Тақырыбы: Көне Грециядағы дін Ежелгі гректер құдайлар көк пен жер астындағы өмірдің қай-қайсысында да маңызды рөл атқарады деп сенген. Уақыт өте келе бақи дүниеге мистикалық көзқараспен қарау қалыптасты.
Бұд ел – Зевс, Гера, Апполон, Посейдон, Афина сынды құдайлар мен түрлі мифология кейіпкерлеріне толы. Онда Олимптің аталмыш тұрғындарымен қатар, құдірет иелері мен қаһармандарға негізделген жүздеген культтер болды.
Адамдар ол құдайларға бүгінгі біздер сияқты белгілі бір себептермен құлшылық етті. Яғни, деніне саулық, басына амандық, ісіне береке сұрап, жақсы өнім тілеп, теңізге шыққанда жанымызды сақтай гөр деп жалбарынды. Көбінесе топтанып құлшылық жасайтын олар сый-сияпат пен құрбандық шалу арқылы құдірет иелерінің ризалығын аламыз деп сенді.
Адам өлгесін не болады? Бұл сұрақтың жауабын ежелгі адамдар Зевс пен Посейдонның бауыры, жер асты патшалығының құдайы – Аидтан іздеді. Алайда Аид көңілге медеу бола алмады. Гомердің айтуынша, ортасын қорқынышты Стикс өзені бөліп жатқан қара түнек Аид патшалығы – жұмыр басты пенделер ғана емес, көз жұмғаннан кейін батырлар да баратын қорқыныш мекені.
Cайып келгенде, адамның о дүниедегі жағдайына деген қызығушылық гректерде діннің жаңа түрлері мен жаңа культтерді қабылдауына түрткі болды. Енді олар бақи дүниеге үреймен емес, өзіндік таныммен қарай бастады. Құпияға толы тылсым культтер бақи дүниеде адамға серік болады деп сенді. Жұмбақ діни жоралғылар әспеттеліп әсерлі сахналанатын. Грекияның Самотраки аралында діншілдерге алаудың жарығымен жол сілтейтін құдіреті күшті құдайларды ұлықтау рәсімі негізінен түнде өткізілді. Оны орындамаған адам ажал құшады деп саналатын аталмыш рәсімдердің жұмбағы күні бүгінге дейін ашылған емес.
Б.д.д. төртінші ғасырда адамзат баласын күнәдан арылтамыз деп уәде беретін азаматтық діни қоғамдар пайда болды. Жаңа діннің негізі қалана бастағаны анық-тын. Монотеизм мен ескі наным-сенім қалдықтары христиан діні келгенде ежелгі әлеммен бірге сахнадан түсті. Ал олардың арасында адам болмысын бұзған тылсым рәсімдер де, құдіретті күш үкімін күткен түрлі тағдырлар мен Қасиетті Кітаптарға деген құрмет те бар еді.
Діни сенім Грекиядағы дін тамыры мыңдаған жылдар бұрынғы тарих қойнауынан бастау алады. Діни орындар белгілі бір ғибадаттар мен жергілікті құдайларға ғана емес, әртүрлі мерекелерге, сәуегейлерге, діндарлық пен рәсімдерден тұратын халық дәстүріне де арнап салынатын. Мысалы, Самотракидегі жұмбақ культтің салт-жоралғысы біздің дәуірімізге дейінгі алтыншы ғасырдан басталып, христиан діні етек жая бастаған кезге дейін жалғасып келді. Қасиетті орындар, сондай-ақ Олимп сынды құдайлардың аңыз мекені болғандығын еске салады.
Құдайлардың көңіл-күйі Гомердің суреттеуі бойынша, Олимптен басқаратын құдайлар мен әйел-құдайлар адам баласының ынтықтық, ашу-ыза, қызғаншақтық және арсыздық сынды қасиеттерін басқара алатын болған. Олар, тіпті, адам баласында жоқ қасиет – ажалсыз еді.
Көктен түскен белгілер Ақыл-кеңес іздеген гректер сәуегейлерге құдаймен тікелей байланыс жасайтын көз ретінде қараған. Олардың сұрақтарына берілген құдайдың жауабы тылсым түнек, құс, я болмаса найзағай, тіпті жапырақтардың сыбдыры сияқты түрлі жолдармен жетіп отырған.
Бірге құлшылық ету Ежелгі грек ауылдары мен аймақтарын ортақ діни жоралғылар біріктірді. Құдайға құлшылық ету әуелде көпшілікпен бірге жасалды. Бірақ өмірден мән іздеп, бақи дүниеде пейіште болғысы келгендер Құдайға жеке-дара жалбарына бастады.
Қасиетті жол Гректер жеке өмірлерінен мән және бақи дүниеден қорғаныш іздеген сәтте құпия культтерге жүгінетін. Самотраки аралындағы ғибадатханада діндарлар түрлі секталарға мағынасы бүгінге дейін белгісіз рәсім кезінде қабылданатын.
Өлілер құдіреті Өлілер о дүниеде жатып та жақсылық, я жамандық әкеледі деп сенген гректер құрмет көрсету арқылы ата-бабаларының ризалығын алуға талпынған. Олардың көпшілігі өлгеннен кейінгі тағдырым дінге деген дұрыс ниетіме тікелей байланысты деп ойлаған.
Бекіту сұрақтары:
Ежелгі гректердің о дүние туралы түсініктері қандай болды?
Көне Грецияның діні, мифологиясы және мистериалдық нанымдарын талдаңыз.