Білім беру нәтиже ретінде: сауаттылық-білімділік-кәсіби кұзыреттілік-мәдениет-діл (менталитет).Білім берудіңнәтиже ретінде қарастырылуы оның мазмұнын кеңейте түспек. Оқу-танымдық үдеріс барысында әр адам білімнің бір сапалық деңгейіне жетеді, ол оның нақты бір көлемдегі білімді игеруінің нәтижесі. Мысалы, бастауыш білім алу барысында адам сауаттылыққа ие болады. Сауаттылықтың негізгі педагогикалық сипаты – оған барлық адамдардың қол жеткізе алуында.
Адамдардың белгілі білім беру ұйымдарында алған, меңгерген білімдерінің деңгейіне қарай бастауыш білімі бар, орта білімді, жоғары білімді адам деп аталатынын көп естиміз. Білімділік – қажетті максимумға дейін жеткізілген қоғамдық және тұлғалық сауаттылық.
Кәсіби құзыреттілік. Бүгінгі ақпараттық қоғамда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, ішкі әлеуетіне қарай бір мамандықты немесе кәсіпті дұрыс таңдауы маңызды. Мамандықты терең меңгеруге байланысты кәсіби құзыреттілік ұғымы кеңінен талқылануда, себебі қоғам кәсіби құзыреттері, практика сұранысына жауап бере алатын мамандарды талап етуде.
Қазіргі білім берудегі негізгі нормативті құжаттардың басым көпшілігінде «құзыреттілік» ұғымы негізгі түйін сөздер қатарында қарастырылып келеді. Алдымен «құзыреттілік» ұғымының этимологиясына тоқталатын болсақ, ол латын тілінің «compete» деген сөзінен аударғанда «білу», «істей алу», «қол жеткізу» деген мағынаны білдіреді.
Педагогикалық терминологиялық сөздікте құзыреттілік ұғымы екі тұрғыдан сипатталған:1) құзыреттілік - нақты білімдері мен дағдылары арқылы кейбір міндеттерді шешуге қатыса алатын немесе мәселені өз бетінше шеше алатын жеке тұлға мүмкіншіліктері; 2) құзыреттілік - танымдық және тәжірибелік іс-әрекеттің теориялық тәсілдерін меңгеру дәрежесімен анықталған жеке тұлғаның білімділік деңгейі.