Байланысты: 21.10.20 №11 сабақ. Қазақстан тарихы. Касымова Г.Н.
21.10.20 ж. № 11 сабақ. Тақырып: Қазақстан аумағындағы ерте мемлекеттердің саяси ұйымдасуы.
1.Түрік қағанатының құрылуы, дамуы және ыдырауы.
2. Батыс түрік, Түркеш қағанаты
3. Қарлұқ. Оғыз. Қимақ.
4. Қыпшақ мемлекеті.
Әрбір тайпаның өзінің белгілі аумағы болды. Жайылымдарды пайдалану және көші-қон жолдарын бөлу тайпа басшыларының құзырында болды. Бөліп берген үлестік жер, жайылымдар үшін тайпа көсемі жоғары билеушіге жыл сайын салық төлеп тұрды. Қоғамның қатардағы өкілдері, азат адамдар болды. Әскери-әкімшілік тұрғыдан ерте ортағасырлық мемлекеттер бірнеше үлестік-тайпаларға бөлінді немесе кейбір жағдайда 2 қанаттан (бөліктен) тұрды. Көшпелі қоғамда тайпалар одағынан мемлекеттік құрылымға өту кезеңінде күшті әскери билік дәстүрі үлкен рөл атқарды. Үлес-тайпа билеушілері әрі әскери қолбасшы, әрі әкімшілік басқарушысы болды. Әскери және әкімшілік биліктердің біріктірілуі олардың билеуші көсемдерінің саяси-экономикалық жағынан нығаюына әкелді. Барлық тарихи кезеңде Түрік, Түркеш, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ, Қыпшақ, Қарахан мемлекеттерінің бірін-бірі ауыстырып отыруын, бір жағынан, осылай түсіндіруге болады. Екіншіден, мемлекеттік құрылымдардың санғасырлық әлеуметтік-мәдени дәстүрлері қалыптасты. Жоғарыда аталған мемлекеттік этно-саяси бірлестіктер негізінде түркі халықтарының үнемі бірігіп бас косуға ұмтылғанын анық көреміз. Мемлекетті билеуші ақсүйектер тобында қатаң иерархия — қызмет адамдары мен әлеуметтік топтардың төменнен жоғары қарай бір-біріне бағыныштылық жүйесі қалыптасқанын байқаймыз. Әлеуметтік жағынан ақсүйек тайпалар мен оларға бағынышты тәуелді тайпалар болып бөлінген. Бағыныштылық әскери міндеткерліктермен алым-салық төлеумен қатар жүрді. Түрік қағанатында билік лауазымы 20-дан астам сатыдан тұрды. Жоғары билік мұрагерлік жолмен беріліп отырды. Хан мұрагеріне оның мөртаңбасы берілді. Бұл мөртаңба — мемлекеттіліктің нышаны болатын. Мұны ерте ортағасырлық мемлекеттердің мәнді белгілерінің бірі деп айтуға болады. VI—XIII ғасырларда Қазақстан аумағындағы ертедегі көшпелі түрік мемлекеттерінде мұрагерлік тікелей жолмен емес, сатылы түрде жүрді. Таққа үміткерлердің арасында жасы үлкендерінің артықшылығы көбірек. Егер билеуші қайтыс болса, таққа бірінші тікелей оның баласы емес, жасы үлкен інісі отыра алатын. Ал кейін XIV—XV ғасырлардағы Қазақстандағы ортағасырлық мемлекеттерде бұрынғы "сатылы жүйемен" қатар хан билігіне тікелей баласы мұрагер болу дәстүрі пайда болды. Көшпелілерде билеушінің бас ордасы — мемлекеттік және әкімшілік басқару орталығы. Өз кезегінде әр үлес билеушілерінің де қаған сияқты өз сарайлары, тұрақты ордалары бар. Әдетте, ірі үлестік жерлерді иеленушілер билеуші әулеттен болды. Олар жоғары билеушінің туған-туыстарынан тұрды. Жоғары басшы ішкі тәртіппен шекараларды қорғауды, сот үкімдерінің және әдеттегі құқық нормаларының орындалуын қадағалады.
VI ғасырдың басында бүгінгі қазақ жерінде аса күрделі бетбұрыстар орын алды. Алтай, Сібір, Монғолия жерінде түрік тайпаларының үстем тап өкілдері бірігіп, күшті әскер күшіне сүйенген Түрік қағанаты атты феодалдық мемлекет құрылды.