Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С


Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық соғыс



бет41/69
Дата21.12.2022
өлшемі0,71 Mb.
#163743
түріЛекция
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   69
Байланысты:
?àçà?ñòàí òàðèõû

4. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық соғыс.

Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шекаралық аймақтарда жаңа бекіністерді салып, қазақ жерлерін күштеп тартып алуды одан әрі жалғастыруы, қазақ қоғамында әлеуметтік қатынастардың шиеленісуі Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің шығуына себеп болды. Қазақтардың ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда болған басқа барлық көтерілістермен салыстырғанда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрестің ерекшелігі, оған үш жүздің бұқара халқы түгелге дерлік катысты. Бұл күрестің кең қанат жайып, бүкілхалықтық сипат алуы, Кенесары күресінің өзіне тән саяси ерекшелігі деу керек. Азаттық күреске қатысушы рулардың саны күрестің алғашқы жылдарына қарағанда 1843-1845 жылдары көбейе түскені байқалады. Кенесарыны анағұрлым белсенді қолдаған рулар: Қыпшақ, Төрткара, Жағалбайлы, Табын, Тама, Бағаналы, ІІІекті, Алшын, Керей, Жаппас, Арғын, Үйсін, Дулат т.б. Кенесары жетекшілік жасаған азаттық күресіне ру басылары мен билер және басқа да ауқатты топ өкілдері қатысты. Олар, мысалы, Ш. Едігенов, Шорман Күшіков, Мұса Шорманов және т.б. Кенесарыға белсенді қолдау көрсеткендердің бірі оның әпкесі Бопай. Ол өзінің күйеуі Семеке мен оның туыстары сұлтан Сортек пен Досан Әбілқайыровтарды Кенесарыға қосылуға үгіттейді. Олар көнбеген соң күйеуін тастап, баласымен көтерілісшілерге қосылып, Кенесарының бір отрядын басқарады.


Кенесары бастаған азаттық күрестің мақсаты Абылай хан тұсындағы қазақ хандығының территориялық тұтастығын қалпына келтіру, Ресейдің құрамына кірмеген қазақ жерлерінің тәуелсіздігін сақтап қалу болды. Кенесары Ресей отаршылдығына қарсы азаттық соғысты бастамас бұрын бірнеше дипломатиялық қадамдар жасады. 1837 жылдың көктемінде патша үкіметіне жаңа бекіністер жүйесін салудан бас тартып, салынған бекіністерді бұзуды, орыс әскерлерінің қазақ даласына ішкерілей енуін тоқтатуды талап етіп бірнеше хат жолдаған болатын. Сол хаттарының бірінде: "Ата — бабаларымыз мұра еткен Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмүрын, Орал, Торғайға дейінгі жерлер қазіргі патша тұсында бізден тартып алынып, ол жерлерде бекіністер салынып, сонысымен тұрғындарды өте қиын жағдайға ұшыратуда. Бұл тек біздің болашағымыз үшін ғана емес, сонымен бірге бүгінгі өмір сүруімізге де қауіпті", - деп көрсетеді. Бірақ, Кенесарының бұл хаттары патша әкімшілігі тарапынан жауапсыз қалдырылды. Одан кейін Кенесары 1837 жылдың күзіне қарай ашық күреске шығады. Қараша айында Петропавлдан оңтүстікке қарай бара жатқан керуенді қорғаушы Ақтау бекінісінің казак отрядына шабуыл жасайды.
1838 жылы Кенесары әскері Ақтау мен Ақмола арасындағы шептерге шабуыл жасап, онда орналасқан Симоновтың отрядын талқандап, 10 пистолет, 9 мылтық, 13 қылыш, 7 найза, 495 мың оқ, т.б., қару-жарақ, оқ-дәріні қолға түсірді. 1838 жылдың күзінде Кенесары сарбаздары патша үкіметінің жазалаушы әскерлерімен бірнеше дүркін қарулы қақтығысқа түсті. Солардың ішінде айрықша кескілескен шайқас мықты бекіністердің бірі саналатын Ақмола бекінісі үшін болды. Оны аға сұлтан полковник Қоңырқұлжа Құдаймендиннің жасағы мен старшина Карбышев басқаратын жақсы қаруланған гарнизон қорғайтын. Кенесарының әскері бекіністі өртеп, жаудың біраз әскерлерін тұтқындап, қару-жарақтарын олжалады.
1838 жылдың аяғына қарай Кенесары Орынбор әскери губернаторлығына қарасты ЬІрғыз бен Торғай жаққа көшеді. Ол кездегі Орынбордың генерал-губернаторы граф В.А.Перовский алғашқы кезеңде көтерілісшілермен арақатынасты бейбіт жолмен шешуге тырысқан еді. Арадағы келіссөздер барысында В.А.Перовский Кенесарыға көмектесетін болады. Жылдың аяғында Кенесары мен В.А.Перовский арасында уақытша бітім жасауға қол жетеді. Ол бітім бойынша Кенесары бастаған көтерілісшілер шекара шебіне шабуыл жасамауға уәде береді. Бұл тыныштық 1842 жылға дейін созылды. Бірақ,, уақытша тыныштық орнаған тұста Батыс Сібір генерал-губернаторлығының әскери отрядтарымен қарулы қақтығыстар тоқталған жоқ болатын.
1841 жылдың қыркүйек айында қазақтың үш жүзінің атынан жиналған ықпалды билер мен сұлтандар Кенесары Қасымұлын ата салт бойынша ақ киізге салып көтеріп, бүкілқазақ халқына билігі жүретін хан етіп сайлады. Осылайша, Қазақ хандығы қайта құрылып, қазақ мемлекеттілігі қайтадан қалпына келтірілді. Ресей империясының билігі орныққан Ертіс, Есіл, Орал шептерінің бойындағы аудандардан басқа Қазақстанның барлық жерлеріне Кенесары ханның билігі жүрді. Мемлекеттік құрылыс қайта ұйымдастырылды. Хан Кеңесі құрылып, оған батырлар, билер, сұлтандар, сондай-ақ, жеке ерлік көрсеткендер, дипломатиялық қабілеттері бар ақылды саясаткерлер мен сенімді жақтастары кірді. Дипломатиялық қызмет ұйымдастырылды. Хан жарлықтары мен Хан Кеңесінің шешімдерін таратып, түсіндіріп және орындалуын талап етіп отыратын арнайы басқарма құрылды. Салық жүйесіне өзгерістер енгізілді. Әскери мәселеде, Хан кеңесінің мүшелері мен атақты батырлар басқаратын қатаң әскери тәртіптегі мыңдықтар және жүздіктерге бөлінген, далалық соғыс жағдайына ыңғайлы жасақтар ұйымдастырылды.
Кенесары Орынбор губернаторымен уақытша келісімге келген кейін, 1841-1842 жылдары Қоқан хандығының қол астындағы қазақ жерлерін азат ету үшін күрес жүргізеді. Бұл күрестің нәтижесінде Созақ, Сауран, Ақмешіт, Жаңақорған қалалары қоқандықтардан азат етіліп, Түркістан қаласы қоршауға алынады. Осыдан кейін Қоқан хандығы Кенесарымен келіссөз жүргізуге межбүр болды. Қоқандықтарды талқандауда Сырдария бойындағы Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған қазақтардың Кенесарыға қолдау көрсетіп, шайқастарға белсенді қатысуы үлкен рөл атқарды.
1842 жылы Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский Петербургке қызметке шақырылып, оның орнына Орынборға генерал-губернатор болып Обручев тағайындалады. Обручевтің Перовскийге қарағанда Кенесарымен арадағы меселені шешуде көзқарасы басқаша болды. Ондай жағдайды пайдаланған Сібір губернаторы Горчаков осы жылы Кенесарының ауылын шабуға Сотниковтың басқаруымен отряд жібереді. Нәтижесінде, Орынбор әкімшілігімен жасалған бітім Горчаковтың тарапынан бұзылды. Ал, 1843 жылдың 27 маусымында патша Николай І Кенесары Қасымұлы бастаған күресті басу үшін қазақ даласына ірі көлемдегі әскери жорық ұйымдастыру туралы бұйрық шығарды. Сонымен қатар, Кенесары ханның басын кесіп әкелген адамға 3000 сом сыйлық тағайындады.
1843 жылдың көктемінде патша әкімшілігі қазақ даласына үш отрядты бірдей жіберуді ұйғарды. Ол отрядтарға Ор бекінісінен, Ұлытаудан және Тобыл өзені бойынан бір уақытта аттанып, Кенесары ханның жасақтарын жан-жақтан қоршауға алып, шешуші соққы беру арқылы талқандау қатаң тапсырылды. Оған қоса, Батыс Сібір генерал-губернаторлығынан старшина Лебедевтің және қазақ сұлтандары А. Жантөрин мен Б. Айшуақовтың басшылығымен құрамында қазақтардан 2000-дай адамы бар қосымша отрядтар жасақталды. Кенесары ханның әскеріне қарсы соғыс операциясын басқару генерал-майор Жемчужниковке жүктеледі. Ол кезде Кенесарының 20 мыңдай әскері бар еді. Кенесары хан патшаның жазалаушы отрядтарын бір-біріне қосылуына мүмкіндік бермей, жеке-жеке соққы беруді ойластырды. Ол өз жасақтарының бір бөлігін Батыс Сібірден шыққан отрядқа қарсы жіберді де, олар Ұлытауға қарай шегіне шайқас жүргізіп, жазалаушы отрядты басқа жаққа қарай бұрып әкетеді. Ал, кейіннен Кенесарыға қарсы шайқаста көрсеткен дәрменсіздігі үшін Лебедев Орынборға шақыртылып, қызметінен босатылып, сотқа тартылады. Кенесары болса, бұл кезде өзінің негізгі күшімен Константиновск бекінісіне шабуыл жасап, 1844 жылы шілденің 20-нан 21-не қараған түні Өлкеаяқ өзенінің бойында Ахмет Жантөриннің отрядын қоршауға алып талқандайды.
Осы 1844 жылы Ыстықкөл төңірегіндегі қырғыздар атынан Бұғы руы манаптарының бірі Боранбай Бекмұратов Ресейдің билігін мойындауға дайын екендігін патша І Николайға хабарлайды. Бірақ манаптың бұл ұсынысын Ресеймен арадағы жердің қашықтығын сылтауратқан патша жауапсыз қалдырады. Кейбір қырғыз билеушілерінің Ресей билігін мойындауға ыңғай танытуы Кенесары ханды ызаландырған болатын. Ал, Кенесарының қырғыздармен қақтығысының қарсаңында қырғыз манаптары Орман, Жантай, Жанғаралы Батыс-Сібір губернаторына хат жолдап Ресей өкіметінің құрамына қабылдауды сұрайды және қазақ ханы Кенесарыға қарсы күресте қолдау көрсетуді өтінеді. Бұл жағдай Кенесарыны одан әрі ерегістіре түседі.
1846 жылдың басында Кенесары хан әскерлерімен Балқаш көлінің маңына қоныс аударады. Патша үкіметі қазақ даласындағы Кенесары бастаған көтерілісті біржола жою үшін енді генерал-майор Вишневскийдің басқаруымен үлкен отряд аттандырады. 1846 жылы Кенесары хан қоқандықтардан Әулиеата (Тараз), Мерке қалаларын қайтарады. Осы жылы Кенесарыға қолдау көрсетуші Ұлы жүздің Саурық батыры қырғыздардың батыры Жаманқораны өлтіреді. Оған жауап ретінде қырғыздар Саурық батырдың ауылын шауып, Саурық батырды жігіттерімен қоса өлтіріп, мал-мүлкін тонап кетеді. Бұдан кейін қазақ-қырғыз арақатынастары шиеленісе түсті. Патша үкіметі болса қазақ-қырғыз тартысына ашық кіріспей, Алатау өлкесін өз билігіне бағындыруды жеңілдету үшін туысқан екі халықты бір-біріне айдап салып, екі жақты да әлсіретіп барып, осы өңірге өз әскерін кіргізудің қолайлы жолдарын қарастырды. Осындай шиеленіскен жағдайлардың барысында 1847 жылы Кенесары хан 10 мың сарбазымен қырғыз жеріне басып кіріп, оларды Қоқан езгісіне қарсы қазақтармен бірігіп күресуге шақырады.
Кенесары ханның соңғы шайқасы қырғыздардың Кекілік-Сеңгір деген жерінде болады. Қырғыз манаптары мен Вишневскийдің отряды және Қоқан хандығының әскерлері "Алмалы сай" шатқалында Кенесарының сарбаздарын үш жақтан қоршауға алады. Таулы аймақ хан Кененің сарбаздарына басымдық көрсетуге мүмкіндік бермеді. Сонымен қатар, Рүстем сұлтан мен Сыпатай батыр бастаған жасақтардың ұрыс алаңынан кенеттен шегініп, кетіп қалуы да жағдайды қиындатқан болатын. Өздерінен бірнеше есе күші көп жаумен болған қаһармандық шайқаста Кенесары хан 32 қазақ сұлтанымен бірге тұтқынға түседі. Наурызбай батыр қаза табады. Қырғыздардың қолына тұтқынға түсіп қалған Кенесары хан патша чиновниктерінің алдауына түсіп, сыйлықтар алған қырғыз манаптарының тарапынан өлтірілді. Кенесары ханның қасіретті өлімінен кейін оның жетекшілігімен болған қасиетті азаттық күресі де жеңіліске ұшырады. Кенесары бастаған азаттық күресті кейін оның баласы Сыздық сұлтан жалғастырды.
Кене ханның отаршылдыққа қарсы күресінде Ағыбай, Ақғаш, Басығара, Жанайдар, Жәуке, Иман, Байсейіт, Сұраншы, Жоламан және т.б. батырлар қолдау көрсетіп, аянбай шайқас жүргізді. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық соғыстың жеңілуінің негізгі себептері мыналар: қазақ халқының бір тудың астына біріге алмауы, кейбір ру басыларының өз бетінше билік жүргізуге ұмтылуы және де кейбір қазақ билеуші топ өкілдерінің патшалық Ресейді жақтауы, Кенесарының Ресей, Қоқан, Бұхар хандықтарымен күресте күштің тең болмауы. Сонымен қатар, ол өзін жақтамаған кейбір қазақ жөне қырғыз ауылдарын шабуы кері әсерін тигізді, өйткені ол халықтың наразылығын тудырып, көтерілісті әлсірете түсті. Дегенмен де, Кенесары Қасымүлы бастаған ұлт-азаттық күрес жеңіліс тапқанымен, ол қазақ халқының тарихында мәңгілік өшпес із қалдырған, Қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртуға тырысқан, тарихи маңызы зор күрес болды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет