Тарих талқысы Ұлттық тағдыр, Тұлға және тарихи көзқарас



бет9/24
Дата17.02.2017
өлшемі7,02 Mb.
#9675
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   24

№ 2370 iстiң – 140, 311, 28, 146, 159, 206 және 378; № 5411784 iстiң (А. Байтұсыновтардың тергеуi – Т. Ж.) 4 томындағы – 28, 106 және 134; I «а» томдағы – 112 және 366; I томдағы – 29, 93, 94, 189, 251, 255, 350, 352, 400, 401, 404 беттердегi куәлiк бойынша – қылмысты iстер кодексiнiң 58 – 7 – 10 – 11 баптарымен айыпталды.

ОГПУ – дiң 1924 жылы № 172 бұйрығы бойынша бұл iс соттан тыс қаралуы үшiн ОГПУ – дiң коллегиясының жанындағы Ерекше Кеңестiң қарамағына жiберiлуге тиіс.

Ескерту: Осы iс бойынша тұтқындалғандардың барлығы да Алматы қаласында қамауда отыр және ОГПУ – дiң коллегиясының қарамағына табыс етiлдi».

Мiне, бұл айыптау Мұхтар Әуезовтiң қайраткерлiк iс- әрекетiне, атқарған қызметi мен жазған шығармаларының нысанасына қабысатын. Республикалық ОГПУ-дiң Ерекше бөлiмiнiң бастығы Хворостян мен жай өкiлдiктен өкiлеттi өкiлдiкке көтерiлген тергеушi В. Попов бұл iске ерекше саяси мән берiп, оны Ерекше Кеңестiң қарауына жiбердi. Бұл – әйгiлi аты шықпағыр «үштiктiң» өзi болатын. Олардың үкiмiн сот та бұза алмайтын. Тек қана қаралаумен ату үшiн ғана құрылған мұндай жазалау «кеңесi» кеңес өкiметiнде ғана болды. Ол, соғыс жағдайында қолданылатын әскери соттың азаматтық мекемелердегi көшiрмесi едi. «Айыптауға» қол қойған прокурор - қазақ. Бiрақ оның қолын ажыратудың сәтi түспедi. Сөйтiп, жазушы, ғалым Мұхтар Әуезов мемлекетке аса қауiп төндiрген саяси қылмыскер болып шыға келдi.

Тергеу орындары өзiнiң iс – әрекеттiнiң бағыт – бағдарын анықтап, тиiстi нұсқау алған соң ендi қалайда сол айыпты дәлелдеп шығу үшiн жанталасты. Оның үстiне, қу ауыз «Қуажақ» тергеудiң анық - қанығы ашылмай жатып, «екiншi бiр контрреволюциялық-ұлтшыл астыртын ұйымның» қастандығы ашылғаны туралы салтанатты түрде жарияланып қойып едi. Бұл “қуанышты хабарды” О. Исаев, Ұ. Құлымбетов, I. Құрамысов, Е. Ерназаров iспеттi дәбiрлердiң ымдауымен мәжiлiстегi жұрт «ұзаққа созылған ду қолшапалақтаумен» қарсы алды. Шабыттанып кеткен О. Исаев тебiрене толқып, жоғарыдағы аты-жөнi аталған жолдастарының атынан:

«... Алматы қаласында ашылуға тиiстi коммунистiк университет – “Голощекин атындағы қазақ коммунистiк университетi” деп аталсын деген ұсыныс айтты. (Ду қол шапалақтау)».

Бұл «қол шапалақтаулар» кеңсенiң iшiнде өттi. Ал, халықтың құлағы «шапалақтың жаңғырығынан» емес, аштардың ыңырсуынан шуылдады.

Әрине, ол шапалақтың нақты құнының қаншалықты қасiретпен өлшенетiнiн түрмедегi тұлғалар бiлдi. Бiрақ елiне араша түсуге ешқандай да мүмкiндiгi де, мұршасы да жоқ едi. Оларға бұйырған сыбаға – ағаш еден, суық камера, шикi нан, сұғанақ тергеушi және... өзiн де, өзгенi де әшкерелеу құқығы едi.

Бұл құқықты олар қалай пайдаланды, қандай пiкiрлер қозғалды, оның астарында не жатты? Мұның өзi дербес әңгiме. Ұлы Мұхтардың туғанына 90 жыл толуына орай өткен мерейтойдың Мәскеудегi қорытынды мәжiлiсiнде ақын Олжас Омарұлы Сүлейменов:

«Осы баяндамаға дайындалу барысыда мен жазушының творчествосы жөнiнде сонау жиырмасыншы жылдардан бастап бүгiнгi күнге дейiн жарияланған мақалаларды, сын пiкiрлердi, сөйлеген сөздердiң жазбаларын қадағалап оқып шықтым. Сонда: сол бiр баға жетпес аса зәру материалдардың бетiн ғана қалып, оқырмандарға бертiнгi кездегi мадақтауларды ғана жеткiзу арқылы бiз қандай тарихтан бас тартып отырмыз деген ойға қалдым. Егер осы бiр байлықты дербес кiтап етiп құрастырып, соған лайық ғылыми түсiнiктеме берiп жарияласақ, өте қызықты қат-қабат тартысқа толы шығарма дүниеге келер едi. Мұндай кiтап қоғамның басынан кешкен кезеңдерi жөнiнде бiздiң кейбiр баяндамаларымыз көрi оқырмандарға анақұрлым терең түсiндiрiп берер едi», - деген едi.

Несi бар, ондай мүмкiндiк туды. Сондықтанда, бұрын белгiсiз боп келген, құпия ұсталған, әлi де екiнiң бiрiнiң қолына тие бермейтiн құжаттар мен деректiң көлемiн қысып, қысқартпай еркiн пайдаландық. Мүмкiн, тарихи шындық қалпына түсiп, көзқарас толық қалыптасқан, бәрi де анық тұжырымға айналған тұста бұл деректерге сүйенудiң де қажетi болмас. Ал, әзiрге онсызда зарығып жеткен зәру құжаттардың бас – аяғын күзеп беруден бас тарттық.

Сонымен, «ұлы құрбандықтарға» қандай айып тағылды, тергеу қалай жүргiзiлдi, оған жауап берiледi, ендi соған тоқталайық.


II

Өзiн өзi силайтын және өзге ұлтқа силата бiлгiсi келген мемлекет қол қойған келiсiм шарттары мен қаулы - қарарларын, шешiмдерiн, заңдарын бұлжытпай орындауға мiндеттi. Халықаралық қауымдастық пен өзiнiң азаматтарының сенiмi – өкiметтiң үкiмет боп өмiр сүруiнiң кепiлi. Алайда, кеңестiк құбылмалы арандату идеологиясы адамдық құқықтың барлығын табан астына таптап, жалтақ саясатқа иек артып, күн сайын бағыт – бағдарын, шешiмiн құбылтып отырды. Қарама - қайшы қағидалар мен қаулы - қарарлар, бiрiн – бiрi, жоққа шығарды. Әсiресе, жеке адамның тағдырына қатысты құқықты ешқашан да мойындамады. Саяси Бас басқарма – арандатудың, қысым мен қудалаудың, жазалаудың тұрақты мемлекеттiк құралына айналды. Зорлық–зомбылық көрсету арқылы адамды азаптап, қорлау үшiн құрылған бұл мекеме сол өкiметтiң шешiмдерiн саяси және азаматтық қылмыс деп тауып, арандатуға пайдаланды. Мұндай тәсiлдi «Мұхаметжан Тынышбаев бастатқан «астыртын ұлтшыл – контрреволюциялық ұйымның» iсiн тергеу барысында аса әккiлiкпен қолданып, жиырма адамға, оның iшiнде Мұхтар Әуезовке:

«Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына жетекшiлiк жасап, сондай қозғалысты Қазақстанда да ұйымдастыруға әрекеттенгенi сөйтiп кеңес өкiметiн құлатуды алдына мақсат етiп қойғаны толық әшкерелендi» - деген айып тағылуы сондай заңсыздық әрекеттiң бiрi едi.
Қазақ ұлтының мемлекет қайраткерлерiне мұндай айып тағу арқылы Мемлекеттiң Саяси Басқарма Бүкiлресейлiк Орталық Комитеттiң 1919 жылғы көкек айының 4 күнi қабылдаған және оны Бүкiл Ресейлiк Орталық Атқару комитетiнiң Президиумы бекiткен:
«Алашорда» ‡кiметiнiң бұрынғы мүшелерi кеңес қызметiне тартылсын және оларды өткендегi iс–әрекетi үшiн қудалауға үзiлдi – кесiлдi тиым салынады» деген қарарын бұзды.
Мұның астары да түсiнiктi едi. Дiнмұхамед Әдiловтiң жеке басына қатысты қозғалған қылмысты «Алашорда» үкiметiнiң мүшелерiне әкеп байланыстыруында асқан зымияндық жатты. Сырт көзге кеңес өкiметiнiң жоғарыдағы қаулысын сақтағансып, шын мәнiнде, түрме iшiндегi тергеуде жауапқа тартылушыларға бұрынғы қайраткерлерлiк қызметiн айып ретiнде тақты және оны қалайда дәлелдеуге тырысты. Заңды жетiк бiлетiн «Алаш» партиясының ұлттық бағдарламасын дайындаған Халел Ғаббасов мұны бiрден аңғарып:

«Алашорда» тұсындағы менiң өткендегi iс – әрекетiм ЦИК – тiң екi бiрдей қаулысы (1919 жылғы және 1920 жылғы) арқылы кешiрiм жасалған болатын. Сондықтан да, менiң дәл қазiргi күндегi қызметiмдi терiске шығарып, содан қылмыс тапсаңыздар ғана ол туралы (менiң өткендегi iс-әрекетiм жөнiнде) сөз қозғауға болады. Ал кеңес өкiметiнiң жауапты орындарында iстеген 9 жыл бойғы қызметiмде менiң тарапымнан мемлекетке қарсы қандай да бiр әрекеттiң болмағандығы анық, тiптi әлде неге күдiктене қарауға ырық бермегенiме де сенiмдiмiн. Оған толық кепiлдiк етемiн», - деп тергеушiлердiң бетiн қайырып тастады.


Өкiнiшке орай бұл уәжге олар құлақ аспады, оған пәрменi де жетпейтiн, пәйнегi де шыдамай тергеушiлердiң ықпалында кеткен, ақыры өзi де арандап тынған жалақорлар мен жалтақтар да әдiлетсiздiктiң үстемдiк құруына септiгiн тигiздi. Түрме iшiне жiберiлген тыңшылар жауапқа тартылғандардың әрбiр сөзiн қағыс қалдырмай қожайындарына жеткiзiп отырды. Солардың сыпсыма өсектерiнiң негiзiнде айып қорытындысы әзiрленiп, сұрақ қойылды. Тiкелей «Алашорда» үкiметiне қатысы жоқ, жай ғана желеумен жауапқа тартылғандардың арасында «салпаңқұлақтардың» кiрiп кетуi әбден мүмкiн. Тергеуге жетпiстен астам адамның алынуы да күдiк келтiредi. Олар бiр – бiрiн жақсы да тани бермейтiн. Сондай-ақ, «үштiктiң» қарамағына көшкендерге қинаудың қандай да болсын түрлерiн қолдануға еркiндiк берiлген арнайы жарлық та бар болатын. Сол үшiн әрбiр түрменiң iшiнен ыстық, суық камералар жасақталды. Мұны «ұлы құрбандықтарға» да қолданғаны күдiк тудырмайды. Оған ОГПУ-дiң Мәскеудегi Шығыс бөлiмiнiң бастығы Дьяковқа Орта Азия бөлiмiнiң бастығы Каруцкий мен Шығыс бөлiмшесiнiң бастығы Круковскийдiң:

«Сiздiң жарлығыңызға байланысты Байғасқиннiң сұрақ - жауабының көшiрмесiн жолдап отырмыз.

Сұрақ кезiнде Байғасқин бұрынғы берген жауаптарына жаңадан ештеңе қосқан жоқ, тек Әнуар Паша мен Заки Уәлиди Түркiстанға сәтi түсiп жорық жасай қалған жағдайда алашордашылардың жергiлiктi тұрғындарды көтерiлiске дайындауға талпынғанын дәлелдейтiн дерек қана назар аударады.

Байғасқин бiзге: алашордашылардың кеңес өкiметiне қарсы әрекеттерiне өзiнiң қатыспағандығын, өйткенi олардың бұған сенбегенiн, ал өзiнiң алдыңғы екi куәлiгiндегi деректердi бұған Байтасовтың айтқандығын мәлiмдедi.

Бiздiң парықтауымызша, Байғасқиннiң өзiне сенiмсiздiкпен қарады дегенi, өтiрiк. Ол өзiмдi әшкерелеп аламын ба деп жалтарып отыр, шындығына келсек, ол алашордашылардың арасында ерекше сенiмге ие болып келдi және қазiр де сенiмдi адам саналады. Сондықтан да бiз: оның алашордашылардың арасындағы беделдi орынын түрмедегi басқа тұтқындардың жауабы арқылы, соның iшiнде Байтасов арқылы анықтауға болады, алынған мәлiметтерге сүйене отырып Байғасқинға қысым жасауға мүмкiндiк туады – деп есептеймiз.

Қазақ интеллигенттерiн қинауды күшейту туралы сiздiң жарлығыңыз басшылыққа алынды және интеллигенттердiң сөздерiн жеткiзiп отыру үшiн әзiрше үш тыңшы - «Қалам»( «Перо»), «Нияз», «Дальше» - олардың арасына кiргiзiлдi. Өзге тыңшыларды тартуға дайындықтар жүргiзiлiп жатыр.

Ескерте кетерiмiз, «Шағыр» Шымкенттегi тұрақты қызмет орынына жүрiп кеттi, тазарту кезiнде партия қатарынан шығарылды. Байғасқиннiң сұрақ-жауабын жiберiп отырмыз» деген мәлiметi толық дәлел.
Бұған «ұлы құрбандарға» қарсы ұрып – соғу, қинау, арандату әрекеттерiнiң барынша кеңiнен әрi қаталдықпен қолданылғаны анық байқалады. Мұның егжей-тегжейiн баяндау дербес тақырыптың арқауы. Қармаққа кiм iлiндi, қандай қиянатқа жол берiлдi, «Қалам» мен «Нияз», «Дальше» дегендер кiмдер едi, «үндеместердiң» мағлұматы тергеу барысына қалай әсер еттi? Бұл – жауапсыз қалатын сұрақтар емес. Жауап берiледi де. Тек адамгершiлiктен аттамас үшiн, кiнәсiз ұрпақтардың бетiне шiркеу түсiрмеу мақсатында әзiрше бұл мәселенi қалтарыста қалдыра тұруды санадық. Сенiммен, кепiлдiк бере айтылатын бiр сөз – алаштың ардагерлерi:

Қинамайды түрмесiне жапқаны,

Қинамайды атқаны,

Қинайды тек өз итiмнiң,

Балағымнан қапқаны, -
деп Ақаң – Ахмет Байтұрсынов айтқандай, түрменi де, қинауды да, ату жазасын да салқындылықпен қабылдап, қасқайып қарсы тұрып, рухын тiк ұстады. Тергеушiлердiң қитұрқы арандатуларын олардың емеурiнiнен – ақ түсiнiп, мысқылмиен жауап берiп, мысын құртқан. «Бұл мәселенi анау жақсы бiлдi» деп көсемдерге сiлтеме жасап, келесi сұрақты қойдырмай, алдын орап отырған. Тергеушiлердiң өздерi де тiксiнiп арандап қалудан сезiктенiп, арнайы дайындықпен келген. Бiрақ та қанша жаныққанымен де «Алашордада» үкiметiнiң Төрағасы Әлихан Бөкейхановты тұтқындауға дәрменi жетпедi. Сондықтан да тергеушi Балдаев (қолы анық танылмады, сондықтан өзгеше болуы да мүмкiн – Т. Ж.) Бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың бастығыының орынбасары Альшанскийге берген есебiнде:

«Қолдағы деректердiң жеткiлiксiздiгiнен Бөкейхановты табан астында шұғыл түрде тұтқындауға мүмкiндiк болмады, сондықтанда бiз тергеу жұмысын мынандай тәсілiмен, егерде тағылған айыптауларды мойындамай, терiске шығарса оны тұтқындамай босатып жiберуге мүмкiндiк алатындай есеппен жүргiздiк», - деп жазды.

«Алашорда» ‡кiметiнiң Төрағасы әр сөзiн шегелеп, дәлелдеп, бұрынғы және бүгiнгi Ресей өкiметiнiң әрбiр әрекетiн қысқа ғана талдап, «қызылдарға қарсы болған себебiм мынау, оған кеңес өкiметiне былай қарады», - деп түйiп-түйiп айтып, тұқырта түйiндеп отырды. Әлекеңнiң мысы басқаны сондай: «Кеңес өкiметi жер мен аз ұлттар туралы қаулы шығарардың қарсаңында менi тұтқындап, ақыр соңында Бутыркадан – Кремльдiң төрiне бiрақ - ақ шығарушы едi. Бұл жол қайтесiңдер» - деп кекетуден де жасқанбады. Өзiн-өзi ұстай бiлген ұлт көсемiн ОГПУ – тергеушiлерi ақыры тұтқындауға бата алмады. Әлиханның еркiндiкте жүруi түрмедегi Ахмет, Мiржақып, Жүсiпбек, Мағжан, Мұхамеджан, Мұхтар Әлiмхан iспеттi достары мен бауырларының да рухын көтердi. Сталиннiң өзi жеке қалып сөйлеуден именетiн Әлекең – Әлихан Бөкейханов бостандықта жүрсе – өздерiне араша түсетiндерiне сендi.

Ол сенгiмдерi ақталды да.

Ату жазасына бұйырылған азаматтарға араға жүрiп, бұл үкiмдi түрме кесiмiмен ауыстырды. Мүлдем ақтап алуы мүмкiн емес-тiн. Қара басын қорғаштамай, қайта қарсы шабуылға шығып, қайсарлықпен күресуiнiң өзi де үлкен азаматтық, көсемдiк қасиет едi. Мысалы, түрмеде жатқан Мұхтар Әуезов пен Әлiмхан Ермековке «ниетiмнен қайттым» деп ашық хат жазуға ұсыныс берген де Әлихан мен Ахмет дегдарлар едi. Соның нәтижесiнде, қазақтың екi ғұламасы тiршiлiктiң дәмiн тағы да қырық жыл татып, ұлтына қызмет еттi.

Бұл – Мұхтар Әуезовтiң өзi мойындаған, Қайым Мұхаметханов сияқты сенген бауырына айтып берген шын сөз.

Әрине, Халел Ғаббасов пен Жүсiпбек Аймауытовты қастандықтан құтқара алмады. Сондай-ақ, «коммунистiк колонизаторлыққа» қарсы бар ақыл - қайтратын жұмсаған, қазақстаннан қудаланып, Мәскеудегi темiр жол институттын тәмәмдап «Днепр құрлысының» құрлыс бастығының орынбасары боп жүргенде Кремльден уланып шыққан күйеу баласы Смағұл Сәдуақасовтың да тосын ажалына тосқауыл қоюға дәрменi жетпедi. Бұл үш адам туралы деректердiң Мұхтар Әуезовтiң iсiне тiркелуiнде және оған ерекше мән берiлуiнде үлкен кiлтипан бар едi.

Ежов жиырмасыншы жылдары Семейдiң губерниялық революциялық комитетiнiң секретары болды. Онда Семей – Қазақстанға бағынбайтын, Сiбiр өлкелiк комитетiнiң құрамында едi. Сондықтанда губкомның жанындағы қазақ бөлiмшесi ғана ұлттық мүддемен шұғылданды. Сол тұста Семей қаласында жауапты қызметте болған Мұхтар Әуезов, Жүсiпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов Ежов бастатқан большевиктердiң «коммунистiк отарлау» саясатына сынап, Семейдiң Қазақстанға қарауын жақтап күрес ашқан едi. Ә. Бөкейханов пен Ә. Ермеков Лениннiң қабылдауында болып, Солтүстiк облыстар Қазақстанға қосылғаннан кейiн Семейге қазақ өкiметiнiң атынан Орынбордан арнайы өкiл боп келген Смағұл Сәдуақасов Сiбiр революциялық комитетiнiң Семейдегi құрамын тартып жiберген болатын. Мұндай батыл қимылы үшiн жақсылап тұрып сыбағасын алды. Бiрақ ұлт үшiн тәуекелге барған iс өзiн-өзi ақтады.

Кiшкентай адам – ең үлкен кекшiл адам екендiгi ғылымда дәлелдеген шындық. Сондықтан да «Бүрге» аталған бойы бiр қарыс Ежовтың қолына ОГПУ–дiң тегеурiндi тiзгiнiнiң ұшы тиiсiмен «семейлiктерден» кегiн алуға ұмтылуы заңды. Ал Смағұлды ауыздықтайтындай беделге әлi ие бола қоймаған Ежов оны астыртын арандатумен болды. Ал, Жүсiпбек пен Халелдi қанды шеңгелiнен шығармады. Смағұл мен Мұхтар жан қиыспайтын дос, сырлас, жан – ашыр жандар едi. Екеуiнiң арасына «Қаламды» - Әбдiрахман Байдiлдиндi сына етiп қақты. Қаншама түсiнуге тырысқанымызбен осынау адамның iс – әрекетiн ақтайтындай уәж таппадық. Мұхтар мен Смағұлды Колчакқа қызмет еттi деп баспасөз арқылы жариялап жазбаша куәлiк берген Әбдiрахман Байдiлдиннiң өзi де:

«Большевиктерге қарсы қарулы күрес жүргiзу үшiн Байдiлдин студент кезiнде ұлтшыл жастардан құралған ақгвардияшылардың жасағына өз еркiмен кiргенi, сонымен қатар Колчактың 3 – армиясының қарсы барлау бөлiмiнiң жасырын агентi болғаны үшiн айып тағылып», жауапқа тартылған едi.

Замандастарының естелiктерi мен Ғалым Ахмедов дегдардың сыпаттауына қарағанда: мiнезi қызба, әлiптiң артын бақпай сөйлеп, соңынан өкiнетiн адам екен. Өзi Мұхтармен құрдас, 1897 жылы туған. «Петропавл округiнiң арғын руынан». Тегi жөнiнде дәл осылай жазған Әбдiрахман Байдiлдиннiң көрсетуiне сүйенiп, Әуезовтi Колчактың сыбайласы ретiнде жауапқа тартты. Сондай – ақ, «контрреволюциялық - ұлтшыл астыртын ұйым құрды» деген желеу де iлiкке себеп болды. Мәселенi тiкесiнен тура қойсақ, тергеугiлер «Перо» - «Қалам» деп атаған Байдiлдиннiң он беске жуық жауабының кейбiрi 45 беттен асып жығылады. Егерде солардың басын қосып, тиiстi ғылыми түсiнiкпен жарияласа, жұрттың ықыласын аударатын қомақты кiтап болатынына бiз кепiлдiк беремiз.

Сонымен, әңгiмемiзге тiкелей қатысы бар оқиғалар мен оның себептерiн аңғартып, аталатын адамдарды қысқаша таныстырып өттiк. Ескерте кетер бiр жай, бiраз деректер «Бесiгiңдi түзе!», «Бесiгiңдi ая!..» ( «Жұлдыз», 1987, № 9 – 11, 1988, № 7 - 8), «Бейуақ», «Бес арыс» аты еңбегiмiзде талданғандықтан да, бұл арада тоқталып жатпай, мазмұндауменен ғана шектелемiз. Ендi тiкелей тергеу iсiне көшемiз. Мұхтар Әуезовке тағылған басты және ең салмақты айып:

«Алашорданың» атынан Колчактың үкiметiмен келiсiм жүргiздi және Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына жетекшiлiк еттi, ұлтшыл– контрреволюциялық астыртын ұйымға қатысты делiнген жала.

Ашығын айтайық, Әуезов пен Колчактың арасын жалғастыратын ешқандай ортақ мүдде болған емес, тiптi оның қисыны да жоқ. Бiрақ «дүние астан – кестен болған заманда» саясатқа араласқан қайраткерлердiң бiр-бiрiн көрмей–ақ түсiнiктiк табатын тұстарының кездесуi заңды. «Алашорда» үкiметiнiң Колчакпен уақытша одақ құрып, қазақ ұлтын қантөгiстен аман сақтауға ұмтылғаны тарихи шындық. Мұхтарды «Алашорда» үкiметiнiң саясаты үшiн жазғыруы жалпы қисынға келгенiмен, тергеуде ол дәлелсiз күдiк қана болып қалды. Саясат сахнасына ендi ғана шыққан жиырма жастағы семинария оқушысымен келiсiм жүргiзетiндей адмирал Колчактың басына ол кезде мұндай күн туа қойған жоқ болатын. Алайда, кеңес өкiметiнiң идеология қайраткерлерiнiң «Правдаға» жазған хатындағы:

«Колчактың тұсында, «Алашорданың» Шығыс бөлiмiнiң белсендi қайраткерлерiнiң бiрi ретiнде Әуезов Колчакқа қарсы күреспедi, күрескiсi де келмедi, керiсiнше сол кездегi бүкiл «Алашорда» үкiметi, оның iшiнде Әуезов Колчакпен одақтаса отырып большевиктерге, Кеңес өкiметiне қарсы күрескенi белгiлi... Бiрақта, Кеңес өкiметi орнаған соң Әуезов сол жаққа шығып, партияға өттi», - деген жала оған түрменiң есiгiн ашқызды.

Сондай–ақ, тергеу iсi басталмай жатып, Голощекиннiң «Мұхтар Әуезов те әшкерелендi» деп даурығуы жағдайды ушықтырып жiбердi. Қалайда жазаға тарту мақсатымен бар пәленi Мұхтардың басына үйiп – төктi. Дегенмен де Әуезов пен Колчактың байланысын әшкерелейтiн ешқандай сылтау да, дерек те табылмады. Сондықтан да тергеушiлер Мұхтарды қаралап тынатын, бұлтартпайтын өзге қылмысты қарасытырды. Тергеушiлердiң екi ай уақыты соған кеттi. Өзiнiң осынау белгiсiз күйдегi тымырсық көңiл күйiн және сол тұстағы әрекетiн 1931 жылғы 1916 мамыр күнгi ОГПУ – дiң прокуроры Столбовқа және тергеушi Поповқа қаратыла жазған шағымында:

«Тұтқын Мұхтар Әуезов: Алматы қаласындағы өкiлеттi уәкiлдiктiң (полпредства) жанындағы қамауда жатқаннан бергi уақытта сұрақ - жауаптың кезiнде Попов жолдас: менiң жекеленген адамдардың көрсетуi бойынша тұтқындалғанымды, менiң қандай әрекеттерiм үшiн ұсталғаным бұдан кейiнгi тергеу барысында нақты көрсетiледi, - деп мәләмдеген едi. Ташкенттегi тергеушi де менiң қандайда бiр нақты айыбымды ашып көрсетпедi. Қазақстанның 10 жылдық мерекесiне орай өткен салтанатты мәжiлiстегi Голощекин жолдастың жасаған баяндамасында келтiрiлген Байдiлдин мен Аймауытовтың куәлiгiне орай түсiнiк беруге шақыруын өтiнiп Попов жолдастың атына жазған арызым да ескерiлмей аяқсыз қалды. Байдiлдин болса осы көрсетулерiнде маған қарсы ойдан шығарылған қисынсыз бiрнеше айып тағыпты. Ол бiр кезде баспасөз беттерi арқылы маған қарсы ашық түрде жапқан жалған жаласы мен көкмылжың көкезу көпiрмесiн (насквозь демагогическую травлю) түрмедегi айғақтарына одан әрi жалғастырып отыр», - деп мәлiмдедi.

Әрине, Мұхтар мұны өзiне тағылатын айып анықталып, тоғыз ай түрменiң дәмән татып, тұтқын есебiнде тәжiрибе жинақтап, өзiнiң Қайым Мұхаметқановқа айтқанындай, Ахмет Байтұрсынов пен Мiржақып Дулатовтың ақылына әбден қанығып, тергеушiлерге жонын алдырмайтындай дәрежеге жетiп, ысылған кезiнде жазып отыр. Оның үстiне iсi де аяқталып келе жатқан. «Колчактың құрығынан» құтылғандығын, тергеушiлердiң басқа айып таққанын: «О.Г.П.У.–дiң коллегиясына қазақ ұлтшылдарының қылмысты iсi бойынша тұтқынға алынған Мұхтар Әуезовтiң мына түсiнiгiнен анық байқалды. Ол:

«Айыптау статьялары қайтадан өзгертiлiп (переквалификация статей) көрсетiлген соңғы жолғы маған тағылған кiнә бойынша, мен: 1) ұлтшыл Байтұрсынов пен Бөкейхановтың, тiкелей нұсқауымен кеңес мекемелерi арқылы аты аталған адамдар жетекшiлiк ететiн контрреволюциялық астыртын ұйымның тапсырмасын жүзеге асыру үшiн қаскүнемдiк мақсатпен ВКП(б) – ның қатарына өтiппiн; сол мақсатпен отарлаушыларға (колонизаторством) қарсы күрестi желеу етiп өзiме пайдалы адамдарды кеңес мекемелерiне қызметке орналастырыппын; сондай – ақ - Байтұрсынов, Сәдуақасав, Досов және тағы басқалар дайындаған бағдарламаны 12 партсъезде өткiзiп жiберу үшiн мен Бүкiлқазақстандық 11 – кеңес құрылтайна жиналған барлық қазақ өкiлдерiнiң басын қосып, мәжiлiс өткiзiппiн.



Бұл сұрақтардың барлығына орай мынаны мәлiмдеймiн: бұрынғы түсiнiктерiмде iшiнара атап өткенiмдей, менiң партия қатарына кiрiуiм туралы жоғарыдағы тағылған айып ешқандай шындыққа сай келмейдi, өйткенi менiң қоғамдық қызметiмнiң өзi партия қатарына өткеннен кейiн басталды деп есептеймiн. Өткен өмiрiмде iс жүзiнде де, идея жүзiнде де «Алашордамен» байланыс жасағаным жоқ, оның ешқандай мекемесiнде қызмет те iстегемiн жоқ. Жас болдым, бiлiм алдым. Керiсiнше, 1919 жылдың қараша айынан бастап қана Колчакқа қарсы астыртын ұйымның араластым. Семей қаласындағы кеңестiк төңкерiс жүзеге асқан алғашқы күннен бастап мекеме жұмысын жөнге қоюға, кеңес өкiметiнiң мүддесi үшiн Семей қаласының оқушы қазақ жастары мен жұмысшыларын төңкерiс iсiне тартуға құлшына кiрiстiм. Қоғамдық қызметiмнiң жол басы болғандықтан да мен ол кезде жаныммен берiлiп, шын көңiлiммен, аса зор үмiтпен, жас адамға тән қызығушылықпен қызмет еттiм. Бiрақта өмiрлiк тәжiрибесi аз жас қызметкерге тән балаңдыққа байланысты, оның үстiне артта қалған ұлттық ортадан шыққандықтан да және өзiнiң идеясы үшiн табанды түрде күресетiн саяси дәстүрдiң үлгiсi болмағандықтан да еркiмдi көңiл-күйiме жеңдiрдiм. Сол тұста кеңiнен тараған өткен дәуiрдiң өктемдiгiнен – отаршылық пиғылынан арыла алмаған жергiлiктi партия қызметкерлерiнiң әрекетi менiң көңiлiмдi суытып, әптiгiмдi басты. Отаршылдық пиғыл бiздiң оның iшiнде менiң iшiмдегi намысымызды қоздырды, бiрақ ол жоспарлы түрде (ұлтшылдықты ешқашан да өмiрлiк мақсат етiп көрген емеспiн) қалыпқан ұлтшылдық емес, тек көңiл-күйдiң әсерi ғана болатын. Бұл сезiмнiң билеп алғаны сондай, бұдан әрi менiң партия қатарында қалуыма мүмкiндiк бермедi. Көңiлдiң жетегiне ерiп өмiр сүрiп, өзiңдi сынайтын нағыз шағымды iстi таппағандықтан да бұдан әрi партия қатарында қалуым мүмкiн емес деп шештiм. Сол кезде ұлтшылдық бағыт ұстағаным және партиялық тәртiптi бұзғаным үшiн Қазақстан өлкелiк комитетi менi партиядан шығарды. Мен Орталық комитетке арыз жазып, партиялығымды қалпына келтiруiме болатын едi, ол кезде (партиядан 1922 жылы шығарды) аз ұлттың өкiлдерiне, оның iшiнде жастарға үлкен кешiрiммен қарағаны белгiлi, партиядан шығып қалған қазақтардың бiразы дерлiктей қайта қабылданды, солардың бiрi боп мен де сөзсiз қабылданатын едiм. Алайда мен өтiнiш бергемiн жоқ. Партииядан сырт қалдым. Сонда өз – өзiнен мынадай сұрақ туады: егерде мен ұлтшылдардың тапсырмасымен партияға кiрген болсам, сонда ол тапсырма 1922 жылы толық орындалып бiттi деп ойлауға бола ма? Керiсiнше, партияға жат пиғылмен кiргендер сол кезде де, одан кейiнгi жылдарда да партия қатарында қалып, әлгi тапсырманы одан әрi орындай беруге ұмтылмай ма» - деп өте ұтымды жауап қайырған...


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет