Тұжырымдар: 1. Фонетика – тіл білімінің дыбыстық жүйесін зерттейтін саласы.
2. Фонетикалық талдау – дыбыстық жүйені меңгертудің негізгі әдісі.
Тақырыбы: Лексиканы оқыту әдістемесі
Мақсаты: Тілдің сөздік құрамы мен қорын негізгі зерттеу нысанына алатын тіл білімінің жеке саласы – лексиканың толық жүйесін оқыту әдістерін студенттерге ұғындыру.
1. Лексиканы оқытудың мақсаты мен міндеттері
2. Лексиканы оқытудың ұстанымдары (принциптері)
3. Лексиканы оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер жүйесі
Дәріс мәтіні:
Лексиканы оқытуда сөзге үлкен мән беріледі. Тілдің ең кіші бөлшегі сөздің фонетикамен, морфологиямен, синтаксис және стилистикамен байланысын жете түсіндіру қажет. Оқушы сөз жүйесін түсіну арқылы тілдің орфоэпиялық және орфогорафиялық нормаларын саналы түсінуге, әр сөзді орынды қолдану арқылы өз ойын жүйелі, түсінікті жеткізуге үйренеді. Тілдегі сан алуан мағыналы сөздерді түсініп, талдап қолдануға тырысады. Көркем әдеби тілдің әуезділігін, әсерлілігін түсінуге дағдыланады.
Әдіскер А.Айғабылов лексиканы оқытудың маңызын былайша дәйектейді: «Ана тілінде сөйлей білген адамның барлығы да сол тілдің заңдылықтарын, қыр-сырын, сырсипатын толық біле береді деуге болмайды. Сондықтан лексиканы оқытудың практикалық маңызы зор».
Ғалым лексика бөлімінен саналы әрі тиянақты білім беру үшін бағдарламаға енген тақырыптардан теориялық және практикалық жағынан мәнін ашып алуға көңіл бөлген жөн, яғни лексиканы оқытумен орай мына үш мәселеге айрықша назар аудару қажет дейді:
1. Сөздің мағыналық топтары. Бұған сөз және оның мағыналары (тура мағына, ауыспалы мағына, көпмағыналылық), синоним, омоним, антоним сөздер жатады.
2. Әртүрлі қолданылу аясы жалпылама қолданылатын сөздер, сондай-ақ белгілі бір аяда қолданылатын сөздер (терминдер, диалект және кәсіби сөздер), көнерген сөздер мен неологизмдер.
3. Шығу төркініне қарай: қазақтың байырғы сөздері мен басқа тілден енген сөздер. Бұлар лексика бөлімінен оқушыларға тиянақты білім берумен бірге, мұғалімге де шығармашылықпен жұмыс істеуді міндеттейді.
Мектепте лексиканы оқыту негізінен 4 ұстанымға сүйенеді. Олар мыналар – сөз мағынасын шындықпен (зат, сын, сапа, сан, қимыл т.б.) салыстыру, лексикалық мағына мен грамматикалық мағынаны салыстыру, семантикалық-мағыналық ұстаным, диахрониялық ұстаным.