Тарих-и алфи шығармасындағы деректердің Қазақ хандығы тарихын зерттеудегі қҰндылығы жайында



Дата27.05.2018
өлшемі165,08 Kb.
#40847
Н.Ә. АТЫҒАЕВ
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология Институты директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары, т.ғ.к., доцент
ТАРИХ-И АЛФИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ДЕРЕКТЕРДІҢ

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖАЙЫНДА
Аңдатпа: Мақалада парсы тілінде жазылған ортағасырлық екі тарихи шығармалардың – Тарих-и алфи және Тарих-и Рашидидің – Қазақ хандығынның тарихына қатысты мәліметтеріне салыстырмалы-сәйкестік талдау жүргізіледі. Бірінші шығарманы молла Ахмад б. Насраллах Дейлами Татави Ұлы Моғол мемлекетінде XVII ғасырдың басында жазған. Екіншісінің авторы Мырза Мұхаммед Хайдар Дуғлат, оның шығармасы XVI ғасырдың ортасында Ұлы Моғол мемлекетінің құрамындағы Кашмирде жазылған. Зерттеуші шығармалардың мәтіндеріне талдау жасай келе, Тарих-и алфи шығармасындағы Қазақ хандығынның тарихына қатысты мәліметтер толығымен Тарих-и Рашидидің шығармасынан алынғаны туралы, ондағы деректердің Қазақстан тарихына құндылығы төмен деген қорытындаға келеді.

Түйін сөздер: Қазақ хандығы, қазақтар, жазба деректер, Тарих-и алфи, Тарих-и Рашиди.
Қазақ хандығының тарихын зерттеудегі басты қиыншылық нақты тарихи деректердің аздығы. Тәуелсіздік тұсында осы кемшілікті жоюға бағытталған бірталай шаралар атқарылды, қазақ тарихына қатысты шетел кітапқорлары мен мұрағаттарында сақталған бірқатар жаңа деректер белгілі болды. Әсіресе қазіргі күні жүзеге асырылып жатқан «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында үлкен нәтижелерге қол жеткізгенімізді айту керек. Осы жұмыстардың нәтижесінде ұлттық тарихтың деректік қоры біршама байыды, соларға негізделген жаңа ғылыми зерттеулер жарық көрді.

Елімізде жаңадан ғылыми айналымға енгізілген шығармалардың бірі молла Ахмад б. Насраллах Дейлами Татавидің Тарих-и алфи («Мыңжылдықтар тарихы») шығармасы. Шығарма Ұлы моғол билеушісі Ақбардың тапсырысымен жазылғандықтан Тарих-и Акбари атымен де белгілі. Үлкен көлемді тарихи еңбек Үндістанда исламның 1000 жылдығына орай жазылған, онда мұсылман тарихының ең маңызды оқиғалары хронологиялық жылтізбемен қысқаша баяндалады. Тарих-и алфидің қолжазбалары әлемнің бірталай елдерінің кітапханаларының қолжазбалар қорларында сақталған. Иран Ислам Республикасына жасалған ғылыми іс-сапар барысында осы елде сақталған бірнеше қолжазбаның көшірмелерін алудың сәті түсті. Тегеран қаласындағы Қажы Хусейн Малек атындағы Ұлттық кітапхана мен мұражайындағы қолжазба хижраның XIII ғасырында (= XIX ғ.) көшірілген, 701 парақтан тұрады, насхпен жазылған (№4376). Онда оқиғалар хижраның 982 жылына (1574 ж.) дейін жеткізілген. Мешхед қаласындағы Резави кітапханасында Тарих-и алфидің 496 парақтан тұратын хижраның 1261 жылы (= XIX ғ.) көшірілген тағы бір қолжазбасы (№10929) сақталған, жазуы – насх. Исфахан қоғамдық кітапхана қорындағы қолжазба Керманшах қаласында хижраның 1246 жылы (= XIX ғ.) Ахмад б. Абу ал-Фатх Исфаханидің қолымен көшірілген. Екі томдық қолжазбаның жалпы беті – 1406 бет. (№11379, 11380). Бүгінде осы қолжазбалардың көшірмелері Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы Тарихи материалдарды зерттеу бойынша Республикалық ақпараттық орталығында сақталады.

Отандық шығыстанушы Ғ.Ә. Қамбарбекова осы Тарих-и алфи шығармасындағы қазақ тарихына қатысты мәліметтерді елімізде тұңғыш жариялаған [1]. Әрине, жоғарыда айтылған ерте тарихымыз бойынша нақты тарихи деректердің аздығын ескерсек, бұл жас ғалымның үлкен жетістігі. Сонымен қатар зерттеушінің бұл шығарманың Қазақ хандығы, қазақ тарихы үшін деректік маңызын артық бағалап отырғанын айтпасқа болмайды.

Негізінен Тарих-и алфи компилятивтік шығармалар қатарына жатады, онда жаңа, белгісіз деректер аз. Оның авторы XV-XVI ғасырдың бірінші жартысындағы оқиғаларды баяндағанда зерттеушілер арасында жақсы танымал Тарих-и Рашиди шығармасындағы мәліметтерді қайталаумен шектелген. Мырза Мұхаммед Хайдар Дуғлаттың Тарих-и Рашиди шығармасының Ұлы Моғол империясы мен Орталық Азия тарихи әдебитетіне әсерін ескерсек, бұл түсінікті.

Айтылған пікіріміздің дәлелді болуы үшін Тарих-и алфи және Тарих-и Рашиди деректеріне салыстырмалы-сәйкестік талдау жасап көрейік1. Мысалы, зерттеуші Ғ. Қамбарбекова Тарих-и алфи шығармасынан келесі деректі келтіреді2: «Сұлтан Махмуд ханның бұл соғыстардан кейін елдің алдында басқаша беделі пайда болды. Мирза Сұлтан Ахмад бейбіт келісімге келмес бұрын, Түркістанды Мұхаммад Мурид Тарханнан [Тоғай Мирза Сұлтан Ахмад болып келетін] алып, ол уалайатты Шейбак ханға жақсы қызметі үшін берді. Осы себепті Керей хан мен Жəнібек хан жəне Сұлтан Махмуд хан арасында бұрыннан келе жатқан достастыққа сызат түсті. Шейбак хан мен оның [Сұлтан Махмуд хан] арасында дұшпандық болса да, Сұлтан Махмуд хан мен қазақ арасында соғыс болды жəне екі ретте де Сұлтан Махмуд хан жеңіліс тапты» [1, 64-65 бб.]. Ал мұны Тарих-и Рашидидегі келесі мәліметтермен салыстыруға болады: «Түркістанды Сұлтан Ахмет мырзаның атынан билеп тұрған Түркістан әмірі Мұхаммед Мазид тарханды ұстап алып тұтқындады. Бейбітшілік, татулық орнатудың басты себепкері осы Мұхаммед Мазид тархан болатын. Себебі ол мырза Сұлтан Ахметтің нағашы ағасы еді. Хан Түркістанды алғанда Шаһибек хан оның қызметінде болатын. Бұдан бұрын айтылғандай, Чир (Жәр3) соғысында көрсеткен қызметі үшін оған Түркістанды билеуді берген еді. Қазақ хандары – Керей хан мен Жәнібек хан балалары бір жағынан, Сұлтан Махмұд хан екінші жағынан арасында ежелден келе жатқан достық осының салдарынан дау-дамайға айналды ... Сөйтіп осы керістің салдарынан Сұлтан Махмұд хан мен өзбек-қазақ арасында екі рет шайқас болды. Екеуінде де Сұлтан Махмұд хан жеңіліске ұшырады» [2, 142-143 бб.]. Екеуінің ұқсастығы анық көрінеді және алғашқысында Мұхаммед Мазид тарханның атын жазғанды қате кеткен.

Тарих-и алфидің келесі мәліметі де Тарихи Рашидиден көрініс табады. Алғашқысында 915/1507 жылдың оқиғалары ретінде келесі мәлімет келтіріледі: «Шейбак хан осы жылы Дештінің [Дешті Қыпшақтың] жəне Жошы ұлысының билеушісі Қасым ханның артынан Сайрам жаққа бет бұрды.Өзінің жанындағы əскерден біраз көп қолды талан-тараж жасап, тонауға аттандырады. Ол кезде Қасым хан алыста деген оймен жіберілген əскер, Қасым ханның беделді əміршілерінің хабар жіберуімен, хабар жібереді. Қасым хан оқиға болған жерге жетіп үлгереді. Ал, тонауға келген қол, шыдас бермей қатты шығынға ұшырайды. Əбден əуре болып, əрі түк тындырмай Шейбах ханға келіп, қосылады» [1, 65 б.].

Бұл оқиғалар Тарих-и Рашидидің «Шаһибек ханның қазақтарға шабуылы және оның ісінің күйреуі жайында әңгіме» атты тарауда кеңінен баяндалған [2, 270-271 бб.]. Тарихи алфи авторы оған ешқандай жаңалық қоспайды, керісінше үстірт хабарлайды. Осы шығарманың тағы бір мәліметі келесі: «Осы жылдары Дешті Қыпшақ бұрындары айтып өткеніміздей, Қасым ханға қарап тұрды. Осы жылы Қасым хан Дештіден Сайрамға келіп, талқандады да, Ташкентке қарай аттанып кетті. Жəне сол жылы Сүйінжік хан (түпнұсқа бойынша берілді) Ташкентті Ахмат Қасым-кухтен тартып алған болатын, бекініске тығылды. Жəне Қасым хан ол уалайаттың айналасын талан-таражға салып, қайтып кетті. Сайид хан Қасым ханның Ташкент уалайатына келгенін естіп, мүмкін оның [Қасым ханның] жəрдемімен Ташкент қаласын Шейбани өзбектерін біржолата қуып шығарамын деген оймен, артынан аттанады. Бірақ Сайид хан жеткенше, Қасым хан қайтып кетеді. Сайид хан Қасым ханның артынан Моғолстан уалайатына, Қасым ханға жетеді. Ол кезде Қасым хан шамамен жетпіс жаста болатын. Сайид ханға жақсы жолдастық жасайды бірақ, жəрдем жағдайына келгенде, кешірім сұрайды. Сайидхан амалсыз артқа қайтады» [1, 65 б.].



Тарих-и алфи шығармасындағы бұл мәліметтер Тарих-и Рашидидің «Сұлтан Саид ханның Сүйіншік ханнан жеңілгеннен кейінгі [болған] оқиғалар жайында», «Қазақтар және қазақ сұлтандарының тіршілік ерекшеліктері туралы; бұл атаудың оларға берілу себебі хақында және олардың істерінің салдары жайында әңгіме» және «Сүйіншік ханның шайқасынан кейінгі болған оқиғалар туралы, Сұлтан Саид ханның Қасым ханға, қазақтарға баруы жайында әңгіме» тарауларының қысқаша баяны болып табылады [2, 304-310 бб.].

Зерттеуші Ғ.Ә. Қамбарбекова Тарих-и алфидегі Қасым ханға байланысты мәліметтерге назар аударып, келесі пікір айтады: «Əрине (Қасым ханның – Н.А.) хандыққа келгені туралы дерек, яғни «1504 жылдары Дешті Қыпшақта Қасым хан билеуші еді» деген мəлімет, тарихшылар айтып жүрген мəліметке тура келмейді. Ресми деректер бойынша, 1511 жылы билікке келген. Ал, енді дүние салған жылы туралы «Тарих-и алфи» еңбегінде Қасым хан өз ажалымен 924/1516 жылы дүние салды. Ал, оның орнына ұлы Қамаш (!) ұлыстың билігіне ие болды» деп жазады [Tatauy; Qazvini, 1378, 386 б.]. Қамаш деп Момыш ханды меңзеп, ал дүние салған жылы бізге белгілі жылдан айырмашылығы көрініп тұр. Əрине, бұл тұста хижри жыл есебін қалай есептеп жүрміз, ол мəселе де бар. Десек те, бір-біріне қайшы келетін мəліметтердің болғаны, ешбір мəліметтің кездеспеуіне қарағанда жақсы деген пікірдеміз» [1, 65 б.].

