Тарихи эпос қазақтың жүз, тайпа, руларының бірігуінің, бүкіл халықтың жұдырықтай жұмылып сыртқы жауға қарсы күресінің, егемендік идеясының поэтикалық көрінісі
Тарихи эпос Тарихи эпос – қазақтың жүз, тайпа, руларының бірігуінің, бүкіл халықтың жұдырықтай жұмылып сыртқы жауға қарсы күресінің, егемендік идеясының поэтикалық көрінісі. Халыққа танымал тарихи эпостардың санатында Есім хан мен Абылай ханға, Кенесары ханға, Бөгенбай мен Қабанбай, Ағыбай мен Олжабай сынды ержүрек ерлерімізге, Орақты, Исатай мен Махамбет, Сәтбек, Райымбек, Өтеген, Барақ, Жантай, Сырым, Бердіқожа, Досан, Жәнібек, Бекет, Арқалық, Жанқожа, Мырзаш, т.б. батырларымызға арналған жырлар. Батырлық пен тарихи жырлар халықтың ықыласына бөленіп, көптеген ақын, жыршы, жыраулардың репертуарынан берік орын алып келеді. Эпocтық мұраларымыздың тағы бір жанрлық түрі – көне эпос. Эпостық мұрамыздың құрамында көне сюжеттерге құрылған жырлар бар. Байырғы эпостың пайда болып, қалыптасуына көне мифтердің, ертегілер мен аңыздардың, ғұрыптық поэзия мен бабаларымыздың дүниетанымдық көзқарастарының ықпалы мол болды. Мысалы, көне эпостарымыздың бірі «Мұңлық – Зарлық» жырының бас кейіпкері Зарлық аңшылықпен күн көреді, қарындасы екеуі айдалада тау-тасты мекендейді. Аңшылық көне замандарда байырғы адам баласының негізгі кәсіптерінің бірі, сондай-ақ балық аулау да күнкөріс көзі болғаны мәлім. Ал Зарлықтың қасында қарындасы Мұңлықтың болуы, оның бейнесі аңшы, мерген бейнесінен де шығарманың көне екенін меңзейді. «Құламерген, Жоямерген» жырының кейіпкері де елсіз аралды отбасымен жалғыз өзі мекендейді. Оның да кәсібі – аңшылық. Оның басына қауіп-қатер төндірген қаскөй жауы – жер астын мекендейтін жетібасты жалмауыз кемпір. Халқымыздың эпостық поэзиясы тек қаһармандық, ғашықтық, тарихи және архаикалық жырлармен шектелмейтіні ХХ ғасырдың соңында зерттеулерде анықталды. Мысалы, «Бабалар сөзі» ғылыми серияның 10-16 томдарында діни дастандардың 44 мәтіні жарияланды. Сюжеті мен мазмұны, генезисі, даму, таралу жолдары жағынан әртүрлі бұл дастандарда дүниенің Исламға тән жаратылыс түсініктері, Құран мифологиясы, Шығыс пен Батыс халықтарына ортақ көне ертегілік, эпостық мотивтер кеңінен қолданылады, ал дін өкілдерінің бейнелері мақсатты түрде халық танымына сәйкес сомдалады, басқаша айтқанда фольклор эстетикасының заңдылықтарына бағынады. Діни дастандар тақырыбы мен мазмұнына сәйкес былайша жіктеледі: Мұхаммед пайғамбар, “мұсылманды құтқарушы” (мессия) және “әділетті төрт халифа” жайлы дастандар; әртүрлі мұсылман батырлары мен әулие-әнбиелердің өмірі, жасаған ерліктері туралы шығармалар; Исламды тарату мен орнықтыру жолында дінсіздермен күресті суреттейтін туындылар. Діни тақырыптағы туындылар сияқты соңғы уақыттары зерттеліп, ғылыми айналымға енгізілген дастандардың тағы бір түрі – хикаялық дастандар. «Бабалар сөзі» сериясының 13 томында осы жанрлық түрдің 83 мәтіні жарияланды. Дастандардың тағы бір түрі – әскери дастандар. Бұл топтағы шығармаларда кейіпкердің жеке бас мүддесі үшін күресі, я отбасы, әке-шешесі, баласы, жеңгесінің, т.