1.1 Әдебиетке шолу Соңғы уақытта көпшілік арасында вакцинация, яғни екпе туралы әңгіме жиі айтыла бастады. Бұл, әрине, бүкіл әлемді дүрбелеңге салған коронавирус инфекциясының адамзатқа тажал сеуіп, ауыр зардап шектіріп, айылын жимай отырғанына тікелей байланысты туындап отыр. Вакциналау көптеген инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында ертеден-ақ кең қолданылып келеді. Ауруға қарсы егу шаралары ерте кезден басталған. Дүние жүзі бойынша шешекке қарсы вакцина қажет екендігі туралы сөз 1100 жылы Қытайда қозғалған. Араға жүздеген жылдар салып, яғни 1721 жылы тұңғыш рет Ұлыбританияда шешекке төтеп беретін дәрі шығару қолға алынады. Эдвард Дженнер 1796 жылы алғаш рет «вакцинация» (латын тілінен аударғанда вакцина сөзі «vacca» - сиыр, vaccіnus – сиырдікі, яғни сиыр оспасы деген сөзден бастау алды) сөзін енгізді. Сол жылы сиыр шешегіне қарсы вакцинаны қолданып, екпе жасайды. Уақыт өткен сайын кездескен түрлі жұқпалы ауруларға қарсы вакцинаны ғылыми тұрғыда дәлелдеп шығу үшін талай тер төгуге тура келді. Ізденімпаз ғалымдардың көп жылғы ерен еңбектері арқылы ауру түрлеріне қарсы вакциналар пайдаланылып келеді. Ол жылдар бойғы еңбектің нәтижесі .
Вакцинация балалар мен ересектерді полиомиелит, қызамық, қызылша, көкжөтел, гепатит, сіреспе, туберкулездің күрделі түрлері сияқты қауіпті аурулардан қорғауға көмектеседі. Оған басым көпшілік түсіністікпен қарайды. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерінде: «Алла Тағала ауруды жіберсе, оның емін де жібереді және емін тауып емделіңіздер» дейді. «Егер оба ауруы туған жерді білсеңіз ол жерге бармаңыздар. Ал соның ішінде болсаңыздар, ол жерден шықпаңыздар» деген де бар», дейді дін қызметкерлері. Вакциналарға қарсы адамдар әрдайым болғанымен, көпшілік XX ғасырдың ең үлкен денсаулық жетістіктерінің бірі ретінде вакцинациялауды қолдайды. Ұлыбританиядағы ислам дәрігері Абдул Маджид Катме мұсылман балаларын түрлі ауруларға қарсы вакцинамен егуге тыйым салды. Олардың ойынша, адам мен жануардың талшықтарынан жасалған дәрі-дәрмекке ислам діні қарсы. Мәселен, кейбір вакцинаның құрамында шошқа дірілдегі (желатин) бар екен. Ислам дәрігерлерінің басшысы Абдул Маджид Катменің айтуынша, сәбиді екі жасқа дейін емізу арқылы мұсылман балаларының ағзасы кез келген ауруға төтеп береді екен. Катменің бұл айтқан сөзін Нигерия, Ауғанстан, Пәкістан елдерінің дәрігерлері де қолдап отыр. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, осы елдерде вакцина қабылдаушылар саны артты .
Егулерге қарсы үгіттеу еліміздің кейбір аймақтарында әлі де тіркелуде. Ол халық денсаулығына үлкен зиян келтіруде. Мысалы, ТМД елдерінде 90-жылдары дифтерия сырқаты өршіген. Қазақстанда дифтерияның өршуі 1995 жылы тіркелді, онда республикада бір жылда дифтериямен 1 105 адам сырқаттанып, оның 66-сы қайтыс болды. Өршу жағдайы халықты вакциналау арқылы ғана тоқтатылды.
Вакциналау арқылы бүгінгі таңда 20-дан аса жұқпалы аурулардың алдын алуға болады. Оның барлығы Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген және оларды тегін алуда. Бірақ соңғы жылдары қоғамда егу мәселесіне теріс қарайтындар (әсіресе, діни ағымдар жетегінде жүргендер арасында), тіпті оған қарсы пікір айтатындар пайда болды. Оның тиімділігін теріске шығарып, жас балаларын індетке қарсы еккізбеудің салдарынан кей аймақтарда қауіпті инфекциялар бас көтеріп, сәбилерді ауруға ұшыратып, өлім-жетімге жеткізіп жатқаны өкінішті. Қазір де ковидке қарсы ем-шаралар арасында вакциналау ісі алдыңғы орында тұр. Біраз мемлекеттерде (АҚШ-та, Англияда, Ресей Федерациясында, Қытайда, Израильда, Германияда және т.б.) COVID-19 қарсы егу шаралары басталып кетті. Біздің елде де қасіреті мол аурудан қорғау мақсатында халықты жалпы вакциналау таяу айларда жүргізіледі деп күтілуде. Әдетте вакцина дайындау технологиясы мен өндірісіне 3-5 жыл керек, себебі вакциналар көптеген тестілерден өтеді және келесі тест алдынғы тесті нәтижелі болған жағдайда әрі қарай тестіленуі жалғастырылады. Бірақ қазіргі өмір талабына сай, ковидке қарсы екпе ауадай қажет болып тұрған сәтте, ғалымдар уақытпен санаспай, оның дайындау мезгілін барынша қысқартып, қысқа уақытта қолдануға берді.
Вакциналау дегеніміз не? Вакциналау – адам инфекция қоздырғыштарымен байланысқа түскенге дейін аурудан қорғанудың қарапайым, қауіпсіз және тиімді әдісі. Вакциналау ағзаның табиғи қорғаныс механизмдерін қолдана отырып, көптеген жұқпалы ауруларға төзімділікті арттырады және иммундық жүйеңізді күшейтеді. Аурулар сияқты вакциналар да иммундық жүйені арнайы антиденелер жасауға үйретеді. Алайда вакцинада тек ауру қоздырғыштарының – ауру тудырмайтын және онымен асқыну қаупін тудырмайтын қоздырғыштарының өлтірілген немесе әлсіреген түрі ғана бар. Вакциналардың көбісі инемен егіледі, дегенмен ауызға салынатын және мұрын аэрозольдері де бар. Вакцина егілген организмде ауруға қарсы иммунитет 2-3 аптадан кейін қалыптасып, бірнеше жыл бойы сақталады.
Елімізде профилактикалық егудің Ұлттық күнтізбесі бекітілген. Соған сәйкес әр емханада егу кабинеттері жасақталып, балаларға жоспарлы түрде вакцинация жүргізілуде .
Вакциналау несімен маңызды? Вакциналау – инфекциялық аурудың алдын алып, адам өмірін сақтап қалудың қауіпсіз және тиімді әдісі. Қазір дифтерия, сіреспе, көкжөтел, тұмау және қызылша сияқты аурудан қорғайтын вакцина бар. Жалпы алғанда, бұл вакциналар жыл сайын 3 миллиондай адамның өмірін әртүрлі дерттен қорғайды. Егер вакцина алсақ, біз өзімізді ғана емес, айналамыздағы адамдарды да қорғаймыз. Кейбір адамдарға, мысалы ауыр науқастарға белгілі бір вакцина алуға болмайды, сондықтан олар ауру таратпау үшін басқа адамдардың вакциналауына тәуелді. Бұл күндері COVID-19 пандемиясы кезінде вакциналау өте маңызды болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) COVID-19 тудырған қиындыққа қарамастан, иммунизация және денсаулық сақтау қызметін үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуге шақырды.
Вакцина қалай жұмыс істейді? Вакциналар қоздырғышқа иммунитетті қалыптастыру үшін табиғи қорғаныс механизмін іске қосу арқылы ауру қаупін азайтады. Вакциналау ағзаның иммундық реакциясын тудырады, яғни антиденелер шығара бастайды. Антидене – бұл ағзаның иммундық жүйесі аурумен күресу үшін табиғи жолмен түзілетін ақуыздар. Олар болашақта аурумен күресу үшін қоздырғышты есте сақтайды. Егер сол қоздырғыш ағзаға қайта енсе, иммундық жүйе аурудың дамуына жол бермей, оның көзін жояды. Адам бойындағы иммундық жүйенің есте сақтау қасиеті жақсы дамыған. Бір немесе бірнеше вакцина алғаннан кейін, белгілі бір аурудан ондаған жыл бойы, тіпті өмір бойына қорғаныш аламыз. Сондықтан вакцинаны тиімді етеді. Вакцина біздің ауырып қалуымызға жол бермейді. Қазіргі кезде алдын ала егудің нәтижесінде көптеген жұқпалы аурулар (мысалы шешек) жойылды. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жылына 500 млн адам жұқпалы ауруға шалдықса, оның 400 млн-дайы егілмегендер екені анықталып отыр. Сондықтан әр түрлі жұқпалы ауруларға қарсы күресте егудің маңызы зор екеніне еш күмән келтірілмейді.
Иммунды жүйе қызметі туралы білімнің жетіле түсуіне байланысты вакциналар қолдануы әрі қарай кеңейтілуде. Онкологиялық аурулардың иммунотерапиясына қолданатын препараттар өндіріліп жатқанын, тіпті жатыр мойнының қауіпті обырын болдырмау үшін екпе жүргізілетіні белгілі. Келешекте – аллергия, аутоиммунды аурулардың алдын алуына және емдеуге арнайы дайындалған вакциналар шығару міндеттері тұр.
Вакцина адам мен қауымды қалай қорғайды? Вакциналар иммундық жүйені вирус пен бактерияларды тануға, онымен күресуге үйретуге бағытталған. Егер денеге кейінірек осы патогендік қоздырғыштар әсер етсе, оны тез жоюға дайын болады, бұл аурудың алдын алады. Егер адам ауруға қарсы вакцина алған болса, жұқтыру қаупі төмендейді, демек, ауруды басқаларға таратуы азаяды. Қоғамда неғұрлым көп адамға вакцина егілсе, соғұрлым ауру қоздырғыштың адамнан адамға беру мүмкіндігі төмендейді. Егер халықтың көп бөлігіне вакцина егілсе, ұжымдық иммунитетке қол жеткізіледі. Бұл жұқпалы аурулардың таралуын бәсеңдетеді. Бірақ ұжымдық иммунитет көп адам вакциналанғанда ғана тиімді. Мысалы, сіреспе індеті қоршаған ортадағы бактериялардың әсерінен болады және оны басқа адамдар таратпайды. Сондықтан қоғамда көп адам вакцина алмаса, вакциналанбаған адам бұл аурудан қорғана алмайды. Вакцина алу қажет пе? Вакцина алмасақ, қызылша, менингит, пневмония, сіреспе және полиомиелит сияқты ауыр дертпен ауыратындар саны өсе түседі. Бұл аурулар адам өміріне, денсаулығына қауіп төндіреді. ДДҰ вакцина жыл сайын 2-3 миллион адамның өмірін сақтайды деп мәлімдейді. Кейбір инфекциялық ауру сирек кездессе де, оның қоздырғыштары әлемнің кейбір немесе барлық аймағында бар. Қазір әлемде жұқпалы ауруларда шекара жоқ, бір елден екінші елге оңай еніп, иммунитеті төмен кез келген адамға жұғады .
Вакцина алудың екі негізгі себебі: өзіңізді және айналаңыздағы адамдарды жұқпалы аурулардан қорғауға көмектеседі. Мысалы, жыл сайын штамын өзгертіп отыратын грипп, яғни тұмау ауруының тұрғындар арасында жеңіл өтуін қамтамасыз ету мақсатында күзде оған қарсы иммунизация жүргізіледі. Соның нәтижесінде, тұмау ел арасында асқынбай, жеңіл-желпі өтуде. Егер мұндай шара өткізілмесе, өткен ғасырда 50 миллион адамның өмірін жалмаған «испан тұмауы» сияқты, миллиондаған адам өміріне қауіп төнер еді. Бүгінде ковид инфекциясы әлемді шарлап кетті. Жүздеген мың (соңғы мәліметтер бойынша 1,5 миллионнан астам) адам КВИ-ден көз жұмып жатыр. Ғалымдар аурудың шығу тегін зерттеп, дертке қарсы ем-дом іздеп әлек. Оны жоюдың бір жолы – оған қарсы вакцина әзірлеп, халық арасында екпе жүргізу. «Вакцина неге керек?» деген сұраққа жауап осындай. Ресей ғалымдары әзірлеген «Спутник V» вакцинасы келісім бойынша Қарағандыда өндіріле бастады. Бұл адамдарды КВИ-ден қорғауға үлес қосады деп күтілуде. Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Гвардейск әскери кентіндегі Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ ғалым-мамандары коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеуді 2020 жылы қолға алған болатын. Заман талаптарына жауап беретін қондырғылар және күрделі технологиялық бағыттар көмегімен қазір оның бірнеше түрі дайындалып, екі кезеңділік сынақтан өтіп, енді үшінші клиникалық сынағы тәжірибе жүзінде Алматы (2 мың адам) және Тараз (1 мың адам) қалаларында еріктілер тобы арасында екпенің клиникалық қолдану жұмыстары басталды. Алғашқы нәтижелер жаман емес, вакцина адам денсаулығына қауіпті емес екен деген оңды мәліметтер бар. Ғалымдардың айтуынша, елімізде өндірілген вакцина тиімділігі жағынан шетелдік аналогтардан еш кем түспейді екен. Күні ертең елімізде дайындалған вакцина медициналық тәжірибеге енгізілетіні, еліміздің тұрғындарын ковид тәрізді қауіпті індеттен сақтауға елеулі үлес қосатыны күмән туғызбайды.