1928-1934 жылдары Кеңестік үкіметтің қазақ елінің ішінде жүргізген зобалаң саясатының салқыны қазақ елінің ішіне орасан зор зардап әкелді. Оның әсіресе қазақ ұлтына зияны мол болды. Мал басының саны күрт төмендеп кетті. Малынан айырылған, әрі зорлап Қоныс аударылған, әрі еріксіз отырықшылыққа итермеленген ауылдар жаңа жағдайға бірден көндіге алмай тұрмыс-күйлерін нашарлатып алды, сөйтіп жаппай ашаршылыкқа ұшырады.
Бұл өз кезегінде тек таза қазақ ұлтының демографиялық құлдырауына, көпшілікке түсініктірек жалпақ қазақы тілмен айтқанда қазақтардың аштықтан қырылуына, сөйтіп қазақтардың санының күрт азайып, жағдайдың қазақ ұлтына қарсы әдейі ұйымдастырылған этникалық жою шарасына айналуына әкелді.
Ашынған халық, Қазақстанның өлкелік партия комитеті мен кеңестік үкіметін сол кездегі басшыларының ел ішінде жүргізіп отырған зобалаңды саясатынан туындаған залалды асыра сілтеу зардаптары мен қысымшылықтарға төзе алмай ашық түрде қарулы қарсылықтарға шығуға мәжбүр болды.