Байланысты: Тәрбие теориясы, әдістемесі ЭЛЕКТР.ОҚУЛЫҚ 2017 Иманбаевой
11.2 Оқушы жастарға кәсіби бағдар беру жүйесінің құрылымы. Оқушы жастарға кәсіби бағдар беру жүйесі мынадай құрылымнан тұрады: кәсіби ағартушылық, кәсіби диагностика, кәсіби консультация, кәсіби таңдау, кәсіби бейімділік.
Кәсіби ағартушылық жұмыс оқушыларға қоғамда қалыптасқан мамандықтар жүйесімен таныстыра отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктері туралы талаптармен таныстырылуы тиіс. Мектеп пен ата-аналар бірлесе келе, оқушылардың дұрыс мамандық таңдауына белсенді түрде түрткі тудырып, мамандық таңдауға жан-жақты көмек көрсетуі қажет.
Кәсіби диагностикалық жұмыс арнайы мамандардың олардың мінез құлқын зерделей отырып, жастардың таңдаған кәсібіне жарамдылығын белгілі әдістер арқылы тексеруі көзделеді. Жоғары жүйке жүйесінің ерекшеліктері, денсаулығы, қызығушылығы, мотиві, құндылық бағдары, мамандық таңдаудағы басты ұстанымы ескеріледі.
Кәсіби кеңес арнайы мамандардың (психолог, педагог, дәрігер, сала мамандары) кеңес беруі, таңдаған кәсібіне қойылатын талаптармен, жеке басынан талап етілетін ерекшеліктермен таныстыру.
Кәсіби таңдау жеке тұлғаның еркімен өзіне қажетті мамандықты таңдауы. Жоғары оқу орындары мен арнайы оқу орындарының оқуға түсушілерге қоятын талаптарына сай болуы.
Кәсіби бейімділік мектеп түлегінің кәсіби қызметке араласуына, өндіріс жүйесіне, еңбек ұжымына, жұмыс жағдайына, мамандықтың ерекшеліктеріне бейімділігі. Адамның бейімділік сапасы мамандықтың дұрыс таңдалғанын көрсетеді.