Өсу мен дамудың барлық адамдарға ортақ бірнеше зандылықтары бар: 1)өсу мен даму гетерохронды болады, яғни үнемі біркелкі болмайды;
2)мүшелер мен мүшелер жүйелерінің өсу мен даму қарқыны әртүрлі;
3)өсу мен даму баланың жынысына байланысты;
4) функциялық мүшелер жүйелері мен мүшелердің қызметтерінің биологиялық беріктігі немесе мықты болуы;
5) өсу мен дамудың тұқым қуалау қасиеттері мен сыртқы ортаның жағдайларына теуелділігі;
6) өсу мен дамудың акселерациясы.
Өсу мен даму адам өмірінде бірде жылдамданып, бірде баяуланады. Тіпті бір жылдың ішіндегі бойдың өсуі бірдей емес: бала жазда тез өседі, ал қыста нашар немесе түнде бой көбірек өседі, күндіз аз өседі. Мұны өсу мен дамудың гетерохрондылығы дейді (гетерос — әртүрлі, хронос — уақыт).
Өсу кезінде адам өмірінде үш рет күшейеді:
1.Туғаннан З жасқа дейін.
2.3-7 жас арасында.
3.Жыныстық жетілу кезеңінде.
Сонымен қатар, бала организміндегі жеке мүшелер мен мүшелер жүйесінің өсіп дамуы да гетерохронды түрде өтеді. Баланың алғашқы жылғы өмірінде миы тез өседі: бір жылдың ішінде салмағы 2-2,5 есе артады (жаңа туған бөбекте миының салмағы 360-390 г). 7 жасқа жеткенше оның миы ересек адамның миының 80-90 % шамасында болады. Мұның себебі – баланың сыртқы ортамен байланысы негізінен ми арқылы іске асады, барлық мүшелердің қызметі жүйке жүйесінің, әсіресе, орталық жүйке жүйесінің қызметіне тікелей байланысты. Ал лимфа ұлпаларының өсіп дамуы 10-12 жаста күшейеді, жыныс мүшелерінің өсіп жетілуі 12 жастан әрі қарай болады. Сол сияқты, бір мүшенің өсуі мен қызметінің дамуы да кезектесіп отырады: мүше өскенде қызметі онша дами қоймайды, мүшенің қызметі дамығанда ұзындыққа өсуі баяулайды.
Осыларға байланысты бала организмінің қажеттері үнемі өзгеріп отырады. Мысалы, мидың өсуі күшейгенде организм белокты көбірек қажет етеді. Сөйлеу қабілеті дамитын кезде бала басқа адамдармен қарым-қатынасты көбірек талап етеді, қимыл-қозғалыстары дамитын кезде мазасыз болады, көп қозғалады, көмірсутегісі көп тағамды талғайды.