Тексерген: Сабырбаева Р.Қ Орындаған: Нұрбек Д. Н тобы



Дата29.03.2020
өлшемі35,54 Kb.
#61002
Байланысты:
Орақ батыр

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ «ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ» ОҚУ КАФЕДРАСЫ

Студенттің өздік жұмысы



Тақырыбы: « №8 практикалық сабақ бойынша орындалған тапсырмалар»
Тексерген: Сабырбаева Р.Қ

Орындаған: Нұрбек Д.Н

Тобы: КЯ-903С

2020 жыл



«Орақ батыр» жырының композициялық құрылымы
1. Сюжеттің басталуы. Ұлы жүздің Жалайыр руының Кіші жүзбен жерге таласуы. 14 жасар Балпықтың елін бастап жаңа қоныс іздеуі. Халқының жаңа қоныс таба алмай арып ашып, жүдеуі.

2. Сюжеттің байланысуы. Жалайырдың Сыр бойындағы жайлы жерге қоныстануы. Жалайыр халқының кісі жегіш жалмауыздарға тап болуы. Орақ батырдың оларды айла тауып өлтіруі. Жалайырдың қоныстанған жерлеріні «Шу» өзені деген атау қоюы.

3. Шиеленісуі. Балпықтың елін бастап «Шу» өзенінен көшіп, Ілеге қоныс тебуі. Орақ батырдың айдаһарды өлтіруі.

4. Шарықтау шегі. Жалайыр жерін қалмақтардың шабуы. Орақ батырдың қалмақ батыры Ақсаймен жекпе-жекке шығып, оны өлтіруі.

5. Шешімі. Орақтының еліне тірек болған құрметті азамат атануы. Қаратал мен Іле бойының Жалайыр руының меншікті қонысына айналуы.
«Ер Жәнібек» жырының Бопай нұсқасындағы оқиғалардың өтетін жері мен кейіпкерлері

XVIII ғасыр – қазақ халқының тарихындағы ең ауыр кезеңнің бірі. Жоңғарлардың жасаған тұтқиыл шабуылы халықтың ортасын ойып, ордасын бұзды. Бардың базарын, жоқтың ажарын қашырған жоңғарлықтар халықты қанды қырғынға ұшыратты. Қаңырап жер, қансырап ел жатты.

Осындай құба белдің үсті құр жатпайтын қырғи қабақ қиқулы заманда ел торғайдай тозып, «ақ табан шұбырындыға» ұшырады. Бірақ тумысынан ер халық жауларының жемі болып, жетегінде кете бермеді. Елі мен жерінің қамын ойлаған жүректі де білекті батырлар бас қосып, халқының ар-намысын қорғай білді. Абылай бастаған батыр бабаларымыз ерлік пен елдіктің үлкен өнегесін танытты. Жау жағадан алған, ерлерден ұйқы қашқан шақтың шындығын бейнелейтін әдеби мұраның бірі – Ыбырай Ботайұлы жырлаған «Ер Жәнібек» жыры. Бұл нұсқа 1989 жылы «Мұра» журналының 2-санында жарияланған.

Талдау


Жыр Жәнібек Бердәулетұлының балалық шағынан бастап таныстырады:

Баланың туадан-ақ даңқы асқан,

Шығады жақұт, меруерт асыл тастан.

Жәнібек он екіге келгенінде,

Ереуіл зор шайқасқа араласқан, – деп баяндайды жыр.

Жәнібектің күш-қайраты тола бастаған шағында жоңғарлардың кезекті айтулы алапат жорығы басталады. Бабаларымыз сардарларын сайлап, сарбаздарын топтайды, ереуіл атқа ер салады.

Ел қорғауды өзінің парызы санаған жас

Жәнібек те жау жарағын асынып, жауға аттанады. Асау қанды батырдың ерлігі алғашқы күннен бастап байқалады:

Жәнекең жаудың алды жекпе-жегін,

Кетпеді-ау ата-бабам қаны тегін.

Асқынған Садыр сұмды қанға бояп,

Дариғай, қайтты алғаш кеткен кегім, – деген жолдар шындық ауқымынан алшақ кетпейді. Бұл Жәнібектің алғашқы ерлігі еді. Жас батыр жаумен беттескен сайын батылдық көрсетіп, өзіне қарсы келген қалмақтың небір батырларын жеңеді.

Жырда Жәнібектің елді жаудан азат ету жолында көрсеткен бірнеше ерліктері суреттеледі. Ол белдескен жауының белін талай үзген нағыз ер ретінде сипатталады. Бір шайқаста қалмақ жағы басым келіп, қазақтар қаша соғысады. Күші басым жау Абылайды ортаға алады. Мұны байқап қалған жас батыр Жәнібек көмекке келіп, тосқауылға өзі қалады да, Абылайды алға оздырады. Қара үзіп шыққан қалмақтың екі батырын жер жастандырады. Қос батырынан айырылған жаудың сағы санып, беті қайтады. Абылай жас жігіттің ерлігін қалың қолдың алдында жариялап, абыройын асырады. Осыдан бастап Жәнібектің атақ-даңқы көпке кеңінен тарап батыр атанады. (Бабиұлы А., 1987: 368)

Халқының қамын ойлаған батыр азаттық үшін айқаста үнемі алғы шептен көрініп отырған. Кезекті бір ұрыста қалмақ батыры жекпе-жекке шыққан қазақ жағының бірнеше адамын мерт етеді. Осындай қиын сәтте қабағының кәрін, тілінің зәрін төккен жауға қарсы ешкім шыға қоймайды. Абылай жасақтары қорғаштап қалған сын сағатта ортаға ат ойнатып, жалынды батыр Жәнібек шыға келеді.

Екені Жәнібектің айқын болды,

Сайысы екі батыр жойқын болды.

Астына мінген атын хан Абылай

Бата ғып сол майданға айтып сойды.

Көпшілік батырдың тілеуін тілейді. Жүрек пен білектің күшін дұрыс пайдалана білген Жәнібек қалмақ батырын жеңеді.

Айдарын ұстай кесіп басын алды,

Мойнында батыр деген тасын алды, – деп суреттейді жырда.

Елдің тәуелсіздігі, жердің бүтіндігі үшін «түн қатып, түсі қашқан» Жәнібек туған жерді жаулардан тазарту жолында қапысыз қаһармандығымен өнегелі өмірдің үлгісін көрсетеді. Сондықтан халық оны әрқашан аруақты батыр деп қадір тұтады. Жырда былай сипаттайды:

Атағы Жәнібектің жел ескендей,

Жауынан жерге тықты егескенді

Қол бастай, айбат шегіп жүргенінде

Болмады оған ешкім теңескендей.

Бұл – халықтың әділ бағасы. Жәнібек ерекше ерлігімен, тапқырлығымен Абылайдың сеніміне ие болған. Әрі талай рет қол бастап, жауына найзасы, халқына пайдасы тиген атақты батыр.

Салмақшы қалмақтар да күш зорлыққа,

Қазақтар шыдамады бұл қорлыққа.

Жәнібек қазақ қолын бастағанда,

Есе алған он екі рет зор жорықта, – деген жолдарға қарағанда, Жәнібек қанды шайқаста он екі рет ел есесін қайтарып, асқан ерлік көрсетеді. Сондықтан халық батыр есімінің алдына «Ер» деген сөзді қосып, Ер Жәнібек атандырады.

Жырда Жәнібектің батырлығымен бірге оның адамгершілік қасиеттері мен мінезсипаттары да айтылып отырады.

Жұрт сүйген адам еді ғаламатты,

Кішіпейіл, мейірімді, қасиетті.

Мал жиып, дәулет топтап көрген емес,

Аруақты жан болғанмен салауатты.

Ол елден ерекше жан емес, қатарының алды болған ақкөңіл, қайырымды адам ретінде көрінеді. Сонымен бірге Жәнібек басын бәйгеге тіккен батыр, көпті аузына қаратқан шешен болғандықтан, халық оған үлкен қошемет көрсеткен. Батыр туралы неше түрлі аңыздар тудырған. Соның бірі мынадай болып келеді. Бірде нағашы атасы Қазыбек би салбурын құрып үйірдегі жылқысын көруге келеді (нағашы жұрты әр нұсқада әртүрлі айтылады). Қасындағы құсбегі-саятшыларын қосқа жіберіп, өзі бірі-екі жолдасымен жылқыларын аралайды, таңғы жасауын байқайды. Осы кезде жер бетіне жарық та түсе бастайды. Бидің көзі биік құмның баурындағы қаңтарулы тұрған торы айғырға түседі. Таяп келсе, киізден тіккен кебенегін астына салып ұйықтап жатқан Жәнібектің үстінен арлы-берлі екі көкжал бөрі секіріп ойнап тұрғанын көреді. Көңілі толқыған би:

Аруақты батыр боларсың,

Алысқан жауды аларсың.

Еліңді ел етерсің,

Ежелгі жерге жетерсің.

Егіз бөрің тұрғанда,

Екіленбей не етерсің? –

деп толғаған екен.

Ер Жәнібек халқына қамқор болып, жаудан жасқанып көрмеген батыр ғана емес, белгілі шешен, қолының қарымына, аузының алымы сай адам болған. Бірде Жәнібек бастаған біраз ел шығысқа қарай көшпек болады. Мұны естіген нағашысы Қазыбек би Жәнібекті шақырып: – Жаудан жасқанып көрген жоқ едің. Енді ел басқарып би болып, ел көшіріп ел болып, ел шетіне барасың. Жұрт көңілін қалдырма, дұшпаныңның ойын асырма, – дейді. Сонда Жәнібек:

Тілге келсе, елу бесте болып,

Тілдесуге шыдаймын.

Дауға келсе, қырық бесте болып,

Белдесуге шыдаймын.

Жауға келсе, жиырма бесте болып,

Жауласуға шыдаймын, – деп жауап берген екен.

Қазыбек би ықылас көрсетіп, ақ жол тілейді. Жәнібек есіміне байланысты дала өмірінің даналығындай айтылатын шешендік сөздер көп.

Жүрегінің түгі бар қорқып-сескенуді білмейтін Жәнібекті Абылай хан бір сыннан өткізеді де ертеңінде оны шақырып: – Түнде не ғажап болды? Аруақтарды ашуландырып, кәріне қалмасақ, игі еді, – дейді.

Сонда Жәнібек:

Бұл елдің хан-төресі сен едің,

Жас батыры мен едім.

Сен бұйырған жұмыстың

Мұнысы қалай демедім, – деп ұтымды жауап беріпті. Мұнан Жәнібектің ойға терең, сөзге шешен адам болғанын көреміз. Сонымен, Ер Жәнібектің атағы бір жағынан батырлығымен, екінші жағынан шешендігімен шыққан. «Ер Жәнібек» жыры – халқымыздың қаһармандығын паш ететін тарихи мұралардың бірі. (Бабиұлы А., 1987)

«Ер Жәнібек» жырының Құмар Серікбайұлы жырлаған тағы бір нұсқасы бар. Жыршы алдымен Жәнібектің ата-тегін таныстырады. Мұнан кейін Жәнібекке мінез сипаттама берді. Тарихи деректерге қарағанда Жәнібек батыр ғана емес, ділмәр-шешен болған адам. Жәнібек кәмелет жасқа келген соң Алатау, Талас жақты мекен ететін нағашысы Досымбекке сәлем беріп келеді. Досымбек жиеніне жүген құрық тимеген көк дөнен береді. Жырда Көкдөненнің сипаты тартымды сипатталады.

Майда жал, бөкен қабақ, қабылан кеуде,

Жыланкөз, құлан тұяқ, жоқ ілеуде.

Қоян жон, салқы төсті, марал басты,

Ағыны жан шыдатпас мін де шу де

(Ер Жәнібек, 2006: 105).

«Ағыны жан шыдатпас» Көкдөненді жылқы ішінен Жәнібектің өзі ұстап мінеді. Нағашы атасы жиенінің бекер адам емес екенін біледі. Жиеніне батасын береді. Үш ай жатқан Жәнібек еліне қайтады.

Бұдан соң анасының ақылы бойынша жүзден асқан Соқыр абыздан бата алуға барады. Жас жігітке көнілі толған абыз:

Бағың жоғары өрлесін, балам,

Дұшпаның шеніңе келмесін, балам,

Абыройың талмасын, балам

Басыңа бақ құсы арнасын, балам! –

деп бата береді.

Жәнібектің Көкдөненнің шабысы ерекше. «Асқар биік тауларды елес құрлы көрмейді» деуіне қарағанда батырлық жырлардағы тұлпарлар көз алдыңа келеді. Ақын-жыршы батырлық жырлардың дәстүрін пайдаланып, ат шабысын әсірелеп, дамыта жырлаған. Мұндай көркемдік тәсіл көптеген тарихи жырларға тән тәсіл. Алайда оқиғалар мен кейіпкерлердің әрекеті шындық шеңберінен алшақ кетпейді.

Жәнібектің Көкдөненге көңілі толады. Батыр көз ұшындағы қарайған екі адамға лезде жетіп келеді. Екеуінің түстері суық, ірі денелі адамдар екен. Екеуінің де қару-жарақтары(ақ сауыт, қылыш, найза, садақ) бар. Бұлардың да тегін адамдар емес екенін біледі, соңдарынан қалмайды. Біреуі Жәнібекке сауал қояды. «Жасың кіші баласың, қайда кетіп барасың?» – дейді.

Сонда Жәнібек: өзін таныстырады: «Әкемнің аты Бердәулет. Мен де соның ұлымын. Айтулының бірімін» – дейді. Жарақты жаудан елді қорғау мақсаты екенін айтады.

Мұндай жүректі жасқа разы болған батырдың бірі сөз бастайды. Ел шетіне жау келіп, ер басына күн туғанда үйде жата алмай, атқа қонғандарын айтады.

...Менің атым болады

Қаракерей Қабанбай.

Айтулы батыр мынау да

Қанжығалы Бөгенбай, – деп өздерінің жағдайларын айтады.

Жәнібек қос батырмен танысып, табысады. Бұған қарағанда қазақ батырлары қанды жорықта бірігіп қимылдаған. Ынтымақ, бірліктің арқасында елді, жерді қорғап қалған.

Тосып отырған екі батыр келген соң қазақ қолдары шайқас бастайды. Жекпе-жек басталады. Қалмақ батыры үш қазақты бірінен кейін бірін жазым етеді. Қазақ қолдарының беті қайтады. Осындай қиын сәтте атына қамшы басып Жәнібек шығады, сайыс басталады. Жекпе-жекте түрлі қару-жарақ қолданады. Жәнібек қалмақ батырын жеңеді, мерейі артады. Екі жақ жаппай шайқасқа шығады. Бұл шайқаста Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Жәнібек, Ер Жабай т.б. батырлар ерекше ерлік көрсетеді. Қазақ батырлары тізе қоса ұрыс салғандықтан қалмақтардың туын жығады, жеңіске жетеді. Жас батыр Жәнібек жекпе-жектерде көзге түсіп, халықтың қолдауына ие болады. Осындай қызыл-қырғын шайқастарда Жәнібектің батырлығы күш-қайраты даралана түседі. Оның даңқы шығып, абыройы артады. «Бұдан соң Жәнібектің аты шықты, ілесті соңына ылғи өңшең мықты».

Академик М.Әуезов: «Бұл жырлардың бәрі де, ерте туғандары да, кейінірек шығарылғандары да – анық тарихи оқиғаларға негізделген, ал басты-басты кейіпкерлер – тарихта болған адамдар» (Әуезов М., 1962: 76), – деп жазады. Демек, «Ер Жәнібек» жыры да болған оқиға негізінде туып, батыр тұлғасы күшті жаулармен шайқаста сомдалған.

«Ер Жәнібек» жырының қай нұсқасы болсын Жәнібектің сескеніп қорқуды білмейтін батыр ретінде сипатталады. Біз сөз етіп отырған нұсқада Жәнібектің алғашқы ерлігі сөз болған. Жас жігіт жоңғардың бас батырын жеңеді. Қазақ халқының рухын көтеріп, жеңіске жол ашады. Жәнібек елдік мақсат үшін тұлпар мініп, ту ұстаған. Қаһарлы жаудан жасқанбайтын батырлық-батылдығымен ерекшеленеді. Ол қазақ жерін жоңғар-қалмақтардан азат ету жолында жан аямаған Баһадұр. Жырды оқып көрейік:

Ер Жәкең қайтпаған еш қиын даудан,

Сескеніп те көрмеген күшті жаудан.

Қазақ жерін тазартты бір жолата

Ары асырып қалмақты Алатаудан

немесе:


Содан кейін орнады тыныш заман,

Жетілді жетім-жесір, шабан-шалаң.

Бозторғай қой үстіне жұмыртқалап,

Түрленді малға толып тау мен далам, – деген жолдардың шындыққа сиымды екені даусыз. Осы арада мына бір түйін сөзді келтіре кеткен артық болмайды: «Ер Жәнібек үш жүзге аты әйгілі батыр болумен бірге алдына жан салмаған шешен. Ұзақ жыл керей елін шып-шырғасын шығармай басқарған, әділ би әрі өз өмірінде бірде-бір рет олжа алмаған ер көңіл мәрт адам болған. Сондықтан халық «Ер Жәнібек» атаған (Шәкенұлы Ж., 1962: 56).

Жоңғар-қалмақтар жеңіліс тапқаннан кейін де Жәнібек әлеуметтік мәселелерге араласып отырады.Қазақ маншың сауда қарым-қатынаста алғаш көпір салғандар Қабанбай, Жәнібектер екені қытай жазбаларында нақты көрсететін дерек барын жазушы Ж. Шәкенұлы атап көрсетеді. Елді шығыстағы шекара шебіне қарай әкелуінің де себебі жоқ емес. Ол өз халқының тұтастығын сақтауды мақсат еткен. Елдің көптеген ішкі мәселелері Жәнібектің араласуымен ретке келіп отырған. Ер Жәнібек жаудан да, даудан да беті қайтпаған. Батыр-шешен осы екі қасиетінің арқасында ерекше ілтипатқа бөленгенін айту парыз.

Аттың жалы, түйенің қомындағы жаугершілік заманда басын бәйгеге тігіп, ерен ерлік көрсеткені үшін оның есімі бір тайпаның ұранына айналады. Батырлық ел тарихын, жер тарихын нұрландыра түсетін ізгі қасиет десек, Жәнібек те ел намысын биік ұстап, жауынан жасқанбаған даңқты тұлға.

Біз сөз еткен екі нұсқа бір-бірінен онша алшақ кетпейді. Оқиға Ер Жәнібектің жауынгерлік жолын, ерлігін жырлауға арналған. Соған қарамастан екі нұсқаның бір-бірінен айырмашылықтары бар екенін де байқаймыз. Ботай нұсқасында Жәнібектің ерлігінен басқа да кейбір тарихи деректерді (Ежен ханға баруы, төрт би сайлау, ежелгі мекен Алтайға көшу) қамти отырып оқиғаны күрделендіре жырлаған. Ал Қ.Серікбай нұсқасында мұндай ерекшелік жоқ. Негізінен Ер Жәнібектің қалмақтармен болған шайқастардағы ерлігін көрсетуді мақсат еткен. Осы нұсқада ат шабысы, соғыс суреттері де тым көтеріңкі әсірелеп жырлау басым. Жыршы батырлар жырының дәстүрін, поэтикасын пайдаланған. Мәселен, (Сұңқардай, Бөрідей, Бұлттай т.б.) сияқты салыстыру-сипаттаулары да дәстүрлі бейнелеу құралдары екенін байқаймыз. Серікбай нұсқасы он бір буынды қара өлең және жеті-сегіз буынды жыр үлгісінде орындалған.

Халық қашанда өз басынан өткен ауыр кезең болсын, қуанышты күн болсын – бәрін де кейінгі ұрпаққа өнеге еткен. Азабымен күйіндіріп, жеңісімен сүйіндіре білген. «Азап қайда болса, батыр сонда» деп халық бекер айтпаған. Ел азаттығы жолында басын бәйгеге тіккен қаһармандар аз болмаған. Бұлар жайында шыққан жырлар келер ұрпаққа мұра ғана емес, өнеге. Өйткені бұл туындылар ұлттық санамызды, патриоттық сезімімізді арттыра түсері хақ.

Жыр соңында мына шумақты оқып көрейік:

Қолдаған соң аруағы ата бабам

Таныды Ер Жәкеңді барша ғалам

Қазақта қан соқтығып басып алған

Айдады қалмақтарды Сарыарқадан, – деген жолдар тарихи кезеңнің нақтылы шындық екені дау тудырмайды.

