1975 жылы «Дала, сенің ұлыңмын» деген атпен жарияланған кітабына ақын дала туралы перзенттік сүйіспеншілікке толы өлеңдер топтамасын енгізген, «Туған дала» деп басталатын бұл туындыларында ақын қазақ даласының поэтикалық портретін жасайды. Ақын туған өлкесінің тарихын зерделеп, оның алдындағы перзенттік парызын, жауапкершілігін терең сезінеді. Ақындық жолының басты шығармашылық нысанасына айналатынын ашық айтады сезіндіреді. Дала – поэтикалық образ. Ақын дала дегенде, ең алдымен, туған халқын, оның жомарт мінезі мен батырлығын, әр алуан психологиясын ұғынады.
Туған дала,
Талайлардың от қанын,
Лапылдатты тентек күйің,
текті әнің. Сөз сөйлесем –
Сенсің биік тұғырым!...
Сенсің менің абыройым,
Мақтаным!....
деп келетін өлең жолдарында, немесе
Туған дала,
Көп үніңнің бірі едім,
Өмірімнің,
Көңілімнің нұры едің...
Өзің жайлы өлеңімді бірақ та
Әлі күнге оқи алмай жүр елім.
дейтін тармақтарында ақын даланы мақтан тұта отырып, өзін оның бір бөлшегі, ажырамас үні екенін білдіреді.
Сондықтан да Ж.Әбдіраш мың қайғырған, мың қуанған сәттерінде де туған даласымен ашық, емен жарқын сыр бөлісуге ұмтылады.
Келем әлі,
әлі саған көп келем,
әнім қанша,
күйім қанша шертпеген.
Өзің жаққа өлең болып ұшамын
шын қуанған,
шын қайғырған сәтте мен... –
дейді ол ішкі сезімін бүкпесіз толғап.
Ақын туған даласын құр тамсанумен әсіресе қызыл сөзге айналдырып жырламайды. Оның ойы нақты да деректі. Сол себепті де Ж.Әбдіраш туған даласының өткені мен бүгінін қатар алып ой толғайды. Даланың өткенін, батырлар мен өнерпаздарының асқақ тұлғаларын, азаматтары мен мәрт мінезді адамдарын жырлауды өзінің басты ақындық парызы санайды. «Шындық үшін жынданар Біржанымын», «Арыңмын мен ақынмын, Ақанымын!», – деп толғанатын ол туған елінің бірегей перзенттері ұлы Абайды, отты Махамбетті, терең Мұхтарды, биік Шоқанды шабыттана жыр арқауына айналдырады. Осындай даланың жарқын тұлғаларын жырға қосқан Жарасқан бір сәт өзіне де, сын көзімен қарауды ұмытпайды.
Ал әдебиет сыншылар бұл поэмаға өздерінің көзқарастары