7.3-тақырып. Іс қағаздарды толтыруда кездесетін сөздер мен сөз тіркестерінің емлесі
Жоспары:
1 . Қазақ тіліндегі алғашқы іс қағаздарындағы терминдік атаулар
2. қазақша ресми іс қағаздары стилі екі түрлі
Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу заман талабына сай жүргізілуі үшін ресми жəне іс қағаздары терминдерінің қалыптасу тарихын, қазіргі тілімізде берілу барысын, жасалу жолдары мен тəсілдерін, қолданылу ерекшеліктерін анықтау қажеттілігін туындатты.
Қазақ іс қағаздары тілінің тарихы сол тілдің иесі болып табылатын халық тарихымен, іс қағаздарын қатынас құралы ретінде қолданған қоғам тарихымен тығыз байланысты екендігі даусыз. Сондықтан қазақ іс қағаздар тілінің тарихын зерттеуде зерттеушілер екі принципті басшылыққа алады. Бірінші принцип — қазақ іс қағаздар тілінің тарихын, оны туғызған, тілдік қатынас ретінде пайдаланған қоғам тарихымен тығыз байланыста, бірлікте қарау принципі. Өйткені тілдің дамуы қоғамның дамуына, оның экономикалық, мəдени өміріндегі өзгерістерге байланысты болады. Екінші принцип — қазақ іс қағаздар тілінің қалыптасу кезеңдерінде кездесіп отыратын түрлі тілдік фактілерді, тілдік ерекшеліктерді қазіргі қазақ тілімен салыстыра қарау принципі.
Зерттеушілер қазақ əдеби тіліндегі ресми стильдің қалыптасу кезеңі мен оның түрлері туралы əр түрлі пікірлерді ұстанады. Кейбір тілші-ғалымдардың пікірінше, қазақ қаламгерлері ХVІ ғасырдан ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін қазақтың көне жазба əдеби тілінде ресми іс қағаздарын жазды, өзара хат жазысты.
Қазақ тілші-ғалымдарының зерттеулеріне қарағанда, қазақ əдеби тілі тарихында іс қағаздарының алғашқы үлгілері ертерек кезеңде, XVIII ғасырдың II жартысы мен XIX ғасырдың I жартысында, одан кейінгі үлгілері XIX ғасырдың II жартысы мен XX ғасырдың басында пайда болды. Ол — қазақтың хан, сұлтан, старшындарының Орыс империясының əкімшілік орындарына жазған құжаттары мен өзара жазысқан хаттары. XVIII ғасырдың II жартысындағы ресми қағаздар ресей мұрағаттарында сақталған. Олардың тілі мен сөздік құрамы түркі халықтарына ортақ болған (елші, бітім, ғарызнама, мағлұмнама, ағланнама, Тəукенің «Жеті жарғысы» т.б.).
Белгілі ғалым Р.Сыздықованың көрсетуінше, ресми іс қағаздары стилі қазақ тілінде ертеде қалыптаса бастаған, қазақ хан-сұлтандарының орыс əкімшілік орындарымен жазысқан көптеген хаттары, арыздары мен мəлімдемелері XVIII ғасырдан бастап архивтерде сақталған. Солардың кейбірі (1785–1828 жылдары аралығында жазылған қазақтың хан, сұлтан, старшиналарының хаттарын) тарихшы М.П.Вяткиннің «Материалы по истории Казахской ССР» деген кітабында жарияланды. Сонымен бірге архивтер мен кітапханалардың сирек қорында біраз ресми құжаттар үлгілерін табуға болады [1; 33].
ХVІІІ–ХІХ ғасырларда қолданылған ресми қағаздардың стильдік ерекше белгілеріне Р.Ғ.Сыздықова, біріншіден, ғизатлу, хурматлу (уважаемый), мархабатлу (милостивый, всемилостивый), сағадатлу (блаженный), биік мартабалу (высокостепенный), ғинайатлу (всеблагий), құдратлу (всемогущий), шафағатлу (милосердный) тəрізді сын есімдерді жатқызады. Екіншіден, бұл құжаттардағы сөздердің басым көпшілігі қазақ тілінікі емес, ортаазиялық əдеби тіл мен татар тілдерінікі деген тұжырым жасайды [1; 167–173].
