Астана қаласы
4 Ж.Жабаев атындағы мектеп-гимназиясының
Бастауыш сынып мұғалімі
Дуйсебекова Гульнар Турсынбаевна
Тақырыбы: Елін танытқан ер
Мақсаты: Оқушыларға қазақ елінің біртуар азаматы Д. А. Қонаев туралы жан - жақты түсінік қалыптастыру, кемеңгер тұлғаның мемлекетке және халқына сіңірген еңбегін, ерлігін, қажырлы жүргізген саясатын үлгі ету, оқушылар бойына халқымыздың құндылықтарын сіңіріп тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Д. А. Қонаевтың суреттері, ғылыми еңбектері, баспасөз материалдарында жарияланған мақалалар.
Мұғалім: - Армысыздар құрметті ұстаздар, оқушылар! Бүгін 12 - қаңтар еліміздің біртуар азаматы, ауылымызға ардақты аты беріліп отырған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туған күні. Осы атаулы күнге орай ұйымдастырылып отырған
«Елін танытқан ер» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Әр дәуірге лайықты кемеңгер адамдар өмір сүреді. Қазақ халқының тарихында болмысы бөлек, мінезінің байлығымен, терең білім, ақыл - парасатымен дараланған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Бабалар әруағына шынайы берілген, халқына сүйкімді, ұлтқа қадірлі, шыныдай мөлдір, аса білікті адам. Егемендікті алғанда халқының алдында балаша қуанып шығып, адал ойын білдірген «Ту жығылмасын, Туды ұстаған ұл жығылмасын»- деп тәңіріне сыйынып халықпен бірге қуанып, келешекке сенген. «Болашақ жастардікі, ақиқаттан аттауға болмайды»- деген ойын ашып айтты. «Таулар алыстаған сайын асқақтай береді»- деген сөз бар. Ел мен жұртына қадір - қасиетімен танылған адамдар да сондай. Айлар алмасып, жылдар көшіп жылжыған сайын олардың даналығы мен даралығы ерекшелене түседі. Елі сағынады, халқы қадір - қасиетін, адамгершілігі мен асыл бейнесін асқақтатады. Бұл күн бәріміздің биік парасат, асыл адамгершілік, халқына деген қамқорлықтың үлгісін таныта білген ұлы адамды сағына еске алатын күніміз.
1 - жүргізуші: Ұлы Димашты бола ма, ұмытуға,
Ол - кемеңгер, ғажайып ұлы тұлға!
Жалғыз өзі жарады қапас күнде,
Ұлан байтақ даланы көркейтуге.
2 - жүргізуші:
1 - жүргізуші: «Елім» дейтін ер болмаса,
«Ерім» дейтін ел қайдан болсын?! Халықтың қалауына, ығына жығылған басшының басты мақсаты да осы болуы керек. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ел үшін қызмет етіп, аянбай тер төкті. Ол адалдықты, шындықты ту еткен, халық үшін қалтқысыз қызмет еткен перзент. Ендеше елін танытқан еріміздің өмір жолына шолу жасап өтейік.
Өмірбаяны
• 1912 жылы 12 қаңтарда Верный (қазіргі Алматы) қаласында, қызметкердің отбасында өмірге келген.
• Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы 1886 жылы туған. Алматы облысында ауылшаруашылық, сауда мекемелерінде жұмыскер болып істеген. Қазақ, орыс тілдерінде жаза, оқи білетін сауатты болған.
• Анасы, Зәуре Байрқызы үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысқан.
• 1930 жылы – Алматыдағы №14 орта мектепті бітіргеннен кейін, 1931 - 1936 жылдары - Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті Қонаевты Мәскеудің Түсті металл институтына оқуға жібереді.
1 - жүргізуші: Өшпейді ғой, өлмейді ғой ұлы еңбек,
Елің барда мәңгі бақи еленбек.
Ел үшін атырам деп жарық таңды,
Сіңірді жан аямай ол көп еңбек - деп Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың еңбек жолы туралы айтып өтейік.
Еңбек жолдары
1936 жылы - Институтты ойдағыдай бітіріп, тау - кен инженері мамандығын алған Д. Қонаев 1937 - 1939 жылдары Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогінің машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болды.
1939 жылы - Екінші дүниежүзілік соғысының қиын күндерінде тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түсіп, “Алтайполиметалл” комбинаты бас инженерінің орынбасары, Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарды.
1939 жылы – КОКП мүшелігіне қабылданды.
1942 - 1952 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етті. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі және оның президенті етіп сайлайды.
1955 - 1960 жылдары - Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды.
1960 - 1986 жылдары – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарды.
1 - жүргізуші: Ғұмыр кешпей қара бастың қамы үшін,
Қорғадыңыз ел мен жердің намысын.
