Соғыстан кейінгі жылдардағы білім беру жағдайы. 1950 жылдары жалпы білім берудің мазмұнын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп, мектептегі политехникалық оқытуға ерекше мән берілді. 10 жылдық білім беру жүйесіне көшу басталды. Мектептерде машинатану кабинеттері, оқу-тәжірибе алаңдары ұйымдастырылды. Сонымен қатар елеулі қиындықтар да болатын. Сыныптардағы оқушылар саны шамадан тыс көп болды. Үлкен қалаларда мектептер үш ауысымда жұмыс істеді. Ауылдық мектептердегі мұғалімдердің педагогикалық жүктемесі нормативтік 18 сағаттың орнына 40–42 сағатты құрады. Бұл жағдай оқушылардың үлгеріміне кері әсерін тигізді. Мектептердің едәуір бөлігі ескі ғимараттарда орналасты. 1950–1960 жылдары кешкі мектептер ашыла бастады.
1959 жылғы санақ бойынша республикада жергілікті ұлт өкілдерінің саны халықтың 30%-ын ғана құрады. Қазақстанның солтүстік облыстарында қазақ тілінде оқытатын мектептер саны қысқарды. Облыс орталықтарында бір-бірден ғана қазақ мектептері жұмыс істеп тұрды. 1970 жылы қала халқының құрамындағы қазақтардың үлесі 17,2% ғана болды. Соның салдарынан қазақ мектептері жабылып, орыс тілінде оқытатын мектептерге айналды.
1972 жылы республика жалпыға бірдей орта білім беруге көшті. Білім беру және тәрбие жұмысының бағдарламасына өзгерістер енгізу үшін жаңа реформалар жүргізілді. Тарих, әдебиет, биология, химия, астрономия, география, еңбек және шетел тілдері пәндері бойынша жаңа оқу бағдарламалары әзірленді, жаңа оқулықтар шығарылды. Республика мектептерінде кабинеттік жүйе енгізілді. Олар бюджеттік және демеуші ұйымдар есебінен де жабдықталды.
1980 жылдары балаларды 6 жастан бастап мектепке қабылдау бағдарламасы іске қосылды. Үлкен қалаларда балабақшалардың жетіспеушілігі өзекті мәселе болып қала берді. Қалалық және ауылдық мектептердегі оқыту сапасында да айтарлықтай айырмашылықтар байқалды. Мектеп жүйесіндегі ауыр дағдарыс ауқымды деңгейде ХХ ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысында басталды.