Телжан шонанұлының АҒартушылық ЖӘне қОҒамдық Қызметі



Дата18.02.2018
өлшемі152,11 Kb.
#37854
ТЕЛЖАН ШОНАНҰЛЫНЫҢ АҒАРТУШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ

Мукатова Д.- тарих ғылымдарының докторы,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық

Университеті (Алматы қ.)

XX ғасырдың 80-ші жылдарының ортасынан бастап қоғамдық-саяси өмірде орын алаған өзгерістерлің нәтижесінде арыстарымыздың есімдерің қайта ортамызға оралуына мүмкіндік туды. Осылайша қазіргі Қазақстан тарихы ғылымында тұтастай «Алаштану» бағыты бойынша іргелі зерттеулер жүргізілді. Белгілі зерттеуші ғалымдар К. Нұрпейісов, М. Қойгелдиев және т. б. зерттеулерінің нәтижесінде Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Шоқай және т.б. Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметтерін жан-жақты зерттеу ісі қолға алынды.

Жеңіске жеткен Қазан революциясы аз ғана уақыттың аралығында жер-жерлерге тарап, Ресей сияқты алып империяның Петербург, Мәскеу сияқты орталық қалаларында коммунистер билігі толықтай орнай бастады. Осы тұста Т. Шонанұлы да жаңа билікке бейімделу қажеттілігін түсіне отырып, халқына адал қызмет етуді басты мақсат етіп алды. Ал кезіндегі Алашорда жетекшілері осылайша кеңестік жүйе қызметіне тартылып, жаңа құрылған жас мемлекет қиыншылығына төзімділік танытты және ұлт болашағын тағы да бірінші кезекке қойды.

Ырғызда өзінің ағартушылық ісімен танымал болған Т. Шонанұлы 1920 жылы жергілікті атқару комитетінің өкілдігіне сайланады Алайда Кеңес үкіметі тарапынан жүктелген жұмыстарға енді ғана араласа бастаған Т. Шонанұлы да Алаш қайраткерлерінің қатарында болғаны ұмытылмай, 1921 жылы Ырғызда тұтқынға алынып, ОГПУ-дың Орынбордағы бөлімшесіне тапсырылады. “Кеңес үкіметіне қарсы, ұлтшыл” деп айыпталып, екі-үш ай түрмеде отырады. Әйтсе де тағылған айыптың дәлелденбеуіне орай 1922 жылы тұтқыннан босап шығады /1/.

Халық соты қызметіне кіріскен Т. Шонанұлы Ырғызда көп тұрақтап қалмаған еді. Оған себеп, Т. Шонанұлының Орынбор қаласына жаңа қызметке шақырылып, Халақ Ағарту комисариатында білікті маман ретінде жұмыс атқарады. Аталған мекеменің жұмысы турасында: “Академиялық Орталықты Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы және Жолдыбайұлы басқарады... Пролетариат рухында жазылған авторлардың қатарын “көркемдігі жетіспейді” деген сияқты сылтаулар тауып, Академиялық Орталық баспаға өткізбейді” – деп С. Мұқанұлы өзінің кітабында /2/ еске түсіреді. Т. Шонанұлы қазақ елінің тілі мен мәдениеті үшін ойландыратын мәселелер төңерегінде ұстазы А. Байтұрсыновтан оқып-үйреніп, оны үлкен ғалым ретінде бағалап отырған.

Онымен қоса Т. Шонанұлы А. Байтұрсыновтың ұлт мүддесі үшін жасаған іс-қимылдарына қолдау танытып, жәрдемшісі де бола білді. Бұл әсіресе Кеңес үкіметінің орнап, соған орай елдегі сауатсыздықты жою, мәдени-ағарту мекемелерін жандандыру жұмыстарының барысында айқын көрініс тапты. Қазан төңкерісіне дейін, яғни жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ ағартушыларының рухани жетекшісі болып келген Ахмет Байтұрсынов Кеңес үкметі басшылығы тұсында да осы игілікті істің басында тұрды. А. Байтұрсыновтың үлгісі, ой-әрекеті мен жалынды сөздері ескі ағартушы-ұстаздарды оқыту жұмысын жаңа жағдайда жалғастыруларына үлкен ықпал етті. Сонымен қатар қазақ интелегенциясының алдына елдегі жаппай сауатсыздықты жою міндеті қойылды. Мұнда еуропалық үлгідегі оқу орындарын, мектептер мен училищеде оқығандар, орысша тіл білетіндер сауаттылар санатына жатқызылса, ал мұсылманша хат танығандар сауаттылар қатарына жатпады.

Осы жылдың 21 ақпанында Қазақ АКСР-і Орталық Атқару комитетінің төралқасы Ахмет Байтұрсыновтың баяндамасының мәтінімен танысып, Орынбор Халық Ағарту комиссариаты белсенді комиссариат деп жарияланып, республикалық барлық оқу орындары мен сауатсыздықты жою ісіне жан-жақты көмек шараларын көрсетуге міндеттенді. Соған орай қазақ мәдениетіне қатысты барлық мәселелерді шешу Қазақ АКСР-нің Халық Ағарту комиссариатына тапсырылды. Нәтижесінде Халық Ағарту комиссариатының ұсынысымен 1921 жылы 26 шілдеде Қазақ АКСР-і Атқару Комитеті қазақтардың сауаттарын ашу жұмысына он алты мен елу жас аралығындағы барлық қазақтарды мобилизациялау туралы қаулы шығарады /3/. Алаш зиялыларының қатарында көзге түскен Т. Шонанұлы ендігі тұста тіпті халқының болашағы үшін Орынбор қаласында жүріп, Ташкенттегі ұлт зиялыларымен хабарласып, “Ақжол” газетіне өзінің 1921 жылы “Іс һәм идея ” атты мақаласын да жариялайды. Қазақ халқын өркениетке ілестіру жолында ұлттық мұраны қадірлей отырып, ағарту саласына күш салу керектігін түсінген Т. Шонанұлы өзінің іс-қимылында да байқатып отырды. Соған орай автор: “Оқу оқудың екі беті, екі құны болады: бір қыры идея, екінші қыры іс. Түрлі заңдар, ережелер, нұсқаулар. Оқудың еңбек негізінде құру һәм жас буыннан артықшылық әсері жасынан сүйегіне сіңген азаматтар әзірлеу керек деп жазылған мақалалар, айтылған сөздер, ойдағыдай армансыз мол. Қысқасы, идея жағынан қамтама жоқ, идеяға көңіл толарлық... Мектептердің саны көп, сапасы жоқ. Қыстай Қазақстанда кітапсыз оқытылып келіп жаңа ғана бірен-саран бастауыш кітаптардың басы көріне бастады. Азын-аулақ кітаптар келгенмен, оқытушылар тағы жоқ” – деп, елде идеяның мол болып, істің аз жасалынып отырғандығын түсіндіре келіп, халықтың сауатын ашатын оқытушылардың саны мен сапасын жоғарылатуды ұсынады /4/.

Сондай-ақ Т. Шонанұлы елдегі ұлт зиялыларының халық санасын ояту, көзін ашу, сауатсыздықты жою ісіне де бар күш-жігерін жұмсады және ол зиялылар тобына қосылып, аталған шараға демеушілік танытты. Үкіметтің тарапынан жасалынып отырған аздаған игі саясатты орынды пайдалану қажеттілігін халыққа түсіндіріп, “Қызыл Қазақстан” журналы арқылы Т. Шонанұлы “Оқу бұрын бұл һәм күнде” мақаласын жариялайды /5, 90-92 бб./. Ол патшаның заманында ана тілінде мектептер мен медресселер ашу мүмкіндігінің болмағанын тілге тиек етіп, Кеңес үкіметі тұсындағы оқу мәселесімен салыстырды. “Күні бүгінге дейін әлі есімде. Жапон соғысының сәл алды болуы керек. Аяқ жетер жерде школ жоқ. Болғанмен пайда кеміс. Ол кезде орыс школына берілген баланы солдатқа алынатындай не шоқындыратындай көрді. Школдан халықтың мұндай көзқарасын туғызған, школдан халықты әрі итерген патша үкіметінің саясаты екенін соңынан білдік” – дей келе, қазір оқудың барлығына, табына қарамастан тегін болғанын сөз етеді.

1923 жылы 29 қарашада Халық Ағарту комиссариаты еуропалықтарға арналған қазақ тілінің курсына әліппе ретінде Ахмет Байтұрсыновтың “Оқу құралын”, грамматика оқулығы ретінде “Тіл құралы” кітабын және Телжан Шонанұлының “Қазақ әдебиеті хрестоматиясын” ұсынады. Бірақ бұл кітаптар немесе кітапқа айналмаған қолжазбалардың біразы бізге жетпеген.

Сол сияқты Халық Ағарту комиссариаты жанындағы Академиялық Орталық “Қазақ тарихы” және “Түркілер тарихы” атты орта мектеп оқушыларына арналған оқулықтарын жазу үшін М. Дулатовпен, Қазақ әдебиетінің хрестоматиясын құрастыру үшін Т. Шонанұлымен, “Физика” оқулығын қазақ тілінде жазу үшін Е. Омаровпен екі жақты жасалынған келісім-шарттың мәтіндері мұрағат қорларында сақталып қалуы осы тұстағы оқулықтар шығару ісінің кезек күттірмейтін іс екендігінен хабар береді /5/.

Т. Шонанұлының Ірі Академиялық Орталықта жүріп өлкедегі оқу-ағарту жұмысының алға басуы мен оқу құралдарын даярлауға атсалысуына тағы бір себеп, 1923-1929 жылдары Қазақтың Халық Ағарту Институтында (КИНО) оқытушы болып жұмыс жасауы еді. Қазақ АКСР-нің астанасы Орынбор қаласында ашылған бұл Халық Ағарту институты Қазақстандағы алғашқы оқу орындарының бірі болады. Аталған оқу орны өз кезегінде қазақтың жастарының үлкен үміт артып, соған орай оқу-білім жолында дамылсыз ізденісте жүрген А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, Е. Омаров, Т. Шонанов, М. Жолдыбаев, Ж. Оразалин, С. Досжанов, Н. Бекетов сынды ұлт зиялыларының басын біріктірді /5/. Әрине, қазақ өлкесіндегі оқу-ағарту ісінің алға басуына, оқулықтар шығару ісіне Т. Шонанұлының Қазақтың Халық Ағарту институтында оқытушы болып жұмыс жасауы да септігін тигізгені сөзсіз. Т. Шонанұлы оқулықтарды бастауыш сыныптарға, жаңадан сауаттанып жүрген ересектер мен өзге ұлт өкілдеріне арнап жазды. Оның әзірлеген оқу құралдарының мазмұны оқушылар үшін жеңіл, күнделікті тұрмыстан алынып жазылғандықтан түсінікті болды. “Шаруа болса мал баға білсін, инженер болса көпір салып, кен қаза білсін, мұғалім болса бала оқыта білсін” – /6, 103 б./ деген қағиданы қатаң ұстаған Т. Шонанұлы институттағы қазақ жастарына тек сапалы білім беру жолын ұстанды.

Нәтижесінде Т. Шонанұлы 1920-1929 жылдардары (“Орынбор кезеңі” – деп айтуымызға болады-К.Е.) бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы болды. Мәселен, Қазақ тілінің оқу құралы (орыс мектептері үшін). – Алматы, 1923. – 86 б.; Самоучитель киргизского языка для русских. – Орынбор, 1925. – 99 б.; Шала сауатты ересектер үшін оқу құралы. – Қызылорда, 1926. – 207 б.; Самоучитель киргизского языка для русских (Словарь и краткая грамматика). – Қызылорда, 1929. – 99 с.; Жаңа арна (Алғашқы жылдың оқу құралы). – Қызылорда, 1928, – 167 б.; Жаңалыққа жетекші. – Қызылорда, 1929. – 36 б.; Диаграмдар, графиктер қандай болады, қалай салынады? – Ташкент, 1929 және т.б. оқулықтар мен оқу құралдары қайраткердің қаламынан дүниеге келді.

Сондай-ақ “Жаңа мектеп” журналында редакциялық коллегияның мүшесі болып жұмыс жасаған Т. Шонанұлы өзінің ағартушылық қырының тағы да бір тұсын танытады. Журналдың әр айлық санында елдегі оқу-білім және түрлі методикалық істер турасындағы мақалаларын жариялап, оқытушылар мен оқушыларға түрлі кеңестер қатарын ұсынып тұрады.

Т. Шонанұлы қоғамдық-ағартушылық істерді қатар алып жүріп жиырмасыншы жылдары орын алған қазақ зиялылары тобының әліпби (алфавит) тартысы тарихында да өзіндік із қалдырады. 1924-1926 жылдары әліпби тартысы Түркістан мен Қазақстан аумағында толассыз жүрді. 1924 жылы 12-18 маусым аралығында болып өткен білімпаздардың тұңғыш съезінде қазақ ұлтына қатысты әр түрлі мәселелермен қатар әліпби алу ісі туралы сөз болады. Жалпы Кеңес үкіметі билігі тұсындағы ұлттық оқыған қауымның алғашқы бас қосуы осы қазақ білімпаздар тобының съезі болды. Түрлі баспасөз беттерінде білімпаздар тобының жиыны өтетіні туралы ерте-ақ жария етіліп, онда қандай мақсаттар атқарылатыны туралы жазылды.

Аталған съезд бірқатар қазақ зиялыларының қарсылығына қарамастан барлық түркі халықтарының жазуын латындандыру туралы шешім қабылдайды. Бұл шараға жетекшілік ететін жаңа түркі алфавитінің Орталық Атқару комитеті құрылып, оған Қазақ АКСР-нен тек Нәзір Төреқұлұлы енеді. Съезд мүшелігіндегі Телжан Шонанұлы латыншылар жағында болды. “Жалғыз қазақ емес, бүкіл араб әліппесін қолдап жүретін елдер арасында латын әліппесіне көшу деген ағым болғаны белгілі. Бұлар тек Кеңестер Одағындағы түріктердің ғана арасында емес, Одақ сыртындағы түріктер мен мұсылман елдерінің арасында да бар. Латын әліппесі бірқатар елдер әлемінде жатыр... әрине латынға қарсылар да бар. Қарсылардың да дәлелі бар. Әңгіме дұрыс шешілу үшін латыншылардың да, оған қарсылардың да ой-пікірлері айқындалуы қажет” – деп өз ойын білдіреді /7/.

1927 жылы 9 маусымда БК(б)П Қазақ Өлкелік комитетінің секретариаты Қазақ КСР Халық комиссарлар Кеңесіне латын алфавитін насихаттайтын республикалық комитет құру турасында ұсыныс жасалады. Комитеттің құрамына Нығмет Нұрмақов (төраға), Телжан Шонанов, Әбдірахман Байдилдин, Ғаббас Тоғжанов, Ораз Жандосов, Қайыпов пен Ормантаев сияқты ұлт зиялыларын бекітті /7/.

Осы тұста “Әліппе – мәдениет құралы” деп өз ойын ашық білдірген Т. Шонанұлы латын әліппесін алу мен оның төңерегінде болып жатқан түрлі мәселелерді баспасөз бетінде жариялап, халықты хабардар етіп отырды. Латын алфавитын насихаттайтын республикалық комитет құрамына енген Т.Шонанұлы латын әліпбиін алу қажеттілігі туралы көпшілікке түсіндіріп, баспасөз арқылы оқырман қауымға әр түрлі кеңестер беріп отырды. Мәселен, “Үмбетұлы Мәжитке жауап (латын әліппесі туралы сұрауына)” атты мақаласында бір ғана мақаланың төңерегінде бұл мәселені түсіндіре алмайтынын айта келіп, латын әліппесінің тиімділігін былай көрсетеді: “Әліппе жаңғыртудың екі жағын қарастыру керек:

1 негізі жағынан;

2 іске асырылуы жағынан.

Халық ағарту саласында қызмет жасап отырған ұлттық зиялылар өкілдерінің жұмысы күрделеніп, енді ғана қалыптасып, аяғынан тік тұра бастаған оқу жүйесін сауат аштыру мектептерінен жоғарғы оқу орындарына дейін – оқушылар мен оқытушыларды қайта оқыту; оқу бағдарламаларын қайта өзгерту; оқулықтарды арабтан латыншаға аудару сияқты т.б. көптеген ұйымдастырушылық-техникалық шаруалармен айналысуына тура келеді.

Т. Шонанұлы латын әліппесінің жай-күйін басылым беттерінде түсіндіре отырып, өз бетінше сауат аштырту ісіне кіріседі. Тіпті ол қазақ халқына таныс өлең жолдарын латын жазуымен көрсетіп, көзін үйретті. Мысалы, латын әліпбиімен Мағжанның “Бүлдірген беті бөбектің” өлеңін латын әліпбиімен былай жазып көрсетеді:

Бүлдірген беті бөбектің,

Қолында отыр сылдырмақ.

Өзі сақ-сақ күледі,

Сылдырмақтай сылдырлап ...

Сол сияқты қазақ еліне танымал “Елім-ай” әнін:

Басынан Қаратаудың көш келеді,

Бір тайлақ көшкен сайын бос келеді.

Айырылған ағайыннан жаман екен,

Мөлдіреп қара көзге жас келеді /8/.

Түрлі қиыншылықтардың туғанына қарамастан алфавит ауыстыру ісіне қазақтың ұлт зиялылары өзінің төл ісі ретінде жақын көріп, белсене атсалысты. Ұлт зиялылары қатарындағы Т. Шонанұлы да белсенділік танытып, “Жаңа мектеп” журналында “Жаңа әліппе сабағы” айдарымен бірнеше әліппе сабақтарын жариялап отырды. Тіл маманы өз кезегінде халыққа қарапайым тілде мысалдар келтіре отырып, жаңа әліппемен оқушылар сауатын ашуға мүмкіндіктер жасайды. “Білім негізі – хат тану. Бірінші басқышта бітірген бала тұрмысқа керек жерінде іркілмей, оқи, жаза білуі керек. Жеңіл кітаптарды түсінерлік болсын. Уақ хат, куәліктер, әдістер жаза алсын. Жарнамаларды, салық қағаздарын оқырлық болсын. Мұның үстіне жаңа әліппеміз қалың еңбекшілерге нағыз пайдалы да жеңіл әліппе болу үшін, өткір құрал болуы үшін істелетін бірқатар жұмыстарымызды үлгеруге уақыт жетпей жатыр. Онымыз жаңа әліпті телеграмм, радио, стеонграммалар үйлестіру ісі сияқтылар” – деп, бұдан әрі халықты жаңа әліппемен сауаттандыру жолдарын ұсынды /9/.

Сол сияқты Т. Шонанұлы өз кезегінде тек Қазақстан жағдайында ғана емес, бүкіл түркі әлеміндегі латын әліпбиі істеріне араласып, пікір қосып отырды. Орта Азия халықтары мен Кавказ, Еділ бойы, Орал тауы, Қырым түбегі түріктерінің тілдеріндегі аз-маз айырмашылықтардың барлығын атап көрсетіп, барлық түрік тілдерінің дыбыстық заңдылықтарын қарастырады. Т. Шонанұлы түрік тілдерінің арасындағы кейбір айырмашылықтарды тек бірнеше әріптер төңерегінде ғана түзеуге болады деп есептеген. Мәселен, ол татар халқының жаңа емілесіне тоқталып, латын әліпбиіне көшу жолында әр түрлі түркі халықтарында туындауы мүмкін ерекшеліктерге татар тілінің мысалында тоқталады. Соңында Т. Шонанұлы “татарлардың бұл емілесі осы кезден барлық татарлы жерде ұсталуы керек. Біздің Қазақстан татарлары бұл емілені ұстауға міндетті. Осы кезден мектептеріне кіргізу керек. Татар оқытушылары бұл емілені біліп алулары керек. Татарша бас қаріп те ұсталады. Ұсталуы орыстікі сияқты жерлерде. Елдегі оқытушыларды да таныстыру үшін, тілін қазақша еміледе көрсетілген материалдарды татарша жаздық. Татарлардың жаңа емілесімен жаздық. Мұғалім түсінбеген жері болса, “Жаңа мектеп” басқармасынан сұрасын” /10/ – деп мәселені түсіндіре кетеді.

1929 жылға дейін республиканың астаналары болып келген Орынбор, Қызылорда қалаларында ғылым, оқу-ағарту қызыметіне қызу араласып, әліппе, оқулық, бағдарламалар жазып, халықты сауаттандыру жолында талмай қызмет жасады. Т. Шонанұлы енді Алматыға жол тартып, оқу-ағарту саласында ғылыми еңбектерін жалғастырумен болды.

1929 жылы Қазақ Халық Ағарту комиссариатында әдіскер болып жұмыс жасап жүрген Т. Шонанұлы жаңа астана Алматыға жұмыс бабымен келеді. Астанға келген Т. Шонанұлы осыған дейін алған біліміне қанағаттанбай, өздігінше (экстерно) емтихан тапсырып, жаңа ашылған оқу орны Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының әдеби-лингвистикалық факультетіне қабылданады.

Мұрағат мәліметтері көрсетіп отырғандай Т. Шонанұлы өзінің ізденімпаздығы мен білімділігінің арқасында 1929 жылы-ақ доценттік ғылыми біліктілігіне (квалификациясына) қол жеткізіп, 1932 жылы көптен армандап келген жоғарғы оқу орынының дипломына ие болады.

1930-1934 жылдары Абай атындағы ҚазПИ-де оқытушы бола жүріп, студенттермен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, оларды мәдени іс-шараларға қатыстыру сияқты жұмыстар атқарады. Оқу орны студенттерінің білімге деген құштарлығын байқаған Т. Шонанұлы оларға аса түсіністікпен қарап, үлкен демеу көрсететіп отырды. Жастарға білім беру, ана тілін оқыту мәселелерімен қатар жалпы қоғамға, туған еліне, жеріне қатысты өзекті жайттарды түсіндірірді. Әсіресе Т. Шонанұлының оқытушылық қызметіндегі елеулі белес – жаңа арнаға бет бұрған ел өміріндегі білім жолын бір жүйеге келтіріп, тиянақты дәріс берудің жаңа жолын салу болды. Аталған бағытта оқытушы мектептегі оқу бағдарламасын жасаумен айналысты.

Халқының оқу-ағарту ісіне белсене араласқан Телжан Шонанұлы ендігі тұста өлкенің мәдени-ағарту, ғылыми қоғамдық жұмыстарына да белсене араласып, талмай қызмет жасағанын мұрағаттық құжаттар айғақтайды.

20-30-жылдары республиканың қоғамдық өмірінің ғылыми саласында ерікті ғылыми қоғамдардың ролі жоғары болды. Ондай ерікті қоғамның бірі-1920 жылы құрылған Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамы (Общества изучения Киргизского края) еді. Қойған қоғам өзінің мүшелігіне алғашқыда 21 адамды алады, оның үшеуі ғана қазақ ұлтының өкілі болды. Атап көрсетсек, А. Байтұрсынов, М. Жолдыбаев және Е. Омаров [150, 3-4пп.] еді. Ал 1923 жылы 15 сәуірде қоғамның кезекті отырысы болып, қоғамның председателі К.Н. Саковский, орынбасарлығына М.Н. Баталов, ал басқару ұйымына А.Л. Мелков, М. Дулатов, К.Р. Қаржаубаев сайланып, 22 адамды қоғам өз мүшелігіне қабылдайды. Мүшелікке қабылданғандардың 12-сі қазақ ұлтының өкілдері болды. Олар Д. Тоқтабаев, С. Сәдуақасов, С. Қадырбаев, М. Мурзин, С. Сейфуллин, Ә. Жангелдин, Н. Айдаров, А. Алдоңғаров, С. Досжанов, Т. Шонанов, А. Бірімжанов, М. Жолдыбаев болды /11/.

Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамы өзі құрылған тұста тарих-археология, жаратылыстану-географиялық және этнографиялық /31/ болып үш секцияға бөлініп жұмыс атқарса, 1923 жылы қоғамның жұмысының барысына қарай ендігі кезекте төрт секция бойынша жұмыс жасайды.

1 Жаратылыстану-географиялық.

2 Тарихи-этнографиялық.

3 Өлкетану.

4 Өнеркәсіптік-экономикалық.

1925 жылы қоғамның кезекті мәжілісінде Қазақстан өлкесінің тарихын, этнографиялық құндылықтары туралы мол мағлұматтар жинастыру мақсатымен, тарихи-этнографиялық секциясының төрағалығына А.К. Бірімжанов тағайындалып, ал Т. Шонанұлы оның төраға серігі (товарищ председателя) болып сайланады /11/.

Әр кез өзінің білімділігімен, тыңғылықты істерімен танымал Т. Шонанұлы 1926 жылдың 14 наурызынан бастап Қоғамның тарих-этнография секциясы төрағалығына сайланғанады.

Жаңа да жауапты қызметке кіріскен Т. Шонанұлы ендігі тұста қазақ елінің тарихына, этнографиясына қатысты деректік материалдар жинап, ұлттық құндылықтар қатарын толықтырып отырады. Мәселен, П.В. Ивановтың басшылығымен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің он жылдығына орай, тарих-этнография секциясының аталған шараға орай жасалынып жатқан жұмыстарын тыңдап, арнайы тапсырмалар жүктеледі /12/.

Ал бұл тапсырма бойынша тарих-этнография секциясына төрағалық етіп отырған Т. Шонанұлы айтарлықтай іс тындырады. Атап айтсақ, 1926 жылы Т. Шонанұлы өз тарапынан арнайы хабарлама жазып, баспасөз бетіне ұсыну арқылы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың шынайы беттерін ашуға тырысады. Яғни, Т. Шонанұлының 1916 жылғы көтеріліске қатысты берілген бұл үндеуі қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық көтерілістерін тарихи тұрғыдан зерттеуде деректік маңызы зор.

Сонымен қатар Телжан Шонанұлы қазақ тарихын деректік негізде, шынайы жазылуын қажет деп санай отырып, секцияның мүшелері Д.В. Гусевқа “1916 жылғы қазақтар көтерілісінің үш құжаты”; О. Жандосовқа “Генерал Куропаткиннің құпия баяндамасындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің кейбір мәселелері”; С. Қаржаубаевқа “1916 жылғы Орал губерниясы қазақтарының көтерілісі” және т.б тақырыптарда баяндамалар жасау тапсырылады. Ал Т. Шонанұлы “1916 жылғы Жетісу губерниясы қазақтарының көтерілісі” мәселесін өзінің тікелей зерттеу обьектісі етіп алады. Өкінішке орай, секция отырысының хаттамаларында аталған тақырыптарда баяндамалар жасалғандығы турасында хабарланып өтілгенмен, олардың тезистері кездеспейді. Сондай-ақ 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысты материалдарды қазақ тілінде жинаққа енгізу туралы қаулы қаралып, оның жұмысын қадағалау үшін үш адамнан тұратын комиссия тағайындалады. Олар: Т. Шонанов, А. Қасымов және Е. Омаров болды /12/.

1928 жылға дейін қоғамның тарих-этнография секциясында төрағалық қызмет атқарған Телжан Шонанұлы қазақ тарихына қатысты жазылған жұмыстардың жарыққа шығуына да өз үлесін қоса білді. Мәселен, 1927 жылы 29 желтоқсанда І. Жансүгіровпен Т. Шонанұлы арасында екі жақты келісім жасалады. Келісім бойынша, 1925 жылы 15 қазанда “1916 жылғы Жетісудағы қазақ-қырғыз халқының көтерілісінің құжаттары” атты қазақ тіліндегі көлемі 13 беттік жұмысын баспа бетінде шығару үшін І. Жансүгіровке 1000 сом қаламақы төленсе, М. Әуезовтың орыс тіліндегі “Образцы народного творчества в Джетысуйской губерний” еңбегіне 960 сом қаламақы төлгені туралы құжат та мұрағат қорларында сақталынған /12/.

Аталған кезеңде де қазақ зиялылары тағы да бірлесіп, қазақ елінің тарихы мен этнографиясына қатысты материалдар жинау ісінде белсенділік танытқанын байқаймыз. Мұрағат құжаттары көрсетіп отырғандай, Тарихи-этнографиялық секциясы мүшелігінде төмендегідей қазақ зиялыларының есімдері кездеседі: И.А. Ахметов, І. Жансүгіров, М. Жолдыбаев, Х.Д. Досмухамедов, Д.Д. Досмухамедов, О.Ж. Жандосов, А.М. Майлыбаев, Е. Омаров, Т. Шонанов, Ж. Қасымов және т.б /12/. Яғни, бұдан Т. Шонанұлы өз кезегінде қазақ елінің тарихы мен этнографиясына айтарлықтай үлес қосқанын көруге болады.

Өз кезегінде ұлтының болашағы үшін ұлт зиялыларымен қатар үлкен еңбектер атқарған Т. Шонанұлы өзін нағыз ағартушы-ғалым, әдіскер ретінде танытты. А. Байтұрсынұлынан тәлім алып, нәтижесінде үлкен ағартушы деңгейіне көтерілген Т. Шонанұлы қоғамдық істерге де белсене араласып, ұлтының тарихы мен этнография саласына қатысты құжаттарды топтастыру ісінде де айтарлықтай жұмыстар қатарын атқарды. Оны біз жоғарыда келтірілген түрлі мұрағат құжаттарынан және Т. Шонанұлының атқарған істерінен айқын аңғаруға болады.

Пайдаланған әдебиеттер:

1 Абикенова К.Е. Телжан Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық және ғылыми мұрасы (1894-1938 жж): Тарих. Ғыл. канд. дис. Автореф. –Алматы, 2007. - 24 б.

2 Мұқанов С. Өмір мектебі [Роман]: 1-3 кітап. – Алматы: Жазушы, 1970. – 3 кітап. – 471 б.

3 Абикенова К.Е. Т. Шонанұлының ағартушылық қызметі // ҚазҰУ Хабаршысы. Тарих сериясы. – 2005. – № 3 (38). – 127-130 бб.

4 Шонанұлы Т. Іс һәм идея // Ақ жол. – 1921. – 14 сәуір.

5 Шонанұлы Т. Оқу бұрын бұл һәм күнде // Қызыл Қазақстан. – 1923. – № 22. – 90-92 бб.

6 Абикенова К.Е. Т. Шонанұлының ағартушылық қызметі // ҚазҰУ Хабаршысы. Тарих сериясы. – 2005. – № 3 (38). – 127-130 бб.

7 Шонанұлы Т. Қазақ Ғылым кеңесінің жұмысы // Қызыл Қазақстан. –1923. – № 19-21. – 103-105 бб.

8 Абикенова К.Е. Т. Шонанұлы ұстаз-ғалым ретінде // Қазақстан жалпы адамзаттық тарихи ойлау аясында: Халықаралық Бекмаханов оқуларының материалдары, 25-26 мамыр 2005 жыл. – Алматы, 2005. – 225-227 бб

9 Шонанұлы Т. Орта Азиядағы латын әліппесі // Еңбекші қазақ. – 1927. – 16 маусым.

10 Шонанұлы Т. Жаңа әліп майданында кезекті мақсатымыз // Жаңа мектеп. – 1929. – № 8. – 22 б.

11 Шонанұлы Т. Татар жаңа әліппесі // Жаңа мектеп. – 1929. – № 7. – 10 б.



12 Абикенова К.Е. Т. Шонанұлы ұстаз-ғалым ретінде // Қазақстан жалпы адамзаттық тарихи ойлау аясында: Халықаралық Бекмаханов оқуларының материалдары, 25-26 мамыр 2005 жыл. – Алматы, 2005. – 225-227 бб

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет