Тасқа жазылған дастандар - Күлтегін - Тоныкөк - Білге қаған Күлтегін
Күл тегін (684-731ж.ж.) - Құтлық (Елтерiс) қағанның екiншi ұлы, Бiлге қағанның (Могилян) туған iнiсi. Шешесi Елбiлге қатұн. Ачынұ тектi. Күлтегiн 7 жас кезiнде әкесi Құтлық ( 680-692 ж. билік құрған) қайтыс болады. Қаған тағына оның iнiсi Қапаған (692-716 ж.) отырады. Күлтегiн мен Бiлге, Қапағанның iнiсi Бөгүнi (716 ж.) тақтан тайдырып, қағандық билiктi Бiлге қолына (716-734 ж.) алады. Екінші Шығыс Түрік қағанаты әскерінің бас қолбасшысы, «көк түріктің көк семсері» атанған атақты батыры. Әкесінен жастай жетім қалып, ағасы Қапаған қағанның тәрбиесінде өскен Күл тегін тым ерте есейіп, қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып, жау жарағын асынып, түрік еліне тұс тұстан төнген басқыншы жауға қарсы үлкендер қатарында тұрып, ерлікпен күреседі. Бұл ретте түріктің атақты Білге қағаны Күл тегін батырдың басына қойылған ескерткіші тасқа ойып жаздырған ғұмырнамасында: «әкем қаған өлгенде інім Күлтегін жеті жаста қалды. Он жаста Ұмай текті шешемнің бағына інім Күлтегін ер атанды» деп жазды. Тарихи деректерді салыстыра зерделесек, бұдан Күлтегіннің он жасында ер атанып, алғаш көзге түскен соғысының табғаш елінің әйел патшасы У хыудың Қапағанның басына ақша тігіп, кімде кім оны өлтірсе, соған «Жан чо» («Чоны өлтіруші», яғни Мочо Қапағанды өлтіруші) деген атпен бірінші дәрежелі кінәз атағын беремін деген уәдесін арнайы жарлықпен бекітіп, түрік еліне жазалау жорыққа қалың қол аттандырғаннан кейінгі, 694 жылғы Жау жыу және Дин жыу аймақтарында болған соғыс екені анық көрінеді. Қапаған осы соғыста 90 мың тұтқынды қолға түсірген. Міне, осыдан былай Күлтегіннің ерлік жолы басталады. Тарихи деректер сол кездегі ел тәуелсіздігін сақтап қалу жолында болған қырғын соғыстардың бірде біреуінің Күлтегінсіз өтпегенін, дулығасы жарқырап, жауын жапырып қан майданның ортасында жүргенін тамсана баяндайды. Бұл арада сол деректерді тізіп жатпай ақ, батырдың өзіне арнап орнатылған ескерткіштегі мына жазулардан да біраз жайды аңғаруға болады. Тас жазудың авторы Йолығ тегін Күлтегін ерлігін былайша тізбелейді: