Дао ағымы Конфуцнй іліміне қарсы шыққан тағы да бір атаулы философиялық мектептің ілімі даосизм деп аталады. Даоның қазақшасы «жол» деген сөз. Бұл ілімнің негізін қалаушы б.ж.с.д. VI ғасырда өмір сүрген Лао-цзы. Бұл «кәрі ұстаз» деген ұғымды білдіретін лақап ат. Ал шын аты-Ли Эр. Көне Қытай ескерткіштерінде аты аңызға айналған Лао-цзы б.ж.с.д. 604 жылы туған деген мағлұмат бар. Бірақ көптеген Қытай зерттеушілерінің өздері бұл мағлұматтың шындығына күмән келтіреді. Лао-цзы 160-200 жыл ғұмыр кешкен деген де мәлімет бар. Ол патша сарайында тарихшы, мұрағат меңгерушісі болып қызмет атқарған. Қартайып қалған кезінде Конфуциймен кездесіп сұхбаттасқан да екен. Лао-цзы өзінің ілімінде, негізінен алғанда, үш қағидаға сүйенеді, олар - дао, дэ, у-вэй. Дао - әлемдегі заттар мен құбылыстардың сапасы мен қасиеттері. Дао тек дэ арқылы белгілі болуы мүмкін. У-вэй қағидасы әрекетсіздікті білдіреді. Ол - даоға кереғар қағида. Дао - өмірдің қайнар көзі, белсенділіктің үлгісі. «Дао» - заттардың өмір сүру заңы «цимен» бірігіп, әлемнің түпнегізін құрайды. Әлемде барлығы қозғалыста болады, олар үнемі өзгеріп отырады, тіпті, осы өзгерістердің нәтижесінде заттар мен құбылыстар өздерінің қарама-қарсылығына айналып отырады. Айталық, суық жылиды, сұйық қатады, жақсылық жамандыққа айналады т.с.с.