Байланысты: Task 1 к н ж йелеріне енетін аспан денелерін атаныз
Буылтық құрттарға тән ерекшеліктердің бірі - айрықша қозғалыс мүшелерінің болуы. Мұндай мүшелер құрт денесіндегі буылтықтардың әрқайсысының екі қапталын бойлай орналасады. Оны параподия (гр. пара+подион- жуық + кішкене аяқ, яғни аяққа ұқсас) дейді. Денеден бұлтиып шыққан, бір буда қылтанақтары бар кішкене өскіндер көпқылтанақтылардың жүруге арналған мүшесі болып табылады. Бұл құрттардың барлығында бола бермейді. Дегенмен алғашқы буылтық құрттарда және көпқылтанақты құрттарда жақсы дамыған. Азқылтанақты құрттарда тек қылтанақтары ғана сақталып қалған. Буылтық құрттар параподияларының көмегімен бір жерден екінші жерге еркін қозғалып бара алады. Буылтық құрттардың дене құрылымы төмен құрылысты жәндіктерден күрделі екенін байқадық. Бұларда бас, тұлға және дене соңында аналь тесігі бар.
Тұлға буылтықтардан құралады. Бұлар жынысты және жыныссыз жолмен көбейеді. Азқылтанақты буылтық құрттар — қосжынысты (гермафродит). Теңізде мекендейтін нереида, құмқазар сияқты көпқылтанақты буылтықтар дара жынысты болып келеді. Бұлардың денесінде қылтанақтар көп болғандықтан, көпқылтанақты буылтық құрттар деп аталады. Жыныссыз жолмен көбейгенде бүршіктену немесе бөліну арқылы тікелей дамиды. Жынысты жолмен дамығанда түрлент, ұрықтан дернәсіл пайда болады. Мұндайда ұрықтану аналық денесінен тысқары - суда өтеді. Денесінде кірпікшелері бар дернәсіл пайда болады. Ол трохофора деп аталады. Трохофора (гр. трохос+форос- доңғалақ + алып жүру, яғни доңғалағы немесе доңғалақтары бар дернәсіл) біраз уақыт судың үстіңгі қабатында өмір сүріп, кейінірек су түбіне шөгеді. Сөйтіп біртіндеп ересек көпқылтанақты буылтық құртқа айналады. Азқылтанақты және көпқылтанақты буылтық құрттар дененің жойылған бөлігін тез қалпына келтіре алады. Оларда регенерация құбылысы едәуір жақсы байқалады.
Сүлік - буылтық құрттар типіне жататын арнайы кластың өкілі. Сүліктердің құрылысы мен тіршілік әрекеті ерекше назар аударады. Сүліктердің бас бөлігі нашар ажыратылады. Олардың денесінде буылтықтары болады. Бірақ буылтықтар саны ішкі бунақтарға сай келмейді. Қылтанақтары да жоқ. Сүліктер - қосжынысты (гермафродит) жәндіктер. Жұмыртқасын пілләге салады. Тура дамиды - ұрықтанған жұмыртқалардан жас сүліктер өрбиді.
Сүліктер - паразиттік жолмен де, жыртқыштықпен де тіршілік ететін жәндіктер. Олардың негізгі қорегі - әр түрлі су жәндіктері: ұлулар, бунақденелілердің дернәсілдері. Сондай-ақ өзге сүліктер, итшабақ және балық шабақтары, омыртқалы жануарлардың қанымен де қоректенеді. Сүліктер суда тіршілік етеді. Сүлік денесінің алдыңғы және соңғы ұштарында сорғыштары болады. Алдыңғы сорғышындағы аузының айналасын ұшы тіс тәрізді өте үшкір 3 өсінді қоршай тұрады. Жануарлардың немесе адамның денесіне сорғышымен жабысып, үшкір өсінділерін қалайды да терісін теседі, сүлік өсінділері қадалған жерінен аққан қанды сорады. Қан соратын сүліктің жұтқыншағына арнаулы бездерден «гирудин» (лат. гирудо - сүлік, гирудин - сүліктен бөлінетін зат) деп аталатын ерекше зат бөлініп шығады. Бұл зат қанды сұйылтады, сондықтан жара аузындағы қан ұйымайды. Халықтық медицинада гирудиннің осы қасиеті пайдаланылады. Сүлікке вена бітелгенде, жүрек бұлшықеттері жансызданғанда, миға қан құйылғанда, емдік мақсатта пайдаланып, адамның қанын сорғызады.Көпқылтанақты буылтық құрттардың басым бөлігі суда тіршілік ететіндіктен, теңізде маңызды рөл атқарады. Олар балдырлармен, ұсақ жәндіктермен қоректенеді. Ал өздері суда мекендейтін балықтарға, шаянтәріздестерге және басқа да теңіздегі мақұлықтарға жем болады.