Аврелий Августин Ә у л и е (354-430) - христиандық теолог, «шіркеу аталарының» (католиктерде) бірі, христиандық дүниетаным жүйесін жасаған әулие. Христиандық әлемде дін және философия мәселелері бойынша шексіз беделі болған және «Ұстаз» деген атаққа ие болған. Антиктік мәдени мұра мен оған христиандықтың қатысы туралы пікірталаста сенім мен ақылдың үйлесімдігі туралы ілімді тұжырымдап, «Қасиетті Жазу» мен «Қасиетті Өсиеттің» күмәнсіз беделдігін мойындай отыра, адамның діни өміріндегі ғылым мен философияның рөлін кемітпеді. Августин жүйесіне рухани бастауларды әсірелеу тән. Адам үшін, дейді ол, Құдай мен дүние арасында таңдау бірден-бір абыройлы құндылық болып табылады. Адам тіршілігі құндылықтарының арасында ылғи жақсы көріп аялайтын игіліктер мен тек пайдалануға жарайтындарын бөлуге болады. Біріншісіне тіршіліктің бастауы болып табылатын абсолютті жақсылық ретінде Құдайды сүю жатады. Екіншісіне адамзат мәдениетінің жемістері мен нақтылы дүнияуи игіліктерді қосуға болады. Оларсыз тіршілік ету мүмкін емес. Бірақ оларға үйреніп, жақын көруге болмайды. Августин Құдайға біртіндеп жақындатып, тән мен жанды тазартатын, аскеттік сипатта болатын «катарсис» жүйесін тұжырымдады. Августиннің мәдениетке деген көзқарасы «Құдай қаласы туралы» еңбегінде берілген. Ол екі адамдық қауымдастықты бөліп қарастырады: «Жер қаласы» — Құдайды ұмытқан өзімшілдікке негізделген мемлекет пен мәдениет және «Құдай қаласы» — өзін ұмытқан, Құдайға деген сүйіспеншілігі шексіз рухани бірлестік. Рим империясының соңғы уақытына ұқсас «Жер қаласы» нәпсіқұмарлық пен күнәһарлыққа толы және «алғашқы күнәдан» бастау алады. Осы қалада өмір сүруге мәжбүр адам бар ықыласын Құдайлық Қалаға бағыттауы керек. Августиннің теологиялық ілімдері оның эстетикасымен де тығыз байланысты.
Фома Аквинский(1225-1274) - италияндық діни ойшыл. Католиктік шіркеудің ең ірі ойшылы. Дегдар отбасынан шықса да, ол ата-анасының қарсылығына қарамастан, доминикандық діни ұйымға кіреді. Париждегі Сен-Жак монастырында, кейін Париж унверситетінде дәріс береді. Сонан соң Италияға қайтып келіп, Рим Папасының сарайында болады. Сол жылдары ол Аристотельдің философиясын тереңдетіп, өз ілімінің негізіне айналдырады. 1269 ж. Парижге қайтып оралып, Құдайтану қосындысы жұмысын жалғастырады (1266—1273). 1274 ж. Неапольдан Лионға шіркеулік кеңеске бара жатып қайтыс болады. Логик, метафизик, теолог, Фома әулие Аристотельдің рационалды философиясын христиан дінімен сәйкестендіруге тырысқан. Ф. Аквинский ойынша, дін мен білімнің қарым-қатынасы гармонияға, бейбіт жарасымға құрылуға тиіс. Философия қарама-қайшылыққа ұрынған шағында (мысалы, уақыт шеңберіндегі жарату мәселесі), оның көмекке дінді шақыруы қажет. Ф. Аквинский- теоретикалық теологияның негізін салушы. Негізгі еңбектері: «Теология жиынтығы», «Философия жиынтығы». Ол Құдайдың барына 5 дәлелді келтіреді:
1. қозғалыс: барлық заттың алғашқы қозғаушысы – құдай;
2. себеп: барлық нәрсенің бір себебі болады: ол – құдай;
3. кездейсоқтық пен қажеттілік;
4. сапа дәрежесі: заттардың сапасы әр түрлі, ең жоғарғысы құдай;
5. мақсат: қоршаған заттың белгілі бір мақсаты болады, құдай - мәңгі.
Ф. Аквинский томизм бағытының негізін қалаушы. Томизм – Ф.Аквинский іліміне негізделген католиктік философияның бағыты.
Дәріс №5. Өзін-өзі тексеру сұрақтары Монотеизм дегеніміз не?