Талант иелерінің ізденісінен үнемі ұлттық топырақтың және әлемдік әдеби стильдің, тақырыптың, жанрдың өрісі аңдалады. Әр жазушыдағы жаңа стиль ілгері басудан, көне дәуірге қайта оралудан тұрады
Талант иелерінің ізденісінен үнемі ұлттық топырақтың және әлемдік әдеби стильдің, тақырыптың, жанрдың өрісі аңдалады. Әр жазушыдағы жаңа стиль ілгері басудан, көне дәуірге қайта оралудан тұрады. Бір жазушының шығармашылығының өзінде бірнеше қабатты өнер тағылымы жатады. Ал, ол мәдениет көне дәуірден басталған сөз өнеріне соқпай қоймайды. Әрбір әңгіме қозғаған тақырыбына сәйкес дәуір, заман сипатымен, қоғам мүшелерінің психологиялық таным дүниесімен байланысқан. Б. Кәрібаева өзінің «Мәдениеттің түп атасы – әдебиет» деген сұхбатында: «Евразияның Уақыт өзі ұсынған саяси картасын ... мәдени, ішкі психология негізін Әуезов әзірледі»,– деуі [1, 13] көп мәнді білдіреді. Қазақ әңгімелерінің көркемділік, суреттілік стилі дараланып, содан барып ұлттық және әлем әдебиетінің тұтастық бірлігіне айналуына мол мүмкіндігі бар. Бір назар аударарлығы – батыс әдебиетінде ұлттық болмыс көбінесе тылсым дүние туралы қиял қабатымен өрнектелсе, қазақ жазушыларында қазақтық болмыс-бітім кәдімгі қарапайым өмір қағидаларына ден қою ой ұшқырлығымен ұштасады. Қараңыз: «... Жөргегіңнен иісің сіңбеген соң суық бауыр тартып, жатсынып, көл шошытты ма сені, Қоңырқаз, әлде бітімің бөлек, шоқтығың биік болған соң елсінбей, жерден безіндің бе, Қоңырқаз?!» [2, 15]. Кемелбаеваның Қаршығасының некесіз туған сәбиінің «жерік асы» да соншалықты таңқаларлық болатын: «Жеңсік ас дегбірін алып, ақылдан айырған әйел әр ұядан екі жұмыртқа алып, табанда шикідей жұтып жүрді. Қаз-үйректің, бірқазанның, қызғыштың жұмыртқасын түсінен танитын. Қанат біткеннің аруы – аққудың бірнеше мәйегі көгілдірге айналмай жатып адамзатқа жем болды. Көлдерден құмары қанып, құрбанын шалып рахаттанып оралады» [2, 4]. Немесе: «... Жалғыз мысықтың қарғысы қырық кісіге жүк болады деуші еді. Ендігәрі жәндікті жәбірлегеніңді көргенше, қара жерге кірейін,- деп едәуір таусылды»,– деп айтылуы [2, 11] ертеден келе жатырған нанымымызға байланысты оқиғаға үңіле қаратып, бұрылтады. Жазушылардың тағдыр атты тылсым дүние табиғатын суреткерлік қабілетімен, оны өзгелерден дара тануы қасиетімен ерекшеленіп отыруы заңды деп жатады. Әңгімелерді алғаш оқығанда жазушы тәсілін, шығарма бітімінің қиюын санамалап жатудан гөрі тұнып, елтіп, әсерленіп отырып қалатының даусыз. Кемелбаеваларға үлгі болған әдебиет туындылары көп десек те суреткер Ғ. Мүсірепов стилі қайта ойға келе береді. Ол – қоғамдағы жанды жараны түбінен аршу тәсілі. Дәл осындағы «қанды ірің» – жалғызбасты мүгедек балалы әйел, оған қоса өнері орта жолдан қиылған әнші тағдыры. Кейіпкерді кісікиік еткен мәселе көтерілген. Әңгіменің өрімінде аңыз желісі шарттылықсыз біткен: «...Әйел өзін тағдырға мойынсұнып тыныш ұстайды. Тек көктем мен күзде жыл құстары келіп-кетіп жүрген алмағайып қасиетті шақта базары тайған үйіне жоламай, ұзақты күндер аспанға телміріп, көкжиекке тесіліп көп қарайды»,– деп [2, 15] нақты ойландырады. А.Кемелбаеваның өмір суретін көп мағыналы көркемдік қасиетпен талғаған өзіндік стилі. Жазушыларымызды жаны мүгедек, тәні сау кейіпкерлерді бейнелеу арқылы адамдардың қоғамдағы өзгерісіне және бұғауланған сананың босауына жол көрсету жасағаны, А. Кемелбаеваның жаны сау, тәні мүгедек кейіпкер Қоңырқазы періштелік қасиет сирек белгі, адамдардың адамына ғана лайықты-ау деген жазушының ішкі ойынан хабар береді. Сана әлемі кәдімгі адамдардан өзгерек келген кейіпкерлер туралы әдебиетімізде көп қарастырылмаған. М. Әуезовтің «Көксерегіндегі» шығармашылық тәсіл, яғни аңдардан гөрі адамдардың бір-бірінен бөтенсуі Ғазиза, Қаракөзден басталған Ажар, Қоңырқаздарға ұласқан кейінгі кейіпкерлердің дүниеге келу әдеби тәсілінің жолын аша түскен. Мұнда М. Әуезовтің адамзаттық мәңгілік мәселелердің басын қосып жымдастыруын бағалататын шеберлік мектебі тұр. Әуезовтік көркемдік тәсіл – Адам мен Тіршілік дүниесінің бір бүтіндігі. Бұл қалыптасқан тамаша дәстүрдің жалғастығы бар. Т. Жомартбаевтың «Қыз көрелігіндегі», кейін прозада өрісі кеңейген Ш. Айтматов әдістері, олар қолданған аңыздық сюжет үлгілерінің құрылымы қазақ әңгімелерінде кейінгі буын жазушысы А. Кемелбаеваның шығармашылық лабораториясынан байқалды. Кейіпкер бейнесін аталған үлгіде көркемдеу А. Кемелбаеваның аңыз әңгімелерінде көрініс тапқан. Соның ішінде «Қоңырқаз» әңгімесінде жазушы адам мен табиғат арасындағы байланыстарды сабақтастыра, олардың адамға қалай әсер еткендігін суреттейді. Әңгіменің экспозициясы әп дегеннен болашақ істің нышанын байқатқан. Ананың перзент күтуімен байланысты өзгерісі (табиғатқа деген құмарлығы, одан өзі жақсы сезініп, әсер алуы) Қоңырқаздың келешек өміріне әсерін тигізбей қоймайды. Ішкі сезімі: «Көлдерден құмары қанып, құрбанын шалып, рахаттанып оралады. Кейде жеңгесі сөзге сараң Қаршығаның көзі мұнарланып, түлкі алған бүркіттей қамданып, алай-түлей сезімін айтпаса да ұғып, онысын ауық-ауық жұтатын бал қымыздың буынан деп жорамалдап жүрді» [2, 4],– деп бейнеленеді. Қоңырқаздың дүниеге келуінің өзі ерекшелеу (жазушы табиғат құстарын алаңдатып мазалағандай етуі): «Керуен тартуды түйелі қазаққа үйреткен тырналар алақандай Адам тұрағының төбесінде құрметпен төңкеріліп, тыраулап олар кетті» [2, 5]. Сәбидің дүниеге келуі кезінде, сол жерді тырналардың айналып ұшумен қабаттастыра беру тәсілі психологиялық табиғаттың бір көрінісі және ол ұлттық өрнекпен көмкерілген. Себебі, «психологиялық үрдіс адамнан бір сәт ажырамай, ең нәзік дене мүшелерінің қызметіне дейін дәл сезіп, сыртқы дүниеге хабар беріп отыратын аса күрделі құбылыс» [3, 262]. А. Кемелбаева психологиялық талдау өнерін құс-адам әкелуімен көрсеткен: «Психологиялық талдау өнері әр ақын-жазушыда әртүрлі қырымен көрінеді. Өйткені, әдеби психологизм кейіпкердің өмір тәртібінің қарама қайшылығынан басталады» [4, 43]. Кемелбаева «Қоңырқаз» әңгімесінде сәбидің ержетуінде адам өмірінде бола бермейтін өзгеше бір жұмбақ сырды негізгі арна етіп алған: «Жазғытұрым сай-сала суға малынған тұста, кішкене алты айлық болғанда болар-болмас білінген арқасындағы қос шеміршек ептеп өсіп қалғандай еді» [2, 6]. Бұл жай ғана шеміршек болмай, құстың қанатына айналғандығы анасының бұрынғы әнтек жасаған ісі, оғаш «жерік асының» қайтарымы келгендей өзін қоярға жер таппай жайсыз сезінуі басталады. Бұдан былай Хорлан есімі өзгеріп, нағашысы оны Қоңырқаз атандырды. Қоңырқаз-Хорланның жаратылысы суретші Еркежан үшін жұмбақ болатын: «Күллі тұлғасынан аңқаулық аңқып тұратын, тегі жұрт жарымес санайтын кішкентай жан иесінің күллі махаббатын төгіп тебіреніп, қанатты періштелерден көз айыра алмай қалғаны шынымен тосын құбылыс еді» [2, 9]. Анасының құрсағында-ақ жатып қаны құстардың уызынан ауызданған Қоңырқаз осы сәттен бастап бір сызықпен келген өмірін өзгертіп және келешек өміріне беймәлім күймен әсерлене жол алып, «құс жолы» сапарына дайындалады. Жазушы: «...