Cабақтың тақырыбы: Өлеңнің идеясы, өлеңге қойған эстетикалық талабы
Сабақтың мақсаты:
1. Білімділік: Ақынның өмір жолымен таныстыру, ақын өлеңіндегі ақынға, сөз өнеріне қояр талабы мен шарты, эстетикалық жаңа принципін, халық өнерінің қорғаушысы, сол өнерге қызмет етуші екендігін таныту, талдау;
2. Дамытушылық: сөз өнері туралы жазған өлеңдерінің идеялық-көркемдік қасиетін жүйелеп, өз бетімен іздене білуге, өлең композициясындағы түйінді ойлар мен сырлы сөздерге өзіндік пікір қалыптастыра білуге ықпал ету, мәнерлі сөйлеуге дағдыландыру, шығармашылық ізденісін дамыту;
3. Тәрбиелік: оқушы бойына сөз құдіреті мен көркем сөздің мәйегін сіңіре отырып, мақтаныш сезімін тудыру, ұлыларымызды құрметтеу, даналардың даралығын бағалауға, бір-бірінің пікірін тыңдай біліп, шешім шығаруға, қорытынды ой қалыптастыруға баулу.
Сабақтың түрі: жаңа сабақ.
Сабақтың әдіс-тәсілдері: сұрақ-жауап, талдау, өз пікірі, топтастыру, іздендіру, проблемалық.
Сабақтың көрнекілігі: ақын портреті, кітаптар көрмесі, слайд, үнтаспа.
Сабақтың барысы:
І Ұйымдастыру кезеңі:
1. Оқушылармен амандасу, түгелдеу;
2. Оқу құралдарын, сабаққа дайындығын тексеру;
3. Сыныптың тазалығына көңіл бөлу;
4. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару;
5. Cабақтың мақсатымен таныстыру.
ІІ Үй тапсырмасын пысықтау: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңін жаттау.
ІІІ Жаңа сабақты түсіндіру:
Өлеңнің идеясы, өлеңге қойған эстетикалық талабы
Ең алдымен, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңінде Абай ақындық өнері, ақын шығармалары әлеуметтік тартыстың үлкен құралы, зор мәнді әрекеті екенін анық түсінгенін көрсетеді. Шығарманың үлкен идеясы анық халықшыл демократ қайраткерлердің салт-санасын танытады. Ең алғашқы сөздерде өлеңге көркемдіктің шартын қойып, эстетикалық жаңа норма жариялайды. Адам баласы айтып келген сөздің асылы – поэзия екенін биік бағалаумен бірге, оны төмендететін олқылықтарды да алдымен айтады. Ал шын жақсы өлеңді ердің ері, данасы туғызатыны сөз болады. Шын жақсы өлең өзі де даналықтың айғағы дейді. Бірақ өзіне шейін қазақ көпшілігіне жайылып жүрген өлең бұны қанағат еткізе алмайды. Айтушы да, тыңдаушы да надан болғандықтан поэзияның зор қасиеті тумай да, танылмай да жүр дейді. Келесі бір-екі шумақта Абай өлең сөздің бағасын дін деректерімен дәлелдейді. Мұсылманшылық ұғымынша ең беделді деген жайларды дәлелдейді. Тәңірінің өзі, пайғамбары, мұсылмандарға ұстаздық етуші әулие ғұламасы – бәрі де өленді қадірлейтін боп аталады. Бірақ қатты ескертетін нәрсе, Абай бұл жерде ислам дінін мадақтау үшін жаңағыларды сөз етіп отырған жоқ. Тек хат танитын қазақ оқушысының көпшілігі мойындаған дін ұғымдарын, өзіне шартты түрде керекке жаратады. Өлеңнің сол ортадағы беделін көтеру үшін пайдаланады. Болмаса, исламның анық дін басы үгітшілерінің – имам, сопыларының, молда, ишандарының көзімен қарағанда, Абай өлең сөз туралы жариялап отырған жаңалықты түгелімен күпірлік деп санар еді. Өзі бағасын көтермек болған өлеңді құдай айтқан құранмен, пайғамбар айтқан хадиспен теңеуден артық дін бұзарлық болмас. Абай ол арасын жақсы ұғынса да, мына тұста сол дін авторитеттерін өз керегіне жаратады. Онысы және өзінің терең нанымы емес, халық ұғымына берілген баж деп танылу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |