Boophilus calcaratus. Жалғыз иелі кене, барлық даму сатыларын ірі қара денесінде өткізеді. Басқа жануарларда, әсіресе жылқыда, қойда сирек кездеседі. Қолайлы табиғат жағдайында ересек кене мал денесінде 25-30 күн өмір сүреді. Ауа-райы өзгеріп салқындаса, олардың тоғышарлығы мен даму мерзімі ұзарады. Тойынған ұрғашы кене жерге түсіп, таса қолайлы ін тауып, 2-3 күннен соң жұмыртқалай бастайды. Қолайлы жағдайда жұмыртқадан шыққан балаңқұрт өзіне тән иелеріне жабылып, 4-6 күн бойы қоректеніп түлеп, нимфаға айналады. Нимфа сол жануардың терісіне бекіп, 5-10 күндей қан сорып, ересек аталық немесе аналық кенеге айналады. Балаңқұрттар 6-7 ай өмір сүреді.
Оңтүстік аймақтарда қыстың жылы болуына сәйкес, көктемде ірі қара денесіне жабысқан кене өте қалың болады да, ал солтүстікте сол мерзімде малда бірен-сараң ғана кене кездеседі. Наурыз-сәуір айларында тойынған ұрғашы кенелер иесін тастап, сыртқы ортада жұмыртқалай бастайды. Малға кененің жаппай жабылуы екінші рет маусым-шілдеде байқалады. Тамыз, қыркүйек, қазан айларында олардың санының өсуі білінеді. Кене ареалының солтүстігінде жазғы балаңқұрттар қыстамаға кетеді, ал оңтүстікте олар үшінші рет малға жабылып қоректенеді. Қысқа дейін дамуын аяқтаған кенелер төртінші рет малға жабылып, тіршілік циклын одан әрі жалғастырады.
Кене малдың пироплазмоз, франсейеллез ауруларының қоздырғыштарын тасымалдайды және оларды жұмыртқа арқылы (трансовариалды) өз тұқымына таратып, сақтайды.
Boophilus calcaratus кенесі бұрынғы Кеңестер Одағы территориясы бойынша Қырымда, Краснодар өлкесінде, Каспий теңізі бойында, Қарақұмның, Түркіменияның оңтүстігінде, Өзбекстанның көптеген жерлерінде, Қазақстанның оңтүстік облыстары аумағында және басқа жерлерде таралған. Аталмыш кене түрі көбінесе ылғалы мол жерлерді, яғни өзен, су арықтары бойларын мекендейді.
Достарыңызбен бөлісу: |