5. Информатиканың әлеуметтік аспектілері
“Әлеуметтік аспектілер” терминін көптеген ғылымдарға, соның ішінде
фундаменталды ғылымдарға қолдану үйлесімсіз екені белгілі. Айталық, “Математиканың
әлеуметтік аспектілері” деген сөйлемнің еш мағынасы жоқ. Алайда информатика – тек қана
ғылым емес, жоғарыда айтылғандай, “...өндірістік, коммерциялық, әкімшілік және
әлеуметтік негізде бірлесе әрекет ету кешені”.
Қоғамды ақпараттандыру – ақпараттық технологияларды қоғамның барлық өмірі мен
іс-әрекет ету салаларына ендіру процесі. Көптеген әлеуметтанушылар мен
саясаттанушылар әлемнің ақпараттық қоғам сатысында тұрғанын айтуда. В.А.Извозчиков
мынадай анықтама береді: “Ақпараттанған” (“компьютерленген”) қоғам ретінде біз сол
қоғам мүшелерінің барлық өмірі мен іс-әрекетіне компьютер, телематика, кітапханалардың
бағалы қорына қол жеткізе алатын, есептеулерді орасан шапшаңдықпен жүргізетін, кез
келген ақпаратты өңдей алатын, нақты және болжам оқиғаларды, процестер мен
құбылыстарды моделдей алатын, өндірісті басқара алатын, оқытуды автоматтандыратын
информатиканың басқа да құралдарын интеллектуалды ой еңбегінің құралы ретінде
енгізуді түсінеміз”. “Телематика” - ақпаратты ара қашықтықтан (дәстүрлі телефон,
телеграфтан басқа) өңдеу құралдары.
Соңғы жарты ғасырда ақпараттандыру – адамдардың тікелей материалдық өндірістен
ақпараттық салаға қарай бет бұруының ең басты себебі болып отыр. ХХ ғасырдың
ортасында дамыған елдердегі өндірістік жұмысшылар мен шаруалар бүкіл халықтың 2/3-
ден астам бөлігін құраса, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 1/3-ден кем. Уақыт өткен сайын “ақ
жағалылар” деген атқа ие болған, яғни тікелей материалдық құндылықтар жасамайтын,
керісінше ақпаратты өңдеумен айналысатын адамдар саны көбеюде: оларға мұғалімдер,
банк қызметкерлері, программистер және т.б. қызметкерлер тобы жатады.
Ақпараттандыру өндіріс пен ауыл шаруашылығының дәстүрлі салаларының келбетін
де өзгертті. Өндірістік роботтар, станоктар жай құралға айналды. Ауыл шаруашылығы
өндірісіндегі жаңа технологиялар тек еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, ондағы
еңбекті жеңілдетеді, білімді адамдарды шоғырландырады.
Осылайша, компьютерлендіру мен ақпараттық технологиялар әлемге тек қана
жақсылық алып келетіндей көрінгенмен, мұның “көлеңке” тұстары да бар. Бұл бір жағынан,
көптеген адамдардың материалдық және интеллектуалдық деңгейін, білімді адамдар санын
көбейтсе, екінші жағынан, жоғары әлеуметтік тартыс тудырады. Айталық, өндірісте
өнеркәсіптік роботтардың пайда болуы көптеген адамдарды жұмыссыз қалдыруы мүмкін.
Соған байланысты мамандық номенклатурасы да өзгереді. Көптеген адамдар не
мамандығын, не жұмысын ауыстыруына тура келеді.
Информатиканың жедел дамуы демократиялық қоғам үшін қауіпті келесі процестің
пайда болуына әкелді, яғни әрбір азамат жайлы барлық мәліметтер әр түрлі деректер
банкісінде (мемлекеттік және мемлекеттік емес) жинақталуы. Бұл деректерде адамның
жұмысы, денсаулығы, мүлкі т.б. туралы құнды деректер жинақталатындықтан және ол
басқа тұлғаларға (мемлекет немесе қылмыскер) белгілі болуы мүмкін жағдайда бұл
құбылыс өте қауіпті.
Міне, осындай теріс әлеуметтік жағдайларды үкімет пен қоғам үнемі естен шығармай,
басқа да механизмдерді қарастыруы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |