Тақырыбы: Астана
Мақсаты: Балаларды Астана қаласының тарихи-мәдени орындарымен таныстыру.Астана тарихын насихаттау арқылы балалардың тіл байлығын, ойын жеткізе білу дағдыларын жетілдіру. Отансүйгіштікке, әсемдікке баулу.
Әдісі: түсіндіру, сұрақ-жауап, әңгімелеу, ойын
Көрнекілігі: интерактивті тақтадағы слайдтар,
Іс-әрекет кезеңдері
І. Мотивациялық-қозғаушы кезең
Шаттық шеңбері
Біз ерекше баламыз,
Айтқан тілді аламыз.
Қонақтарды көргенде,
Қуана қарсы аламыз.
Сәлеметсіздер ме!
ҚР Мемлекеттік Гимнін орындау.(Экранда фондық сүйемелдеу.)
ІІ. Іздену-ұйымдастырушы кезең.
Балалар, сендер «Отан» деген сөзді қалай түсінесіңдер?
Отан деген не?
Отан деген біздің еліміз, ата-анамыз, бауырымыз, ауыл-қаламыз, туып-өскен жеріміз.
Отан туралы тақпақ білеміз бе?
Б.Ысқақов «Отан» өлеңі
Асия:
Бақытты болып жүргенім,
Сенің арқаң ұлы отан.
Елім менің – тірегім,
Құшағыңда гүл атам.
Біздің отанымыз – Қазақстан Республикасы.
(Слайд 1. Қазақстан картасы)
- Біздің ұлтымыз қандай?
- Қазақ
- Қай тілде сөйлейміз?
- Қазақша сөйлейміз.
- Біздің қазақ екенімізді білдіретін мемлекеттік рәміздерімізді ата
- Гимн, Ту, Елтаңбамыз.
(Слайд 2. Мемлекеттік рәміздер)
- Елбасымыз кім?
- Н.Ә.Назарбаев
(Слайд 3. Президент портреті)
Балалар, биылдан бастап 1-желтоқсан ҚР Президенті күні болып бекітілді.
Елбасы туралы тақпақ білесіңдер ме?
Милана:
Қазақстан даласы,
Керемет қой, қарашы!
Нұрсұлтандай елбасы,
Осы жердің баласы.
- Біздің еліміздің астанасы қай қала?
- Астана қаласы
- Сендердің Астана қаласына саяхат жасағыларың келе ме?
- Балалар жауабы.
- Олай болса, саяхатымызды бастайық!
Біздің елордамыз – Астана қаласы. Ол Есіл өзенінің жағалауында бой көтерген жас қала.
Астана – еліміздің бас қаласы. Қаламыз күн санап көркейіп келеді. Онда көптеген биік, әсем ғимараттар, ойын-сауық кешендері бар.
Сендер Астана туралы өлең білесіңдер ме?
Мирас
Астана – бас қала,
Жаңа қала, жас қала.
Зәулім сәнді үйлері,
Үлгі болған басқаға.
Амина:
Сәулесі түскен Есілге,
Сарыарқа төсінде.
Армандай әсем қала бар,
Мәңгі қалар есіңде.
Астана – қиялға бай, шексіз сәулетті.
(Слайд 4. «Бәйтерек» кешені)
Бұл – «Астана - Бәйтерек» кешені. Оның биіктігі-97 метр. «Бәйтерек» кешені «Ертөстіктің» оқиғасы желісімен өрілген.
Өз бақытын іздеп шыққан Ер Төстік биік бәйтерекке кездеседі. Ағашты көріп таң қалады. Бәйтеректің нақ төбесіне ұя салған самұрық құстың алтын жұмыртқасына ие болып, дәулетті ғұмыр кешеді.
Ғимараттың ұшар басынан Астана қаласының көрінісін тамашалауға болады.
Нұрайым
Бәйтерегім аспанмен таласады,
Ай мен күндей көркіне жарасады.
Құрыш қолды қайсар ер азаматтар,
Астананы тұрғызған, қарашы әні!
(Слайд 5. «Қазақ елі» монументі)
Бұл – «Қазақ елі» монументі. Оның биіктігі-91 метр. Бұл Қазақстанның Тәуелсіздігін алған 1991 жылдың белгісі.
Оның басындағы алып құс самұрық – Қазақстанның тыныштығының белгісі.
Саяхатымызды жалғастырамыз.
(Слайд 6. «Ақ орда» резиденциясы.)
Ақ орда – ҚР Президентінің жұмыс орны. Мұнда елбасымыз жиналыстар мен кездесулер өткізеді. Өзге елдермен келіссөздер жүргізеді.
Балалар, Астана қаласында демалатын орындар көп екен.
Келесі тамашалайтын көрікті жердің бірі – «Думан» ойын-сауық кешені.
(Слайд 7. «Думан» ойын-сауық кешені)
Онда кинозалдар, океанариум бар. Океанариумнан түрлі жырқыш балықтарды көре аласың. Ал кинозалда арнайы көзәйнектер киіп, экранда болып жатқан оқиғаның ортасында тұрғандай сезінесің.
Ал, енді демалатын сәт келді. Қане, орнымыздан тұрып бойымызды сергітейік.
Сергіту сәті
Тербеледі ағаштар,
Алдымнан жел еседі.
Кіп-кішкентай ағаштар,
Биік болып өседі.
ІІІ. Рефлексивті-коррекциялаушы кезең.
Ойын ойнағыларың келе ме?
«Кім шапшаң» ойыны
1. ҚР астанасы қай қала?(Астана)
2. «Астана» сөзі неше буыннан тұрады? (3)
3. Астана қаласы қай өзеннің жағалауында орналасқан? (Есіл)
4. ҚР президенті кім? (Н.Ә.Назарбаев)
5. ҚР мемлекеттік рәміздерін ата? (Гимн, Ту, Елтаңба)
6. Астанадағы ең ірі ойын-сауық кешені? (Думан)
7. Үстел үстінде аяқталмаған сурет бар. Қиылған суреттер арасынан керектісін тауып, суретті аяқта. (рәміздерді құрастыру)
8. Бәйтеректің биіктігі қанша? (97 метр)
– Балалар, біз бүгін Астана қаласына саяхат жасадық. Ондағы тарихи-мәдени орындармен таныстық.
Олар: «Бәйтерек кешені», «Қазақ елі» монументі, «Ақ орда» резиденциясы, «Думан» ойын-сауық кешені, ескерткіштер.
Хормен:
Жаса, жаңа жас қалам,
Жайнай бер менің Астанам!
Енді Астана қаласына жылы лебіз, тілегімізді айтайық!
(Іс-әрекетке белсене қатысқан балаларды мадақтау.)
Астанамыз көркейе берсін! Зәулім, биік ғимараттар көбейсін! Еліміздің болашағы жарқын болсын!- деген тілекпен сабағымызды аяқтаймыз. Сау болыңыздар!
Достарыңызбен бөлісу: |