2. Азамат соғысы жылдарындағы Қазақстан.
Қазақстан азамат соғысы жылдарында — жұмысшы-шаруа Кеңестерінің орталықтағы және жергілікті жерлердегі билікті басып алуы алғашқы күннен-ақ құлатылған таптардың қарулы қарсылығын туғызды. Азамат соғысы билік үшін күрестің жалғасы болып шықты, сондықтан 1917 жылғы Қазан қарулы көтерілісі мен Азамат соғысының арасында айқын шек болмады. Ел 1917 жылғы 25 казаннан бастап Азамат соғысы жағдайында өмір сүрді немесе бұл дата елді таптық белгісі бойынша бір-біріне жау екі лагерьге бөліп тастады, арадағы күрес бітіспес қанды қырғынға ұласты.
Қазақстанда Азамат соғысы ошақтарының бірі Орынбор губерниясы мен Торғай облысының әкімшілік орталығы Орынборда — казак атаманы Дутовтың 1917 жылы қарашаның аяғында Кеңес өкіметін құлатып, Кеңестердің II Бүкілресейлік съезінің делегаты С. Цвиллинг бастаған революциялық комитетті тұтқындауымен пайда болды. Жоғарыда айтылғандай, 1917 жылы 5—13 желтоқсанда Орынборда «Алаш» партиясының II Бүкілқазақ съезі болып өтті. Съезде Уақытша халықтық кеңес — «Алашорда» (Алаш автономиясы үкіметі) құрылды. Азамат соғысы басталысымен Алашорда бастаған және Кеңестер мен большевиктерді қолдаған екі жақ бір-біріне қарсы тұрды.
3. Әскери коммунизм саясаты
Әскери коммунизм саясаты — 1918–1921 жылдары азамат соғысы кезіндегі Кеңес одағының ішкі саясатының аты.
Азамат соғысы жылдарындағы қалыптасқан қиындықтармен байланысты Кеңес өкіметі 1918 жылдың орта кезінде елдегі барлық материалдық ресурстармен, адам күштерін барынша жұмылдыру, қалаларды, өнеркәсіп жұмысшыларын, Қызыл Армияны азық-түлікпен қамтамасыз ету, елде қатал еңбек тәртібін орнату мақсатында «әскери коммунизм» саясатын енгізді. Бұл төтенше саясат экономикалық күйзеліс, Кеңес мемлекетін шетел интервенттері мен ішкі жаулардан қорғаудың қажеттілігінен туған еді. «Әскери коммунизм» саясаты негізінде азық-түлік мәселесін шешу үшін төтенше шара азық-түлік салғырты енгізілді. Ол бойынша елдегі байлар мен кулактардың қолындағы тауарлы астықтың көп бөлігі ешқандай қайтарымсыз алынды, бұқара халықты азық-түлікпен бір орталықтан қамтамасыз ету көзделді, ауыл шаруашылық өнімдерін өз еркімен сатуға тиым салынды.
«Әскери коммунизм» саясаты бойынша елде жаппай еңбек ету міндеттілігі талап етілді. Қазақстанда «әскери коммунизм» саясаты негізінде өнеркәсіпті кеңес органдарының қолына шоғырландыру, оны Қызыл Армияны қару-жарақ және жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмылдыру шаралары жүргізілді. Бүкілресейлік Атқару Комитетінің 1918 жылғы мамырдағы жарлығымен әскерге өз еркімен бару ісі жалпыға бірдей міндетті әскери борышты орындаумен алмастырылды. 1918 жылдың жазында өлкеде Қызыл Армияның құрамында ұлттық әскери бөлімдер құрыла бастады.
Өнеркәсіптің национализациялауымен пайда болған басқару жүйесі бірден шамадан тыс орталықтанғандық белгілерге ие болып, бюрократизмге жол ашты. Маманданған жұмысшылар жеткіліксіз болды. Басқару аппаратының жеке буындары арасындағы үйлесімсіздік, шикізаттың тапшылығы, транспорттың берекесінің кетуі, көп жағдайда саяси және әскери органдардың өндірістік істерге кәсіби емес араласуымен ұштасып жатты. Төтенше шаралар қолдану, билікті шамадан тыс пайдалану әдеттегі іске айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |