Халым Толеуиш
Аршалы ауданы Бұлақсай ауылы Абай атындағы орта мектебінің
қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі
ЖАУЫНГЕРДІҢ ТҰЛҒАСЫ
Қанмен жазылған кітап) жинағынан үзінді
Ұлы Жеңіске- 70 жыл
Тақырыбы: Жауынгердің тұлғасы
(
Мақсаты: Білімділік мәні-қазақтың қаһарман қолбасшысы Бауыржан
Момышұлының өнегелі өмір жолы, шығармашылық еңбектері
жайлы мәліметтер беру. Ұлы отан соғысы кезінде көрсеткен ерен
ерлігін насихаттау.
Дамытушылық мәні- оқушылардың өнерге, білімге
қызығушылығын арттыру үшін мәтінді қойылым сабақ ретінде
меңгерту, қаһарман қолбасшысы Бауыржан Момышұлының азаматтық
тұлғасын таныту.
Өзіндік ізденіс жұмыстар жасауға машықтандыру,еркін сөйлеуге,
ойын жеткізе білуге, артистік қабілетін ашуға, ой-өрісін
дамытуға мүмкіндік туғызу арқылы шығармашылық қабілетін дамыту.
Тәрбиелік мәні-халқымыздың ұлы перзенті, ерліктің ерен үлгісі
болған Бауыржан Момышұлының азаматтық тұлғасын үлгі
тұту.Тарихи тұлғаларды құрметтеуге, батылдыққа, ерлікке,
Отансүйгіштікке, елжандылыққа, парасаттылыққа,
адамгершілікке, өнерсүйгіштікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Б.Момышұлының портреті, кітаптар көрмесі,бейнетаспа,
слайдтар, қойылымға қажетті әскери киімдер, қойылымға сай безендірілген сынып, патриоттық әндер музыкасы ойнайды. (Қойылым барысында)
Әдіс-тәсілі: Қойылым, көрініс, өзіндік ізденіс жұмыстар,сұрақ-тапсырмалар, марапаттау т.б.
Сабақтың барысы: 1.Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушыларды түгелдеу, сабаққа назарын аудару, сабақтың мақсаты мен міндетін түсіндіру.
2.Үй тапсырмасын тексеру.
1. Бауыржан Момышұлының «Жауынгердің тұлғасы» (Қанмен жазылған кітап) жинағынан үзінд)і оқушылар рөльдерге бөлініп, сөздерін жаттап келуге берілген.
2.Деңгейлік тапсырмалар: І топ. Бауыржан Момышұлы туралы, Ұлы Отан соғысы
туралы өзіндік ізденіс, зерттеу жұмыстары
ІІ топ. Сұрақ-тапсырмаларға жауап жазу.
3. Жаңа сабақтың барысы.
Жоспар.
1-кезең. «Хас батыр»
2-кезең. «Жас зерттеуші»
3-кезең. «Жауынгер жазушы»
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Елбасымыз биылғы «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» жолдауында
2015-жылы Ұлы Жеңіске-70 жыл, Конституцияға-20 жыл, қазақ хандығына 550 жыл толып отырғанын айтты. Сондай-ақ «2015-жыл –Қазақстан халықтарының Ассемблиясы жылы» -деп жариялады.
Біздің бүгінгі сабағымыз Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерей тойына орай, батыр бабаларымыздың ерлігін насихаттау, оқушыларға ерлікті дәріптеу мақсатында өткізіліп отыр. Сондықтан оқушылар Бауыржан Момышұлы атамыздың батыл, қайсар мінезіне ұқсап, қойылымда батылдық көрсетіп, рөльдерде сәтті орындап шығады деп сенемін.
1-кезең. «Хас батыр» (Бұл кезеңде оқушылар «Бауыржан Момышұлының бір түнгі ерлігі» тақырыбында көрініс ойнайды)
Музыка ойнайды.
1.Қойылым сабақ «Бауыржан Момышұлының бір түнгі ерлігі»
Рөлдерде: Автор- Мәншүк
Бауыржан Момышұлы- Құдабай
Штаб бастығы, полковник Серебряков- Нұрбақыт
Қарт генерал-Жәнібек
Қызметшілер- Марат, Қанат
2. Қойылымның сценарийін дайындаған пән мұғалімі: Халым Т.
Бауыржан Момышұлының бір түнгі ерлігі
(Сыныптың бір бұрышында соғыс алаңы, онда Б.Момышұлы жауінгерлермен бірге, ал кабинетте штаб бастығы-жұмыс үстелінің басында)
Автор: Мәскеу өлкесіндегі қырғын соғыс кезі...
1-оқушы: Қарашаның 26 жаңасы. Немістің басым күшінің алдына көлденең түсіп, Мәскеуге қарай жібермей бөгет болып, күніне үш-төрт шабуылын тойтарып,
С. қыстағының маңайында жанталасып соғысып жатқандарына төртінші күн болған кез.
Кезекші: (Соғыс алаңынан Бауыржан Момышұлын дивизияның штабына шақырады.)
Серебряков: (Штабта- штаб бастығы, полковник Серебряков )
Мейірімді жүзбен күлімдей қарап: (Бауыржан Момышұлына ) жүріңіз, жолдас аға лейтенант, командирге ертіп барайын, сізді шақырған сол кісі еді.
Қарт генерал: (қажыңқырап қалған екен) Екеуі сәлемдеседі.
Қарт генерал: Отырыңыз (орындыққа қарай басын изейді. Темекіні тұтатып тартып, біраз ойланып, Бауыржан Момышұлының басынан аяғына дейін бірнеше рет қарап шығады. Бауыржан Момышұлы үндемей отыра береді.)
Қарт генерал: (Жұлып алғандай)
Бүгін түн ортасында Десятидровкада жатқан 120 немістің бірін қалдырмай қырып тастағандарыңызға жол болсын. Ең болмаса он шақтысын тірі ұстап алып келмегеніңіз бе? Одан кейін, ол жерге өзіңіз баруға мен рұқсат берген емеспін. Менің қай жер болса, сол жерге шаша беретін командирім жоқ.
Мейлі, абырой болып, аман-есен қайтқаныңызға шүкір, бірақ та бұдан былай сізге әр додаға кірісе беру жарамайды. Ой, жастық, жастық кейде алды-артын ойламайтын жастық! Егер жазатайым болып кетсеңіз батальонды кім меңгеріп, кім басқармақ. Сол жағын аттанардың алдында сіз ойладыңыз ба?
Бауыржан Момышұлы: (ашуланып)
Менен басқа адам құрып қалды дейсіз бе?
Қарт генерал: (Қатал дауыспен)
- Сізден басқа адам құрыған жоқ, бірақ та сіз сықылдылар көп те емес. Соны еске алу керек. Сіз батальон командирі, сіз сықылдыларды қазақ «мыңбасы» дейді. Қай қазақтың мыңбасшысы мыңды тастап, онбасының қызметін атқарған еді.
(қарт генерал түсін жылыта беріп) Қой шырағым, қызулықты! Шошаңдамай өз орныңда отырып, қарамағыңдағы командирлерді жұмсап, басқарып меңгергін.
Бауыржан Момышұлы: -Ойпырым-ау, жолдас генерал, не бүлінді түнде менің жорыққа барғанымнан?
Қарт генерал: (Айтқан сөздеріне іштей құсаланып отырғанын сезгендей, күлімсірей қарап) Болған оқиғаны толығынан баяндаңызшы, мен тек шет жағасын ғана естіп едім.
Бауыржан Момышұлы: Кеше неміс бізге үш рет шабуыл жасады. Онысына біздің жігіттер тиісті сыбағасын беріп тойтарды. Жау ет жемесе де, сорпа ішкендей болып, беті қайтып, өршуі басылып, ымырт жабыла шабуылын тоқтатты. Менің бақылаушыларым Десятидровканың әр үйіне 20-30-дан бөлінген немістер даланың суығына шыдамай, қонуға барды деген хабарды жеткізді маған.
Мен батальонды орынбасарыма тапсырып, бетінен барсақ сезіп қояр деген оймен, қасыма 10 жігіт ертіп, бір пулемет, бір миномет, бір кішкене зеңбіректі шанаға тиеп, 12 километр орайлап айналма жолға салып, түнгі сағат 2 шамасында немістер жатқан қыстақтың дәл ортасына бардық. 300-600 метрдей жақындағанда қару-жарақтарды қыстаққа кезеп орналастырдық. Әбден ұйықтап жатқан немістер шошып оянып, опыр-топыр үйден далаға шығару мақсатымен зеңбіректің он болат тесетін он оғын жарқыратып, бірінің артынан бірін дамылдата жібердік. Оның үстіне 500 оқ минометті құрбақаша бақылдатып, 70 минаны қайдан шықсаң онан шық деп немістерге сәлемдемеге жібердік... Біз келген жолымызбен қайта сызып тұрдық.
Батальонға келе салып 20 шақты автоматчиктер жіберіп едім, олар барып 120 немістің өлігін санап, документтерін алып келді. Оны полктың штабына тапсырдық. Міне, менің бар жазығым осы, жолдас генерал.
Қарт генерал: - Иә, жазықтысыз жолдас аға лейтенант. (Күлімдеп)
Дұрыс- дұрыс, сәті түскен жұмыс болып, түнде жолыңыз болған екен. Сіздің мұныңыздан үш пайда тауып отырмыз: бірінші, немістердің саны 120 –ға кеміді, екінші, олар таң атқанша бірнеше жүз ауыр минасын айдалаға атып, бекерге шығын болды, мина қоры азайды. Үшінші, маңдайдан тимей шүйдеден тигеннен соң, немістер артымызда дүшпан жүр екен деп үрейленіп, көп ойға қалып, тыныш ұйықтамай, желкесін қорғауға күшін бөліп әлектенді. (Жарайсың!)
Серебряков: - Қарт генералға:
- Жолдас генерал, қол қоюыңызға даяр (бір жапырақ қағазды ұсынды).
Қарт генерал: Орнынан тұрып, еңкейіп оқып, қол қойды да, Бауыржан Момышұлына қарап: - Соғысқа батальонмен жиырма жеті рет кіріп, дұрыс ұрыс өткіздің. Бес рет дұшпанның қоршауынан қақ жарып алып шықтың. Қырғын соғыста сан рет сыннан өттің. Жас та болсаң, әскер атағын кіші де болса сеніп, жоғарылтып жаңа орынға тағайындап отырмыз. Барлық қызыл әскердің ішінде полкты басқарып, командир болған жалғыз сен-ақ деп айта алмаймын, бірақ та біздің армияда сеннен басқа полк командирі, аға лейтенант жоқ. Құтты болсын, ақылға салып, абыройлы іс істедің деп сенем! (Қағазды беріп, қолынан қысып ұстап). Жолың болсын! Сен полк командирі болдың, ол полктің ақылы, миы, басы.
2-кезең. «Жас зерттеуші» (Бұл кезеңде оқушылар өздері ізденіп, дайындап келген
шағын зерттеу жұмыстарын оқиды)
Бір-екі оқушының жазған мәліметтерінен келтірсек;
Мәншіктің орындаған жұмысы:
Бауыржан Момышұлы 1910 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданы, Көлбастау ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі-Момыш, шешесі Рәзия. Әкесі жаны жомарт, көзі ашық, көкірегі ояу кісі болған.Отбасыларында төрт қыздан кейін әкесі Момыш 50-ді еңсерген шағында Бауыржан дүниеге келіпті.
Ауылында мектеп болмаған соң көршілес орыс мектебінен барып, білім алады. 1921 жылы Шымкенттегі жеті жылдық мектепке түсіп, 1928 жылы бітіреді.Жиырмадан асқан кезінде ол міндетті әскери қызметке шақырылып, өзінің бүкіл болашағы Қызыл Армияда өтеді.
Бауыржан атамыз сұрапыл соғыстың басынан аяғына дейін қатысады.Б.Момышұлы басқарған бөлімшелердің жау шабуылын қайтарған ерлігі бір төбе. Оның батырлығымен де көзге түскені осы кез. 1941 жылы Москва түбінде 27 рет шайқас жүргізеді. 207 рет ұрысқа қатысып, 5 рет өлімнің құрсауында қалған, 2 рет өлімші болып жараланғаны туралы Ә.Нұршайховтың «Ақиқат пен аңыз» кітабында жазылған.
1955 жылы Армиямен қоштасып, 11 ай қызыл әскер, 14 ай взвод командирі, 9 ай атқыштар полк штабының бастығының орынбасары, 6 ай Республикалық әскери комиссияның аға нұсқаушысы, 5 ай батольон орынбасары, 8 ай атқыштар полкінің командирі, 9 ай двизия командирі, 5 жыл әскери академияда профессор болды.
Сандуғаштың орындаған жұмысы:
2015 жылы Ұлы Жеңіске 70 жыл толады. Осы қарсаңда Ұлы Жеңіс туралы ой толғамау мүмкін емес. Әрине, Ұлы Жеңістің тарихтан алатын орны ерекше. Бүкіл Кеңес халқының 20-25 миллионнан астам ержүрек ұлдары мен қыздары құрбан болды. Бұл соғыста миллиондаған әйелдер жесір, балалар әкесіз қалды,аналар ұлдарынан айырылды. Соғыстың қайғысы өзегін өртемеген , оның құрбандығына шалынбаған отбасы қалмады.
Фашистік қарақшылар 1710 жылы қала мен жұмысшы поселкілерін, 70 мың село мен деревняны құртып жіберді.
Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1млн. 70 мың адам қатысса, олардың басым көпшілігі ұрыс даласында қаза тапты, хабар- ошарсыз кетті.
Қазақстаннан құрылған әскери двизия басты жерлерде соғысты. Лениноград, Сталинград, Курск шайқастары сияқты соғыс барысында елеулі өзгеріс әкелген ұрысқа қазақстандықтар белсене араласады. Теңдесі жоқ ерлігі үшін 500 қазақстан жауынгерлері Кеңес Одағының батыры атағын алды.Екі рет батыр атағын алған Т.Бегелдинов, Н.Әбдіров, Шығыстың қос жұлдызы Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Қ.Қайсенов, Б.Момышұлы сынды ержүре батыр ағалар мен апаларымыз еді.
Ұлы Жеңіске атсалысуда тылдағы еңбекте апаларымыз бен аналарымыз әкелерімізден кем түскен жоқ. Уақытпен санаспай ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүріп Ұлы Жеңіске өз үлестерін қосқан. Міне, жеңіс оңайлықпен келген жоқ. 1418 күнге созылған бұл қатерлі айқастағы халқымыздың жанқияр ерлігі мен жеңіс тарихын ешкім де, ешқашан да ұмытпақ емес.
«Отан үшін отқа түс, күймейсің»-деген Бауыржан Момышұлы атамыздың ұлағатты сөзі, ұрпаққа үлкен тәрбие мектебі деп білеміз.
Сабақты бекіту:
3-кезең. «Жауынгер жазушы» (Бұл кезеңде Б.Момышұлының шығармашылық еңбектеріне байланысты тест жұмысын орындайды.)
1.Бауыржан Момышұлы неше жыл әскер қатарында болған?
А) 10 жыл
Б) 25 жыл
В) 28 жыл
Жауабы: Б
2. «Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам-опасыз, оңбаған адам... » бұл қанатты сөзді кім айтқан?
А) Қ.Қайсенов
Б) Б.Бұлқышов
В) Б.Момышұлы
Жауабы: В
3.Алғашқы кітабы қандай атпен жарық көрген?
А) «Офицер күнделігі»
Б) «Майдан»
В) «Бір түннің тарихы»
Жауабы: А
4. «Москва үшін шайқас», «Ұшқан ұя», «Майдандағы кездесулер», «Біздің генерал», «Бір түннің оқиғасы» кімнің еңбектері?
А) Ә.Нұршайыхов
Б) Б.Момышұлы
В) С.Бегалин
Жауабы: Б
5. Б.Момышұлы қандай оқу орнын бітірген?
А) Әскери академия
Б) Әскери учлище
В) Орта мектеп
Жауабы: А
6. «Ақиқат пен аңыз» кімнің шығармасы, кім туралы жазңған?
А) Ә.Нұршайыховтың еңбегі, Б.Момышұлы туралы жазған.
Б) Мекемтас Мырзахметұлының еңбегі, Б.Момышұлы туралы жазған.
В) Александр Бектің еңбегі, Б.Момышұлы туралы жазған.
Жауабы: А
7. «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту-бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген қанатты сөзді айтқан кім?
А) Ә.Молдағұлова
Б) М.Мәметова
В) Б.Момышұлы
Жауабы: В
8. Б.Момышұлына Кеңес Одағының батыры атағы қашан берілді?
А) 1990 жылы 11 желтоқсан
Б) 1991 жылы 1 желтоқсан
В) 1986 жылы 16 желтоқсан
Жауабы: А
9. Биыл Ұлы Жеңістің неше жылдық мерейтойы болмақ?
А) 65 жыл
Б) 70 жыл
В) 73 жыл
Жауабы: Б
10.Ана үшін аянба-ант ұрады,
Бала үшін аянба-бетің күйеді.
Ел үшін аянба-ерлігіңе сын,
Жұрт үшін аянба-жігіттігіңе сын.Мақалдың авторы кім?
А) Ә.Нұршайыхов
Б) Б.Момышұлы
В) С.Бегалин
Жапуабы:Б
Қорытынды, марапаттау. Қойылым кезеңінде ерекше өнер көрсеткен оқушыларды марапаттап, алғыс білдіремін.
Бағалау: Оқушылардың білімін сабақтың барлық кезеңінде қалай қатысып отырғандарына сай бағаланады.
Үйге тапсырма:
1-деңгей. «Бейбіт өмірдегі батырлық» тақырыбында шығарма жазу.
2-деңгей. «Біздің ауылдағы соғыс ардагері» тақырыбында ой толғау.
3-деңгей. «Батыр Бауыржан» сөзтуым құрастыр.
Достарыңызбен бөлісу: |