Зерттеушілердің айтуынша, «... қазақша ресми іс қағаздары стилі екі түрлі арнадан сусындады. Оның бірі — сонау көне дəуірлерден бермен қарай үзілмей келе жатқан хан жарлықтары жəне басқа да ресми құжаттар үлгілері. Сонымен қатар ХІХ ғасырда қазақ жерінің Ресей мемлекеті қол астына кіруіне байланысты орыс əкімшілік орындарының бұйрық-жарлықтары, заңдары мен қатынас қағаздары қазақшаға аударылып, қазақ ішіне тарады» [1; 114,115].
Профессор Б.Əбілқасымовтың «XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ əдеби тілі» деген монографиясының «Ресми іс қағаздары үлгілері жəне олардың тілдік сипаттамасы» деген тарауында баспа бетінде жарияланып, көпшілікке тараған құжаттардың тіл ерекшеліктері жан-жақты қарастырылады. Ғалым əкімшілік орындарының бұйрық-жарлықтарына қатысты материалдарының алғашқылары болып саналатын «1852 жылғы Орынбор шекара комиссиясының жергілікті қазақ əкімдеріне жолдаған қатынас қағазын», «1890 жылдың 29 майында 1071 нөмірлі Далалық генерал- губернатордың қыр облыстарының бастықтарына жолдаған жарлығын» алып, олардың тілдік ерекшеліктерін талдаған. Сонымен қатар бұл еңбегінде «Қазақша заң жинақтары мен ережелері» (1885 жылда шыққан) деген тақырыпшада ресми құжаттың лексикасын, грамматикалық ерекшеліктерін жан-жақты зерттеген. Бұл құжаттың айрықша құндылығы ретінде ғалым құжаттың жазылуына Абай Құнанбаевтың қатысуын атап өтеді [2].
Бұл кезде əкімшілік орындарының түрліше бұйрық-жарлықтары (повеления, приказы, указы) ярлұқ, əмір ярлұқ, фарман түрінде кездеседі, қазақша бұйрық сөзі əлі жоқ. Мұның біріншісі түркі тілдерінде ежелден келе жатқан ярұқ-ярлұқ-жарығ (жеті жарғы) жарлық сөзі де, екіншісі осы мағынаны білдіретін араб сөзі, бұл көбінесе хан, сұлтан, қазылар тарапынан берілетін указ дегенге сай келеді. Фарман сөзі пəрмен түрінде халық тіліне де енсе керек: Патшадан пəрмен болған соң («Қамбар»), бұл сөзді Н.И.Ильминский де сөздігіне (1861) пəрмен — повеление деп енгізген [1; 230].
XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында патша үкіметінің жергілікті əкімшіліктерінің жарлық-бұйрықтары мен нұсқау-хаттары, əр түрлі қатынас қағаздары, заңдар мен ережелер сияқты ресми құжаттар қазақ тіліне аударылып, мерзімді баспасөз бетінде жарияланып отырды. Кейбір ережелер (мысалы, 1885 ж. Қарамола съезінде қабылданған Заң ережесінің 1886 ж. қазанда жарық көруі) жеке кітапша болып та басылды.
Басылып шыққан ресми құжаттардың басым көпшілігі, сол сияқты қолжазба түрінде сақталған хаттар араб графикасымен жазылған. Бұл жағдай олардың орфографиясында түркі əдеби тіл дəстүрінің толық сақталуын, қазақ тіліне тəн дыбыстық заңдылықтарын еленбеуіне, жарыспалылыққа, яғни қазақша-«түрікше» екі варианттылыққа мүмкіндік берді. Қазақ жазба əдеби тілінің қалыптасу дəуіріндегі ресми қағаздары дəстүрін негізге ала отырып дамыды жəне орыс тіліндегі ресми қағаздары стилінің кейбір элементтерімен толықты.
Р.Сыздықованың айтуынша, «Орта Азия жазба тіл элементтерін молырақ пайдалану — бұл стильді өзгелерден айыратын басты белгі. Мұнда стандарттық күштірек сақталады. Əсіресе бұлардың емлесінде, сөз таңдауында, морфологиялық тұлға-тəсілдерді пайдалануында, тіпті синтаксистік құрылымында да «түркілік» сипат айқын көрінеді». Лексика мен грамматика саласындағы бұл белгілер осы стильді құрайтын нұсқалардың бірінде толық сақталса, бірінде бірен-саран кездеседі. Мұндай ауытқулар аудармашының кім, қай ұлттың (татар, қазақ, башқұрт) өкілі болғандығына, оның білім дəрежесіне, əсіресе саяси-идеялық көзқарасына байланысты болса керек.
Достарыңызбен бөлісу: |