ҚАЗАҚСТАН БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
АЛМАТЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
БОӨЖ №12
Тақырыбы:''Қазақстанның қазіргі дамуының басымдылықтары аясындағы прагматизм философиясы'' (реферат)
Орындаған: Жанахмет Баубек
Тобы: ТмЖ 19-14
Тексерген: Бижанова Меруерт
Алматы, 2020ж
Жоспар:
Кіріспе
Негізгі бөлім
1)Прагматизм туралы жалпы түсінік.
2)Қазақы прагматизм философиясы
Қорытынды
Әдебиеттер тізімі
Прагматизм[1] (pragma — іс-әрекет) — қазіргі заманғы философиядағы субъективті-идеалистік бағыт. Прагматизмді таза АҚШтық философия деп түсінуге болады, ол күні бүгінге дейін АҚШ қоғамында ықпалға ие Американдық төл философия.Прагматизм терминін мәдени айналымға 19 ғ-дың 70-жылдары америкалық философ Ч.С. Пирс (1839 — 1914) енгізді. Прагматизм негізінде ақиқаттың мәнділігі оның прагматикалық тиімділігімен анықталады деген “прагматизм принципі” жатыр. Прагматизм іргелі ақиқатты іздестіру қажеттілігін мойындамайды және абстрактылы философиялық жүйелер жасаудан бас тартады. Мұның орнына ол нақты тәжірибе мен тілге негізделген, өзгеріп отыратын көптеген ақиқаттарды қарастырып, онда ақиқат практикалық нәтижелерінің құндылығына қарай анықталады.
Прагматизм терминін ғылымға енгізген Чарлз Пирс
Прагматизм бойынша қазіргі заман философиясы екі бағытта дауласуда, бірі рационализм (ақылшылдық), ол идеалды, сезімге бай, ақылға жүгінеді, үміткер, дінге сенеді, еркін ерік-жігерді дәріптейді. Енді бірі, эмпиризм (тәжірибешілдік), олар материалистер, суыққанды, сезімдік танымға мән береді, үмітсіз, атеист, себеп-салдар заңын (детерминизм) ұстанады. Прагматистер осы екеуінің арасынан жаңа жол тапқысы келеді, "тәжірибешілдік ойлау әдісі мен адамзаттық діни сенім дәстүрін лайықты үйлестіруді" дәріптейді.
Прагматистер шындыққа адал болуды жақтайды, бірақ дінге де сын айтқысы келмейді. Егер діндегі кейбір ұғым-түсініктердің тұрмыс үшін құнды екені мойындалса, онда діннің де рас екені дәлелденеді. Олар философиялық ойлауды жеке адамдық өмірдің нақты кешірмесіне дейін төмендетуді дәріптейді, бірақ діни сенімді сақтауды жақтайды. Олар әрі Дарвинизмді жақтайды, әрі дінді жақтайды, олар өздерін плюралистер деп атағанды ұнатады. Дегенмен, мысалы У.Джеймс те, басқа прагматистер де дінді этиканың тағаны деп есептемейді.
Прагматизм себепке қарағанда мақсатқа айырықша мән беруімен ерекшелеенеді. Олардың ойынша адам мақсат үшін өмір сүретін нәрсе. Адамның мақсаты адамның шындығын сомдайтын негізгі тетік. Ендеше мақсатты тану адамды танумен бірдей маңызға ие. Дегенмен, олар мақсат категориясы шегінде қамалып қалмай адамды өз мақсатына тегі қандай әрекет жеткізеді дегенді қазбалайды, мақсаттың адамда сенім болып орнығуына, белгілі бір әрекетте табысқа жеткізетін қозғалыс болып орындалуына айырықша назар аударады. Олардың ойынша ақиқат басқа емес, мақсатты дұрыс танытатын, адамға сенім беретін, практикалық тұрғыда адамды белсенді және табысты ететін білім. Егер кез келген білім адам үшіндік сипатқа ие болмаса, онда оның ақиқаттылығы да күмәнді. Ақиқаттың қайнары мақсатқа талпынған практика, ақиқаттың өлшемі, қозғаушы күші, бәр бәрі практика. Ендеше адамды өз мақсатына ең тез жылдамдықпен, ең қысқа уақытта, ең аз шығынмен, ең ыңғайлы жолмен мақсатына жеткізген нәрсе - шынайы құндылық, шынайы ақиқат. Адам баласы сондай ақиқатқа, құндылыққа талпынуы керек. Жалпы, АҚШ қоғамының табысты өмір салты қалыптастыруының негізгі тетігі прагматизмнің мақсатты негіз еткен өнімді қозғалыс идеясын ұстаным етуіне қатысты деп айтуға болады.
Прагматизмнің негізгі ұстанымдары:
білім шындықты меңгерудің құралы, шындықты өзгертуге болады;
нақты тәжірибе бәрінен маңызды, ереже мен ұстаным екінші орында;
сенім мен түсініктің рас-жалғандығы оның әкелген нақты игілігіне байланысты;
ақиқат идеяның табысты түрі, нәтижеге ие ететін, мақсатқа жеткізетін сана қозғалысы;
теория әрекеттің болжалды қорытындысы, ол да құрал. Оның құндылығы әрекетті табысты ете алуына қатысты;
адамның шындықты түсіндіруі шындықтың адамға пайдасы мен игілік өніміне байланысты;
әрекет ережеден маңызды, ол қатып қалған ережені үздіксіз бұзып отырады;
ұғымның мәні оның нәтижеге ие етуі, ақиқаттың құны оның қысқа уақытта, аз шығынмен, өте мол табысқа жеткізуі.
Сурет:William james small.png
У.Джеймс
Прагматизм — шапшаң әлеуметтік өзгерістер кезеңінде дүниеге келген практикалық философия, ол парасатты ой мен логикалық әдісті практикалық істермен астастыруға тырысып, тәжірибеге жүгінеді. У.Джеймс (1842 — 1910) өзінің “Прагматизм” (1907) атты еңбегінде “Прагматикалық әдіс… әрбір ұғымды тиісті практикалық нәтижелерімен түсіндіруге тырысады. Егер бұл ұғым емес, басқа бір ұғым ақиқат болған күнде де біреу үшін одан қандай практикалық мән болар еді” деген пайымдауды тұжырымдап, бұл философия туралы анық түсінік береді. Джеймс еңбектерінде прагматизм қандай да бір теориядан туатын “практикалық нәтижелерді” салыстыру жолымен филоселосы таласты шешу тәсілі және ақиқат теориясы ретінде тұжырымдалады: ақиқат дегеніміз — “біз үшін тиімді болатын, өмірдің әрбір сәтіне сәйкес келіп, біздің бүкіл тәжірибеміздің жиынтығымен ұштасып жатқан әрекет” дейді. Сөйтіп, прагматизмның “практика” мен ақиқатты субъективті тұрғыдан түсінуі оның ұғымды (идеяны) әрекет “құралы” (Дж. Дьюи) деп, ал танымды субъективтік “ақиқаттардың” жиынтығы (Ф.К.С. Шиллер) деп анықтама беруіне әкеліп тірейді. Бірақ прагматизм практикалық пайдалылық деп объективті ақиқатты практика өлшемімен дәлелдеуді емес, адамның жеке басының субъективті мүддесін қанағаттандыруды түсінеді. Шындықты түсіндіруде Прагматизм эмириокритицизммен үйлес “радикалды эмпиризм” позициясын ұстанады. Прагматизм объективті шындықты “тәжірибемен” барабар деп санап, танымның субектісі мен объектісін бөлуді тек тәжірибе шеңберінің ішінде жүргізеді.
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ХХI ғасырдағы ұлттық сананың өзгеруі бүгінгі қоғам дамуының басты талабы екенін көрсете отырып, оны экономикалық, саяси, рухани дамудың өзегіне, қозғаушы күшіне айналдырудың маңыздылығын атап өткен. Заман талабына сай біртұтас ұлт болу үшін Елбасы рухани жаңғырудың әдістемелік ұстанымдары мен қағидаларын, дүниетанымдық бағыттары мен құндылықтарын саралай отырып, өз көзқарасын оқырман назарына ұсынған.
Елбасы «бүгінгі радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс. Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу он жылдықтың ұраны болуға жарайды» деген ойды алға тартады. Сонымен, прагматизм идеологиясы – қазақ қоғамының басты қозғаушы күштерінің бірі, дүниетанымымыздың негізі, іс-қимылымыз бен ұстанымдарымыздың, құндылықтарымыздың темірқазығы. Қысқаша айтқанда, рухани жаңғырудың бағыттарын айқындайтын өмір сүру философиясы. Ол бәсекелікке қабілеттіліктің де, білім сапасы мен салтанат құруын да, жаңа сана үлгісін де, өмір салтымыз бен адами қатынастарымызды, санамыздың ашықтығы мен өзгеру бағытымызды айқындайтын парадигмаға айналмақшы.
