Тарих талқысы Ұлттық тағдыр, Тұлға және тарихи көзқарас


«Жолдастар, менiң сiздерге жариялайын деп отырған деректерiм - қазiр көзi жойылған «Байтұрсыновтың контрреволюциялық ұйымының» тергеу



бет8/24
Дата17.02.2017
өлшемі7,02 Mb.
#9675
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   24

«Жолдастар, менiң сiздерге жариялайын деп отырған деректерiм - қазiр көзi жойылған «Байтұрсыновтың контрреволюциялық ұйымының» тергеуiнде ұлтшылдардың өзi берген куәләгi. Сондай – ақ, дәл осы күндерi Тынышбаевтiң, Ермеков пен Досмұхамседовтердiң тағы да бiр контрреволюциялық - ұлтшыл ұйымының тамырына балта шабылуда», - деп ұзақ уақыт екiлене сөйлеп, тергеу жауаптарынан үзiндiлердi ерекше рахаттанған сезiммен оқыды.

Ой өрiсi – өсектен, iс – әрекетi – тақтан, көзқарасы - қондырғы насихаттан аспаған, жiгерсiз жандардың «мәмiлеттерi де» мағынасыз, мәнсiз, етекбасты деректерге құрылды. Соның нәтижесiнде алыпқашпа айқайға құрылған Голощекиннiң «көсем сөздерi» де салпаңқұлақтардың сауатсызжазылған тыңшылық жазбаларының жиынтығына ұқсады. Көбiк езулене, даурыға, шаптыға сөйлеген мемлекет басшысының өз сөзiн өзi қызықтап, есiрiп кететiнi сондай, негiзгi баяндаманы оқуды ұмытып кетiп, жарты күн мiнбеге мiнiп, бурадай шабынып тұруды әдетке айналдырды. Әлгi жандайшаптар ұйымдастырған «ұзаққа созылған қызу қол шапалақтаулар» Голощекин реттi – ретсiз балағаттаған тұста да, шапағаттаған тұста да дамылсыз соғылып, оны дәмiл – дәмiл шабыттандырып отырды.

Өкiнiшке орай, ұлтының мүддесiнен, жеке басының намысынан, ұрпақ алдындағы парызынан лауазым мен марапатты жоғары қойған можантопай, қолтоқпақ, исалмастардың желiктiруiнiң кесiрiнен «қуажақтың» жағы сембедi, керiсiнше, тiсiн – тiсiне басып, үш жылдың iшiнде -қазақ ұлтының мәйегiн iрiтiп тынды. Шын мағнасындағы ұлт көсемдерi – «Алашорда» қайраткерлерiнiң бiрi қалмай қамауға алынды. Қазақтың көшпелi экономикалық қарым - қатынасы бұзылып, шаруашылығының шаңырағы ортасына түстi. Халық қамын ойлайтын қайраткерлер қудаланды. ұлттық мәдениеттiң тамырына балта шабылды. Ұлттық демейiн, кәдiмгi мемлекеттiк мүдденiң өзi аяқ астына тапталып, халықтың ортақ қазынасы «жалаң айғайдың» құрбандығына шалынып, талан – таражға түстi. Ақырында қазақ елiн орыны толмас қасiретке душар еттi. Қазақ мемлекетiнiң апатқа бет алғанын аңғарған Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Жалау Мыңбаев, Нығымет Нұрмақов, Ораз Жандосов iспеттi қайсар қайраткерлер екi – үш жыл күрестi. Бiрақта «Қужақтың» жақтаушылары оларға ойсырата соққы берiп, тыңшылық әрекет арқылы iштен ыдыратып тынды. Сөйтiп, қазақ жұртын 1931 – 1932 жылғы ашаршылыққа алып келдi.

Ел басына ашаршылықтың төнгенiн, тек 1931 жылы ғана 1 миллион 74 мың адамның босқынға ұшырағаны туралы жоспарлау комитетiнiң мәлiметiн көре тұрып, 1931 жылдың қараша айының 1 күнгi мәжілісте өлкелiк комитеттiң екiншi хатшысы Iзмұқан Құрамысов сондай бетбақтықпен:



«Жекелеген коммунистерiмiздiң, тiптi кейбiр белсендiлердiң – Қазақстанның жағдайы қазiр жайсыз, әлдебiр күйреудiңi нышандары байқалады – мыс, Қазақстанның болашағы күңгiрт, т.б. деп мiңгiрлеуi, босаңдық танытуы бiзге екi есе түсiнiксiз, екi есе кешiрiлмейтiн iс. Бұл әлдекiмдердiң бос былшылбайы. Әрине, мал басының азайып кеткенi байқалады, бiрақта оған кiнәлi – байлар... Кейде орташалардың өзi бай мен кулактың сөзiне ерiп, малын қасақана шығынға ұшыратады... Бiз, ұлттық коммунистер, ұлы тарихи процестiң куәсi болғанымызға, қазақ еңбекшiлерiн жаңа баспалдаққа көтерген жаңа құрлыстың тетiгiнiң бiрi болғанымызға мақтануымызға болады және мақтануымыз керек. Бiз патшаның барлық құбыжық мұраларының тамырын үзiп, оны жеңуге қатыстық. Жыласа, әлгi алашордашылар жыласын... Солар – ақ: «Қағазымды сүйемiн», - деп кеудесiн ұрып, айта берсiн. Қазақстан мен қазаққа кiмнiң көп еңбек сiңiргенiн, кеңестiк Қазақстанның жемiстернiң нәтижесiн еңбекшi Қазақтардың өзi айтсын», - деп көлгiрсiдi.

Айтатын несi бар:

«Кеңестiк Қазақстанның жемiсi» - бiр жарым миллион аштан өлген қазақтың сүйегi екенiн «мiңгiрлеген, босаңсыған» коммунистер де, белсендiлер де бiлдi. Бiлiп тұрып «Қазағым!» - деп жылады». Екi есе кешiрiлмейтiн күнәға» батқан екi жүздi хатшының өзi едi.

Ұлтты iшiнен аздыру, олардың халыққа беделi бар тұлғаларын бiр – бiрiне өшiктiру, бiрiне – бiрiн аңдытып, бiрiн-бiрiне жазалату, сол арқылы ұлттың бiрлiгiн ыдырату – әлмисақтан келе жатқан жаhангерлiк саясаттың сынақтан өткен ең «жемiстi» әрi қауiптi тәсiлi. Мұны «езiлген ұлттардың қамқоршысы» - кеңес өкiметi де, оның көсемi – Сталин де, Сталиннiң «Қужақтары» да әккiлiкпен пайдаланды. Егерде Исаев, Ерназаров, Құрамысов, Тоғжановтар ұлт мүддесiне сатқындық жасамай, Голощекиннiң жетегiнде кетпей Смағұл Сәдуақасовтармен бiрге отырып ұйымдасқан түрде мәселе қойып, талқыға салған жағдайда қазақ елi дәл сол тұстағыдай зауалға ұшырамас едi. Әрине, заманның бетiн қайыра алмайды. Бiрақ ашаршылықтың алдын алуға, оның зардабын жеңiлдетуге, ертерек шара қолдануға болатын едi. Оның саяси, мемлекеттiк, ұлттық, идеологиялық алғы шарттары, тығырықтан шығу жолы жасалған едi. Елi аштықтан жаппай қырылып жатқанда, Қызылжар мен Керекудiң темiр жолдарында сасып жатқан малдың еттерiн қайда жiберудiң мәнiсiн таппай, аштарға үлестiрiп беруге жүрегi дауаламаған Исаев пен Құрамысовтың, Ерназаровтың, дәрменсiздiгi ешқандай да ақтауға жатпайды. Жоғары лауазымға көтерiлген қазақ ретiнде атауға болар. Өйткенi бұл – шындық. Ал, мемлекеттiң, ұлттың, мәдениеттiң қамын ойлаған қайраткерлердiң қатарына жатпайды. ­Өйткенi, 1926 – 1930 жылдардың арасындағы қазақтың рухани көсемдерiн жазалау науқаны, 1931 – 1932 жылдардағы 1,5 – 2 миллион адам құрбаны болған ашаршылық, 1936 жылдың аяғындағы, 1937 жылдың басындағы жазалау қысымдары солардың билiк ықпалымен жүргiзiлдi. Әруақтары, ағайындары кешiрсiн, бiрақ шындықты шымылдықпен жаба алмайсың.

Ұлттық мүдде мен намыс, адамның бағы мен соры, азаматтың өмiрi мен өлiмi, әдiлет пен әдiлетсiздiк талқыға түскенде – пендешiлiкке жол жоқ. Қандай қимас тұлға болса да қиянатқа кешiрiм жасамайды.

Қоғамды билеудегi ең қатерлi әрi қауiптi, адамның санасын тұмандатып, түйсiгiн арандататын құбылыстың бiрi – идеология. Ол байсалды мiнезге, пайымды пiкiрге, тұрақты көзқарасқа ие тұлғаларды да жол айырығында әнтек аттатып, бұрыс бастырып жiбередi. Оның үстiне бұл идея қандай бiр кек пен өштiктiң, күш қолданудың, қарымта қайырудың қаруы болса тiптi сорақы. Ал таптық тартыстың «жауынгерлiк құралына» айналған кеңестiк идеология талай тұлғалардың тағдырын тәлкек еттi. Мұндай арандатуға «тап тартысы күшейiп», «Ұлы құрбандыққа» дайындалып жатқан кезеңде «аққу ақын» Сәкен Сейфуллин де түсiп қалды. Пролетариат жазушылары қауымдастығының көсемi ретiнде көркем өнер мен әдебиеттiң таптығы мен саясатқа қатысы туралы ашық айтысқа шығып, Мағжан мен Мұхтарға тiзесiн батырған сәттерi де кездестi. Ол «Ұлы құрбандық» тұсында бойын тартып, ашаршылықтан соң идеологиялық майданнан мүлдем күдер үздi. Алайда, әдебиеттiң ет пен терiсiнiң арасында жүрген, не рухани көсем – идеолог дәрежесiне көтерiле алмай, не өзiнiң дербес идеясын қалыптастыра алмай, Адам Атадан бастап Абайға дейiнгiнiң түгелiнiң бетiне түкiрiп, бесiгiнен безгендер тобы қазақ Ұлтының рухани игiлiгiне қатты қауiп төндiрдi. «Жаңбыр бiр жауса, олар екi жауып», шолақ өрт қойып отырды. «Қужақ» оларды өте ептiлiкпен пайдалана бiлдi. Өршелене өңешiн жырта айғайлағандардың да үнiн кейiн өшiрдi. Әсiресе, Голощекин салтанатты түрде «тағы да бiр контрреволюциялық ұлтшыл ұйым әшкереленiп жатыр» деп жариялаған «Ұлы құрбандықтың» екiншi толқынының қатарында Мұхтар Әуезов те бар едi. Мұхтардың бостандықта жүруi оларға кешiрiмсiз жайт көрiндi. Әуезовтiң Ұлтшылдық дертiнiң уытын шығарумен болған олар Мәскеудегi «Әдебиет энциклопедиясында» Мұхтар Әуезов туралы жоғары баға берiлген анықтама басылғанда өзектерi өртенiп кеттi. Ораз Исаев пен Iзмұқан Құрамысов жем тастап, Ғаббас Тоғжанов пен Әбдiрахман Байдiлдин, Х. Жүсiпбеков жазып, С. Сапарбеков пен О. Жандосов қол қойған ашық хат Ахмет Байтұрсынов бастатқан алаштың ардақтыларын түрменiң босағасынан бiрақ шығарды. 1929 жылы көкек айының 19 күнi «Советская степь» газетiнде:



«Бiр топ жолдастар - «Правда» газетiнiң және «Әдебиет энциклопедиясының» редакциялық алқасына кейбiр жазушы - қазақтардың творчествосына баға беруде «Энциклопедияда» жiберiлген қате пiкiрлерге орай қарсылық-хат жолдады. Көпшiлiктiң ерекше назарын аударған осы хатты толық жариялап отырмыз» - деген түсiнiкпен жарияланған «Жазушы - қазақтардың творчествосы туралы» атты хат Голощекиннiң айызын қандырды.

Алаш азаматтарын «Құрбандыққа шалудағы» ең соңғы шешушi соққының мiндетiн атқарған бұл хатты бiз де толық келтiремiз.


«Құрметтi жолдастар»!
Бiздiң пiкiрiмiзше, Әуезов пен Байтұрсыновтың шығармаларына маркiстiк көзқарасқа мүлдем жат баға берiлген.

Бәрiнен бұрын Әуезовке тоқталайық. «Әдебиет энциклопедиясында»: «ол қазiргi замандағы аса көрнектi жазушы, оның көркем шығармалары таңғажайып дәлдiгiмен және тарихи шындығымен дараланды», - деп жазылған. Бiздiң ойымызша, бұл сыпайылап айтқанда Әуезовтiң өзiн де, оның творчествосын да бiлмеу, түсiнбеу болып табылады. Бiрiншiден, Колчактың тұсында, «Алашорданың» шығыс бөлiмiнiң белсендi қайраткерлерiнiң бiрi ретiнде Әуезов Колчаққа қарсы күреспедi, күрескiсi де келмедi, керiсiнше, сол кездегi бүкiл «Алашорда» үкiметi, оның iшiнде Әуезов Колчакпен одақтаса отырып большевиктерге, кеңес өкiметiне қарсы күрескенi белгiлi.. Бiрақта, кеңес өкiметi орнаған соң Әуезов сол жаққа шығып, партияға өттi де Кир ЦИК -тiң хатшысы мiндетiн атқарды, алайда бұған қарамастан Әуезов саясатта да, әдебиетте де буржуазияшыл ұлтшыл - қазақ байларының идеологы болып қала бердi. 1922 жылы партияға қарсы алашорлашыл идеологиясы үшiн Әуезов партиядан шығарылып, жазушылық пен оқытушылық қызметке ауысып кеттi. Ол бұл өзiнiң барлық шығармаларындағы қазақтың тiршiлiгiн өткендi көксеген байдың көзқарасы арқылы баяндайды, қазақтың ескiлiгiн – азаматшылығын жырлайды, қазақтың хандарын, аңызға айналған батырларын, «данышпан» билерiн, ардагер ақсақалдарын және феодалдық сал – серiлерiн мадақтайды, мадақтағанда да үнемi жағымды, бүгiнгi күннiң өзiнде де оларды қадiр тұтуға, үлгi етуге болатындай бейнеде суреттейдi. ( Қараңыз: «Қаракөз», «Еңлiк-Кебек»). Бұл-бұл ма. Жазушы Әуезов өзiнiңосынау реакциялық идеологиясын «әдеби сын» саласында да уағыздаумен болды.

Байтұрсынов туралы берiлген баға да дәл емес. Рас, революцияға дейiн Байтұрсынов қазақтың ұлттық зиялыларының жетекшiлерiнiң бiрi болды, патшалық саясатқа қарсы күрестi, сол кезде ол қазақ тұрмысындағы алдыңғы қатарлы буржуазиялық революционер боп табылды. Алайда мұның барлығы ешкiмге де: «Байтұрсынов - қазақтың аса көрнектi ақыны» деуге құқық бермейдi. ... Ол ақын болған жоқ. Ол публицист болды және публицист болып қалады. Байтұрсынов буржуазиялық ұлтшыл - қазақ байларының идеологы болып қала бередi... Ол контрреволюциялық идеологияны уағыздады. Бүгiнгi қазақ қоғамы Байтұрсыновты бiздiң партиямызға қарсы күрескен және күресiп келе жатқан реакциялық алашордашыл интелегенцияның бiр көсемi деп санайды.

«Әдебиет энциклопедиясының» редакция алқасы жiберген қателiктердi түзету мүддесiн көздеген бiздiң бұл пiкiрiмiзге «Правданың» бетiнен орын беруiңiздi өтiнемiз.

Коммунистiк сәлеммен: О. Исаев, Ә. Құрамысов, Ғ. Тоғжанов, С. Сапарбеков, О. Жандосов, Х. Жүсiпбеков, А. Байдiлдин».

Сол кездегi қазақ зиялыларының қаймағы мен идеологтары мақұлдап қол қойған бұл ашық хат, шын мәнiнде. Мемлекеттiң атынан жасалған ресми айыптау мәлiмдеме едi. Бұрын Мәскеуге жалтақтаған жандар ендi олардың да сөзiне қарсы уәж бiлдiре алатындықтарын байқатып, жонын көрсеттi және мұқым Кеңес империясына оларды жау деп жариялады. Iле – шала бiр айдың iшiнде Ахмет пен Жүсiпбек, Мағжан қамауға алынды. Бұрын қазақстаннан сырт жерде жүрiп, назардан тыс қалып келген Мұхтар Әуезов те қарауылға iлiндi. Мұхамеджан Тынышбаевтi «Түрксiб» темiр жолының тағаны төселiп бiткенше «Қалпақ астында» ұстады да, тура салтанатты ашылу ресiмiнiң қарсаңында қақпайлап шетке шығарды. Өйткенi, «Алашорданың», уақытша үкiметтiң қайраткерi, Қоқан Республикасының премьер – министрi Кеңес үкiметiне темiр жол салып бердi дегiзу – асқан арандатушылық, қастандық әрекетi болып табылатын. Сөйтiп, «Ұлы құрбандықтың» екiншi легi түрменiң торына:



«1. Ермеков Әлiмхан - 6/Х. 30 ж.

  1. Тынышбаев Мұхамеджан - 4/ VII – 30 ж.

  2. Досмұхамедов Халел – 14/IХ – 30 ж.

  3. Досмұхамедов Жаhанша – 31/Х – 30 ж.

  4. Қожамқұлов Нашир – 20/Х – 30 ж.

  5. Сүлеев Бiләл – 27/IХ – 30 ж.

  6. Кенменгеров Қошмұхан – 17/IХ – 30 ж.

  7. Әуезов Мұхтар – 17/IХ – 30 ж.

  8. Омаров Әшiм – 14/IХ – 30 ж.

  9. Күдерин Жұмақан – 17/IХ –30 ж.

  10. Бұралқиев Мұстафа – 17/IХ – 30 ж.

  11. Ақбаев Әбдухамид – 14/VIII – 30 ж.

  12. Ақбаев Жақып – 8/VIII30 ж.

  13. Қадырбаев Сейдазым – 14/IХ – 30 ж.

  14. Тiлеулин Жұмағали – 2/VII – 30 ж.

  15. Мурзин Мұхтар – 14/IХ – 30 ж.

  16. Омаров Уәлихан 30/III – 31 ж.

  17. мбетбаев Алдарбек – 8/VIII – 31 ж.

  18. Искаков Даниал – 29/III – 31 ж.

  19. Мұнайтбасов Әбдiрахман – 23/IХ – 31 ж.»-

күндерi түстi.

Алдыңғы көсемдер толқынынан кейiнгi алаштың ең үмiттi топтары осылар едi.

Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң қарамағындағы тергеу iстерiнiң де тарихқа сәулесi түсетiн кезеңi келдi. Тағдыр мен тарихтың талқысы тоғысқан, қым-қуыт қайшылықтар мен қарама-қарсы көзқарастар шарпысқан, ақыл мен арандату араласқан қатпар-қатпар құжаттардан тұлғаны қорлаудың, азапқа салудың, олардың көзiнжойып жiберудiң неше түрлi қитұрқылары қылаң бередi. Қаншама зиялы адам дегенменде: тұлғаның – тұл, қайраткердiң – жасыған, елеусiздiң – ер, қорқақтың – батыл болған тұстары байқалып қалады. Тек, бұрын түрменiң дәмiн татып, тәжiрбие жинап, сынақтан өткен Ахмет, Әлихан, Мiржақып, Халел Ғаббасов iспеттi тарландар ғана тергеушiнiң өзiн тергеуге алыпты. «Ұлы құрандықтың бата оқыры» да шиыршықтала берiп, шырма – шату, түйiнi шешiлмейтiн шырғалаңға айналды. Жетпiстен аса адам жауапқа тартылды. Олардың арасында ұлт зиялыларымен қоса Бетпақдала, Торғай ойпатында, Қызылқұмның қуысында жатқан шаруа баққан қарапайым қазақтар да бар едi. Олардың iшiне тыңшылар да қосылды. Сондықтан да әр түрлi жағдайда хатқа түмiрiлген жауаптардың арасынан ақиқатты аршып алу өте қиын әрi жаныңды арыңа садаға ете отырып тәуекелге баратын шағымды iс. Өкiнiштiсi сол, түпкi нысанасы мен астары ашылмаған, шындығы мен жалғаныдығы тексерiлмеген, себеп-салдары дәлелденбеген жауаптарды асығыс – үсiгiс көшiрiп, аптыға жариялау әдетке айналып барады. Бұл ең қауiптi әрi сол адамға да, олардың ұрпақтарына да қиянат әкелетiн әрекет. Екi жарым жыл қауiпсiздiк комитетiнiң архивiнде отырып, бұрын да дайындығымның барына қарамастан тағы бес жыл бойы зертегенде көп күдiктiң бетi толық ашылмағандықтан да кейiнге ысырып отырған бұл тергеу iсi – арнайы, дербес зерттеудiң арқауы. Сондықтан бiз тек желiсi анық, басы ашыә деректердi ғана назарға iлдiк. Оның iшiнде Мұхтар Әуезовтiң төңiрегiндегi пiкiр арқылы ойымызды дамыттық.

Сонымен, қазақ ұлтының рухани көсемдерiнiң барлығы бiр жылдың жаппай түрмеге қамалып, жазалау саясатының құрбандығына шалынды. Қоғамның саяси және рухани, мемлекеттiк өмiрiндегi орыны мен күрес тәжiрбиесiнiң, көзқарастары мен iс – әрекеттерiнiң, тiптi, жас мөлшерiнiң айырмашылықтарына қарамастан бастары бiр көгенге қосақталып, ортақ айып бағылды. Мақсаты мен тiршiлiк тоғысы, мекенi мен мекемелерi ортақ болғандықтан да олар бiр – бiрiн бiлетiн, аралас-құралас ғұмыр кешкен. Сол таныс – бiлiстiгiнiң өзi оларға қылмыс ретiнде танылды. Ал, Мұхтар Әуезов болса, шындығында да, ұлттық рухтағы қайраткердiң дәрежесiне көтерiлген тұлға болатын. Сондықтан да оның жазаға тартылмай әалуы сол кезеңде мүмкiн емес-тiн. Оған «қырағы, ақжүрек, әлеуметшiл», өзi қалам ұстатқан Әбдiрахман Байдiлдин сияқты қырыпсалдар да «қолайлы жағдай» жасады. Тағдыры тәлкекке ұшыраған осынау адам – мiнезiн жеңе алмаған күйi алғашқы бес адамның бiрi боп атылып кеттi. Өзi де арандалды, өзгенi де арандаты. Әсiресе, Смағұл мен Мұхтарға шаптығудай – ақ шаптықты. Күнi кеше ғана кеңестiң идеологы ретiнде алашордашыларды, оның iшiнде Байтұрсынов пен Әуезовтi «Ашық хат» арқылы әшкерелеген белсендiнiң өзi түрмеге қамалып, соның берген куәлiгi арқылы 1930 жылы қыркүйектiң 17 жұлдызы күнi таңсәрiде Ташкент қаласындағы Салар өзенiнiң бойындағы үйдiнде Мұхтар Әуезов тұтқынға алынды. Ташкенттегi алдын – ала өткiзiлген сұрақ - жауаптан кейiн Алматының түрмесiне жеткiзiлдi. Бiрiккен саяси бас басқарманың – ОГПУ-дiң ерекше бөлiмiнiң бiрiншi бөлiмшесiнiң бастығы Поповтiң ұсынысымен, ерекше бөлiм бастығының көмекшiсi Волоховтiң келiсiмiмен 1930 жылы қазанның 15 жұлдызында:

«Қылмысты iстер кодексiнiң 58 – 11 және 59 – 3 баптарымен айыпталған М.Тынышбаев пен Досмұхамедовтардың № 2370 тергеу – iсiн қарай отырып:

Осы тергеу iсi бойынша жауапқа тартылған 33 жастағы, Семей округiнiң шыңғыс болысында туған, Ташкент қаласының тұрғыны, ұлты қазақ, орта шаруа баласы, апртияда жоқ, жоғары бiлiмдi, ұстаз – журналист, үйленген, 2 баласы бар, бұрын тергеуге алынбаған, сотталмаған азамат Әуезовтiң қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысып, Қазақстандағы кеңестiк науқандар мен шаралардың мазмұнын бұрмалау мақсатын көздегенi, өкiмет мекемелерi мен ВКП(б)-ның, жерге қоныстандыру мекемелерiн, мәдени – ағарту және оқу орындарын, баспа – сөздi өздерiнiң ықпалына қаратып, жаулап алуға ұмтылғаны; Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына жетекшiлiк жасап, сондай қозғалысты қазақстанда да ұйымдастыруға әрекеттенгенi, кеңес өкiметiн құлатуды алдына мақсат етiп қойғаны толық әшкерелендi.

Сондықтанда УПИ-дiң 128 тармағына сәйкес азамат Әуезов Мұхтарды № 2370 тергеу iсi бойынша жауапқа тартып, оған қылмыстық iстер кодексiнiң 58 – 71 және 58 – 11 баптары бойынша айып тағылып, бұл туралы ОГПУ мекемелерiндегi тергеу жұмыстарын бақылайтын Прокурорды хабардар етуге қаулы қабылдады».

Сонымен, Мұхтардың 1918 жылы жазған өз сөзi өзiнiң басына келдi. Ол: «елiн сүйiп, елдiгiн iздедi. Елдiкке келген қауiпке... Күйiнiп, қарсы шықты. Елдiгi аман қалуы үшiн ендi бейнетке, өлiмге, иә басқа түрлi қазаға шыдап кетiп, тарих жүзiнде» соны дәлелдеуi ғана қалды.

Қазақ Ұлтының рухани тұтқалары тұтқындалған соң саяси сахнаны тылсым тыныштық басты. Сәбит Мұқанов, Әбдiлда Тәжiбаев, Сағыр Камалов, Iлияс Қабылов iспеттi әр нәрседен дәмелi ұрпақтардың әдебиет төңiрегiндегi шақпа тiлдi ұрандары баспасөзде жарияланғанымен, олардың пiкiрiнiң ұлы идеологияға ықпалы жүрмедi. Олардың сөзiне әлi тұлғалық салмақ бiте қоймап едi. Тек өшiп бара жатқан қазанның отын қағыстырғандай ғана әрекет-тiн. Ғаббас Тоғжанов қана киiп-жарып, қиғылық салып қойып отырды. Ал мемлекеттiң идеология саласын басқаратын қайраткерлерi дымын iшiне тартып алды. Өйткенi, Әбдiрахман Байдiлдиннiң өзi абақтыға қамалған соң, есерге де өмiр керек, олардың барлығы бұқпалап, қалтарыста қалды. Өздерiнiң де жазалау диiрменiне жем боп тартылып кететiнiн тез аңғарды. Диiрменнiң тасы етектерiне тиiп кетiп, тиiп кетiп жүрдi. «Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайым десем жалмауызым» дегендей, қамаудағы қайраткерлер оларды жақтырмаса да жалған айып тағып, бiз көргендi – сен де көр демедi. Онда қазақ ұлты мүлдем иесiз қалатынын бiлдi. Ал әйгiлi белсендiлер тiске жұмсақ байлардың тамырын шабуға кiрiстi. Сонда да түрме жақтағы дыбысқа қуыстана құлақ түрдi.

Рухында елдiк қасиетi бар белсендi зиялылар ойсоқты күйге түстi. Елдiң иесiз қалғандығын, «Қужақтың» есе – теңдiк бермей еңсерiп, жұртты қуырып бара жатқанын, рухани әлемнiң жүдеп-жадағаныны, Қалмақан Әбдiқадiровтен ұлттық тұтқа шықпайтынын анық сезiндi. Кеңес өкiметiн өз қолымен құрған Сәкен Сейфуллиннiң өзi қызыл революцияны – жұтқа ұшыраған көтерем қызыл атқа дастан жазды. Ал түрмедегi тарландар сыртқы өмiрдегi күресiн одан әрi жалғастырып, саяси ұлттық, рухани көзқарастарын талқыға салумен болды. Әрине, түрменiң аты – түрме. Оның өз заңы, өз дәстүрi, өз әдiс – тәсiлi бар. Сол заңға бойұсына отырып олардың ортақ ой қорытып, көзқарастарын салыстырып, бiрiнiң азаматтық қасиетiн екiншiсi сынауға толық мүмкiндiгi болды. ‡ш жылға созылған тергеу барысында талқының сан қыспағына түстi. Идеологиялық жазалау майданының ескерткiшi боп тергеушiлердiң айбақ - сайбақ шимайы мен тұлғалардың соңғы демi сiңген жауаптары қалды. Бұл мәлiметтер – адамның, жеке тұлғаның қилы-қилы жағдайдағы жандүниесiн ақыл-амалын, мiнезiн ашып беретiн деректердiң қатарына жатады. Оның бәрiн саралау мүмкiн емес және бiздiң мiндетiмiзге де жатпайды. Тек Мұхтардың жеке басына қатысты тағылған айып пен оның көзқарас арнасына ғана тоқталамыз. Сонымен, Мұхтардың Орта Азиядағы басмашылар қозғалысының басшысы болғаны, Англиямен, Түркиямен астыртын байланыс жасап, қазақ даласында қарулы көтерiлiс ұйымдастырмақ болғаны рас па, жоқ па?

Әрине, бұл сандырақ едi.

Араға бiр жыл салып барып Ерекше Мемлекеттiк саяси басқарманың тергеушiсi, сол баяғы ерекше өкiлеттi өкiл В. Поповтың өзi мүлдем басқа мағынадағы айыптау қортындысын шығарды. Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедовтер бастатқан, Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгеров қостатқан 20 адамның әскери өнерден аулақ, оларға мұндай жаланы жабу мүмкiн емес екенiне көзi жеткен «ерекше өкiлдер» тергеу саясатын өзгерттi. Сөйтiп, жазалау идеологиясының түпкi пиғылын ашатын, тұлғаны құртуға арналған айып тағылды. Ұлтшыл деген сөз қылмыскер, халық жауы iсi қайта қаралып, ол «Алашорда» мен ұлтшыл – контрреволюциялық ұйымның құрамында болған және соған қатысқан қазақ ұлтшылдарының iсi» - деп аталды. Тiзiмнiң он екiншi кезегiнде тұрған Мұхтар Әуезовке:

«34 жаста, қазақ, партияда жоқ, астыртын контрреволюциялық ұйымның тапсырмасымен 1922 жылға дейiн ВКП (б) – ның мүшесi болған, жоғары бiлiмi бар, ұстаз – журналист, үйленген, семьясында үш адам бар. Ол:


  1. Контрреволюциялық астыртын ұйымға қатысып, оның мүшесi бола жүрiп ұйымның тапсырмасымен ВКП(б) – оның мүшелiгiне өткендiгi үшiн; Бөкейхановтың, Омаровтың, Әшiмнiң (?), Сәдуақасов пен Досовтың дайындаған бағдарламасының (платформасының) негiзiнде 12 партсъездiң ұлт мәселесi жөнiндегi қарарларын отаршылдықпен күресу деген желеумен ұлтшылдық бағытын жүргiзгенi және оны заңдастыру үшiн Орынборда өткен бүкiл Қазақстандық 2 съезiнде тек қана қазақ делегаттарын жиып алып, мәжiлiс өткiзгенi үшiн; «Алқа» атты астыртын ұлттық - әдеби үйiрменiң бағыт – бағдарын жасауға белсене араласқаны үшiн;

  2. (Астыртын) ұйымның мүшелiгiнде бола тұрып, кеңестiк мемлекет мекемелерiне сол ұйымның мүшелерiн тықпалағаны үшiн және солардың ықпалындағы қызметкерлердi пайдалау арқылы кеңес аппаратының бағытын өзгертiп, контрреволюциялық ұйымның талап – тiлегiн қанағаттандыру мақсатын көздегенi үшiн;



    Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет