Таха Хусейннің “Күндер” повесінің жанрлық ерекшелігі
Баймаханова Шолпан Үсенқызы, Қорқыт Атаатындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, педагогика магистрі
Белгілі шығыстанушы И.С. Брагинский былай деген екен: “ Мен тек бір ғана нәрсені айта аламын: мінекей бір апта бойы Таха Хусейннің “Күндер” атты кітабынан алған әсермен жүрмін. Әрине, бұл шығарманы шығыс әдебиетінің ең керемет туындысы дегенім емес, бірақ соңғы жыл-дары ешбір шығарма мені осындай еліктірмеген еді, бүкіл ішкі дүниемді билемеп еді[1, с.262].
Таха Хусейннің “Күндер” повесінің жарыққа шығуы араб елдерінің әдеби өміріндегі үлкен оқиға болып саналды. Мүсінші және алтын қолды шебер Бенвенуто Челлини ұзақ жасағаннан соң өз өмірбаянында былай деп жазыпты: “Өмірінде азды – көпті пайдалы іс бітірген барлық адам өз қолымен сүрген өмірін қалған ұрпаққа мәлімдеп, жазба түрінде қалдыруы керек”. Бірақ, ондай әрекетті қырық жастан кейін жасау қажет[2, с.11].
Сондай-ақ, Таха Хусейннің “Күндер” атты трилогиясының бірінші бөлімі жазушының қырық жасында, 1929 жылы жарық көрген екен. Ол кездері Таха Хусейннің есімі Каир университетінің профессоры және Сорбонна университетінің докторы ретінде Египет жұртшылығына таныс еді. Жазушыны көптеген баспа еңбектерінен (әдебиеттану, әдеби сын, тарих, философия, публицистикалық мақалалар, өлеңдер, ежелгі грек, латын, француз тілдерінен жасалған аудармалардан) көпшілік қауым білетін .
“Күндер” повесі Таха Хусейннің алғашқы көлемді туындысы еді. Повестің бірінші бөлімі 1929 жылы жарық көрсе, екінші бөлімі он жыл өткен соң, 1939 жылы басылып шықты. Бұл повесте автор өз өмірбаянын айқын мәлімдейді.
Орта шаруалы, көп балалы жанұяда кішкентай бала өсіп келеді. Ол үш жасында-ақ екі көзінен айрылған. Бұл бақытсыздық баланың айна-ласындағылардың ешқайсысының жанына батпайды. Мұндай қиын жағ-дайлар (аурудың зардабынан көрмей қалу) Египетте сол кездері көп кездесетін. “Әрбір екі египеттікке үш көзден келді” деген мақалдың тарауы бекер емес.
“ Бала көзінен айрылды. Басқа да соқыр балалар сияқты мерекелер мен жаназаларда құранды дауыстап оқиды” – деген түсінік қалыптасқан,[3, с.263].
Көзінен айрылғанына қарамастан жас бала туған ауылында, одан кейін Каирде оқиды. Ауыл молдасынан сабақ алу - баланың арманы деп те айтуға болар еді. Бірақ, көп ұзамай – ақ бала діни тіректердің надан-дығы мен тоғышарлығын айыра біледі.
Қаһарманның повестегі бейнесі ерекше өзіндік тұлға екені айқын көрінеді.
“Күндер” повесінің жанрлық ерекшелігі өмірбаяндығында, яғни, бұл шығарма автордың кешкен күндерін, сүрген өмірін суреттейді. Сондықтан да оқиғалардың баяндалуы күрделі психологиялық процесс ретінде көрі-неді. Таха Хусейн өз өмірін жай ғана (баяндап) мәлімдеп қоймайды, өт-кенге сынмен қарап, бағалауға тырысады. Сонымен қатар автор повесть арқылы өзіндік көзқарастарын , дүниетанымын оқырман алдында сипат-тайды. Жазушы өзінің “ішкі дүниесінің тарихын” зерттей отырып, өткен өмірін біртұтас объекті ретінде ұғуды ойлайды.
Таха Хусейн өткінші жылдағы уақытты жеңгендей болып, балалық шағын, жастық күндерін қалам арқылы қайтаруға тырысады. Автор өткен жылдардың ешбір маңызды, әсерлі кезеңдерін есіне алып, екінші рет өмір сүріп, болған оқиғаларды қайтадан басынан кешіреді.
Айта кетерлік жай – дүниежүзілік әдебиетте өмірбаянды сипаттау әрекеті (адам ғұмырын “ішкі жағынан әшкерелеу”) көптеген XVIII-XIX ғасырлардың шығармаларына (Б.Констанның “Адольф” және А.Мюссенің “ Ғасыр ұлының сыры” романдары тағы басқа) және ХХ ғасырдың бір-қатар туындыларына тән.
“Күндер” повесі хроника болып саналады. Ал хроникалық туындыда ең бастысы – тарихи оқиғаларды уақыт барысында баяндау екені белгілі. Хроникада сюжет арқауы ретінде өткінші уақыт көрсетіледі. Сол өтіп жатқан уақытқа адамдардың іс- әрекеттері, тағдырлары бағынышты.
“Күндер” повесі хроника ретінде экстенсивті сюжетте сипатталады, яғни туындыда көріністердің, оқиғалардың, фрагменттердің, үзінділердің жылдам алмасуы көрсетіледі. Повестің құрылымы суреттелген жағдайлардың өту барысын (жылдамдамдығын, баяулығын, кезектігін) айқындайды. Басты бағыт ретінде нақты тарихи уақыт алынады. “Күндердегі” хроникалық сипат эпикалық стильдің дамуына және документальдық баяндау тәсіліне байланысты.
Ежелгі сөз өнерінің тарихында хрониканың ерекшеліктері мифоло-гиялық және эпикалық сюжеттерден табылатын. Осы орайда ежелгі және орта ғасыр әдебиетінің көптеген туындылары хроникаға жатады. Орта ға-сырлар кезеңінде хроника өзіндік тәуелсіз тарихи жанр болып есептеле-тін. Қайта өрлеу кезеңінен бастап хроника әдеби шығармаларға жақын-дайды. Мұндай жайдың болуы сол кезде көтерілген “Адам және уақыт” мәселесіне байланысты.
Кейінірек хроникалық баяндаудың әдістері қайта қаралды. Әдебиет теориясында хрониканың бірнеше түрі айтылады: романтикалық хроника, жанұялық және “жергілікті” реалистік хроника тарайды. “Күндер” повесін эпикалық хроника деп нақтылауға болады. Құрылымдық сипаттамасына қарасақ, “Күндер” повесі – трилогия болып есептеледі, яғни үш тәуелсіз бөлімнен тұрады. Бөлімдерді жазушының идеялық көзқарасы, біртұтас бейнесі, сюжеттік сабақтастығы біріктіреді.
Әдебиеттануда трилогияның екі түрі айтылады: драмалық трилогия (мысалы, А.К.Толстойдың “Иоанн Грозныйдың өлімі” , “Федор Иоанұлы патша” , “Борис патшасы” , П.Бомаршенің “Севиль цирюльнигі” , “Фигароның үйленуі” , “Кінәлі ана” атты комедиялары) және эпикалық трилогия (мысалы, Л.Н.Толстойдың “Балалық шақ” , “Жас өспірімдік”, “Жастық” және М.Горькийдің “Балалық шақ”, “Адамдар арасында” , “Менің университеттерім” атты өмірбаяндық повестері, У.Фолкнердің “Ауыл”, “Қала”, “Оңаша үй” атты романдары). “Күндер” повесі эпикалық трилогия болып есептеледі. Оның ерекшелігі баяндау түрінде: жазушы өткен оқиғаларды есіне түсіріп және болған жерін, кейіпкерлер-дің түр-сипаттарын , іс-қимылдарын қосып мәлімдей отырып, кей кез-дерде терең ойға батады. Өмірбаяндық повесте Таха Хусейн өзінің өмірі жайлы үшінші жақта айтады. Автор өзін “ол” және “біздің досымыз” деп атайды[4,с.263]. Жазушы өз еркімен әдейі өз – өзінен “алыстап”, өткен өміріне, іс – әрекеттеріне сырт көзбен қарайды. Осындай әдіс арқылы Таха Хусейн өткенге, әділ баға беруге тырысады.
Таха Хусейн повесінің жоғарыда аталған Л.Н.Толстойдың және М.Горькийдің трилогияларынан айырмашылығы мынада: туынды аты аталмаған үш бөлімнен тұрады. Ол бөлімдер тек санмен бөлшектенеді: “Бірінші бөлім”, “Екінші бөлім” , “Үшінші бөлім”. Әрбір бөлім жазушының өмірінің нақты бір кезеңіне сәйкестеледі. Бірінші бөлімде Таха Хусейннің балалық шағы көрсетіледі (ата – анасымен , бауырларымен бірге тұрғаны, ауыл молдасынан сабақ алғаны т.б), екінші бөлімде – жас өспірім кезі (он үш жасында Каирге аттанғаны, Әл – Азхарда оқыған күндері), ал үшінші бөлімде – ересек кезі (Францияда болған кезі, ғашық болуы, үйленуі т.б).
Үшінші бөлімнің тарауларының ғана нақты атаулары бар: “Әл – Азхардан шыққан соң”, “Тапсырылмаған емтихан” , “Әйелдердің болмағаны неге әкеп соқтырады”, “Жүрек алғашқы рет қобалжығанда”, “Менің профессорым маған жамандықты жорыды”, “Менің ұстаз профессорларым”, “Мен қалай француз тілін үйрендім”, “Үш сын”, “Бұзақы философия”, “Университеттің профессоры бес фунтқа”, “Франциядағы жас жігіт”, “Нәзік дауыс”, “Латын кварталында”, “Махаббаттың тарихы”, “Көзі ашылу”, “Емтиханды жылжытып үйлену”, “Әуедегі шабуыл”, “Тілге ұстамсыз”, “Соқырлардың съезіне қатысудан бас тарту”, “Революцияға сену”.
Бірінші және екінші бөлімдердің тараулары тек кезекті сандармен бөлініп, аталады.
Мүмкін, үшінші бөлімде Таха Хусейн ең қызықты, әсерлі, маңызды, жемісті, сонымен қатар, ең қиын, күрделі және жауапты кезеңі суреттелуіне байланысты, тараулардың жеке-жеке атаулары болуы, ерекшелендіріп тұрған шығар.
“Күндер” повесі – психологиялық туынды, себебі шығарманың беттерінде “Ішкі дүниенің тарихы”, қаһарманның дамуы, тұлғаның пайда болуы, оның көзқарасының, сана-сезімінің қалыптасуы мәлімделеді.
Кейіпкердің өмірі оқырманның көз алдында өтеді (алғашқы өзін тірі жан сезінген сәттен бастап “Оның сол күннің саны есінде жоқ. Ол Алланы алғашқы рет қай айда, қай жылы ойлағанын білмейді. Ол сол күнді нақты есіне түсіре алмай , тек шамалайды..... ” [5, с.16], есейіп, өсіп, “піскен” кезіне дейін (кейіпкердің өткенін есіне алып, повесть аяғында былай дейді: “Егерде барлығын да қайта бастауға тура келсе, мен өзімді де өзгертпей, өмірімді де ешбір өзгертпес едім ”,[6,с.320].
Оқырман алдында толығынан ашылып Таха Хусейн өзінің өмірлік девизін (ұранын) айтады: “Мен күйкілжің тірліктің құлы емеспін. Ешкім де маған әмірші емес!”,[7, с.320]. Бұл девиз – повестің аяқталатын соңғы сөздері. Мұны басты қорытынды, жазушының өткенді шолып, жасаған қорытындысы деуге болады.
Повестің ішіндегі уақыт “кері жылжып”, өткенді шолу арқылы жазушының басынан кешкендерін суреттейді. Таха Хусейн өткенін еске алады. “Күндер” - еске алу повесі. Жазушы өз өмірін суреттегенде өткенді шолу әдісін бекерден бекер қолданбайды. Әрбір адам өткенін баяндаған-да, бәрін қалдырмай мәлімдемей, қысқа да нұсқа тек маңызды, керекті оқиғаларды қамтиды және сырттай әділ баға береді. Ал әділ бағаны адам өз ісіне тек біршама уақыт өткен соң бере алады. Іс – әрекет, жағдайларды толығынан түсіну үшін уақыт керек.
Осы эпикалық туындыдан жазушының бейнесі ұстамды, сабырлы, салмақты болып сезіледі. Шығарма беттерінде жеңіл әзіл сарыны сезіле-ді. Автордың ойшылдығы, көрегендігі, аңғапымдылығы повестегі “көрдім”, “оқыдым” деген жиі кездесетін сөздерге түр түстерді сипаттағанда білінеді. (мысалы, ол “бетінің өңі қарайды” деген сөйлемді қолданады). Мүмкін, бұл жерде оқыған кітаптарындағы бейнелерінің әсері болар, айналасындағылардың сөздерінен естігені болар .......
“Күндер” трилогиясын француз жазушылары Бонжан және Дейфтің “Мансұр”, “Әл – Азхар”, “Шейх Абдо Египеттік” атты трилогияларымен салыстырып, повестің – араб әдебиетіндегі ерекше еліктеушіліктен тыс көркем шығарма деуге болады.
“Күндер” повесі шет тілдерге аударылды. 1932 жылы Лондонда ағылшын тілінде шықса, 1933 жылы – француз және көне еврей тіліне аударылды, 1931 – 40 жылдары шығыстанушы Крачковский повесті орыс тіліне аударды.
Әдебиеттер:
1.Брагинский И.С “Признаюсь” // Иностранная литература. 1958ж N 12
2.Таха Хусейн “Избранное” Художественная литература. 1989ж
3.Прожогин Н.Дни пробуждения. Иностранная литература. 1959ж N 9
4.Прожогин Н.Дни пробуждения. // Иностранная литература. 1959ж N 9
5.Таха Хусейн . Избранное Художественная литература. М. 1989ж
6.Таха Хусейн . Избранное Художественная литература. М. 1989ж
7.Бұл да сонда
Достарыңызбен бөлісу: |