Тақырып: Инновациялық экономика.
Соңғы жылдары әлемдік экономикада білім мен инновацияны маңызды экономикалық ресурстар ретінде пайдалану базасында экономикалық өсудің жаңа типі қалыптасты. Қазір материалдық игіліктерді жасау көп жағдайда ғылымның жалпы деңгейі мен техниканың прогресіне немесе осы ғылымның өндірісте қолданылуына тәуелді. Дамыған елдердің экономикасын қазіргі уақытта индустрияланудан кейінгі ақпараттық немесе білім экономикасы, болмаса қызмет көрсету технологиялық экономикасы деп анықтайды. Басқа да анықтамалар бар, бірақ, бастысы, қазіргі экономиканың мықты инновациялық құрамдас бөлігі бар. Сондықтан, егер біз әлемдік экономикаға тең түрде ықпалдасқымыз келсе, егер жаһанданудың талаптарына өзімізге пайдалы жағынан бейімделгіміз келсе, онда өзіміздің дамуымызда бұдан әрі қарай да тек табиғи ресурстарға иек артпауымыз керек. Қазақстанның экономикалық өсудің және бәсекеге қабілеттілікті күшейтудің стратегиялық факторы ретіндегі айтарлықтай ғылыми және білім беру әлеуеті бар. Оны адами интеллектінің, ғылыми-техникалық нәтижелердің жетістіктерін өмірге келтірудің арнасы болып табылатын инновациялар арқылы нарықтық экономикада қозғалысқа келтіруге болады. Қазіргі экономикада инновациясыз бірде-бір түбегейлі міндетті шешу мүмкін емес. Әр ел өз экономикасының, даму деңгейінің ерекшеліктерін есепке ала отырып, жаһандық инновациялық экономикада өз тетігін табады. Қазақстанның артықшылықтары – дамыған іргелі ғылым, білім берудің, әсіресе, математикалық, жаратылыстану-ғылыми және техникалық білімнің жоғары деңгейі. Мамандардың кең ой-өрісі, ғылыми және технологиялық мәселелерді шешудегі тәсілдердің тривиалсыздығы іргелі тиімділікке негізделген қағидатты түрдегі жаңа, озық технологияларды жасау үшін қолданылуы мүмкін. Осы артықшылықтар біздің еліміздің инновациялық экономикаға көшуінің алғышарттары болып табылады. Инновациялық экономиканың қалыптасуы Қазақстанның ХХІ ғасырдағы дамуының баламасыз нұсқасы болып табылады. Экономикалық дамудағы жеткен жетістіктер, саяси және әлеуметтік тұрақтылық Қазақстанның әрі қарай дамуын тұрақты, заманауи және перспективалы негізге қоюға мүмкіндік береді. Қазақстан тарихи көлемдегі алға секіру алдында тұр, оның алдында тауарлардың, қызметтердің, еңбек ресурстарының, капиталдың, заманауи идеялар мен технологиялардың әлемдік рыногының бөлінбес және динамикалы бөлшегі болу міндеті тұр. Осы жолдағы негізгі міндеттердің бірі «білім экономикасы» негіздерін қалыптастыру, жаңа технологияларды қолдану, инновациялық экономиканы дамыту болып табылады. Ол үшін меншікті, адами капиталды дамыту, елдің интеллектуалдық әлеуетін нығайту талап етіледі. Бұл ғылым мен білім беру ісінің алдына үлкен міндеттерді қояды, оларды дамытуда радикалды өзгерістерді талап етеді. «Инновациялы Қазақстан-2020» форумында сөйлеген сөзінде Президент Н.Назарбаев бізге инновациялық дамудың ұзақ мерзімді және бүтін стратегиясы қажет екендігін атап өткен болатын. Мәселенің осылай қойылуы әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді, оның көрсетуі бойынша нарық инновациялық белсенділікті ынталандыруда маңызды рөл ойнағанымен, ол инновацияның ырғақты дамуын қамтамасыз ете алмайды. Мемлекеттің реттеуші рөлі барған сайын маңыздырақ болып келе жатыр, ол, бір жағынан, инновациялық қызметтің ұзақ мерзімді даму стратегиясын әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасымен бірге қалыптастыра отырып, екінші жағынан, инновациялық қызметті қолдау және ынталандыру бойынша нақты шараларды жүзеге асырады. Осындай тәсілді қолдану арқылы Қазақстанда қарқынды индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Инновациялық дамудың бастапқы тізгіні ғылым болғандықтан, осы саланы инновациялық даму үдерістеріне қосу шаралары маңызды бағыт болуы керек. Бұл жерде Қазақстан ғылымы алдымыздағы басымдықты салаларды дамыту бойынша нақты ғылыми-технологиялық міндеттерді шешуге бағытталған, қалыптасып келе жатқан ұлттық ғылыми-инновациялық жүйеге сәйкес келуі керек. Қазақстандағы ғылымның дамуының қиын мәселелерінің бірі оның қаржыландырылуы болып табылады. Ұзақ уақыт бойы бұл сала қаржыландырудың жетіспеушілігін сезініп келді. Соңғы жылдары жағдай жақсарып келеді, дегенмен, ІЖӨ-ге шаққанда ғылымға кететін шығындар үлесі бойынша еліміз әлі төмен деңгейде. Ғылымды қаржыландыру мәселелері шығындардың абсолютті көлемінің өсуімен шешілмейді. Қаржыландыру механизмдерінің өздерін өзгерту қажет. Қаржыландырудың ұлғаюымен бірге, іске жарамды ұйымдардың шектеулі тобын қолдау үшін ресурстарды жинақтау мақсатында тура бюджетті алушылар санын шектеу қажет. Сондықтан, «Ғылым туралы» жаңа заңға сәйкес ғылымды қаржыландыруды ұлғайтумен бірге ғылымды қаржыландыру тәсілдері өзгертілді. Ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың үш тәсілі енгізілді: гранттық – елдің ұлттық басымдықтарына сәйкес келетін ғылыми жобаларды қаржыландыру; бағдарламалық-мақсаттық – стратегиялық бағыттар бойынша қаржыландыру; базалық – мемлекеттік тапсырмалар арқылы ғылыми ұйымдар үшін қаржыландыру. Ғылымның реформалануының маңызды бағыты ғылыми қоғамдастықтың ғылыми саясаттың қалыптасу үдерісіне қосылуы болып табылады. Атап айтсақ, Білім және ғылым министрлігі жанында шетелдік сарапшылардың қатысуымен Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама (МҒТС) және салалық министрліктердің, бизнес-қоғамдастықтарының, ғылыми қоғамдастықтың және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен ғылыми кеңестер құрылған. Ғылыми өтінімдерді енді ғалымдар, оқу орындары мен ҒЗИ бере алады, бұл қойылған міндеттерді шешудегі ғылыми еркіндікті білдіреді. Шетелдік сарапшыларды тарту арқылы МҒТС жаңашылдық, перспективалық және ғылыми негізделуге техникалық сараптама жүргізгеннен кейін ғылыми кеңестер зерттеулердің басым бағыттары бойынша грант беру туралы шешім қабылдайды. Университеттік ғылым алдына да үлкен міндеттер қойылды. Жоғары оқу орындарын ғылыми зерттеулерге белсенді тарту үшін жоо, ҒЗИ мен ғылыми орталықтар арасында бірыңғай ғылыми желі құрылады, сонымен бірге, гранттарды алу үшін конкурс шарттарының теңдігі қамтамасыз етілген. Ұлттық ғылыми-инновациялық жүйенің орталығы Астана қаласында ашылған Жаңа университет (Nazarbayev University) болады. Оның базасында Қазақстанның ірі университеттерінің қосылуымен зерттеу орталықтарының, ұлттық зертханалардың желісі, инжинирингтік, жобалық-құрастырушылық бюросы жасалатын болады. Басты міндеттердің бірі қолданбалы зерттеулердің, талдамалар мен инновациялардың нәтижелерін экономиканың нақты секторлары қажеттілігіне бағдарлау болып табылады. Маңызды элемент өнеркәсіп тапсырыстары бойынша ғылыми-технологиялық бағдарламалар аясында зерттеулерді мемлекеттік қаржыландыру және бірге қаржыландыру, сонымен қатар, қолданбалы ғылыми зерттеулер, тәжірибелік-құрастырушылық талдамалар мен инжинирингтік жұмыстарды жүргізуге шағын және орта бизнес субъектілерін тарту болады. Ғылыми инфрақұрылымды дамыту технологиялық және инновациялық құрамдас бөліктер мүмкіндіктерінің кеңейтілуімен байланыстырылады. Аталған мақсатқа жету үшін ғылыми-зерттеу және инжинирингтік ұйымдардың дамуына мемлекеттік қолдау көрсету белгіленген. Жетекші университеттер жанында бизнеспен бірлесе отырып, жаңа ғылыми-зерттеу құрылымдары, мысалы, институттар, зертханалар мен R&D орталықтары ашылатын болады. Бұл қолданбалы зерттеулер мен өнеркәсіп тапсырыстары бойынша талдамаларға профессорлық-оқытушылық құрамды, докторанттар мен студенттерді тартуға және іс жүзінде ғылымның, білімнің және өндірістің ықпалдасу қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ірі университеттер, ғылыми орталықтар, кәсіпорындар, отандық және шетелдік инвесторлар және басқа да инновациялық өндіріс пен технология трансфертімен айналысатын құрылымдар арасындағы байланыстардың дамуы үлкен мәнге ие. Мұнда инновациялық кластерлер жасауға негізгі зейін қойылатын болады. Нәтижесінде білім беру мекемелерінде инновациялық қызметті айтарлықтай белсендіруге қол жеткізілетін болады, ғылымның, білім беру мен өндірістің ықпалдасуы сапалы жаңа деңгейге көтеріледі.