күнәсіз құстардың қабық астындағы уыз қарғысы болар»,– деп себебіне үңілтеді. Кейіпкердің құстарға, суретте бейнеленген қанатты періштелерге ынтығы күннен-күнге арта береді. Хорлан есімін құс есіміне ауыстырған кейіпкердің ендігі тіршілік қуанышы аққулар болды. Қоңырқаздың көкірегіне анасынан мәңгіге ажыраса да құстардан ажырамасқа бекіген сезім орнықты. Осы тұс модернистік дәстүр. Өзіне бөтен дүние ыстық болып, қазіргі дүниеден ырықсыз жатсырай бастайды. Жазушы алған нәрсенің қайтарымы барын көрсетіп, табиғаттың заңына, жаратылысына бағындыртқан. Қоңырқаздың іс-әрекеті, сезімі, көңіл-күйі әрқашан анасының жерік асын жеген көліне қарай, құстарға, яғни өзінің тегіне қарай тартып тұруы табиғат-ана құдіретін мойындатқызады. Кейіпкердің ешнәрсеге қызықпайтын момын күйінен жан дүниесінің қопарыла ақтарылған сәтіне дейінгі әрекеттер осыны дәлелдейді. Қоңырқаздың көптен күткен құс болып самғап ұшу арманы кенеттен төбелесіп жатқан балаларға түскен арашасынан басталып кетті де: «Күнмен шағылысқан аппақ қанаттар зорайып жазылып көкке шырқады» [2, 13]. Қоңырқаздың биікке көтерілу арманы: «Жыл құстары лег-легімен ұшып келіп жатқан жазғытұрым алмағайып күндердің бірінде іші-бауыры күйіп, безгек буғандай қалтыраған» [2, 11],– сәтінен басталған. Әңгіме аңыздық үлгіде жазылса да, жазушы құс-кейіпкер Қоңырқаз психологиясын адамдардың арман-қиялына тән етіп берген. Әлем әдебиетінде (американ) Э. По әңгімелерінде қолданған тәсіл қазақ әңгімелерінде А. Кемелбаеваның әдеби тәсілінде байқалды. Тамшыдан («Елес» әңгімесі) теңізге айналуға бет бұрған аталған қазақ әңгімелеріндегі психологиялық талдау өнері осыған дәлел: «... психологиялық прозаның («Ақбілек», «Қартқожа» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі) сюжеттік композициялық құрылысындағы басты қақтығыс кейіпкерлердің ішкі ой-сана қайшылығы, олардың рухани күресі негізінде жүзеге асырылады. ... Ж. Аймауытов осы шығармалары арқылы әдебиетке екіге бөлінген «егіз-кейіпкер» деген әдеби образды әкеледі» [5, 17]. Жазушылар бейнелеген мұндай кейіпкерлер оқшаулығы арқылы жалқының заңдылығынан жұртшылыққа жалпылық белгісін танытуға бет бұрғызады. Қазақ әңгімелерінің сана әлемі беймәлім кейіпкерлері толыққан үстіне толыға түскен, әрине жазушылық таным көкжиегі басқаша. Соның бірі – А. Кемелбаеваның «Жан иесі» әңгімесінің көркем жібінің кестелену айшығы. Жазушы А. Кемелбаеваның «Жан иесі» деген әңгімесі ерте дүние мұраларының нышанын байқататындай, ондағы әрекет иелері психологиялық иірімді «жан иесі» болуымен-ақ тартымды. Қараңыз: «...адамның ішкі жан қозғалысын бейнелейтін ішкі сана айтысы, сана қайшылығы, екіұдайылық, еске алу, естелік, өң мен түстің аралығындағы сәттер, сана астарындағы бейсаналылық көбіне әдеби түс көруді талдау еншісінде...» [5, 4],– деуімен сәйкес аталған әңгіме кейіпкерлері Айбек пен беймәлім саналы әйел бейнесі ерекше айшықталған, әрқайсысына тән ішкі сезім мен түйсік танылады. Әсіресе, мысық әңгіме хронотопы ретінде жазушының ұлттық ойлау жүйесінің болмысын айқындаған. Есі бүтін емес деп саналатын әйелдің арасы мен жануарлар дүниесі мысықтың шекарасы мүлде жойылған. Адам секілді мысықтың да өмір сүруге құқығы бар. Әйелдің істеген іс-әрекеті, мінез-құлқы, ішкі-сезімі өзге адамдардан бөлектеніп отырады. Мұндай қалыпты адамдардан тыс сана-сезімдегі әйелдің дараланған характері, іс-әрекеті Айбектің психологиясына қатты әсер етті. Енді бұл жұмбақ сырдың ашылуы Айбекті сан қилы ойларға жетелеп, түрлі әрекеттер жасауға мәжбүр етті. Мысықтардың өзі бұл әйелдің сезімін түсінгендей, әртүрлі кейіпте келіп, Айбекке өзгеше бір көріністі байқатады. Бұл экстериоразация (адамның ішкі ақыл-ой әрекетінің сыртқы іс-әрекеттерге айналуы) әсерінен десек, кейіпкер мінезіне түсіністікпен қарай бастаймыз. Жазушы тәсілінде психологиялық түс әрі қарай романтикалық түске ауысады. Түс көру жайында Г. Пірәлиева еңбегінде былай береді: «Ал түс – ішкі монологтың бір элементі, яғни кейіпкердің көңіл-күйін, санасында үздіксіз жүріп жатқан үрдістің бір сәтін белгілейтін көркемдік тәсілдің бірі» [6, 83]. А. Кемелбаева түс көру тәсілін әр әңгімесі сайын жетілдіріп отырады.