Тапсырма 1 Гемагглютинация реакциясын (ГАР) жиі жағдайда вирустық ауруларды анықтауда қолданады. Бұл реакцияда вирустар эритроциттердің беткейіне адсорбцияланып, олардың бір бірімен желімденуіне негізделген. Гемагглютинацияның белсенділігі телімді қан сарысуларының көмегі арқылы іске асырылады; құрамында белгілі бір ауру қоздырушысына телімді қан сарысуы болған жағдайда гемагглютинация құбылысы байқалмайды.
ГАР қою техникасы. ГАР қою үшін құрамында вирусы бар материалдарды пайдаланады. Реакцияны жүргізер алдында зерттеуге алынған вирусы бар материалды ірі бөлшектерінен ажырату үшін 2000 айн/мин 15-30 минут бойы центрифугалайды немесе сүзгіден өткізеді.
Алдымен шыны түтіктерге 0,5 мл-ден физиологиялық ерітінді құяды. Бірінші түтікке 0,5 мл зерттеуге алынған материалды қосып, араластырғаннан кейін, бірінші тұтіктен 0,5 мл суспензияны екіншісіне, одан үшіншісіне және келесілеріне (1:2048 дейін және одан жоғары) үлестіреді. Сосын әр түрлі сұйылтымдардағы вирусы бар барлық шыны түтіктерге 0,5 мл 1% эритроцит сұйықтығын қосады. Спонтанды гемагглютинацияның алдын алу үшін эритроциттедің бақылауы қатар қойылады. Ол үшін 0,5 мл физиологиялық ерітіндіге 0,5 мл 1% эритроцит сұйықтығы қосылады. Шыны түтіктер тұрған штативті жақсылап шайқағаннан кейін бөлме температурасында 20-30 минутқа (тауық эритроциттерімен қойғанда) немесе 60 минутқа (сүт қоректілер эритроциттерін пайдаланғанда) қалдырады.
Гемагглютинация құбылысы байқалған жағдайда эритроциттер шыны түтіктердің түбіне қарай біркелкі жайылып, жұқа пленка тәрізді (қолшатырға ұқсас) тұнбаға түседі. Агглютинация құбылысы байқалмаса эритроциттер шыны түтіктің түбінде кішкене түйме тәрізді тұнады.
Эритроциттердің шөгу уақыты реакцияға пайдаланылған қоспалардың көлеміне, эритроциттердің түріне және температураға байланысты болады (жағары температурада эритроциттер тез шөгеді). Оң реакция нәтижесі эритроциттердің тұнбаға түсуіне байланысты келесі көрсеткіштермен бағаланады: +++ - эритроциттердің қарқынды және тез агглютинациялануы; ++ - эритроциттердің агглютинациялану қарқындылығы төмен болғанда; + - шыны түтік түбінде болар-болмас эритроциттердің агглютинациясы байқалғанда. Реакция теріс болғанда эритроциттер шыны түтік түбінде түйме тәрізді тұнба түзеді
Гемагглютинацияны тежеу реакциясы (ГАТР) ауру қоздырушыларының (нькасл, құс тұмауы вирусы, т.б.) эритроциттерді агглютинациялау белсенділігін антиденелердің көмегімен бейтараптауға негізделген. Бұл реакция жаңадан бөліп алған штамдарды идентификациялау, ретроспективті балау, постинфекциялық иммунитетті анықтау, жануарлардың иммунологиялық күйлерін айқындау үшін қолданылады. ГАТР вирус пен қан сарысуының қоспасына эритроциттерді қосу арқылы іске асырылады. Егер қан сарысуының құрамында телімді антиденелер болмаса эритроциттер вируспен агглютинацияланады, ал телімді антиденелер болған жағдайда гемагглютинация құбылысы байқалмайды.
ГАТР қою техникасы. Қан сарысуларының екі еселенген сұйылтымдарын (1:10 нан 1:1280 және одан жоғары) әзірлеу үшін барлық шыны түтіктерге 0,2 мл физиологиялық ерітінді құяды. Бірінші түтікке 0,2 мл зерттеуге алынған қан сарысуын (1:5 қатынасындағы) қосып, араластырғаннан кейін, бірінші тұтіктен 0,2 мл суспензияны екіншісіне, одан үшіншісіне және келесілеріне үлестіру арқылы титрлейді. Сосын барлық шыны түтіктерге 0,2 мл вирус суспензиясын (1:40 қатынасындағы) қосып, жақсылап шайқап, 30-60 минутқа қалдырғаннан кейін 0,2 мл 1% эритроцит ерітіндісін қосады да қайта шайқап, 30-60 минуттан соң реакция нәтижесін оқиды (инкубация уақыты мен температурасы вирустардың түрлеріне байланысты).
Зерттеуге алынған үлгілермен қатар қан сарысуы (0,4мл 1:10 қатынасындағы қан сарысуы + 0,2 мл эритроцит суспензиясы), эритроциттер бақылауы (0,2 мл эритроцит суспензиясы + 0,4 мл физиологиялық ерітінді), гемагглютинациялау бірлігінің бақылаулары қойылады. Гемагглютинацияны тежеу реакциясы нәтижесін эритроциттердің шөгу деңгейіне қарай анықтайды.