б. мүддесін қорғағаны, сол жолда көрсеткен ерліктері баяндалып, дәріптеледі. Демек, Отанын, жерін қорғау мәселелері қарастырылмайды. Яғни мұнда батырлық ұғымы ұлттық қаһармандық эпостың концепциясына қарағанда өзгеше өріледі. Әскери дастандар қатарына, мысалы, туыстас әрі көршілес түркі халықтары фольклорынан ауысқан «Көрұғлы» циклына кіретін жырлар жатады. Діни, хикаялық пен әскери дастандар 1917 жылға дейін кең дамып мыңдаған данамен жарияланды, қолдан көшірілді, ел аузында жатқа айтылды. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде халқымыздың ұшан-теңіз эпикалық мол мұрасының бір бөлшегін дастандар құрайтыны, дастандық сипаттағы шығармалардың молдығы, оларды «дастандық эпос» деп атауға толық негіз бары дәлелденді. Бұл туындылар тұтастай алғанда, халқымыздың жалпы эпикалық дәстүр шеңберінде пайда болып, ұлттық фольклор жанрлары жүйесінде қызмет етеді, белгілі дәрежеде жазба әдебиет, жеке ақындық шығармашылықтың, сондай-ақ шығыс фольклоры мен әдебиетінің ықпалын да бойына сіңірген. Қазақ эпосының ерекше әспеттелетін тақырыбы көне замандардағы аңшы-мергеннің әрекеттері мен жорықтарын жырлау; отбасын, ру-тайпасын, туған жерін басқыншылардан қорғау; халықтың бостандығы мен тәуелсіздігін сақтау. Бұл эпосымыздың ең бірінші кезекте тұрған мұрат-мақсаттары. Ол түсінікті, себебі Отанды қорғау, елдікті сақтау, жау-дұшпаннан тілін, дінін, ел-жұртын, отбасын арашалау – ұлдың, азаматтың, батырдың, ел билеген ханның ең үлкен, қасиетті парызы. Өйткені қай заманда, қай халықта болсын – Отанды, туған жерді, тілді, дінді, ділді сатуға, сатып алуға, я болмаса ауыстыруға болмайтыны белгілі. Сондықтан да байырғы замандардан бастап, осы күнге дейін әрбір халық, әрбір ұлт елдігі үшін, тәуелсіздігі үшін аянбай күреседі. Сонымен бірге жоғарыда көрсеткеніміздей эпосымыздың мазмұны елді, жерді қорғаумен және ғашықтық тақырыбымен шектелмей, басқаша айтқанда болмыстың өзге де қырларын көрсетуге бейімдік танытады екен. Мысалы, діни мәселелерді, кейіпкердің ішкі дүниесін тереңірек ашып көрсету, адамдар арасындағы қарым-қатынастар, жеке адамның ар-ұждан бостандығын, азаматтық намысын, тұлғалық қасиеттерін баяндау – осылардың бәрі эпосымыздың аясын кеңейтіп, жазба әдебиетке бір табан жақындағанын аңғартады. Басқаша айтқанда, эпосымыздың тақырыптық, сюжеттік аясы кеңейіп, кейіпкерлер жүйесі толығып, жанрлық болмысы трансформацияға түсе бастаған. Халық ауыз әдебиетін, соның ішінде эпостық жырларымызды жинау, жариялау жұмысы ХІХ ғ. бірінші жартысында басталса, оларды зерттеу мәселесі сол ғасырдың екінші жартысында қолға алынды. Бұл салада «Едіге» жырын ең тамаша эпос деп таныған Ш.Уәлиханов болды. Эпостық мұрамызды зерттеуге Ш.Уәлихановтан бастап белгілі филолог ғалымдарымыз, жазушы, ақын, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Ресей ғалымдары атсалысты. Әсіресе, аға буын ғалымдарымыздың еңбектері бүгінгі эпостанудың негізін қалады, үлкен жетістіктерге жеткізді. Олардың көптеген тұжырымды қорытындылары, ғылыми көзқарастары мен идеялары бүгін де ғылыми маңызын, құндылығын жоғалтпай, ХХІ ғасырда жазылып отырған еңбектерге концептуалды негіз болып әрі қарай дамытылуда. Халқымыздың эпостық мұрасы көлемі жағынан, сюжеттік-тақырыптық, эстетикалық, функционалдық тұрғыда аса бай екені баршаға аян. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындап жарыққа шығарып отырған «Бабалар сөзі» ғылыми серияның 63 томы эпостарға арналды. Бұл томдарда 450-ден астам эпосымыздың мәтіні жарияланды. Солардың ішінде көне эпостың 4 мәтіні, классикалық қаһармандық эпостың шамамен 130 мәтіні, ғашықтық эпостың жиырмадан астам мәтіні, тарихи және дастандық эпостың 300-ге жуық мәтіні жарық көрді. Осылардың қырық пайызға жуығы алғаш рет баспа бетін көрді. Халқымыздың эпостық мұрасы – біртұтас көркем дүние. Ол эпикалық шығармашылықтың эпикалық кеңістікте ғасырлар бойғы дамуының нәтижесінде пайда болған жүйе. Оның өзіндік даму жолдарын жүйелеп, ерекшеліктерін белгілейтін заңдылықтары бар. Бұл теңдессіз мұраны кешенді, жүйелі түрде, біртұтас дүние ретінде зерттеу лазым. Осы салада көптеген жұмыстар атқарылғаны мәлім. Ал бүгінгі таңда әлемдік ғылымда мойындалған инновациялық әдістер мен концепцияларды игерудің өзектілігі анық екенін айту лазым. Ал бізде әлі кейбір фольклорлық туындыларымыздың жанрлық белгілерін анықтау мәселесі дұрыс шешілмей жатқаны шындық. Тарихтан белгілі оқиғалар мен персонаждарды әңгімелейтін жырлардың бәрін «тарихи эпос» деп жіктеуге болмайтыны анық. Мысалы, Ағыбай батыр, Бөгенбай батыр туралы жырлардың негізін хикаялық сюжеттер құрайды, «Наурызбай – Ханшайым» жыры да сондай. Демек, тарихи тұлғалар туралы жыр міндетті түрде тарихи жыр болуы шарт емес. Бұл тек жаңадан табылып, ғылыми айналымға енді енгізіліп отырған туындыларға ғана қатысты емес. Бұрыннан белгілі жырлар да керекті деңгейде зерттеліп, нүкте қойылды деуге келмейді. Эпос халықтың рухани мәдениетінің ажырамас бөлшегі, онда этностың тарихи тағлымы, идеалдары мен дүниетанымдық қағидалары, рухани құндылықтары, ұлттың эстетикалық таным-түсінігі көрініс тапқан. Сонымен бірге эпостық мұраларымыз – әлемдік фольклор қорының құрамдас, ажырамас бөлігі. Оны ұлттық руханият контексінде, жалпытүркілік ауқымда және жалпыадамзаттық құндылық тұрғысында қарастыру керек. Қорыта айтқанда, қоғамымыздың руханияты, интеллектуалы мен мәдениетінің өсуі, отандық ғылым деңгейінің биіктеуі, жаңадан табылып ғылыми айналымға енгізілген фольклор үлгілерінің молдығы, сондай-ақ әлемдік фольклортанудың даму тенденциялары қазақ эпосын жаңа деңгейде зерттеуді талап етеді. Демек, әлемдік жаһанданудың қарқын алуы мен Қазақстанның әлемдік ғылыми көшке белсенді түрде қосылу жағдайында өткеннен қалған мұраны егжей-тегжейлі ұғыну, зерттеу, әлемдік ғылыми айналымға енгізу – эпостану ғылымының басты міндеті.