Тарих өзі таразылар, танытар,
Ұлық қазақ Қонаевтың сан ісін.– Димаш Ахметұлы Қонаевтың ел басқарған кезеңі 1955 - 1986 жылдары. Осы жылдарда Қазақстанның экономикасы 7 есе өсіпті. Мыңдаған елді мекендер пайда болған, 68 жұмысшы поселкесі, 43 қала салыныпты. Халықтың саны өсті, ол республика қуатының өркендеуіне қол жеткізді. Осы сіңірген еңбектері туралы бейнесюжетті көріп алайық.
1 - жүргізуші: Атақ - даңқы аңыз болған талайға,
Димекеңе баға беру оңай ма?
Ешкімнен ол көмегін аямаған,
Бүкіл халық сол үшін бағалаған, - деп Қонаев туралы атақты адамдардың бағалы сөздеріне тоқтап өтейік. Оның жақсы қасиеттерінің алдында тек өз еліміз емес, басқа жұрттың танымал адамдары да бастарын иген.
Оқушылар:
«Д. А. Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат. Ол кісі бәрімізге ұстаз болған ұлы адам» Н. Ә. Назарбаев
"Жұрттың ішіне пышақ айналмайды, Қонаевтың ішінде ерттеулі ат айналып жүре береді".
Ыбырай Жақаев, "Өмір жолы" кітабынан
"Мен бүгін зор тұлғамен қауыштым, Ол терең саясаткер, халықтар даналығын толық меңгерген адам. Ол КСРО - ның сирек кездесетін тұлғасы".
Дуайт Эйзенхауэр, АҚШ - тың 34 - президенті, 1960 жыл
"Дінмұхамед — нағыз дос деген сөз!"
Шәкен Айманов, кинорежиссер
"Жаратушы о бастан - ақ біздің әулетіміздің бар бақытын, бар байлығын, бар білім - парасатын, бар билік - мансабын, тіпті сұлу да тіп - тік, бойды да жинап - теріп Димекеңе берген. Соған шүкір дейміз!"
Асқар Қонаев, академик
"Өнеге алар ағаң болғаны қандай бақыт. 1947 жылдан бері Димаш ағаны білемін. Дүлдүл екен. Шабысынан жаңылыспайтын тұлпар дерсіз. Шіркін, осы кісінің бар болмысын, табиғатын ашып жазар күн болса, соны зерделеп оқыр ұрпақ болса ғой!".
Әмзе Сеңкібайтегі, Соғыс және еңбек ардагері
"Шынын айтайын, Қонаевқа тең келетін адамды көрмедім. Оған теңіздей сүйкімділік, жарқыраған даналық, таңқаларлық сана, шалқыған қайырымдылык, көңілді болмыс тән еді".
Геннадий Толмачев, жазушы, 1997 жыл
"Мейірім - шуағы мол, пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық — қазақ халқы. Елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтқысыз еңбек еткен перзенті бар халық та бақытты. Сол перзент – Дінмұхамед Қонаев. Бізде екі ұқсастық бар екен. Бірі — қарапайымдылықтарыңыз қалай аумаса; жасыл желекке оранған Алматы біздің Кашмирмен егіздің сыңарындай ма деп қалдым. Ғажап!"
Джавахарлал Неру
"Қонаев — ұлттың Ары мен Намысы! Қонаев — ұлттың рухы мен Иманы! Қонаев — қазақтың Қанағат мектебі, Адалдықтың өлшемі"
Темірше Сарыбайұлы, ақын
"1993 жылдың 22 тамызында бір дәуір көшкендей болып, дүниеден Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өтті. Халықтың Димекеңе берген бағасы — ол кісінің мәйітін Кеңсайға апара жатқан күллі жолға гүл шашуы еді".
Қуаныш Сұлтанов, саясаттану ғылымының докторы
1 - жүргізуші: Көз суғарып таулардың тұлғасына,
Дінмұхамед деп жазам жыр басына.
Жыр басына жазбайын неге, ағайын,
Мұңдасыма айналса, сырласыма?!
Қаламымды малып ап жыр жазамын,
Димаш деген бұлақтың тұнбасына.
Димаш десем, жанарым нұрға толған,
Сауыт кеудем патша өлең, жырға толған - деп Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атамызға үш жүзге тарта жыр арнаған Рафаэль Ниязбек ағамыз айтпақшы, енді кезекті ұлы тұлға арналып жазылған өлең - жырларға берейік.
Арнау өлеңдер:
1. Марат Ысқақ «Қонаевқа»
2. Лидия Карасева «Товарищу Д. А. Конаеву»
3. Каримолда Латипов «Димаш аға»
4. Абдықалық Мустафин «Дорогой Димаш Ахметович»
5. Ділдәкүл Қуандықова «Абыз атам»
6. Владимир Ташнеков «Посвящение Д. Кунаеву»
1 - жүргізуші: Дүниенің сұмдығын жүре көрген,
Дінмұхаммед кісі емес жүрегі өлген.
