Батыс түрік қағанаттың астанасы Жетісу жеріндегі Суяб қаласында (қазіргі Тоқмақ қаласына жақын жерде), ал жазғы орталығы Мыңбұлақта (Түркістан төңірегі) болды. Батыс түрік қағанаты ежелгі үйсін жерін жайлап, Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді өздеріне қаратты. Сонымен қатар ол Шығыс түрік қағанатының Шығыс Түркістан және Орта Азияның Самарқанд, Бұқара тағы басқа қалаларын басып алды. Осы қалаларда қағанның орынбасарлары отырды.
Батыс түрік мемлекетінің бірінші басшысы – қаған жоғарғы билеуші, бүкіл жердің иесі болды. Жоғарғы лауазымдар – жабғы, шад және елтебер қаған әулетінен шыққандарға берілді. Сот қызметтерін бұйрықтар мен тархандар атқарды. Негізгі еңбекші халық – “қара бұдын” (қара халық) деп аталды. Жегуй қаған (610-618 жж.) мен оның інісі - Түн-жабғы қаған (618-630 жж.) билеген кезде қағанаттың күш-қуаты арта түсті. Тохарстан мен Ауғанстанға жасаған жаңа жорықтар мемлекет шекарасын Үндістанның солтүстік-батысына дейін кеңейтеді. Батыс түрік қағанаты мал және егін шаруашылығымен шұғылданды. Қалаларда сауда-саттық кеңінен өрістеді.
VII ғасырдың ортасына қарай он алты жылға (640-657) созылған қағанат ішіндегі өзара тартыс, тайпалар арасындағы соғыс қағанатты әлсіретеді. Осыны пайдаланған Таң империясы Жетісуды басып алып, онда таққа өз адамын отырғызады.
Түргеш қағанаты 704-756 жылдар аралығында өмір сүрді. Қағанаттың негізін қалаушы Үшелік-қаған болды. Қағандықтың территориясы Орта Азияның оңтүстік-шығысында Шаш (Ташкент) қаласынан Шығыс Түркістандағы Бесбалық, Турфан қалаларына дейінгі аралықты қамтыды. VI ғасырда Тянь-Шань таулы аймақтарында өмір сүрген түргештер VII ғасырда Жетісуға қоныс аударып, Батыс түрік қағанатының сол қанатының құрамына енген, халқы ең көп тайпа болған. Қағандық халқының этникалық құрамы негізінен сары және қара түргеш тайпаларынан тұрды. Жазба деректердің көрсетуі бойынша олар Шу, Талас, Іле бойларында өмір сүрген. Үшелік қаған өзінің негізгі тайпаларын екі Ордаға бөліп, басты орталығын Суяб қаласында, екінші ордасын Іле аңғарындағы Күнгіт қаласында орналастырған. Батыс түрік қағандығының құрамында болған басқа да түрік тілдес тайпаларда түргештердің құрамына енген. Саяси әкімшілік билік қағандықтың ең жоғарғы билеушісі бас қағанның қолында болды. Үшелік қаған қағанатты 20 әкімшілік аймақтарға бөліп, әр аймақта 7 мыңнан әскер ұстады.
706 ж. Үшелік қаған қайтыс болып, оның орнына баласы Сақал қаған (706-711 жж.) отырды. Сақал қаған тұсында мемлекет ішінде бірлік болмай қаған билігі үшін сары және қара түргеш тайпаларының арасында талас-тартыс басталды. Оның үстіне қағанатқа батыстан арабтар, оңтүстіктен қытайдың Таң империясы, шығыстан Орталық Азия түріктері қауіп төндірді. Ішкі тартыстардың барысында қара түргештер жеңіске жетіп, олардың көсемі Сұлу-қаған (715-738 ж.ж.) билікке келеді. Оның тұсында Түргеш қағанаты күшейіп, нығайды. Мемлекет астанасы Талас (Тараз) қаласына ауысады. Сұлу қаған мемлекет ішінде тыныштық орнатып, бар күшті батыстағы арабтарға қарсы жұмылдыруға мүмкіндік алады. 723 жылы түргештер Ферғана қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен бірігіп арабтарға күйрете соққы берді. Бірақта арабтар 732 жылы түргештерді ығыстырып, Бұхара қаласын басып алады. 737 жылы Сұлу қаған арабтарға қарсы жорық ұйымдастырып Тохарыстанға дейін жетті, бірақ көп ұзамай жеңіліп, қайтар жолында өзінің қолбасшыларының бірінің қолынан қаза табады. Сұлудың орнына оның баласы Тұқарсан Құтшар қаған болды. Оның тұсында қағанат ішінде сары және қара түргештер арасында билік үшін 20 жылға созылған ұзақ күрес басталып, қағандықтың саяси және экономикалық жағдайы мүлдем әлсірейді.