2. Құнсызданудан алынатын зиянды тану. Құсызданудан алынатын зиянды қалпына келтіру (реверсирование). Активтердің құнсыздануынан болған залалдар баланстық құнның өтелетін құннан асуына тең. Өтелетін құн активтің таза сату және дисконтталған құндарымен (оны қолдану құны) анықталады. Таза сату құны есептен шығару бойынша тікелей шығындарды, қаржылық шығындарды және табысқа салынатын салықтарды шегеріп тастағандағы нарықтық баға бойынша анықталады.
Жекелеген активтердің құнсыздануынан болған залалдарды тануға және бағалауға қойылатын талаптар белгіленеді. Қозғалысқа келтіретін бірліктердің құнсыздануынан болған залалдарды тану және бағалау мәселелері.
Егер активтің өтелетін сомасы оның баланстық құнынан аз болған кезде ғана, баланстық құн активтің өтелетін сомасына дейін азайтылуға тиіс. Бұл азайтылу құнсыздану залалы болып табылады.
Қайта бағаланбаған актив бойынша құнсызданудан болған залал пайдалар мен залалдар туралы есепте танылады. Алайда, қайта бағаланған актив бойынша құнсызданудан болған залал, құнсызданудан болған залал осы активті қайта бағалаудан қосымша капиталдың өлшемінен аспаған жағдайда ғана осы активті қайта бағалаудан қосымша капиталдың азаюы ретінде тікелей танылады.
Құнсызданудан болған залалдың бағалау өлшемі ол жатқызылған активтің баланстық құнынан көп болған кезде, егер мұны басқа Халықаралық қаржы есептілігі стандарты талап етсе ғана, ұйым міндеттемені тануға тиіс.
Құнсызданудан болған залал танылғаннан кейін осы актив бойынша амортизациялық аударымдар активтің өзгертілген баланстық құнын бөлу үшін, оның жою құнын шегере отырып (егер ондайлар бар болса), оның қалған пайдалы қызмет мерзімінің ішінде жүйелі негізде болашақ кезеңдерде түзетілуге тиіс.
Құнсызданудан болған залалдар танылған жағдайда, кейінге қалдырылған барлық салықтық активтер немесе міндеттемелер 12-“Пайдаға салынатын салықтар” IAS Халықаралық стандартына сәйкес активтің өзгертілген баланстық құнын оның салықтық базасымен салыстыру арқылы анықталады.
Өтелетін құнның есебі активтер топтары бойынша немесе жеке активтер бойынша іске асырылады, ал мүмкін болмаған жағдайларда оларды анықтау – табыс әкелетін минималды активтер тобының шегінде пропорционалды есеп қолданылады.
Мысалы, жабдықты сатудың таза құны 500000 теңге, ал өтелінетін құны 540000 теңге. 540 000 теңге, 500 000 теңгеден көп болғандықтан, орнын толтыру құны 540 000 теңге болады. Егер активтің баланстық құны тестілеу күніне 600 000 теңгені құраса, негізгі құралдардың құнсыздануынан зиян 60 000 теңге (600000-540000) болады. Сонымен келесідей жазбалар жасалады:
Дебет шот 7420 «Активтердің құнсыздануы бойынша шығындар»
Кредит шот 2420 «Негізгі құралдардың амортизациясы және құнсыздануы»
Құнсызданудан болған залалдар қайта бағалау резервтері бойынша есептен шығарылады. Есептелген амортизация перспективті түрде түзетіледі – болашақ есепті кезеңдерде тиімді пайдалану мерзімі ішінде қайта есептеледі.
Активтердің құнсыздануынан болған залалдардың орнын толтыру қайта бағалау резервтеріне қосылады, осымен бірге қайта бағалаудан кейінгі баланстық құн қайта бағалауға дейінгі қалдық құнынан аспайды. Есептелген амортизация түзетіледі. Әдетте гудвилдар бойынша залалдардың орнын толытыру жүргізілмейді.
Түсініктеме жазбаларында сегменттер бойынша активтердің құнсыздануынан пайда болған залалдар ашып көрсетіледі.