Қайнар көз: Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты
Кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында бүкіл рухани дамуға көшбасшы болған Ахмет Байтұрсынов қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың мұрасын жинақтау, зерттеу мәселесін қолға алған еді. Осы үрдіс кейін де жалғасын тапты. Жалғастырушының бірі - Есмағамбет Ысмайылов. Ол 1938 жылы Қ.Бекхожинмен, 1939 жылы жеке өзі оқу құралын шығарды. Сонымен қатар ғалым өз зерттеулерінің нысаны етіп Нарманбет Орманбетовты таңдаған еді. Өйткені, Нарманбет - жай ақын емес, М.Әуезовше айтқанда, аты шулы "зар заманның соңғы ақыны". Ізденімпаз зерттеуші көзі тірісінде кітабы жарық көрмеген ақынның алғашқы жинағын 1939 жылы бастырып шығарып, оны Абайдан кейінгі реалистік мектептің ірі өкілі ретінде танытты. Е. Ысмайылов жарты ғұмырын арнаған Нарманбет - орыс отаршылдығына қарсы болған, ақындық ғұмырын отаршылдық күреске бағыттаған, азатшыл ойдың бастауында тұрған ақын. "Оян қазақты" алғаш айтып, ел санасын күреске оятуға ұмтылған азамат ақынның шығармашылығы соңғы кезде ғана зерттеле бастады. Ақын туралы ой-пікірлердің барлығы бастау алар ғылыми зерттеу - Е.Ысмайылов оқулығы. Оның 1941 жылы жазған оқулығын - өзі "ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті өзінің идеялық мазмұны жағынан да, түрлі стилі, бағыты жағынан да қанатын кеңге жайып, алдына қойған әлеуметтік мәселелері мен қазақ халқының саяси қоғамдық өміріне тығыз байланысты қоғамдық қайшылық, таптық күрестерді айқын көрсеткен әдебиет", - деп бағалаған. Зерттеуші "сыншыл реализм" өкілдері деп таныған Ғұмар, Мәшһүр, Нұржан шығармашылығы да назарға ілінбей, кертартпа деген ойдың шырмауында болды. Ал ғалымның пайымдауынша олар - "Ғұмар патша үкіметінің отаршылдық қысымын, сол қыспақтағы қазақ халқының азаттық жөніндегі арманын айтып жырлады, зерттеуші, тарихшы, білімпаз ретінде де аса зор бағаланады. Нұржан шығармашылығына тоқталсақ, ол өлеңді отаршылдық қысымындағы қазақ халқының ауыр аянышты халін, ел ішіндегі қорлық-зорлығы, қиянаттарды жек көріп, қайғырып жазады", - деп әр ақынның өзіне тән ерекшелігін ажыратып бағалайды.
Сонымен қатар зерттеуші еңбегінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің әдебиетте көрініс табуына ерекше мән берген. Ғалым ұлт-азаттық көтеріліске байланысты өлең-жырларды тақырыбына орай жіктеп, топтарға бөліп, олардың жанрын анықтап, алғаш рет ғылыми жүйеге түсіреді. Бұл 1916 жылғы әдебиетті зерттеудегі тұңғыш талпыныс болатын. Кейіннен ол ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің үлкен бір саласына айналды. Өршіл рухқа толы "Бекболат" поэмасын алғаш ел аузынан жазып алып зерттеген Е.Ысмайылов. Зерттеуші шығарманың авторы ретінде Иса Дәукебаев деген ақынды атайды. Жырды жарыққа шығаруды мақсат тұтқан Е.Ысмайылов ел аузында жүрген қарапайым жыр үлгісіндегі дастанның көркемдік сипатын, ондағы отансүйгіштік рухты, отаршылдыққа қарсы күрестегі мұқалмас қайрат-жігерді, ұлтқа тән қаһармандық қасиеттерді танып, түрлі нұсқаларын салыстыра отырып, бір арнаға түсірген. Кенесары сияқты хандарды, Наурызбай сынды батырларды ұлт-азаттық күрестің басшысы ретінде бағалаған, олардың көркем бейнесі жасалған шығармаларды мадақтаған ғалым "теріс пиғылды ұлтшыл" атанған еді. Әдебиет өкілдерін ұлықтаған еңбегі нәтижесінде 1947 жылы партиядан шығарылып, 1952 жылы 25 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Жылымық заманның тууына орай ғалымның еңбегі 1954 жылы 12 маусымда ақталды.
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/okushyilarga/uy_tapsyirmasyi/32836/
Сағымбай Ботпайұлы Жұмағұл,
Е.А.Букетов атындағы
ҚарМУ -дің қазақ әдебиеті
кафедрасының профессоры
Абайтанудың ақтаңгері
Достарыңызбен бөлісу: |