Алатауы болатын алты алаштың,
Ғасырлардың төрінен түрегелген – демекші заманымыздың заңғар тұлғасы Димаш Ахметұлы Қонаевтың халық үшін, еліміз үшін жасаған еңбегі көзі тірісінде де жоғары бағаланды. Оған КСРО - дай алып державаның ең жоғары – Социалистік Еңбек Ері атағы үш рет берілді, ең жоғары ордені – Ленин орденімен 8 рет марапатталды. Сөйте тұра оның сіңірген еңбегін ұмытып, бір күнде бәрі теріс айналған кездері де болды. Шын мәнісінде Д. А. Қонаев еліміздің іргесін нықтап, еңсесін тіктеп, бүгінгідей қуатты мемлекетке айналдырып кеткен жан. Туған еліміздің тәуелсіздігіне бастау болған Желтоқсан оқиғасына да себепкер болғанын бәріміз де білеміз.
Осы айтылған жайттарға байланысты бейнесюжетке көңіл бөліңіздер.
1 - жүргізуші: Желтоқсан оқиғасына байланысты Д. Қонаевқа арнайы жазылған «Қарабауыр қасқалдақ» әнін Аружанның орындауында қабыл алыңыздар.
1 - жүргізуші: Димаш аға! Дидарыңыз жарық күн,
Ұранысыз қазақ деген халықтың.
Саясаттың дауылына сынбаған,
Өзіңізсіз ғой бәйтерегі тарихтың – дей отырып, Кремльдің арнайы тапсырмасымен Д. А. Қонаевті тергеуге келген тергеуші Калиниченко оны қанша азапқа салып қинаса да ештеңе таба алмай, Қонаевтың таңғы шықтай жаны таза, аса ұлы тұлға екеніне көзі жетіп, ақырында өзі тізе бүгіп кешірім сұрапты. Бұл оқиғаны Рафаэль Ниязбек ақынның «Тергеуші» өлеңінен тыңдап көрейік.
«Тергеуші»
1 - жүргізуші: Жесірге пана болды,
Жетімге жаға болды.
Дінін сүйген дара болды,
Елу жыл елге аға болды – демекші, Д. А. Қонаевтың көзі тірісінде жеке адамдарға жасаған жақсылық, рахым, шапағатында шек жоқ. Абзал азаматтың өмірінің соңына дейін жеке үйі, саяжайы, тіпті кейде желпініп мінерге жекеменшік автомашинасы да болмапты. Неткен қарапайымдылық! Неткен адамгершілік! Жер жүзіне әйгілі болған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың тарихтың төрінен орын алатыны даусыз. «Қазағым», «Елім» деп өмір сүрген тұлға Димекеңді халық қызмет етіп жүрген кезде де, дүниеден озғаннан кейін де сүйеді. Өйткені «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» - демекші, артына мәңгі өлмес хаты қалды. Келесі бейнесюжет осының куәсі.
Ардақтылар қалар мәңгі Ел есінде,
Ғасырлар мұхитының белесінде.
Мәңгілік Димекең де бізбен бірге,
Мәңгілік «Қазақстан» кемесінде – демекші, әттең, өмір шолақ, дүние керуен. Елдің сый құрметіне бөленген көзінің тірісінде қазақ халқының ұлы тұлғасына айналған Д. А. Қонаев 1993 жылдың 22 маусымында Алакөл жағасындағы демалыс үйінде жүрек талмасынан кенеттен дүние салды. Бірақ Димаш атаның аты әр қазақтың жүрегінде ән болып жатталып қала бермек.
Видео №4 (Жаңа ән.)
Мұғалім сөзі: Халқымыздың біртуар азаматы Д. А. Қонаевтың есімі жылдар өтсе де, әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады. Бұл күндері Қазақстанның әр қаласында Димекеңнің атымен аталатын көшелер, мектептер, жоғарғы оқу орындары көптеп кездеседі. Дінмұхамед атымен аталатын жас ұрпақ та желкілдеп өсіп келеді. Олар, сірә, Димаш атасын, оның ғибратты өмірін еш уақытта ұмытпайды. Иә, қазақ халқы бар жерде Димекеңнің есімі ұмытыла қоймас. Елдің мәңгі есіндесіз, қазақтың асыл перзенті, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Бүгінгі міне мына ұрпақ, келешек жастары, өз Отанының шынайы патриоты болуды осы ұлы тұлғамыздан үйреніп, елінің адал азаматтары болады деп сенемін. Бүгінгі тәрбие сағатын өткізуіміздің негізгі мақсаты осы еді. Ендеше Отаным, Атамекенім деп соққан жүректерінің қағысын әнмен жеткізуге мүмкіндік берейік.
Хор «Атамекен»
1 - жүргізуші: Батыр ұл есімдері сақталады,
Жыр болып жүректерге жатталады.
Ғасырдан ғасырларға аңыз етіп,
Ұрпағы мәңгі бақи мақтанады. – деп атсалысқан балаларға алғысымызды айта отырып, бүгінгі кешімізді аяқтаймыз, сау саламатта болыңыздар!
Достарыңызбен бөлісу: |