Финдердің тың жерді игеру моделі Климаты қатал, орманы жынысты, топырағы тастақты солтүстік қиырды
мекендеген орыстар мен фин-тауастардың (Батыс финдерінің) жер игеру тәсілдерін салыстырамыз. Орыстар әрдайым топтана қоныс аударып, ұдайы бір-бірін қолдай, қорғаштай отырып, тың жер танаптарын өңдеуге жұмылады. Фин жаңа жерге шағын отбасымен жайғасып, жападан-жалғыз табиғат кәрімен күресуге кіріседі. Біртіндеп егін егетін алаңқай жасап, үй-шік тұрғызды. Көбінесе осымен істі тамамдайды, өйткені одан әріге шамасы жетпейді. Орнына басқа біреу келіп, шама-шарқы жеткенше оның ісін жалғастырды.
Алдыңғы жағдайдағы сияқты, келтірген фактілер айқын түсіндірмесі
жоқтығымен қызықты. Орыс тарихы классиктерінің еңбектерінен бастап, көптеген тарихи шығармаларда қоныстану мен жер алқаптарын игерудің
ұжымдық алгоритмін сипаттауға авторлар ден қоймағандықтан, нақ осы
түсіндірме сипаты аса ділгірліктен туындағанын баяндайды. Солтүстік пен
солтүстік-шығысқа қарай жылжи отырып, орыстар тап болған табиғи жағдайлардың күрделі болғаны соншалық – ұжымдықтан басқа тәсілмен оны
игеру мүмкін емес еді. Финдердің табиғаты жағынан тап осындай жер аумағын игеруі өте сенімді көрінеді. Сол аралықта орыстармен ассимиляцияға түспеген, орыс тұрғындармен араласып кетпеген фин тайпалары жаңа
жер аумақтарын игеруді жалғастыра берді. Орыстар солтүстікке жылжы-ған сайын, финдер де олардан алыстап, солтүстікке қарай қозғалып, тың
жер аумақтарын игере берді. Өзара жақын байланыс орнатқанына қарамастан, финдер орыстардың әлдеқайда қолайлы көрінген жаңа жер аумақтарын игеру тәсілін көшіріп ала қойған жоқ. ХІХ ғасырда, ішкі Финляндия алқаптарын игеру қарқынды жүріп жатқан кезде де, фин жападан-жалғыз
әрекет етуін жалғастыра түсті.
Ю. Ахоның әңгімесінде финдердің жаңа жер аумағын игеруі сипатталады.
«Алғашқы ұрпақ қолдарынан келгенін істеді. Алғашқы қоныстанушылардың күш-қуаты сарқылды, тіпті көздерінің оты өшіп, үміттері үзілді: асқақ
тұтқан көктегі арман құлап түсті. Келесі буын да осынау жер пұшпағына
тер төгуге келеді. Бәлкім, оның еншісіне баянды бақыт бұйырар. Оған жұмыс істеу оңайлау. Олардың алдында бұрынғыдай ит тұмсығы батпайтын
ну орман тұрған жоқ. Біреудің қолымен үй салынған, егістік жыртылған, тек дән себу қалып тұр. Бәлкім, уақыт өте келе, осы жерде бай хутор бой
түзеп, одан кейін көрікті кентке айналатын шығар. Әрине, барша капита-лын – бұла күшін осы жерге көмген алғашқы қоныстанушыларды жұрт
әлдеқашан естен шығарған. Олар қарапайым еңбек адамдары, жасампаз
қолдар еді. Бірақ нақ осы халықтық капитал Финляндияның тусыраған ен
даласын жайқалған егіс алқаптарына айналдырды... біздің танаптарда күз-дік бидай гүлдеп, масағын толтырған кезде қоныстанушылардың алғашқы
буынын еске аламыз. Әйтсе де олардың бейіттеріне ескерткіш қойып, ардақ
тұта алмаймыз, біздің алдымыздан олардың мыңы өтті, бірақ аты-жөндері
белгісіз болып қалды».
Тиімді шаруашылығы бар қазіргі абат Финляндия туралы ойлай отырып, расында, осынау жазба жолдарды оқудың өзі біртүрлі қызық көрінбей ме?
Шаруалардың жерді пайдалану үлгісі туралы тарихи очеркте мысал
ретінде бір бөлігі тарихи тұрғыдан бір-бірімен етене байланыста болған
халықтар (славяндар, ішкі орыстар мен финдер); ХVІІІ–ХІХ ғасырларға
дейін бір-бірімен атүсті байланыс жасаған халықтар (орыстар, грузиндер, армяндар, молдавандар); сондай-ақ іс жүзінде бір-бірімен мүлде қатыспа-ған халықтар да (армяндар мен литвалықтар, грузиндер мен литвалықтар, грузиндер мен финдер) аталды. Келтірілген деректерден көршілік деңгейімен араласу жақындығы жер пайдалану тәсілі тәрізді халық тіршілігінің осындай аса маңызды факторына онша әсер ете алмағанынакөз жеткіземіз. Халықтардың қоңсы қонуы мәдени алмасуларға жол ашатындай көрінеді. Прагматикалық тұрғыдан ақталып тұрған кезде жерді пайдалану тәртіптері неліктен сондай алмасулардың арқауына айнала алмады?
Кем дегенде, алмасу арқауы оны көшіріп алатын халыққа тартымды кө-рінуге тиіс. Тарихшы да, этнолог та мәселені осылай қоя алады... бірақ олар әрқилы талдайтын болады.