Бұл жерде зерттеушінің «ресми деректер» деп нені айтып отырғаны түсініксіз. Қасым хан 1511 жылы билікке келді деген пікір тарихи әдебиетте ертеден қалыптасқан. Зерттеушілер Қасым билікке келуін Бұрындықтың Самарқандқа қызы Михр-Сұлтан-ханымның (Мұхаммед Шейбанидің ұлы Мұхаммед Тимур-сұлтанның әйелі) қолына кетуімен байланыстырған. Бұл М. Тынышбаевтың жорамалы бойынша 1503 жылы болған оқиға [5, с. 132], ал мәселемен арнайы арналысқан Т.И. Сұлтановтың пікірі бойынша оқиға 1511 жылдың күзінен кейін болған [6, с. 115; 7, с. 164]. Алайда Бұрындық қызының қолына Самарқандқа 1512 жылдың қараша-желтоқсанынан ерте кетуі екіталай. Сенімді деректер (Бабур-наме, Тарих-и Рашиди), 1511 жылдың қазанынан 1512 жылдың қарашасына дейін Самарқанд өзбектер емес, олардың жауы Захир ад-Дин Бабырдың қолында болғанын хабарлайды. Сонымен қатар, Тарих-и Рашиди мәліметтері 1512 жылдың күзінде Бұрындық хан әлі Сарайшықта болған деген жорамал жасауға мүмкіндік береді [8, с. 301]. Онда Қасым 1513 жылдан кейін билікке келді деп айтуымыз керек, ал бұл деректерге қайшы келеді. Осыны ескере Қасымның билікке келуін Бұрындықтың Самарқандқа кетуімен байланыстырмаған дұрыс деп ойлаймыз. Мырза Хайдардың баяндауынша, 915 хижра жылының қысында (1509 жылдың қараша – 1510 жылдың ақпан айлары) Қазақ хандығының шынайы билеушісі Қасым болған [8, с. 287; 9, с. 217]. Осы пікірді Хабиб ас-сияр шығармасының авторы Гияс ад-Дин Хондамир де (XVI ғ.) қайталайды. Бұл белгілі ортағасырлық тарихшы Мұхаммед Шейбани ханның «915 жылдың соңында (1510 жылдың басында)» болған жорығы туралы жаза келе, Қасым бұл кезеңде «Дәшті Қыпшақтың барлық билеушілерінен өжеттілігі мен бағынышты халықтың санымен артық болды» деп жазады [10, с. 260-261; 11, ص. 392]. Сол себепті Қасым ханның билікке келу уақытын 1509 жылдың соңғы айларымен 1510 жылдың бас айларымен белгілеу дұрыс деген пікірдеміз. Және де өзбек билеушісінің 1510 жылғы төртінші жорығының Бұрындық ханға қарсы емес, нақты Қасым ханға қарсы бағытталуын кездейсоқтық деп қарауға болмайды [9, с. 133].

Сонымен қатар хижра жылдарын қазіргі жыл санауға аударғанда зерттеуші Ғ.Ә. Қамбарбекова қателік жіберіп отырғанын айту керек. Хижра жылын есептегенде тарихшы мамандар ертеден бері пайдалып жүрген арнайы кестемелерді (мысалы И. Орбели кестемесін) қолданған дұрыс. Сонда хижраның 915 жылы 1504 жылға емес, 1509 жылдың 21 сәуірі мен 1510 жылдың 12 наурыз аралығына, 924 жыл 1516 жылға емес, 1518 жылдың 13 қаңтары мен 1519 жылдың 2 қаңтары аралығына сәйкес келеді [12, с. 191]. Ал Қасым ханның хижраның 915 жылы Дешті Қыпшақта билегені және оның 924 жылы қайтыс болғаны Тарих-и Рашидиде көрсетілген және тарихшыларға жақсы белгілі. Бұл жерде келесіні айта кету керек. Тарихи деректерде Қасым ханның қайтыс болу уақытына байланысты бірнеше мәліметтер кездеседі. Сонымен қатар Тарих-и Рашидидің аудармаларында осыған байланысты өзгешіліктер де бар. Шығарманың 1969 жылғы Н.Н. Мингулов жасаған аудармасында Қасым хан хижраның 924 жылы қайтыс болды деп нақты көрсетіледі [9, с. 222]. Тарих-и Рашидидің 2003 жылғы қазақша аудармасында да осылай берілген [2, 306 б.]. Ал осы шығарманың А. Урунбаев бастаған өзбек ғалымдары дайындаған орыс тіліндегі басылымында қазақ ханының 924 (1518) жылдан кейін (после) қайтыс болды деп аударылған [8, с. 324]. Соңғы аударманың дұрыс екенін Британ кітапханасындағы (Лондон) қолжазба негізінде 2004 жылы Иранда тұңғыш рет шыққан Тарих-и Рашиди басылымы көрсетеді, онда Қасым ханның қайтыс болуы 924 жылдан кейін («بعد از») деп жазылған4 [13, ص. 405]. Алайда бүгінгі күні зерттеушілердің бір қатары Қасым ханның 1521 жылдың басында қайтыс болды деген А.И. Исиннің 1985 жылы орыс мұрағат деректері негізінде айтқан пікірін қолдайды [14, с. 45-49; 15, с. 50-62; 16, с. 54-61 ]5.

Сонымен қатар Тарих-и алфиде Қасым ханның «мың мыңдаған» əскері болды деп айтылады [1, 65 б.]. Әрине, мұндай көп әскер болуы мүмкін емес, сондықтан Тарих-и Рашидидегі «қазақ саны мың мың (миллион) болатын» [2, 306 б.] деген мәлімет дұрыс. Қасым ханның «мың мыңдаған» əскері болды деген мәлімет Ахмад Разидің Тарих-и Хайдари шығармасында да кездеседі [18, 215 б. (орысша аудармасы), 274 б. (парсы тіліндегі нұсқа)]. Алайда мамандар бұл шығарманың авторы Ахмад Рази Тарих-и Алфидегі көптеген мәліметтерді өз еңбегіне көшіріп, кіргізе салғанын ертеде анықтаған [19, с. 158], сондықтан Тарих-и Хайдари шығармасындағы осы мәліметті дербес дерек ретінде қарастыруға болмайды.

Зерттеуші Ғ.Ә. Қамбарбекова «Ары қарай, Қасым ханның ұлы Тахир ханның (Тайырхан) 928/1520 жылы билікке келгендігі жəне Қасым ханның мың мыңдаған қолынан түк қалмай, Тахир ханның нашарлығынан тарап кеткендігі баяндалады» деп жазады [1, 65 б.]. Тарих-и алфидің бұл мәліметтері толығымен Тарих-и Рашидидегі Тахир хан мен қазақтар жайында келтірілген деректердің қысқаша нұсқасы болып табылады [2, 413, 418-419 бб.].



Сонымен молла Ахмад б. Насраллах Дейлами Татавидің Тарих-и алфи және Мырза Мұхаммед Хайдар Дуғлаттың Тарих-и Рашиди шығармаларының деректерін салыстыра келе, бірінші шығарманың екінші шығармадан толық тәуелділігі туралы қорытынды жасауға болады. Тарих-и алфидің XV-XVI ғасырдағы Қазақ хандығы тарихына қатысты мәліметтерінің деректік негізі төмен деген пікірге келдік. Осыған орай бұл шығарманың Алтын Орда тарихына байланысты мәліметтерін В.Г. Тизенгаузен орыс тіліне аударып, өзінің дайындап жатқан жинағына кіргізбекші болғаны белгілі, алайды оның компилятивтік туынды екенін ескере А.А. Ромаскевич пен С.Л. Волин бұл үзінділерді кейін жинаққа енгізбегенін де айта кетуге болады [18, с. 7].
Әдебиеттер

  1. Қамбарбекова Ғ.Ә. «Тарих-и альфи» дереккөзіндегі Орталық Азия мен Дешті қыпшақ билеушілері // Известия Национальной Академии Наук Республики Казахстан, 2013. – №2. – 62-67 бб.

  2. Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. (Хақ жолындағылар тарихы). Алматы: М.Х. Дулати қоғамдық қоры, 2003. – 616 б.

  3. Пищулина К.А., Атығаев Н.Ә. «Тарих-и Рашидидің» тәржімесі туралы // Қазақ тарихы, 2004. –№4. – 129-133 бб.

  4. Қазыбек М. Дүние таныған Дулати // Айқын апта. 24 сәуір 2014 жыл.

  5. Тынышпаев М. История казахского народа. Составители и авторы предисловия проф. Такенов А. С. и Байгалиев Б. – Алма-Ата, 1993. – 224 с.

  6. Султанов Т.И. Кочевые племена Приаралья в XV-XVII вв. (вопросы этнической и социальной истории). – Москва, 1982. – 134 с.

  7. Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. Алматы, 2001. – 276 с.

  8. Мухаммед Хайдар Дулати. Та’рих-и Рашиди. Перевод с персидского языка А. Урунбаева, Р. П. Джалиловой, Л. М. Епифановой, 2-е издание дополненное. Алматы: Санат, 1999. - 656 с.

  9. Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII вв. (извлечения из персидских и тюркских сочинений). Составители: С. К. Ибрагимов, Н. Н. Мингулов, К. А. Пищулина, В. П. Юдин. - Алма-Ата, 1969, - 652 с.

  10. Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. Ч.2. СПб., 1864. - 498 с.

  11. تاریخ حبیب السیر فی اخبار افراد بش / تالیف غیاس الدین بن همام الدینالحسینی المدعوبه خواند امیر/مقدمه : بقلم، استاد جلال الدین همایی /فهرست مطالب، اعلام تاریخی و جغرافیی، قبایل، کتب و (تصحیح متن) ذیر نظر : دکتر محمد دبیر سیاقی / ناشر: انتشارات خیام / نوبت چاپ: چهارم : 1380

  12. Орбели И.А. Синхронистические таблицы хиджры и европейского летосчисления. – М.-Л.: И-во АН СССР, 1961 г. – 287 с.

  13. تاریخ رشیدی / تالیف میرزا محمد حیدردوغلات :تصحیح دکتر عباسقلی غفاری فرد– تهران:مرکزنشرمیراث مکتوب :1383

  14. Исин А.И. Новые источники по истории Казахстана первой четверти XVI в. // ИАН Каз. ССР, СОН. 1985, № 3. – С. 45-49

  15. Атыгаев Н.А. Хронология правления казахских ханов (XV–середина XVI века) / Тюркологический сборник - 2006. Москва, 2007. – 366 с.

  16. Трепавлов В.В. Казахские ханы XVI в в Литовской метрике // Отан тарихы, 2013. – №3 (63). – С. 54-61.

  17. Кәрібаев Б.Б. XV ғ. соңы - XVI ғ. I ширегіндегі Қазақ хандығының Мауреннахр мемлекеттерімен саяси қарым-қатынасы. Канд. дисс. авторефераты. Алматы, 1996. – 24 б..

  18. Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды. Т. II. Извлечения из персидских сочинений собранные В.Г. Тизенгаузеном и обработанные А.А. Ромаскевичем и С.Л. Волиным. – М.-Л., 1941. – 308 с.

  19. Султанов Т.И. Зерцало минувших столетий. Историческая книга в культуре Средней Азии в XV–XIX вв. – СПб.: Филол. ф-т СПбГУ, 2005. – 304 с.


References
АТЫГАЕВ Н.А.

зам. директора по научной работе Института истории и этнологии

им. Ч.Ч. Валиханова, к.и.н., доцент
ОБ ОРИГИНАЛЬНОСТИ СВЕДЕНИЙ

ТАРИХ-И АЛФИ ПО ИСТОРИИ КАЗАХСКОГО ХАНСТВА
Резюме: В статье проводится сравнительно-сопоставительный анализ сведений по истории Казахского ханства, содержащихся в двух персоязычных исторических сочинениях – Тарих-и алфи и Тарих-и Рашиди. Первое сочинение принадлежить перу муллы Ахмад б. Насраллах Дейлами Татави и написано в государстве Великих Моголов в начале XVII века. Автором второго является мирза Мухаммад Хайдар Дуглат, его сочинение написано в Кашмире, также номинально входившим в состав государства Великих Моголов, в середине XVI века. Проанализировав тексты двух сочинений исследователь приходит к выводу, что сведения по истории Казахского ханства, содержашиеся в Тарих-и альфи является компиляцией из Тарих-и Рашиди.

Теги:  Казахское ханство, казахи, письменные источники, Тарих-и алфи, Тарих-и Рашиди.
ATYGAEV N.A.

Institute of History and Ethnology named after Ch.Ch. Valikhanov,

Deputy Director for Science, Candidate of Historical Sciences,

Associate Professor)


ABOUT SOURCE STUDY VALUES OF THE TARIH-I ALFI WORK FOR THE HISTORY OF KAZAKH KHANATE
Summary

In this paper the author made a comparative analysis of the information on the Kazakh Khanate history, contained in two Persian historical works - Tarih-i Alfi, Tarih-i Rashidi. The first work is authored by Mullah Akhmad b. Nasrallah Deilami Tatawi, and it was written in the Great Mughals state in the early XVII century. The author of the 2-nd work is Mirza Muhammad Haidar Duglat. His works was written in Kashmir (which nominally was also a part of the Great Mughals state) in the middle of the XVI century. After analyzing the texts of these two works, the author concludes that the information on the Kazakh Khanate history presented in Tarih-i Alfi is a compilation of the Tarih-i Rashidi.



Tags:  Kazakh Khanate, Kazakhs, written sources, Tarih-i Alfi, Tarih-i Rashidi.


1 Шығармалардың мәліметтерінің арасындағы ұқсастықты байқау үшін Тарих-и Рашидидің қазақша аудармасын пайдаланамыз. Бұл басылым кіріспесінде көрсетілгендей парсы тілінен қазақ тіліне тікелей аударылмағанын ескеру керек. Басылымның шығуына байланысты рецензия дайындағанда кітаптың орыс тіліндегі аудармаға негізделгенін аңғарғанбыз [3, 129-133 бб.]. Қазіргі күні қазақ тіліндегі басылымды шығарушыларының өздері 2003 жылы қазақ тілінде жарық көрген басылым Тарих-и Рашидиді парсы тілінен қазақшаға тікелей аударатын кәсіби аудармашы маман болмағандықтан, А. Урунбаевтың басшылығымен шыққан кітап орыс тілінен қазақ тіліне аударылғанын мойындап отыр [4].

2 Зерттеушінің аудармалары толығымен сақталады.

3 Неге аудармашылар шығармадағы Шыр (Шыршық) өзенін Жәр деп қосымша бергені түсініксіз. Тарих-и Рашидиде мұндай анықтама сөз жоқ.

4 Н.Н. Мингуловтың аудармасы оның пайдаланған қолжазбасындағы қатеден туындауы мүмкін, негізінен нұсқалардың арасында өзгешіліктер байқалады, оларды салыстырғанда кей жерлерде мағыналары бір болғанымен, баяндауы бөлек екенін анықтадық.

5 Осы орайда Б. Кәрібаевтың өзінің кандидаттық диссертациясының жаңалығы ретінде «Қасым ханның дәл қай жылы қайтыс болғандығын шығыс авторлары анық жазбайды, ал автор орыс деректеріндегі мәліметтерге сүйене отырып, атақты ханның 1521 жылдың қыс айларының бірінде қайтыс болған деген пікір айтады» деп жазуы мүлдем түсініксіз [17, с. 20].


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет