Әдістер (әрекет тәсілдері) әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, сөздік, баспа-қолжазбалық (мәтінмен жұмыс). Көрнекі, практикалық деген сияқты. Олардың мәні қалай оқыту керек деген сұраққа жауап беріп, мұғалім мен оқушының екі жақты әрекетін айқындайды. Жақсы жолға қойылған оқытудың әдістемесі оқушылардың бойында тарихи білім мен танымдық дағдыларды, ғылыми көзқарас пен сенімді қалыптастырып, дамытуда тиімді нәтиже береді. Әдіс, тәсілдер мен оқытудың түрлері (жалпы сыныптық, топтық, дербес), сабақ типтері (қайталау-жинақтау, семинар, зертханалық, саяхат-сабақ), сабақ үстіндегі мұғалім әрекеті мен оқушының оқу құралдары тығыз байланысты. Оқу жұмысының құралдарына оқу процесін қамтамасыз етуге керекті оқулық, жұмыс дәптері, тарихи карта, оқу картиналары, диафильм т.б. сияқты заттарды жатқызамыз. Оқу материалы мазмұнының, тиісті оқыту әдістемесінің ұйымдастырылуы және оқушылардың танымдық қызметі формаларының біртұтастығы негізінде оқушылар оқыту мақсатына қол жеткізеді.
Оқушылардың танымдық мүмкіндіктері оқушының жасына және соған сәйкес тарихи білім мен дағдыны игеру деңгейіне тікелей байланысты. Тарихи танымға ұмтылуға күш жұмсау тұлғаның ойлауын, қиялын, ерік-жігерін және сезімдік қасиеттерін дамытуға айтарлықтай ықпал жасайды. Оқу процесінде оқушылардың тарихи білімді меңгеру және қолдану қабілеті дамиды. Қабілеттілік дегеніміз не? Ол тарихты оқып-игеруде табысқа жетуге алғы шарт болатын тұлғаның дербес ерекшеліктері. Ол қабілеттілік әрекеттің әдістері мен тәсілдерін тез, терең және оңай меңгеруден байқалады.
Оқыту нәтижелері алға қойған мақсаттарды іске асырумен тікелей байланысты. Ол оқушылардың қол жеткізген білім мен дағдысының, олардың интеллектуалдық, эмоциялық және ерік-жігерінің деңгейін танытады. Білімін дәлелдеу және негіздеу, ең бастыны бөліп алу, себеп- салдарлы байланыстарды анықтап, қалыптасқан мәселені шешуде қажетті білімді қолдана алудан көрінеді. Оқыту нәтижелері мына деңгеймен өлшенеді: 1) 5-11 сыныптардағы бір сабақта, бір тақырыптағы бірнеше сабақта немесе бөлімдегі, тараудағы, курстағы, бүкіл курстағы алған тарихи білім; 2) ғылыми көзқарастың қалыптасуы; 3) тарихты оқыту процесінде оқушыларды тәрбиелеу; 4) оқушылардың танымдық мүмкіндіктерін дамыту. Осылайша оқыту нәтижелері алға қойған мақсаттың орындалғанын немесе тек сөз жүзінде қалғандығын танытады. Соңғы жылдары білім сапасы тест көмегімен бағалануда. Оның есесіне оқушылардың алған білімдерінің практикалық қызметте қолдану қабілетін бағалайтын тапсырмалар аз қолданылуда. Тарих сабақтарында мұндай тапсырмалар қарапайым дерек көздері және құжаттарды зерттейтін зертханалық сабақтар жүргізумен тікелей байланысты.
Оқушылар сабақтан бос уақытында мұражай мен мұрағаттағы жұмыстары негізінде баяндама, реферат, ғылыми мақала дайындауы да тарихи білімін бағалаудың өлшемі болуы тиіс.
Мектепте тарихты оқытудағы әдістеменің орны мен ролі Әдістеменің маңызы мектептегі тарих пәнінің мұғалімі, студент үшін
— белгілі бір жастағы оқушылардың тарих пәні бойынша білім мен дағды деңгейін анықтауға;
— сынып, курс, бөлім және тақырып бойынша оқытудың мақсатын нақшлауға;
— оқу процесінің әртүрлі кезеңдеріндегі жұмыс тиімділігін анықтап, оқыту міндетін нақтылауға;
— оқыту мазмұнын қолданылатын әдістер және тәсілдермен ұштастыруға;
— тест, қисынды тапсырмалар және тірек сигналдарды қолданып, конспект дайындауға;
— оқытудың барынша тиімді әдістері, түрлері мен құралдарын қолдануға;
— оқыту нәтижелерін алдын ала болжап, педагогикалық әрекетке түзету енгізіп отыруға мүмкіндік беруімен бағаланады.
Тарихты оқыту әдістемесі өзге ғылымдармен, әсіресе оқытудың мазмұнын талдап жасайтын базалық тарих ғылымымен тығыз байланысты. Әдістеменің мақсаты — тарих ғылымының негізгі мәліметтерін таңдап алып, оны дидактикалық өндеуден өткізіп, бейімдеп, мектеп курсының мазмұнына енгізу. Таңдап алу оқушылардың танымдық мүмкіндігін ескере отырып жүргізіледі. Оларды анықтауда психология ғылымының жетістіктеріне сүйенеміз. Бұл ғылым оқушылар танымы мен танымдық әрекетінің ерекшеліктерін ашуға көмектеседі. Оның үстіне тарихты оқыту процесіне талдау жасағанда бірқатар психологиялық және педагогикалық зерттеу тәсілдері де қолданылады. Әдістеме пәні оқытудың бір саласы ретінде педагогикамен де тығыз байланысты. Педагогика - оқыту, ғылыми зерттеу әдістемесі мен тәрбие мақсатын айқындайды. Осы әдістер мен мақсаттарды негізге алып, әдістеме оқу процесіне де, ғылыми зерттеуге де нақты тарихи мазмұн береді. Ғылыми-зерттеу әдістері деп зерттеудің педагогикалық бақылауды және қалыптастырушы эксперименттің (экспериметтік сабақ) мақсаты, міндеттері мен болжамын анықтауды айтамыз. Латын тіліндегі "экспериментум" сөзі тәжірибе, сынақ дегенді білдіреді. Мұндай тәжірибелер белгілі бір оқытудың факторы және жағдайының әрекеті нәтижесінде пайда болады.
Педагогикалық бақылау - оқу процесіне ықпал жасамай, тарихты оқыту практикасын зерттеу дегенді білдіреді. Зерттеуші тарих сабақтарына қатысып, оны талдайды, оқушыларға сұрақ қою мен тесті өткізіп, мұғалімдердің ашық сабақтарының хабарламаларын тексеріп, пән бірлестіктерінің озат тәжірибені жинақтаған материалдарымен танысады.
Қалыптастырушы эксперимент тәжірибе жасаушының оқу процесіне белсене араласуын қарастырады. Мұндай эксперименттің міндетті құрамы - дәлелге негізделген, бірақ міндетті түрде тексеруді қажет ететін болжанған нәтиже, болжал болмақ. Болжау мына сұлба бойынша қалыптасады: оң нәтижеге қол жеткізуге бола ма, егер:
а) мазмұнды, материалды баяндаудың бірізділігін өзгертсе, ә) оқытудың жаңа құралдарын, материалды баяндаудың жаңа тәсілін қолданса, б) таным әрекетін басқаша ұйымдастырса. Болжам іс жүзінде тиісті жағдайлар мен әдістер арқылы тексеріледі.
Эксперимент жасаушы ең алдымен зерттеудің мақсаты мен міндеттеріне сай әдістемелік
талдама жасайды, содан кейін оның тиімділігін оқыту барысында тексереді.