Шалкиiз Тiленшiұлы (1465-1560) Дештi Қыпшақ өңiрiне ғана емес, Қырым, Терiстiк Кавказ, Дон бойына да әйгiлi тұлға болған. Өз заманындағы Ноғайлы әмiршiсi Темiр, Қазақ Ордасы, Кавказдықтар арасындағы саяси күрестердiң ешқайсысынан сыртқары қалмаған. Жорықтың алдыңғы шебiнде, айтыс-тартыстың басы-қасында, елдiң бел ортасында жүрген Шалкиiз елдiк пен ерлiк, жақсылық пен жамандық, шеберлiк пен шикiлiк мәселелерiне баса көңiл аударған, кiсiлiк қасиеттерге әр сақтан қайта-қайта оралған. Шамасы, Шалкиiздiң өзi “жаурынына қанды көбе сыймаған, жағасына адам қолы тимеген” ержүрек, кеуделi батыр болғандай. Көп оқығаны көзiмен көрген, көп нәрсенi тоқыған сынды да, сындарлы қайраткерлiк деңгейге жеткен. Жорықта, соғыста, айтыс жанжалда ел мен ердiң құны қатар сынға түстi. Ел ерлерсiз, ер өз елiнсiз бабына келмедi. Қысылтаяң кезде тума туыстан сүйенiш iздедi, жұрттан суырылып шығар дарадан тiрегiн көздедi. Ерлер кiмдер едi, нендей қасиетiмен үлгi едi? Ерлердiң “алдаспаннан игi қолы”, “жеңсiзден игi тоны”, “арғымақтан игi малы болар ма” - дейдi Шалкиiз жырау. Сондай ерлер жаудан да, сойдан да тартынбас, батырлығы басынан асқан жiгерлi жандар. Елi қолдаған, арғымағын оңдаған ерен батырлар бабына келдi. Осыдан: “Кенелейiн деген жiгiттiң, жылқы iшiнде екi арғымағы тел өсер. Сүйiнейiн деген жiгiттiң, сүбеде алтау-жетеу ағайыны тең өсер!” деген өсиет қалған. Шалкиiз дүрлiккен, демiккен елге бас-көз болатын ханның бейнесiн iздестiредi. Байсалды, батыл, ұстамды хан, сұлтан ол үшiн алдаспан, “бармай тапқан қазбасы”. Пиғылы терiс хан iс етсе, ол “жиған малыңды тәрiк етер, ат-тоныңды бұлды етер, өз басыңды олжа етер”. Хан ием Темiрдiң осындай қиқарлығын көрген Шалкиiз одан алшақтайды. Қыр мен бөрiк астындағыны көре алмаған сұлтандар туралы: “Жақсыңнан менi кем көрдiң, жаманыңмен тең көрдiң. Жақсыңнан менi кем көрсең, жаманыңмен тең көрсең, ұлы берiкке қос артып, сен есенде, мен сауға ырысымды сындайын. Сегiз қиыр шар тараптан iздермiн!” - деп ойын ашық та, кесiп айтады. Жақсы мен жаманды адамдық пен күрес өлшемiмен iспеттеген Шалкиiз жырау тағлымы мол өсиеттер қалдырды. “Ер болсаң бопсаға шыда” деген қағиданы қалыс қалдырмайтын ортада ырыс мен ынтымақ, iс пен iзденiс артпақ.
Достарыңызбен бөлісу: |