Академик С. Қасқабасов: «Тарихи жырда идеялық-эстетикалық мұрат сәл өзгешелеу. Мұнда үлкен оқиғаның жекелеген фактілеріне, қара қауымнан өзінің қайратымен, жүректілігімен, ақылымен дараланып шыққан, кәдімгі қарапайым адамдарға мән беріледі. Бірақ олар яғни жеке фактіге, адам да тарихи жағдайдан бөлек алынбайды. Тіпті тарихи жырдың бүкіл мазмұнының өзі сол заманның оқиғаларынан туып, өрбіп жатады» [5, 29], – деген тұжырымына сүйенсек, біз сөз еткен Ер Жәнібек жырында қайратымен, жүректілігімен, ақылымен дараланып шыққан, Жәнібектің ерлігіне мән берілген. Бұл жерде қиялдан, ойдан қосылған еш нәрсе жоқ. Жыр өмірде болған оқиғаны арқау етіп, Жәнібек сынды қас батырды мадақ еткен. Көпке үлгі өнеге боларлық эпикалық жыр тудырған.

Қорытынды

Қазақ халқының ар-намысын қорғап, еліміздің еркіндігі жолында жан аямай күрескен даңқты батырлардың қатарында Жәнібектің де тұрары даусыз. Аттың жалы, атанның қомында күн кешкен жаугершілік заманның хас батырына лайықты ілтипат білдіру бүгінгі ұрпақ парызы болса керек. Осы қатарда есімі ескерілер батырдың бірі – Ер Жәнібек Бердәулетұлы.

Бүкіл қазақ даласын жаудан-басқыншылардан қорғаған Ер Жәнібек есімі Шығыс Түркістан ұлт-азаттық көтерілісшілеріне де ұран болғаны заңды жалғастық еді. Батырдың есімін атап, еңбегін ұлағаттау ұлттық рухымызға үлкен мерей екені анық. Ер Жәнібек есімі рудың, ұлыстың ұраны ғана емес, тұтас қазақ халқының мақтанышы. Сондықтан жаудан қорғайтын ерін, даудан қорғайтын елі барда Жәнібек есімі ұрпақтар жүрегінде мәңгі сақталады.
«Сәтбек батыр» жыры

20-ғасырдың бас кезінде шығыстық сарында бірнеше қисса, дастан жазып шығарған ақын Ақылбек Сабалұлы ел ауызында сақталған тарихи оқиға негізінде "Сәтбек батыр" дастанын жазып, Қазан қаласында 1909 жылы "Қисса-и Сәтбек" деген атпен Ш.Хұсайыновтың Университет баспасында, "Қисса-и Сәтбек батыр" деген тақырыппен 1911 жылы ағайынды Кәрімовтар баспасында және 1915 жылы осы қаладағы тағы бір баспада жеке кітап етіп шығарады.

Ақылбек дастаны және ел ішіндегі әңгімелер ықпалы болса керек, Сәтбек батырдың басынан өткен оқиғаны жырлаған бірнеше нұсқа бар. А.Сабалұлы жазған дастан мен басқа осы іспеттес жыр нұсқаларына ортақ тақырыптық желі - Ресей патшалық үкметінің қазақ даласындағы зорлық-зомбылыққа негізделген отаршылдық саясатын әшкерелеу. Ертіс өзенінің бойында бәйбіт өмір сүріп жатқан Сәтбек ауылынан Жармақ (Ермак) бастаған орыс әскерлерінің еш себепсіз қырып салуы дастан оқиғасына негіз болған да, осы арқылы сапарда жүріп бала-шағасынан қапыда айырылған Сәтбек батырдың ашу-ызасы отарлаушылардың бірін қалдырмай өлтіріп, кек алуымен ғана тынып қоймай, орыс патшасы алдында еш қаймықпай, өз ісінің дұрыстығын дәлелдеп бергендігіне көз жеткізеді. Шығарма оқиғасы одан әрі шиеленісіп, патшаның халық арасында беделі зор батырды шен-шекпен беру арқылы өз мақсатында пайдаланбақ арам ойына бірден тойтарыс қайтарған Сәтбектің бостандық сүйгіш, өз елінің азаттығы жолында жанын пида етуге даяр өр тұлға бейнесі жарқырап көрінеді. Сәтбек батыр жайлы аңыз бен Ақылбек және басқа ақындар жырлаған дастандар өз кезінде ел арасына кеңінен тарап, халықтың отаршылдық бұғауынан азат болуына итермелеген сүйікті шығармасы болған. Ақмолалық Күсембек Байғұттыұлының ел аузынан жинаған "Сәтбек батыр" дастаны мен қарағандылық Зарықбай Елмағамбетовтің Ақмола қаласының тұрғыны Мұстафа деген кісінің жырлауынан жазып алған осы аттас нұсқасының оқиғалары А.Сабалұлы дастанымен ұқсас болса, ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың Алматы облысы өңірінен жазып алған "Сәтбек батырдың әңгімесі" мен "Қазақстан ҒA Тіл және әдебиет институты ұйымдастырылған Семей фольклорлық экспедициясы 1946 жылы Семей облысында хатқа түсірген "Мырза Сәтбек батыр" нұсқаларында сюжеттік айырмашылықтар кездеседі, ал ауыз әдебиетін жинаушы Жұматай Мәдиевтің павлодарлық Нұрғали Бейсеновтің айтуынан жазып алған "Сәтбек батыр" нұсқасында Сәтбек батырды поштада істейтін Паромский деген кісі сотталудан аман алып қалуға көмектеседі. Аяқталмаған осы нұсқалар сақталған Орталық ғылыми кітапхана қорында Әдебиет және өнер институтының қолжазба және мәтінтану бөлімінде "Сәтбек батыр" жырының басқа бірнеше нұсқасы бар

«Сәтбек батыр» жыры жоғарыда сөз болған шығармаларға қарағанда көнелік сипаттан таза. Мұнда ертегі мен эпостың сарындары кездеспейді, соған қарағанда аталмыш жыр не бертінгі заманда туған, не жеткілікті дәрежеде фольклорлық айналымға толық түспей, тұтастанудың сюжеттік түрін ғана бастан кешірген болу керек деп топшылауға болады. Бұлай болған жағдайда жыр Ермактың қазақ жеріне кіріп, елге жасаған озбырлықтарының ізі суымай тұрғанда дүниеге келген бе деп те болжауға болатын тәрізді.

Қалай болғанда да, «Сәтбек батыр» - таза тарихи жырдың үлгісі. Оның тарихи негізі дәл жырдағыдай болмаса да, Ермактың қазақ жерінде Ертіс өзеніне батып өлгені шындық. 1585 жылғы тамыз айының 5-күні «Ермактың қарақшылары кішкене аралға түнейді. Жаңбырлы түнде Сәтбек батыр бастаған Көшім сарбаздары күзетшілердің көзін жойып, қалжырап ұйқыға кеткен қарақшылар лагеріне шабуыл жасайды. Оянған Ермак қорғана алмасын біліп, бас сауғалап, өзен ағысына қойып кетеді де, суға батып өледі» [55], - деп жазады профессор Мұрат Әбдіров өзінің «Хан Кучум: «неизвестный и известный» (А., 1996) атты кітабында. Осы жағдай жырда фольклордың дәстүрі бойынша көркем баяндалған, сюжет драмалық сипатты қақтығысқа құрылған, өмірдегі Ермактың өлуіне себепкер болған Сәтбек батыр мен оның сарбаздары болғаны – жырдың сюжетіне негіз болған, сондықтан негізгі оқиға жалғыз Сәтбекке байланыстырылған. Бұлай болуының тағы бір себебі – жыр көркем шығарма болғандықтан Сәтбектің бейнесін қаһармандық мәнде көрсету қажет болғандығы.

Әдебиеттер

Бабиұлы А. Өлең-толғаулар, айтыс, поэма, пьесалар. – Өлгий, 1987. – Б. 368-377.

Ер Жәнібек. Үрімжі, 2006. – Б. 240.

Әуезов М. Уақыт және әдебиет. – Алматы, 1962. – Б. 340.

Шәкенұлы Ж. Жәнібек батыр. – Алматы, 2013. – Б. 238.

Қазақ тарихи жырларының мәселелері. – Алматы, 1979. – Б. 336.



Қасқабасов С. Ойөріс. Алматы: “Жібек Жолы”, 2009. – 303 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет