Сынып жетекшілеріне кеңес: біріншіден, балалардың да жас ерекшелігін ескере тырып, сынып ұжымының даму деңгейін, тәрбие жағдайын (қала не ауьл мүмкіндіктеріне сай, нақты аймақтан, мектептің өзіндік ерекшелігін, педагогикалық ұжым мен айналадағы оқу-тәрбие мекемелерінің) ерекшеліктерін ескере отырып, тәрбиешінің негізгі мақсаты мен міндеттерін анықтаңыз.
Мысалы, қала жағдайындағы мектепте мынадай мақсат қойылса: “Жоғары сынып оқушыларын үлкен мәдениетке тарта отырып, олардың рухани дамуын арттыру” (10—11 сыныптар). Қойылған мақсатқа орай стратегиялық міндеттер тобы айқындалады.
Олар мынадай: оқушылардың интеллектуалдық танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру (оқуға, білімге, ғылымға, ақыл-ой иелеріне деген оң эмоционалдық қатынасын қалыптастыру, осы тақырыпқа сай әдебиеттер оқуға бағыт беру). Салауатты өмір салтын арттыру, өзін-өзі сауықтыру бағдарламасын жасау (ақыл-ой, жан, тән — үшеуінің бірлігінде). Оқушыларды мәдениетке қатыстыру (ғылымға, көркемөнердің әр түрлі салаларына, көркем және публицистикалық әдебиетке, музыкаға, бейнелеу өнеріне, архитектураға, тұрмыстағы дизайнға, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға, мінез-құлық мәдениетіне, т.б.).
Тәрбие жұмысын ұйымдастыру. Сынып жетекшісі тәрбие процестерінің ерекшеліктерін ескере отырып, тәрбие ісін мынадай бірізділікпен басқарса жұмыс нәтижелі болады:
• тәрбие ісінің негізгі мақсатын, міндеттерін, маңызын біліп, түсіну, өзекті мәселелерін көре білу. Оқу-тәрбие жұмысының тиімді әдістері мен қажетті түрлерін пайдалану әдістемесін меңгеріп алуы;
• талдау барысында тәрбие ісінің белгіленген мақсатқа сәйкестігін анықтау, кемшіліктерінің себептерін түсіну. Мұғалімнің тәрбиелік іс-шараны талдау шеберлігі, өзінің көзқарасын қорғап, дәлелдей алуы;
• тәрбие ісінің нақты бағдарламасын жасауы. Оқушылардың көзқарасын қалыптастыру жолдарын тереңнен ойластыруы;
• сынып жетекшісі іс-әрекетті ұйымдастырып қана қоймай, оқушылардың жақсы қасиеттерінің дамуына жағдай жасауға тиіс. Істі қорытындылағанда, оқушылардың жетістіктеріне аса көңіл бөлген жөн;
• тәрбиелеу барысында мұғалімнің өзінің күшті және әлсіз жақтарын ескеруі;
• тәрбие ісін жетілдіру мақсатымен мезгіл-мезгіл өз жұмысын өзі тексеріп, талдап, оқушылардың даму деңгейін зерттеп отыруы;
• оқушыларды зерттеу арқылы тәрбиелік міндеттерді анықтауы.