басып, әрең дегенде Ұрқиянікіне жетті.
Көктемнің алтын күрегі қарды бордай тоздырып, жер көксоқта боп жатқан, ылайсаң кез еді. Кешкі төлді алып, қой-қозы шулап, ауыл азан-қазан еді. Сол көп шудың ішінде Ақбілек те еріген қардай ағыл-тегіл боп, қозы алып жүрген Ұрқияға жолықты.
— Ойбай-ай! Енді қайтейін? Біздікінде бір-екі кісі отыр еді...
— Ендеше, мені бір жерге апарып, буындырып өлтір! Өлтір, жеңешетай! Бәрібір өлген кісі ғой!..— деп, назаланып, зарланып жалынды.
— Қой, қарағым! Жаман сөз айтпа!— деп, Ұрқия қолтығынан сүйемелеп, өз үйіне таяу Көркембай кемпірдікіне алып келді.
Бұ бір — баланы көп тауып, жалғызынан басқаның бәрі ұзатылып, өліп таусылған, ауыл үйдің жібін иіріп, жабуын, сырмағын сырып, сабасын тігіп... күн көріп отыратын көңілшек тәуір кемпір еді. Жас қатындар оны «Көке» деуші еді. Жалғыз баласы Мамырбайдың жылқысын бағушы еді. Кемпірдің жапырайған тас қорасы, көр секілді сығырайған кішкене құжырасы болушы еді. Құжырасында жөнді төсеніш те жоқ, тайтері, шоқпыт, ши — садам секілді бірдеңелер жатушы еді. Ұрқия осы құжыраға Ақбілекті кіргізіп, «Көкеңе» мән-жайын сыбырлап айтты.
— Ойбай-ый! Енді қай жаққа барайын?! — деп кемпір байғұс бүкшеңдеп, жаман пештің түбіне, бұрышқа ескі текеметінің тамтығын, шоқпыт көрпесін төсеп, қорасынан құр әкеліп, жіп құра бастады. Ол кезде Ақбілектің толғағы бір ұстап бір қайтып, толғақ қысқанда не отыра алмай, не жата алмай, не құрулы құрға асылып тұра алмай, шытынып, ыңырсып отыр еді.
— Е-ей, қарағым-ай! Сабыр қыл, сабыр қыл!.. Бибатимаға сыйын, Бибатима піріңе сыйын!— деп кемпір байқұс күбірлеп үшкірген боп, күлмен ұшықтаған боп, ішін сипап дамыл көрмей жүр.
Толғақ қысса, Ақбілек құрға асылып: «Бибәтима, пірім, Бибатима! Жанымды менің қинатпа!— деп дауысын әрең шығарып, тістеніп шытынады.
Ақбілек құрға асыларда, Ұрқия артынан құшақтап, сүйемелдеп еді, кемпір:
— Ойбай, сен былай тұр! Өзің шермеңдеп жүргенде, жазым боларсың,— деп оны жолатпады.
— Сені іздеп біреу-міреу келіп қалар,— деп Ұрқияны болмай үйіне қайтарды.
Шаруаға көп айналыспаған, өзі тұмса байғұс қой. Ақбілек көп толғатты, жаны жаман қиналды. Бала тапқан қатындар толғақ қысқанда, бала туарда, адамның өне бойы күл-талқан боп, қирап бара жатқандай болады; өзге қиналудың бәрі оның қасында ойыншық тәрізді деседі. Бала тауып көрмеген еркек оның қандай қиналу екенін қайдан білсін. Әйтеуір әйелдің жаны көзіне көрініп, өлі мен тірінің арасында болатын шағы ғой. Жүкті әйелдер — бір аяғым көрде, бір аяғым жерде — деп неге айтады дейсің? Ақбілек те өлі мен тірінің арасында, қасында жалғыз кемпір, жатқан жері көр, алдында ала көлеңке, сықсиған жалаңбас лампы, дарға асылған адамдай, жіпке асылып «Бибәтимасын» көп қақты-ау!
Түн ортасы ауды-ау деген кезде, кемпір де, Ақбілек те әбден жан терге түсіп, қиналған кезде, сәтін салып, баланың даусы шыр етті. Ақбілек талықсып кетті...
Әлден уақытта есін жиса, кемпір кіндігін кесіп, баланы орап, астын құрғатып, бетіне су бүркіп тірілтіп отыр екен. Ақбілек көзін аларта бір төңкеріп, ауыр күрсінді де:
— Бала қайда?— деп сұрады.
Кемпір: — Міне, қарағым! Өзі бағлан еркек бала екен!— деп жаман тонға ораулы жатқан баланы қолына алды.
— Көзін жоғалт, шеше!— деді.
— Жоғалтайын, қарағым, жоғалтайын!.. Міне біреуді, жұтшы! — деп бір қолында бала, бір қолымен кетік тостағанды ұсынды. Шалап сусынды жұтқан соң, Ақбілек әнтек әлденейін деді.
Кемпір бүкшеңцеп, баланы бауырына қысып, көзін жоғалтқалы шығып кетті.
Әлден уақытта кемпір «Жоғалттым» деп қайтып келді. Кемпір байғұс «Әлің кірсін!» деп, орта тостағандай сары май ерітіп ішкізді. Майды ішкен соң, Ақбілек тыныс алып, көзі ілінді. Со күні түнде Ұрқия да босанып, көптен зарығып жүрген кісі еркек бала тауып, көзайым болды.
Көркембай кемпірдің жаман үйшігінде белуарына шейін оранып, Ұрқияның жіберген тамағын қорек қып, анда-санда келген Сара бауырын құшақтап жылап, Ақбілек мұңдық жарық сәуле көрмей көп жатты. Үйткені бала емізбеген соң, емшегін сүт кернеп, жарылып кете жаздап, тастай боп тарсылдап, денесі күйіп-жанып, көп бейнет тартты. Көркембай көпті көрген әккі байқұс қой, суық суға орамалын малып тарта берді. Содан барып сүті қайтып тәуір болды.
Ақбілек кернеген сүттен құтыла алмай, азапта жатқанда, Ұрқияның емшегінен сүт шықпай, баласын аштан өлтіріп ала жаздап, ақырында баласы бар көрші қатынға емізетін болыпты. Бұрын бала таппаған әйелден сүт шықпайтыны да болады екен!
Бір күні Ақбілектің көңілін сұрағалы Ұрқия келді. Келмегелі бір жұма боп қалған ғой. Ақбілектің емшегі қайтып келе жатқан кезі еді. Өзі бүйтіп жатса да жеңешесіне құтты болсын айтты.
— Тәуір болған соң, бергелі жүр едім,— деп, Ұрқия бір қағаз берді.
Ақбілек ашып оқыса, Бекболаттың хаты екен. Ақбілек оқып болды да жылап қоя берді. Ұрқия сасып қалды:
— Ойбай-ау! О немене екен! Мен білмедім ғой... — деді. Ақбілек:
— Жай, әншейін,— деді жылап отырып.
Әңгіме былай: Мамырбай ақсақал қызын Бекболатқа бермеймін дегенін естіп, құдасы да айырылуға бет түзеген болатын. Бірақ әкесінің ол ойына Бекболат разы болмай, Ақбілекке: қайтсем де сені аламын — деп, бір-екі рет хат жазған, Ақбілек те бөтен ойы жоқ екенін білдіріп: тағдырдың не жазатынын қайдан білейін,— деп, ішіндегі дертін уайымдап жауап қайырған. Соңғы кезде Бекболат Ақбілектің екіқабаттығын естіген екен. Ауыл — үй білген хабар елге жайылмай тұра ма, соған нанарын да, нанбасын да білмей, Бекболат Ақбілекке хат жазып: жұрттың сол өсегі рас па? Рас болса, біржола түңілейін, әйтпесе,— деп сұраған екен.
Енді Ақбілек жыламай қайтсін, екіқабат болғам жоқ, бала тапқам жоқ деп, не бетімен айтсын? Көркембай кемпірдің үйінде жатқанын жұрт естімей тұрад дейсің бе? Өзге айтпаса да, Өрік шешесі елге жаяды ғой. Бір қайғының үстіне бір қайғы жамылып, Ақбілек ең соңғы алданышынан айырылғандай, ойын қара тұман басты; кешегі баладан неге өліп кетпедім екен деген ой тағы келді. Өзін бұл дүниеге керексіз, артық адамдай көрді.
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет