ӘОЖ 930.2:94
1Н.А. Тасилова, 2С.С.Кулмесканова
1 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, т.ғ.к., доцент
Қазақстан, қ. Алматы
Е-mail: tasnaz@mail.ru
2 Қазақ Ұлттық аграрлық университеті, оқытушы, тарих магистрі
Қазақстан, қ. Алматы
Е-mail: Samal.d81@mail.ru
ТАСИЛОВА Н.А., КУЛМЕСКАНОВА С.С.
ШОНА СМАХАНҰЛЫның – ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ
Мақалада қазақ ұлтының мақтанышы, қазақ әдебиетінің ірі өкілі, ұлт жанашыры, Алматы қаласындағы мектептерде алғаш қазақ сыныптарының ашылуына зор еңбегін тигізген, сатира, ирония, фельетон жанрында кеңінен шығармаларды мұра етіп қалдырған Шона Смаханұлының еңбегі мен ерлігі туралы кеңінен айтылады. Сонымен қатар Шона Смаханұлының еңбегін зерттеу барысында ол жайлы ғалымдар мен зиялы қауымның пікірлері мен жоғары баға бергендері туралы айтылады. Шоқ тілді Шона атамыздың шығармаларының басым көпшілігі – сатиралық шығармалар. Дәлелді-деректі фельетондары, қысқа-нұсқа тапқырлық пен ұтымды тұстар Шона Смаханұлы шығармаларының басты мазмұнын құрайды. Жас ұрпақтың келешегі үшін жасаған ерлікке бергісіз еңбегі Алматыдан асып, ауылдарға еркін жетті. Ата тарихқа, Ана тіліне жауапкершілігі мен жанкештілігі жоғары болған Шона қазақ елінің ертеңіне қатты алаңдады. Аталмыш мақалада ұлт жанашырының ерлігі, қазақ мектептерін дамытудағы идеялары мен ұсыныстары кеңінен тарқатылып айтылады.
Түйін сөздер: Шона Смаханұлы, қазақ мектептері, тарих, сатира, саясат.
XX ғасырдың аяғына дейін КСРО да ұлтты әлсіретіп оның ана тілін жою мақсатында түрлі сұрқия саясат жүргізіліп, соның қатарында орыс тілін жаппай халыққа бірдей ету үшін, ұлттың өз ана тілінде мектепте білім алуына тосқауылдар жасап, үлкен кедергілер келтірген болатын. Ұлттық мектептер жабыла бастады. Сол заманда, қазақ тіліндегі мектептептер мен бала-бақшаларды қайта ашу, оны қорғап қалу мақсатында, алғаш рет осы игілікті істі бастаған, қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі, сатира жанрында есімі мен еңбегі ерекше құрметпен аталатын, халық жанашыры Шона Смаханұлы еді. Шона атамыз 1924 жылы 2 қарашада дүниеге келген. Ардақты ұлт жанашырының жастық шағы Ұлы Отан соғысының от-жалынында, оқ пен от арасында, майдан даласында өтті. Соғыс аяқталып, еліне оралған ардагер бірнеше жыл ауыл мектептерінде мұғалімдік қызметін атқарады. Кейініректе, 1950 жылдардың ортасынан бастап бірыңғай әдеби қызметке ауысады. Республикалық газеттер мен журналдар редакциясында, «Жазушы» баспасында еңбек етті. Шона Смаханұлы Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі хатшысы О.Сүлейменовпен келісіп, Одақ жанынан қазақ мектептеріне қатысты ағарту жұмысымен айналысатын бөлім ашады. Ол қазақ мектептерінің жыл сайын саны азайып, жабылып жатқанын, бұл әрекет ары қарай жалғасын табар болса қазақ ұлтының болашағына қауіпті екенін Республика басшысы Д.А. Қонаевқа мәлімдеген болатын. Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың Шона атамыздың жазған өтінішіне берген жауабын мақаламызда келтірейік:«...Бұл мәселемен бір адам кабинетіме басын сұғып кірсе, кәне. Бәрі қызмет сұрап келеді, бала-шағасына пәтер сұрап келеді, атақ-дәреже сұрап келеді. Бірақ туған халқымның үмітін ақтайын деп ел аманатын арқалап алдыма келген тірі пенде болған емес осы уақытқа шейін. Сонда қалай? Ел мүддесінен гөрі, өз мүддесін жоғары қоя бастағаны ма бұ зиялы қауымның? Талап-тілегің өте орынды, Шөке. Өтініш-хатыңда тиісті құзырлы мекемеге қол қойып, пәрмен беріп жөнелтем. Оған алаңдама. Хабарласып тұр.» Д.Қонаевтың осы сөздерінен біз Шона Смаханұлының жобасы бұрын соңды көтерілмегенін, соған орай қазақ мектептерін жандандыру, көбейту идеясын жоғары бағалап, қолдағанын көреміз. Сонымен қатар сол кездегі Жазушылар Одағынан да кейбір зиялы қауым тарапынан, журналистерден Шона атамыз қолдау тапты. Бас көтерген қазақ журналистері қазақ мектебінің тағдыры мен болашағы жайлы республиканың баспасөз беттеріне мақала жариялай бастады. Шона атамыздың қоғамдық-азаматтық қызметі ең сүйікті ісі болатын. Қазақ тілінде білім беретін мектептер ашу жолында кеңестік кезеңнің алпауыттарына қарсы тұра білген, сұрқия саясатына төтеп берген Шона Смаханұлының еңбегі өте үлкен. Талайларға қарсы шығып, одан өз жанын, өмірін аяп қалған жоқ. Өмірінің соңына дейін ағартушылықпен айналысқан Шона атамыздың еңбегі арқасында 24 қазақ мектебі бой көтерді. Қазақ балалары өз ана тілінде білім ала бастады. Осы мектептер ашылу үшін, Шона атамыз Білім министрлігінен бастап қалалық білім беру басқармасының, сол кездегі қаладағы сегіз аудандық партияның, атқару комитеті басшыларының табалдырығын тоздырған. Сөзі де, қаламы да батыл сатирик жазушының шығармаларының жанрлық құрамы мен тақырыбы әртүрлі болып келеді. Шона Смаханұлы ана тілін ардақтау, ұлттық рухани құндылықтарды қадірлеу туралы өлеңдер жазды. Соның бірі:
Сәулетті, сәнді, тұрмысты,
Байлығы шалқар шалқыған.
Ақпейіл, азат, ырысты
Айналдым туған халқымнан, -
деген жыр жолдары ақынның еліне, туған халқына деген махаббатын, шын ықыласын, зор сүйіспеншілігін танытады. Ол туған жерінің тауы мен тасына, өзен-көлдері мен бұлақ көздеріне сүйіп, сүйсініп қарап, кейде оларға өзі еркелегендей, кейде олар өзіне еркелегендей сезінеді, сезініп қана қомай, сезініп қана қоймай, сезімін бұлақ көзіндей мөлдіретіп сыр ашады, тау басына тіккен жалауша желбіреп жыр жазады. Қаламгер өзінің шығармаларында, сықақтары мен мысалдарында балалар үшін де, басқалар үшін де ғибратты, танымдық, тәрбиелік мәні жоғары ірі мәселерді көтерді. Өмір құблыстарының қалың тобынан көзіне түсіп, көңіліне ұялаған шағын шындық болмыстың өзіне де ақын шын тапқырлықпен, суреткерлік үлкен талғаммен толғады[1]. Шона атамызға байланысты зиялы қауымның мынадай пікірін келтірсек: «...Өткен ғасырдың 70-80-90 жылдары көзі ашық, көңілі ояу қазақ жұртының бойында сұмдық сілкініс болғанын сол кездегі ел-жұрт жақсы біледі. Ол киер киім, ішер ас, жайлы өмір болғанмен, ұлттық сананың құлдырауы, тілдің мүкістенуі тамырланып, рухани құндылықтарды өзгелердің өзеуреген «үлгісі» жұтып бара жатқанда одан ұрпақты қорғап қалуға деген ұмтылыс еді. Оның алтын арқауында қазақ мектебін ашу жөніндегі керемет талпыныс жатты. Мұның көшбасында ұлтшыл ақын, халықшыл азамат, алары кетсе де, ұрпақ үшін айтарын айтып, ұйытқы болудан бір сәт те табан тартпаған, қайта ширығып шамырқанған Шона Смаханұлы жүрді. Осы жерде ол кісінің өз аузынан естіген мына бір жайды айта кетсек дейміз. Желтоқсан көтерілісінен кейінгі аласапыранда бәрімізге ақылшы болып, қалғып кетсек сергітіп жіберетін ақын ағамыз: «Мен сұрапыл соғыста да жасқанбаған адам едім. Енді қатты ойланып жүрмін. Алдағы тірлігіміз қалай болар екен? Бізге Димекең қолұшын созушы еді. Үш әріп соңымызға дейінгі мекеменің (балабақша) қалыптасуы мен кең өріс алуына да айрықша үлес қосты. Ағайынға жақын, қамқор да қарапайым болды. Ауыл-елмен байланысы берік еді. Отбасында да беделді, сыйлы болды. Ел тарихы мен дәстүрін, дін мен тілді терең білді. Ата тарихқа, Ана тіліне жаупкершілігі мен жанкештілігі жоғары еді. Оны әркім-ақ білді, құрмет көрсетті. Ал, шығармашылық мұрасы тақырыптық ерекшелігімен, жанрлық-көркемдік арналарымен назар аудартты. Сатира саңлағы Ш. Смаханұлы қоғамдық-кезеңдік көріністерді кеңінен көрсетіп, адам әлемінің иірім-сырларына еркін енді. Дәлелді-деректі фельетондары, ақиқат-шындықты негіз еткен сын-сықақтары, комикалық болмыс, бедерлі бейнелер, күлкілі-қызықты әрекет-қимылдар, қысқа-нұсқа тапқырлық пен ұтымды тұстар – Шона Смаханұлы шығармаларының басты мазмұнын құрайды» [2].
Шоқ тілді Шона атанған ағартушы ардагер, халық жанашыры ұлттық мектеп мәселесін, қазақ сыныптарын өз алдына ашуды алға тартып, жұрт алдында ашық қойды. Шона Смаханұлы жиында әсерлі сөз сөйлеп қазақ мектептерін дамытудың бес шарттан тұратын ұсынысын айтты. Олар: Біріншісі, «Айнабұлақ» ықшам ауданда қазақ мектебін ашу жөніндегі ынталы топ құрылсын. Ол ерікті түрде жұмыс істесін. Екіншіден, ынталы топ қазақ мектебіне баратын оқушылардың, әсіресе 1, 2, 3, яғни бастауыш класқа баратын балалардың тізімін алатын болсын. Үшіншіден, ынталы топ төрт ықшам ауданды бөліп алып, үйме-үй аралап, ата-аналарға жолығып, мектепке баратын балаларын қазақ класына міндетті түрде беруге үгіттеп, түсінік жұмысын жүргізуді қолға алсын. Төртіншіден, орыс мектептеріндегі қазақ балаларын қазақ мектебіне ауысуға үгіттеп, нақты тізімдерін жасау қажет.Бесіншіден, әрбір ата-ана көрші-қолаңына, жақындарына қазақ мектебінің ашылатынынан хабардар ететін болсын. Үш сағатқа созылған жиында Шона Смаханұлы тағы мынадай, жанға бататын сөздер айтты: «Ата-аналар көбіне енжарлық танытып, белсенділік көрсете бермейді. Мәселені бізсіз де жоғары жақтың өзі шешеді деп самарқаулық танытады. Жоқ, жоғары жақ қазақ мектептерін ашу мәселесін осы уақытқа дейін шешпей келеді. Біздің ұлттық мүддеміз қаға берісте қалып жатыр. Өз мәселемізді, өз мектебімізді өзіміз тиісті орындарға ашық қоймасақ, басқа біреулерге сенудің қажеті жоқ. Мынау төрт ықшамауданнан тұратын «Айнабұлақта» бірде-бір қазақ мектебіне балабақшасы жоқ. Мұнда қазақтар тұрып, өмір сүріп жатқан жоқпа?! Ал солардың мүддесін кім шешпек? Қаланың басқа аудандарындағы жағдай да дәл осындай. Мектебіміз болмаса тіліміз жойылып, ұлттық келбетімізден, табиғи болмысымыздан айырылып қаламыз. Бұл намысы бар адамның шымбайына, жанына тиетін жайт, ағайын. Сіздердің бұл мәселелеріңіз бәрімізге ортақ. Біз әділетсіздікті көріп-біліп отырғандықтан, намысқа шауып алдарыңызға келіп отырмыз.»[3]. Бұл үлкен мәселе 1986 жылы көтерілді. Ынталы топ құрылып, жоғарыда қойылған бес талаптың барлығы қолға алынып, іске асырыла бастады. Нақты жұмыс жоспары құрылды. Ең қиынға соққан жұмыс барысы ол ата-аналарды үгіттеу және олармен жүргізілген жұмыс еді. Ғибратты сатира жазатын Шона атамыз мекеме басшыларынан қорықпай, саспай газет беттеріне қадап-қадап мақала, өлең, фельетондарын аямай жариялап жүрді. Ата-аналармен қиынға соққан жұмыс, одан әрі қиындай түсті, ашу-ызасы шегіне жеткен ата-аналардың реніші аз еместі. Қазақ мектептерін ашу туралы жиналыс айқай-шусыз өтпейтін. Бірақ, осы келеңсіз қиындықтарға қарамастан ардақты Шона Смаханұлы «Баланың тілі ең алдымен ана тілінде шығу тиіс, мектепте одан әрі жетіліп, дамуы керек» деп айтудан шаршаған емес. Еліміздің келешегі, ұлт болып қалудың түп негізі отбасы мен ұлттық мектепте деп білді. Тілі орысша шыққан ұрпақ құрдымға кететінін білген ұлт жанашыры туған тілінен, тарихынан айырылатынын ойлап, осы әділетсіздікке қарсы күресуден еш қорықпаған, тоқтамаған, шаршамаған[3]. Зертеушілердің Шона атамызға берген бағасы өте жоғары. Мектеп ашу ісінде дәл Шона Смаханұлындай батыл күрескен қаламгер жоқ. Көбі сөзбен ғана қолдап, басын ауыртпай шығарып салып жүрді. Уақытпен есептесіп жатпады, қай жерде мектеп ашылуға мүмкіндік болса, Шөкең сол жерден табылып, жігіттерді, ата-аналарды ұйымдастырып, дереу класс немесе мектеп ашуға жұмылдырып отырды[5]. Ақын Әбдірахман Асылбектің «Шоқ тілді Шона» жинағындағы естелігінде екі артықшылығын айтады: « Алматы қаласында біраз қазақ мектебі ашылды. Міне, сол қазақ мектептерінің ашылуына тікелей атсалысып, маңдай терін төгуін Шона Смаханұлының ересен ерлігі деп біліуміз керек. Ол еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Өзі дүниеден өткеннен кейін №86 қазақ орты мектебі Шона Смаханұлы атындағы мектепке айналды. Шона Смаханұлының екінші бір ерлігі – өзінің аты-жөнінен орыстың «ов», «ев» жұрнағын алып тастап, Шона Смаханұлы болуы. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы деп жазылғанда, мен неге Шона Смаханұлы болмаймын деп, өзгелерге үлгі көрсетуінің өзі көзсіз батырлық еді. Шонадан кейін Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази секілді жазушылар бірінен соң бірі өз аты-жөндерін қазақшалап жөндей бастады.»[4]. Ер-азамат бойындағы ұлы қасиеттердің бастау-көзі оның елге, ұлтқа, ұлттың рухани құндылықтарына деген ыстық сүйіспеншілігі дер болсақ, халықтың қалың ортасынан шыққан ақын-жазушылар ішінде елді, ұлтты, ұлттың рухани құндылықтарынан дәл Шона Смаханұлындай өліп-өшіп сүйіп, өліп-өшіп қорғаған, өліп-өшіп жырлаған кісі көп емес. Шона Смаханұлы қазақ сатирасының дамуына, болмысты сатиралық пайымдаудың жанрлық түрлерінің баюына зор үлес қосты. Қазақ сатирасының даму тарихында неше алуан жанрлық түрлердің әрқайсысының өзіндік орны бар. Олардың әрқайсысы бір әлем. Шона Смаханұлының әлемінде осылардың бәрі бар: сатира, сарказм, юмор, ирония. Оның үстіне осылардың бәрі проза үлгісінде де, поэзия үлгісінде де өрнектелген, анық, ашық, айқын түрде ғана емес, астарлы, ауыспалы түрде де кең қанат жайған. Аталған жанрлық түрлердің бәрінің негізінде күлкі жатыр: бірде қатты, бірде ащы. Күлкінің көлеңкесінде сын жатыр. Ол да сондай: бірде қатты, бірде ащы. Шона Смаханұлының шығармашылық мұрасының басты ерекшелігі шыншылдығымен сыншылдығында [6].
Ұлы Отан соғысының ардагері Шона Смаханұлының ел үшін, халық үшін жасаған ерлігі өлшеусіз зор болып қалады. Қазақ мектептерінің ашылуын қолдайтын қолдарды, өзі үйді-үйкезіп жүріп жинағаны бәріне белгілі. Артында еңбегін дәріптеп, қастерлейтін ел-жұрты, қалың оқырманы барда Шона Смаханұлының есімі ешқашан ұмытылмайды.
Әдебиеттер:
Дәдебаев Ж. Шона Смаханұлы. //Шоқ тілді Шона. Алматы.. 2013. - 24 б.
Мәмет С. Шоқ тілді Шона. – Алматы., 2013. - 17 б.
Қызыбек М. Шона ағаның бастауымен// Түркістан газеті. – Түркістан., 2011.
Асылбек Ә. Шөкең осындай еді. // Шоқ тілді Шона. – Алматы., 2013. - 148 б.
Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС., 2010.
Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Құрастырушы: Б.Тоғысбаев, А.Сужикова. – Алматы.: “Алматыкітап баспасы”, 2009.
ТАСИЛОВА Н.А., КУЛМЕСКАНОВА С.С.
Жизнь и деятельность шона смаханұлы
В данной статье рассматривается труды и творчества известного писателя, сатирика, гордость всего казахского народа, ветерана отечественной войны, первого инициатора в открытие казахо-язычных школ в Алматы во времена СССР, Шона Смаханулы. Он один из ярких фигур в истории казахской сатиры, его творчество соединяет реалистические, гуманистические и демократические традиции. Автор также приводит мнение и труды других исследователей творчества, труды Шона Смаханулы. В ней раскрываются особенности и неповторимые черты сатиры и его общественные труды для пользы народа. Современный читатель находит в его творческом наследии ответы на многие социальной реальности времени СССР. Он является автором многих сборников сатирических стихов: «Купорос»,«Черкалка и кричалка»,«Колючие», «Лечу к Луне» и т.д. Шона Смаханулы своим творчеством, своими произвидениями убеждает читателя, что жанр басни далеко не исчерпан.
Ключевые слова: Шона Смаханулы, казахские школы, история, сатира, политика.
N. Tasylova, S.S. KYLMESKANOVA
The life and activity Shona smahanulY
This article discusses the writings and work of the famous writer, satirist, pride of the Kazakh people, a veteran of World War II, the first starter in the opening the schools in kazakh language in Almaty during the Soviet era, Shona Smahanuly. He is one of the prominent figures in the history of Kazakh satire, his work combines realistic, humanistic and democratic traditions. The author also cites the opinion and work of other researchers and creative works Shona Smahanuly.There are describes the peculiarities and unique features of satire and social activities for the benefit of the people. The modern reader finds in it the creative legacy of the answers to many of the social reality of the time of the USSR. He is the author of numerous collections of satirical poems "vitriol", "Cherkalka and chants," "scratchy", "Flying to the Moon", etc. Sean Smahanuly their creativity, their proizvideniyami convinces the reader that the genre of fables is far from exhausted. He has written translations of the opera "Rinaldo goes into battle," Modugno, "Mademoiselle Nitouche" Herve. In verses Sean Smahanuly written a number of popular songs. Grammar school № 62 in Almaty is named after the writer.
Кеуwords: Shona Smahanuly, Kazakh schools, history, satire, politics.
Достарыңызбен бөлісу: |