Жалпы, оқырманға түсінікті болу үшін, «прагматизм» ұғымына сәл үңілген артық болмас. Прагматизм термині – іс, іс-әрекет дегенді білдіреді. Кейіннен, ХIХ ғасырда, ол америкалық философ Чарльс Пирстің атымен тығыз байланысты болды. Прагматизмді таза АҚШ-тық философия деп түсінуге болады, ол күні бүгінге дейін АҚШ қоғамында ерекше ықпалға ие. Прагматизмнің басты қағидалары: ақиқатты тиімділік тұрғысынан мойындау, нақты тәжірибе бәрінен де маңызды, адам мақсат үшін өмір сүреді, адам бірдеңеге қол жеткізу үшін салыстырмалы білім де жеткілікті, ақиқаттың өлшемі практика, іс-әрекетте жетістікке жету үшін күмәнді еңсеріп, сенімге ие болу, адам ақиқаттан бұрын сенімге ұмтылу керек деген қағидаларды ұсынады.
АҚШ қоғамының табысты өмір салты негізінде өнімді, тиімді қозғалыс идеясы жатыр. Мұндай философияның өзгерістер кезеңінде дүниеге келетінін өмірдің өзі дәлелдеді. Өмірдің әрбір сәтіне сәйкес келу, өмір сүре білу үшін өзгере білу және соған сәйкес әрекет ету, оны ұлттың жиған тәжірибесімен ұштастыру практикалық философияның өзегі десек те болады. Елбасының прагматизм философиясына назар аударып отырғандығының басты себебі де осында болса керек. Мақалада, ұлттың рухани жаңғыруының күре тамыры прагматизм ұстанымдарының ұлт санасына сіңуімен тікелей байланысты екенін, ол үшін қанымызға сіңген, ментальдық болмысымыздың сипатына айналған кейбір дағдылардан арылу қажеттігі туралы ой айтылады. Солардың бірі – аста-төк ысырапшылдық, даңғойлық, астамшылдық. Әу баста, бұл қасиеттен нарық құтқарады, ұлтты үнемшіл болуға, байлықтың құны мен қадір-қасиетін бағалауға үйретеді деген ой-пікірдің де болғаны белгілі. Нарық заманының ширек ғасырын артқа тастасақ та, әлі сол ысырапшылдыққа жол берудеміз. Үнемдеуді үйрене алмай келеміз. Ысырапшылдық – жеке тұлға, ұжым, әлеуметтік топ, тіпті мемлекет деңгейінде көрініп отырғаны мәлім.
Біздің әлі де болса, еңбекті, байлықты бағалай алмай жүргеніміз байқалады. Келген байлық адал еңбектің нәтижесі болса, маңдай теріңмен келсе, мүмкін ойланған болар ма едік? Байлық шашуды емес, жинауды, еселеуді, үнемдеуді қалайды. Байлықтың иесі мен киесі болады. Біздегі байлықтардың иесі болғанмен, киесі жоқ. Киесіз байлық кетуге, шашылуға дайын тұрады. Абай сөзімен айтқанда, «иттікпен тапқан малды, адамшылықпен жұмсайтын» уақыт жеткен тәрізді. Бұл – бүгінгі байлықты ұқсату мен жаратудың формуласы. Оның менталдық негізіне жататын қасиеттер – надандық, мақтаншақтық, жалған бақталастық пен бәсекелестік, шектен шыққан тұтынушылық психология. Бұл жағымсыз қасиет жеке бастың деңгейінен асып, қоғамдық нормаға айналып бара жатқаны да белгілі. Рухани жаңғырудың менталдық кедергілері де осында.
Елбасының прагматизмнің жарқын үлгілерін бабаларымыздың өмір салтынан іздеп, оны бүгінгі өскелең ұрпақтың мінез-құлықтық негізі, іргетасы ретінде қалыптастыру, бүгінгі ұлттық идеологияның басты бағыттарының бірі екенін баса көрсетуі өте орынды. Ұлт менталитетінде өзіндік орны бар құндылықтардың бірі үнемшілдік, қанағатшылдық. Соңғысы астамшылдық пен ысырапшылыққа жол бермеудің тегеріштері, тосқауылдары. Кезінде Макс Вебер өзінің «Протестанттық этика және капитализм рухы» атты еңбегінде ысырапшылдық пен астамшылдыққа жол бермеуді протестанттық этикадан іздегені белгілі. Еңбекқорлық, тәртіп адалдық, үнемшілдік кәсіпкерліктің рухани негізі ретінде қарастырылып, оларды протестантизм дінінің өркениеттік дамуға қосқан үлесі ретінде қарастырды. Адамдар бойындағы еңбекқорлық пен үнемшілдікті тек протестанттық діни этика қалыптастырды десек артық айтқан болармыз. Осындай астамшыл пиғылы үшін кезінде Макс Вебердің жоғарыда аталған еңбегін Люк Болтански, Эв. Кьяпелло, Хенрик Гроссман сынға алған болатын. Олай болса, еңбекқорлық, үнемшілдік, тәртіп, адалдық, кімге де болса ортақ қасиет. Ұлт мәдениеті неғұрлым осы жоғарыда аталған құндылықтарды адамдар іс-әрекетінің негізі ретінде қалыптастыруға ұмтылса, ықпалы мен пәрмені күшті болса, саналы түрде бағытталса, аталған құндылықтар солғұрлым адамдар санасы мен мінез-құлқында көрінері сөзсіз. Елбасының ұлт менталитетінсіз, мәдениетінсіз жаңғыру дегеніміз құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай деп отырғаны да осы.
Астамшылдық пен ысырапшылдыққа жол бермеудің озық үлгілері ұлт мәдениетінде, қазақтың мақал-мәтелдерінде, дүниетанымы мен философиясында сайрап жатыр. Мәселен, Абай өзінің қарасөздерінде, ішсем, жесем, ұйықтасам деп туатын бала емес, көрсем, білсем, үйренсем деп туатын баланы тәрбиелеп, оны білімге, ғылымға үйретіп, жеңдіріп, қанағатшылдық пен үнемшілдікке үйрету керектігін талай айтқан болатын. Сонымен қатар, ол мақтаншақтықтың түрлерін көрсетіп, «десін» дейтіндердің «демесін» дейтіндерден озып кету себебін іздеп, оның түбі надандық екенін, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерден озбақ. Одан басқа нәрселерменен оздым ғой, демектің бәрі де ақымақтық, – деп, ой түйген болатын.
Бұған қояр тосқауыл қайда? Тосқауыл – білім мен тәрбиеде. Бірақ, бізде білім жалаң. Бұл оның қазіргі кездегі басты ерекшелігі. Ол адам бойындағы ізгілікті еселеуге бағытталмаған. Ол үнемдеуді, рационалды өмір салтын құруды, соған сәйкес мінез-құлық салтанатын орнықтыруды үйретпейді. Себебі, қоғамда тұтыну психологиясын насихаттайтын ұстанымдар басым. Ол табиғат, жер, адам және қаржылық, технологиялық, экологиялық ресурстарымызды пайдаланған кезде көрініп жатады.
Білімнің гуманитарлық, тәрбиелік бағыты кейінге ысырылғаны соншалықты, жоғары оқу орындарында гуманитарлық, дүниетанымдық пәндер мен кафедралар жабылып, білімге жалаң утилитарлық көзқарас қалыптасып отыр. Абай: «ғылымсыз ахирет жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан руза, қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды », деген еді. Сол тәрізді, бүгінде гуманитарлық білімсіз, шынайы ғылымсыз прагматизмді тек жалаң пайда табудың көзі деп түсінсек тағы да қателескен болар едік. Білім беру жүйесінде прагматизм шынайы шығармашылықтың негізі және адам ойының қозғаушы күші бола алмайтыны тағы белгілі. Ал, бола қалған жағдайда мұндай білімнен өзіндік ойлау, дүниетанымдық құндылықтар шет қалады, білімге деген тұтынушылық көзқарас қалыптасады. Бұл үрдіс, әсіресе, ақпараттық қоғамда кең етек алып отыр. Соның нәтижесінде, жастардың дүниетанымы мен санасы басқа, жат идеологиялық ағымдардың ықпалына тез түсуде. Олай болса, білім беру жүйесінде қазақы прагматизм адамдардың тұлғалық қасиетін дамыту арқылы жүзеге асуы тиіс. Ұлттық мәдениетіміздің асыл құндылықтары негізінде тәрбиеленген, ұлттың рухани тамырынан нәр алған адам ғана, мына аумалы төкпелі заманда өмір сүру үшін өзгере алады және заман ағымындағы өзгерістерді дұрыс қабылдай біледі.
Сондықтан да, білім беру жүйесінде тұлғаны қалыптастыру декларация күйінде қалмай, нақты тұрғыдан іске асуы тиіс. Ондай адам мақсатшыл, нәтижеге қол жеткізу үшін еңбектенетін, өз тағдырының иесі. Ол өз өмірін жоспарлай алатын, стратегиялық тұрғыдан болашағын болжай алатын тұлға. Абай: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» демеп пе еді? Қазақы прагматизмнің ерекшелігі де осында. Елбасының прагматикалық философиясы осындай ойларға жетелейді.
Достарыңызбен бөлісу: |