Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С


Ұлы жүз қазақтарының қоқандықтарға қарсы күресі. Қаратай



бет39/69
Дата21.12.2022
өлшемі0,71 Mb.
#163743
түріЛекция
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   69
Байланысты:
?àçà?ñòàí òàðèõû

2. Ұлы жүз қазақтарының қоқандықтарға қарсы күресі. Қаратай,
Арынғазы, Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтерілістер.

ХVІІІ ғ. аяғы мен ХІХ ғ. басында Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси жағдай күрделі болды. Мұнда Орта Азиялық үш мемлекет - Хиуа, Бұқара және Қоқанның мүдделері қақтығысқа түсті. ХІХ ғ. басына қарай күшейген Қоқан хандығы, енді Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуды көздейді. Оның негізгі себебі: өзінің қазынасын толықтыру, мал шаруашылағын дамыту, сонымен қатар, Ресей мен Қытайды байланыстыратын Орта Азиядағы керуен жолдарына бақылау орнату және мұсылман халықтары тұратын территорияны иелену еді.


1810 жылы Оңтүстік Қазақстанды жаулап алған уақыттан бастап 1865 жылы Ресей империясының қол астына өткенге дейін қоқандықтар Ұлы жүз территориясында әкімшілік қадағалау жүргізіп Ақмешіт, Жаңа-Қорған, Күміс-Қорған, Шым-Қорған, Шолақ, Созақ және т.б. бекіністерді салды. Бұл кезеңде Хиуа мен Бұхара Қоқанға қарағанда әлсіздеу болды да онымен тайталасқа түсе алмады.
Қоқан хандығының қол астына Ұлы жүздің көп рулары: Бестамғалы (35 мың үй), Сыйқым (5 мың үй), Шымыр (9 мың үй), Жаныс (7 мың үй) қарады. Жоғарғы әкімшілік билік Ташкент әкімінде (наместник) болды. Оның екі көмекшісі: 1) Саркар (мырзабасшы) салық жинаумен және азаматтық істермен; 2) батыр басшы (әскери басшы) әскери іс және көшпенділер мәселесімен айналысты. Билерге артықшылықтар беріліп салықтан босатылды, олардың кейбіреулері “датқа” лауазымын алды. Бұқара халықтың негізгі бөлігі “зекет” салығын (шариғат бойынша мүліктің 1/4 бөлігі) төлеп тұрды. Қоқан бекіністерінің төңірегінде тұратын қазақтар бекіністердің жөндеу және кеңейту жұмыстарына тартылып, әскерді азық-түлікпен қамтамасыз етуге тиіс болды. Сонымен қатар, қазақтар әскери міндеткерліктер атқарып, олар қарсылық көрсеткендерді тыныштандыру жорықтарына да қатыстырылып отырды.
Қоқандықтардың қазақтарға түрлі салықтар салуы қарапайым адамдарға үлкен ауыртпалық түсіріп, ішкі әлеуметтік қайшылықтарды тереңдетіп, халық ішінде кедейлердің көбеюіне әкеліп соқты. Қоқандықтар билік жүргізген тұстағы ауыр жағдайлар елдің есінде қатты сақталып қалды. Ол туралы Ш.Уәлиханов: “Қазақтардың арасында "әзірейіл барда жаным бар деме, қоқандақтар барда малым бар деме" - деген мәтел пайда болды”,- деп көрсетеді. Қазақ халқы қоқан билігіне қарсы наразылықтар көрсетіп отырды. 1810 ж. Ташкент өңірінде тұратын қазақтар салық төлеуден бас тартты. Қоқан ханы Әлім бек қарсылық көрсеткендерді тыныштандыруға және Сайрам, Ташкент, Түркістанды бағыныру үшін 12 мың әскер жіберді. Қоқандықтардың қолына түскен төңіректегі қазақтар тонаушылыққа ұшырады. Қоқандықтар Түркістанды басып алуы кезінде оның билеушісі Тоқай Төре Бұхараға қашуға мәжбүр болды. Бұхараның әмірі Тоқай Төреге Бұхарадағы соғысқа жарайтын қазақтардан жасақ жинап алуға рұқсат берді. Жасақ жинап жарақтанған Тоқай Төре алдымен Созаққа бекініп, одан кейін Түркістанды қоршауға алды. Оған қарсы қоқандықтар Ташкенттен 300 жауынгермен Базар бахадүрді аттандырды. Олар жолда Тоқай Төреге көмек көрсеткен 1000 отбасынан тұратын қазақ ауылына шабуыл жасап, ауылды тонап, көп пайда түсіріп, адамдарын тұтқындап алып кетті. Түнде Тоқай Төре Созақты тастап қашуға мәжбүр болды. Одан кейін қазақтардың қарсылығы біраз уақыт басылды. Тоқай Төре уақытша Бұхараны паналады, ал кейін ол Бұхара әмірінің балалары билікке таласқан тұста өлтірілді.
1821 ж. Тентек төренің бастауымен қазақтардың Қоқан үстемдігіне қарсы көтеріліс болды. Көтерілісшілердің саны 12 000 дейін жетті. Олар Сайрам, Шымкент, Әулие-Ата қалаларын алып, бірнеше бекіністі қоршады. Көтеріліске Түркістан, Шымкент, Сайрам, Әулие-Ата төңірегін мекендеген қазақтар қатысты. Көтерілісшілерге қарсы Абул-Қалым-Аталық басқарған әскер жіберілді. Тентек төре әскерін екіге бөлді. Бір бөлігі Тентек төренің басшылығымен Сайрамда, ал екіншісі Шымкентте бекінді. Ұзаққа созылған қоршаудан кейін көтерілісшілер қаруын тастауға мәжбүр болды. Тентек төре жеңілісті мойындап, қоқандықтарға “баж” немесе “жол” салығын, “зекет” төлеуге және Қоқанға баласын сыйлықтармен жіберуге келісім берді.
Ұлы жүз қазақтарының 1810-1820 жылдардағы қоқандықтарға қарсы күресте жеңілуінің негізгі себептері: қоқандықтардың әскери басымдығы, көтерілісшілердің арасында ауызбірліктің болмауы, Бұхара әмірінің көмегіне арқа сүйеген көтеріліс жетекшілерінің беделінің төмен болуында еді. Дегенмен де, бұл Ұлы жүз қазақтарының өз еркіндігі мен тәуелсіздігі жолында қоқан үстемдігіне қарсы шыққан ұлт-азаттық күресі болатын.
1822-1842 жж. Қоқан хандығының тағына Омар ханның кіші баласы Мадалы хан (Мұхамед Әли) отырды, оның тұсында жекеленген облыстар мен Ташкенті өз алдына билеген Күшбегілердің ролі күшейді. Ұлы жүздің басып алынған территориясының бір бөлігі және Сырдария бойындағы қазақтар Ташкент Күшбегіне жылына 20 мың алтын ақша төлеп тұруға міндетті болды. Салық төлеушілерді қанау бұрынғыдан да күшейе түсті. Одан кейінгі жылдары қоқан билеушілерінің өзара қырқыстары Ұлы жүз қазақтарының одан әрі зардап шегіп, кедейлене түсуіне әкеліп соқты. Құдияр хан (1845-1875 жж.) тұсында қазақтар ғана емес, Қоқан хандығының жергілікті диқандары да қанауға түсті.
1797 жылғы Есім ханның өлімінен кейін Кіші жүздің бір топ сұлтанының Қаратай сұлтанды хан сайлау жөніндегі ұсынысына қарамастан және оның ел арасындағы беделінен сескенген патша әкімшілігі Айшуақты хан тағына отырғызады. Бұл шешімге келіспеген Қаратай халық арасында ханды сайлау туралы үгіт жүргізе бастайды. 1805 жылы Жантөрені хан сайлағанға дейін патша әкімшілігімен бейбіт қатынас ұстады.
1806 жылы Қобда өзенінің жағасында болған съезд Ресей әкімшілігінің шешіміне қарамастан Қаратай сұлтанды хан сайлайды. Осылайша Қаратайдың Жантөреге қарсы күресі біртіндеп Ресей үкіметіне қарай бағытталады. Күрес барысында Қаратай транзиттік сауда жолдарының бәрін өзіне қаратып Ресейдің Орта Азиямен саудасын шектейді. Герценберг пен Бородиннің жазалау экспедициясына қарамастан Қаратайдың жанына топтасқан Кіші жүз жасақтары төменгі Орал шептеріне жорықтар жасайды. Қаратай 1809 жылы Жантөре ханды өлтіргеннен кейін 1812 жылға дейін Хиуада жасырынуға мәжбүр болады.
Жантөренің өлімінен кейін Ресей Айшуақтың ұлы Шерғазыны хандыққа бекітеді. Ресей әкімшілігінің ондай шешіміне риза болмаған Қаратай өзінің қарулы қарсылығын 1816 жылы Орданың Батыс бөлігіне басқарушы-сұлтан болып тағайындалғанға дейін жалғастырады. Транзиттік сауда мәселесі алаңдатқан Ресей Қаратаймен осындай келісімге барған еді. Сөйтіп, 1816-17 ж. келіссөздер нәтижесінде Қаратай сұлтан өзінің қарсылығын тоқтатты.
1816 жылдан 1821 жылға дейін Арынғазы Хиуаға қарсы азаттық күресін жүргізді. 1815 жылы Арынғазының әкесі Әбілғазы хан өлгенде ол 30 жасқа толады. Оған дейін Кіші жүздің иеліктерінде қайраткерлік танытқан Арынғазы ел арасында біршама бедел жинаған болатын. 1816 жылы ел ішінде тәртіп орнату мақсатында старшындардың билігін шектеп, сұлтандардың өз білгендіктерін істеуін тоқтатқан еді. Сондай-ақ, ол билер соты мен молдалардың да өкілеттілігін шектеді. Арынғазының ел арасында беделінің өсуіне байланысты старшындардың көпшілігі оны Кіші жүзге хандыққа бекітуді сұрап патша әкімшілігіне өтініш білдіреді. Арынғазы болса, хиуалықтардың үстемдігін біржола жойып, сонымен қатар бір хандық құруды жоспарлайды. Бір хандық қана құру Ресейдің келісімінсіз мүмкін емес-ті. Сондықтан, Ресеймен жақындасуды ойлаған Арынғазы Орынбор генерал-губернаторы Эссен мен Шекаралық комиссия төрағасы А.Веселицкийдің қолдауына сүйене отырып, патшадан қолдау көрсетуді сұрау үшін 1821 жылы Санкт-Петербургке аттанады. Бірақ, оның үміті ақталмайды. Бұхар мен Хиуа хандықтарының өкілдерімен кездесу ұйымдастырамыз деген желеумен патша әкімшілігі оны шақырып, тұтқындап, Калугаға жер аударады. Ол 1833 жылы сонда қайтыс болады.
ХІХ ғасырдың 20-30 жылдары патшалық Ресейге қарсы Саржан Қасымұлы мен Жоламан Тленшіұлы бастаған көтерілістер болды. ХІХ ғасырдың 20 жылдары патшалық Ресей жаңа бекіністер салу үшін қазақтарды тағы да өз жерлерінен ығыстыра бастады. Кіші жүздің табын руы мекендеген суы мол, жайылымдық жері кең Жаңа-Елек ауданын орыс шенеуніктері тартып алды. Оған қарсы Жоламан Тіленшіұлы Табын руын бастап көтеріліске шықты.
Жаңа-Елек шебі 29 бекіністен тұрды. Орал, Елек, Берденкі және Құрат өзенінің бойындағы аудандардың ең жақсы деген 7 мың десятина жеріне Ресей үкіметі Орынбор және Орал орыс-казактары мен шаруаларын орналастыра бастады. Жоламан батыр алғашында жер мәселесін бейбіт түрде шешуге тырысты. Ол Орынбордың әскери губернаторы Эссенге 1822 ж. 6 тамызда және 1823 ж. 3 қыркүйекте хат жазып, онда 1810 жылға дейін қазақтар бұл жерлерді ешқандай кедергісіз еркін пайдаланғанын, Ресей Елек өзенінің бойын алғаннан кейін форпостар салып және Кіші жүз қазақтарына бұл жерлерді пайдалануға тиым салғаннан соң жағдайдың қиындай түскендігін ескертеді. Сонымен қатар, губернатордан әскери бекіністерді алып тастауын, «Санк-Петербургтегі біздің елшілерді қайтарып», Сібірге жер аударылып Орынбор түрмесінде жатқан қазақ Түленбай Құндықовты өз тұтқынында жатқан есаул Падуровқа айырбастап, босатуды талап етеді. Бұл хаттар жауапсыз қалды, ал Орынбор Шекаралық комиссиясы Жоламанға келесі келісімдерді Шерғазы хан арқылы жүргізуі керектігін айтады. Бұл жағдай Жоламан Тіленшіұлын қанағаттандырмады, сондықтан ол қарулы көтеріліске шықты. Жоламанның отряды шекара заставаларына, аға сұлтандардың қыстаулары мен әскери бекіністерге шабуылдар жасады. Жазалаушы отрядтардың батыр мен оның жауынгерлерінің соңына түсуі сәтсіз болды. Жоламан батырға патша әкімшілігінің қолдауына сүйеніп жазалаушы отрядтың барлық операцияларына бірге қатысып, белсенділік көрсеткен Шерғазы ханның жасағына да қарсы күрес жүргізуіне тура келді.
1835 ж. Жаңа-Елек шебінің Ор және Троицк аралығындағы барлық жерлерінен айрылған Жағалбайлы, Жаппас, Алшын, Арғын, Қыпшақ руларының қазақтары қатысқан тұста көтеріліс кең қанат жайды. Өз жерлерінен айырылған қазақтар шекаралық аймақтарда көшіп-қонуына тура келді және ол үшін салық төлеуге мәжбүр болды. Қазақтардың қарсылықтары аға сұлтандардың ауылдарына, керуен жолдарына, бекіністерге жиі шабуылдар түрінде көрініс тапты.
1838 ж. ортасында Елек қалашығынан Ор және Троицк бекінісіне дейінгі шекаралық шеп маңында көшіп-қонып жүрген қазақтар көтеріліске тартылып, көпшілігі Торғай мен Ырғыз өзендерінің бойындағы аудандарға көше бастады. Көтерілісті басуға және көшіп кеткендерді қайтаруға патша үкіметі Ордан полковник Мансуровтың, Орынбордан полковник Падуров, Елек жақтан полковник Гекке басқарған үш отряд жіберді. Бірақ бұл үш отрядтың да әрекеті сәттіз аяқталды.
Жоламан батыр Орал казак әскерінің генерал-майоры Бородинге: “Мен сұраған жерлерді қайтарып берсеңдер дос боламыз, егер берілмесе жау боламыз”,- деп хат жазды. Осылайша, Жоламан батыр ХІХ ғасырдың 20-30 жылдары патша үкіметі тартып алған Кіші жүз қазақтарының жерлерін қайтаруға бағытталған көтеріліске жетекшілік жасады және Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс шыққан тұста Кіші жүз қазақтарын Кенесарыға қосылып өз тәуелсіздігі мен еркіндігі жолында күреске шығуға шақырды.
1822 ж. «Сібір қырғыздары туралы Жарғының» енуі, одан кейін ол заңды түсіндіру үшін жүргізілген үгіт, 1824 ж. Қарқаралы уезіне полковник Броневскийдің экспедициясының келуі - сұлтан Саржан Қасымұлы бастаған көтерілістің шығуына түрткі болды. 1824 ж. 8 ақпанда сұлтандар мен билердің белсенді қатысуымен бірінші Қарқаралы приказы, одан соң Көкшетау приказы құрылды. 1824-1836 жылдары Қарқаралы және Көкшетау уездерінің көтеріліске шыққан елін Кенесары Қасымұлының ағасы Саржан сұлтан басқарды. Саржан Қасымұлы приказдарды жоюды, қазақ жерлерінен әскерді әкетуді, қазақтарға бұрынғы еркіндігін қайтаруды талап етті. Саржан Қасымұлы бастаған көтерілістің негізгі мақсаты - патша үкіметі тартып алған жерлерді қайтару, Қазақ хандығын қайта жаңғыртуға ұмтылыс болды. 1825-1826 жылдары оған Қаракесек, Жағалбайлы, Шора болыстарының Қожан, Тал, Айдабол, Байдәулет руларының қазақтары қосылды.
1826 ж. тамызда Саржан Қасымұлы өз отрядымен Қарқаралы приказына жорық жасады. Бірақ жүзбасы Карбышевтің басқаруымен дер кезінде келген отряд приказдың талқандалуына жол бермеді. Нашар қаруланған көтерілісшілердің шегінуіне тура келді. Саржан Қасымұлының біраз әріптестері қолға түсті. 1832 жылдың басында ол Ресейге сенімді қызмет етіп отырған Қарқаралы уезіндегі билердің ауылына бауырлары Есенгелді және Ержанмен бірге шабуыл жасады. Саржанды ұстауға жүзбасы Потаниннің отряды жіберілді. Сұлукөл сайының маңында шайқас болып, Потаниннің отрядының тегеурініне шыдамаған Саржанның отряды шегінді. Бұл сәтсіздік Саржанды осы 1832 ж. патша үкіметіне қарсы бірге күресу үшін Ташкент күшбегіне одақ құруға итермеледі. Батыс-Сібір генерал-губернаторы Вельяминов бірнеше отряд жіберіп, бұл қарсылықты басып тастады. Бірақ Саржан күресті тоқтатпады. 1833 ж. шағын отрядымен Ресей билігіне қарасты билер мен сұлтандардың ауылдарына, сауда керуендеріне, бекеттерге шабуыл жасап тұрды. Ұлы жүз қазақтарының бытыраған күштерін және Сырдария бойындағы Ташкент күшібегіне бағынышты қазақтарды өз жағына тартып Ресейге қарсы күреске біріктіруге тырысты. 1836 ж. Ташкент күшібегі бұл туралы біліп қойып өзімен келіссөз жүргізуге келген Саржан, Есенгелді, Ержан Қасымұлдарын және 20 сарбазымен қоса өлтірді. Ресей патшалығының Саржан Қасымұлының өлімінен кейін даладағы толқулар басылады деген үміті ақталмады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет