Сангвиник темпераменті басым оқушының ерекшеліктері: ашық, көпшіл, сөзшең, кісіге қайырымды, қысылып қымтырылмайды, оптимист, өмір сүргіш, көтеріңкі көңілді, басшылыққа, жетекшілікке құштар. Әр түрлі, көп қырлы жұмысты нәтижелі атқарады. Класта мұғалімнің айтқандарын қиналмай ұғады, сұрақ қоюға жаны құмар. Оның сөзі жылдам, анық, түсінікті, паузалар мен интонацияларды жақсы сақтайды, сөзді мәнерлей айтуға тырысады. Сөйлегенде ым-ишара (мимика, пантомимика) жағы басым келеді, көбінесе эмоциялы қозу жағдайында тұрады . Осындай балалардың мінез-құлқынан қажырлылық, белсенділік сияқты кейбір жақсы қасиеттерді көруге болады. Сондықтан да сангвиниктер өмірге икемді, тәрбиелеуге оңтайлы, ширақ темперамент болып саналады. Бұл темпераменттің өкілін И.П.Павлов қызу қанды, іскер адам деп санайды. Бірақ ол ылғи қызықты іспен айналысқанда ғана осындай күйде болады. Мұндай іс жоқ кезде ол жабыраңқы, сылбыр жүреді.
Флегматик темпераменті басым оқушының ерекшеліктері. Ол өте сақ, ұяң, байсалды, жұртқа жақсылық тілейтін, сенімді, тұрақты, бір қалыпты. Флегматик темпераментіндегі бала сабырлы, орынсыз асып-саспайды. Сабақта тыныш отырады, жанындағы баланы мазаламайды. Ауыр мінезді, көрсе қызар емес, мәселені тез шешуге асықпайды, салқынқанды. Бір істі бастаса салпақтап соңынан қалмайтын бала. Флегматик балалардың көпшілігі мектепке келгенен кейін оқу дағдыларын меңгеруде өзінің икемділіктерін жақсы көрсетеді. Шыдамды, ұстамды, сезімге берілмейді. Әдетте жаңа адамдармен араласып кете бермейді, сырттай әсерге төзімді, бар білгені ішінде. Флегматик темпераментіндегі адам, И.П.Павловтың сипаттауынша, барлық уақытта да байсалды, ұстамды бір қалыпты, табанды, төзімді және еңбекқор . Жүйке үрдістерінің тепе-теңдігі мен баяулығы флегматикке қандай жағдай да болмасын бір қалыпты тыныштықта болуға мүмкіндік береді.
Холерик темпераменті басым оқушының ерекшеліктері. Бұл ұшып-қонып тұратын, күйгелек, тынымсыз, шамданғыш, көңіл күйі жиі өзгеретін, қарым-қатынаста аумалы-төкпелі, тұрақсыз, соқпа мінезді, белсенді пысық, бірақ бейкам, ашуланшақ бала. Сангвиникке қарағанда салғырттау, икемі кемірек. Осыдан- ниеттері мен қызығулары тұрақтылау, табанды, зейінін ауыстыруы қиындау, сезімі көбіне сырттай көрінеді.
Нерв процестері күшті, бірі екіншісіне тең келмейтін адамдар, көбіне ұйытқымалы, қимыл-қозғалысқа шапшаң келеді. Істі бұрқыратып істегенмен, олардың кейде қолын бір сілтеп, сылқ түсетін кездері де болады. Оның бұл сияқты ерекшеліктері өткір көзінен, тез және оқтайлы қозғалыстарынан жақсы байқалады. Бұл жөнінде И.П. Павлов былай дейді: «Байсалдылығы жоқ қажырлы адам кез келген іске барлық күш жігерімен кіріседі де содан соң тез шаршап қалады, кейіннен зауқы аумай қояды…»
Достарыңызбен бөлісу: |