ТЕРМИНТАНУДЫҢ ТАРИХЫ ТЕРЕҢДЕ
Жуырда терминтану саласында өнімді еңбек етіп жүрген белгілі тілтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының “Алаш және терминтану”, “Терминологиялық әдебиеттердің библиографиялық көрсеткіші” атты еңбектері жарық көрді. Ғалымның “Алаш және терминтану” атты монографиясы қазақ терминологиясы ХХ ғасырдың 1910-30-жылдарына арналып, аталмыш саланың даму, қалыптасу кезеңдері, негізгі ерекшеліктері, сипаты, басшылыққа алынған ғылыми қағидаттар жан-жақты зерттеліпті.
Бұл кезеңде терминологияны жасау мен қалыптастыруға Алаш зиялылары қызмет еткендіктен, кітапта Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Халел Досмұхамедұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Жұмахан Күдерин, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Міржақып Дулатұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Мұхтар Әуезов сынды қазақ зиялыларының ұлттық терминологиялық қорды байытып орнықтыруға ұстанған бағыт-бағдарларды саралай келіп, олардың әрқайсысының терминжасам тәжірибесі мен ғылым тілі жөніндегі көзқарастарына жеке-жеке тоқталады. Соның негізінде ХХ ғасыр басында ұлт тілінің ұшан-теңіз байлығын пайдалана отырып, терминологияны қалыптастырудағы қазақ зиялыларының қарым-қабілетін тайға таңба басқандай көрсетіп отырады. Бұл бүгінгі термин жасаушыларға үлгі боларлық іс деп білеміз. Тілтанушы ғалымның бұл зерттеу еңбегінде ұлттық терминқор мен терминтанудың ғылым ретінде даму тарихының тұтас бір кезеңі терең қарастырылып, жүйелі байламдар жасалыпты.
Ал екінші кітапта автор қазақ терминологиясы бойынша ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың басына (2007 жылға) дейінгі кезеңде термин, терминология мәселелері бойынша жарық көрген үлкенді-кішілі еңбектер, атап айтқанда, монографиялар, қорғалған диссертациялар, ғылыми мақалалар, оқулықтар мен оқу құралдары, терминологиялық сөздіктер хронологиялық тәртіппен беріліпті. Көрсеткішті қарап отырғанда, ғалымның ыждаһаттылығына, ізденістеріне тәнті болып, жұмыстың нәтижелі шыққанына көз жеткізесің. Осыған қарағанда, бұл еңбек терминология тарихы үшін де, терминология мәселелерін зерттеушілер мен оны пән ретінде оқушылардың қажетін өтейтін практикалық құндылығы жағынан да сәтті дүние деуге болады. Сол секілді, кітаптағы көрсеткіштерді пайдаланған кезде біріншіден, терминологияның нендей мәселелеріне баса назар аударылғанынан, бір ғасырдан астам уақыт аралығында терминология мәселесінің қалай зерттелгендігінен мол мәлімет аласың. Екіншіден, осы кезге дейін қай мәселелерге аз көңіл бөлінгенін, қазақ терминологиясының сан саналы қырларының қай бөлігі жеткілікті зерттелмегенін, алдағы уақытта нендей жұмыстарға көңіл бөлу қажеттігін де аңғарып отырасың. Бұл көрсеткіш құралды қазақ терминологиялық лексикасының қалыптасуынан, зерттелуінен, терминтанудың пән ретінде бір ғасырлық дамуынан хабардар ететін мәлімет қоры деуге болады.
Сүлеймен МӘМЕТ.
ТЕРМИНОЛОГ
Алаш арыстары. Олардың арасында Ахаң-Ахмет Байтұрсынұлының есімі ерекше аталады. Себебі, бұл тұлға халқымыздың “рухани көсемі”. Ал мұндай анықтаманың аясына барлық ұлы қасиеттің бәрі сыйып кететіні белгілі.
Ахмет Байтұрсынұлы – қайраткер. Ғалым. Ұстаз. Қазақ тіл білімінің терминологиясын жасаушы. Біз бүгін бұлардың бәріне емес, тек соңғысына тоқталмақпыз.
Жалпы кез келген ғылымды оқып білу, меңгеру немесе оны өзгелерге үйрету сол салада қолданатын арнаулы ұғым атауларынсыз мүмкін емес. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым ретінде Ахаң осы ғылым саласындағы негізгі ұғымдарды және олардың өзара байланысын анықтап, яғни қазақ тілінің табиғатын көрсететін ұғымдар жүйесін түзумен қатар, сол ғылыми ұғымдардың атауларын да жасаған жан.
Ғылыми ұғымдарға атау беру үлкен талғампаздықты, тілді шебер пайдалана білуді қажет ететін шығармашылық үдеріс. Онымен қоса, арнаулы ұғымдарға ат қою кезінде ол жүйенің өзіндік ерекшеліктерін міндетті түрде ескеру қажет. Атаудың ықшам болуы, бір мағыналылығы және ұғым мазмұнын қамтуы тағы бар. Осындай талаптарды мүлтіксіз орындаудың қиындығы терминдерді ана тілінде жасаудан гөрі көп жағдайда оны ұғымдар жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып жасалған өзге тілдерден дайын қалпында ала салуға, яғни, қабылдауға мәжбүр етеді.
Бұл тұрғыдан келгенде, ұлт ұстазы қазақ тілін термин шығармашылығында пайдаланудың жарқын үлгісін көрсете білді. Ахмет Байтұрсынұлының 1912 жылы Орынборда жарық көрген “Оқу құралының” (қазақша әліппе) өзінен буын, дыбыс, нүкте, дауысты дыбыстар, жарты дауысты дыбыс, дәйекші, жіңішкелік белгісі, хәріп (әріп) сияқты терминдерді ұшыратуға болады. Ал 1914-1915 және одан кейінгі 1928 жылға дейін бірнеше дүркін басылып тұрған “Тіл – құрал” оқулықтарында (қазақ тілінің сарфы) әбден қалыптасып, бүгінгі күнге дейін қолданылып жүрген зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, қосымша, жалғау, жұрнақ сияқты көптеген терминдер кездеседі. Бұлардың терминге қойылатын талаптарға жауап беретіндігін дәлелдеп жату артық, өйткені олар кезінде арнайы шеттетілгендігіне қарамастан, уақыт сынынан өтіп, тұрақты қолданылатын дәрежеге жетті.
Мұнда ең басты атап айтатын нәрсе – Ахмет Байтұрсынұлы бір топ терминдерді ғана емес, бүкіл бір ғылым саласындағы арнаулы ұғымдардың атаулар жиынтығын, дәлірек айтқанда, терминдер жүйесін жасаған. Ғылымның дамуына орай ұғымдар жүйесінің ұлғайып отыруы табиғи құбылыс. Ахаң қалыптастырған терминдер жүйесі де қазақ тіл білімі дамыған сайын жаңа элементтермен толыға түсуде.
Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл білімінің ғана емес әдебиеттану ғылымының да негізін қалаушы екендігі өткен ғасыр басында-ақ мойындалды. 1923 жылы ғалымның мерейтойына арналған баяндамасында Мұхтар Әуезов: “Жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп санайды”, – деп көрсетеді.
Сонымен, екіншіден, қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым осы ғылым саласының ғылыми терминологиясын да жасаған.
Терминделуші ұғымдарды дәл білдіретін ондаған әдебиеттану терминдерін жасай отырып, ғалым олардың ғылыми терминге тән ғылыми анықтамасын берген. Ол дегеніміз – ғылыми ұғымның, өзіне ғана тән белгілерін айқындаумен қатар, олардың ұғымдар жүйесіндегі алатын орнын да көрсету деген сөз. Мысалы: “Айшықтың әрбір тақтасы шумақ деп аталады. Жұрттың бір ауыз өлең дейтіні шумақ болады, әр шумақта бірнеше тармақ болады. Тармақ дегеніміз – өлеңнің әрбір жолы. Тармақ ішінде бірнеше бунақ болады. Бунақ дегеніміз – өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының арасы. Бунақ ішінде буын болады”, – дейді “Әдебиет танытқыш” еңбегінде ұлт ұстазы.
Бұл мысалдан байқайтынымыз, ғалым біріншіден, өлеңнің құрылым-құрылысын анықтаған, екіншіден, әрбір ұғымның өзіндік ерекшелігін, басты белгісін, іргелес өзге ұғымдардан айырмасын көрсететін анықтама берген. Яғни, әрбір ұғымның мазмұны мен көлемін бағамдаған; үшіншіден, әр ұғымның ғылыми атауын (айшық, шумақ, тармақ, бунақ, буын) жасаған; төртіншіден, терминдердің жүйелілік ерекшелігін ескере отырып, жалпы қолданыстағы бір үлгімен жасалған (модель) сөздерді термин ретінде пайдаланған; бесіншіден, ғылыми ұғымдардың арасындағы жүйелілік құрылымдық байланысты көрсеткен. Дәлірек айтқанда, айшықтың –шумақтан, шумақтың – тармақтан, тармақтың – бунақтан, ал бунақтың – буыннан құралатындығын сатылай көрсету арқылы ұғымдардың микрожүйесінің өзіндік табиғатын ашқан.
Бұдан ғалымның өзі зерттеп отырған ғылым саласындағы ұғымдар жүйесінің ішкі байланысы мен ерекшелігін терең білумен бірге, оларды таңбалауда тілді өте шебер пайдалана алғандығы анық көрініп тұр. “Әдебиет танытқыштан” мұндай мысалдарды әлі де көптеп келтіре беруге болады.
Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімі, әдебиеттану ғылымдарының ғылыми терминологиясын жасаумен бірге, қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты да көптеген терминдерге де жол салғандардың қатарына әдіс, әдісқой, сауаттау әдісі, жалқылау әдісі, жалпылау әдіс, жалқылау-жалпылау әдіс сияқты терминдерді жатқызуға болады. Бұлармен қоса Ахаң тарих, этнография терминдерін де жасаған. Олай дейтініміз, Мұхтар Әуезов 1923 жылы ғалымның “Мәдениет тарихы” атты кітап жазып бітіргенін айтқан еді.
Сонымен, үшіншіден, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімі, әдебиеттану сияқты жеке ғылым салаларының ғылыми терминологиясының негізін қалаумен бірге әдістеме, тарих және этнографияға, жалпы мәдениетке қатысты көптеген терминдер жасаған ғалым.
Ендігі бір айрықша атап айтуды қажет ететін мәселе – Ахаңның терминжасамның тәсілдері мен жолдарын анықтап бергендігі. Яғни төртіншіден, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерін анықтап, оларды өзінің терминжасам тәжірибесінде кеңінен пайдаланған ғалым.
Терминжасам тәсілдерінің аражігі ашылып, олардың термин шығармашылығында іске қосылуы қазақ тілінің грамматикасының (сарфы) жазылуымен тікелей байланыста қарастыруды қажет етеді. Бүгінгі терминжасам тәсілдерінің өзіндік ерекшеліктері бар екендігіне қарамастан, ол негізінен қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерінің құрамына енеді.
Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерін анықтаумен қатар, ол тәсілдерді термин жасауда пайдаланудың жарқын үлгісін көрсеткендігін оның қаламынан туындаған жүздеген терминдері дәлелдейді. Мәселен, ғалымның жұрнақ, жалғау, буын, шумақ, тармақ, рай, мүше сияқты терминдері семантикалық тәсілмен, жақша, сызықша, көсемше, есімше, дәйекші, буыншы, бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, пысықтауыш, толықтауыш, әуреленіс, күліс, әлектеніс, әліптеме, зауықтама, мазмұндама, ермектеме, қорытпа, ұсынба, сұқтаныс, азаптаныс, жалғаулық, есімдік тәрізді көптеген терминдері морфологиялық тәсілмен, ал дауыссыз дыбыс, дауысты дыбыс, қатаң дыбыс, ұяң дыбыс, түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қаратпа сөз, қыстырма сөз, мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауыш, сын пысықтауыш, тұрлаулы мүше, тұрлаусыз мүше, салалас сөйлем, сабақтас сөйлем, жалаң сөйлем сынды терминдер тобы синтаксистік тәсілмен жасалған.
Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы “ұлтшылдық”, “пуристік” бағыт ұстады деп, ол жасаған терминдердің біразы қолданыстан шеттетілгені белгілі. Соған қарамастан, Ахаң еңбегінің көпшілігі өзінің өміршеңдігін танытып келеді. Ал арнайы шеттетілген терминдердің арасында бүгінде қайтадан қажетімізге жарайтындары да аз емес. Сондай-ақ оның қаламынан туындаған терминдер арасында авторы өзі екендігі ұмытылып кеткендері де бар. Ұлы тұлғаның термин жасауда ұстанған бағыты мен оның қаламынан туған басы ашық терминдері-ақ Ахаңның қазақ терминологиясының негізін қалаушы және ғасыр басындағы бүкіл ғылыми ой-сананың қалыптасуына ықпал ете білген жан екенін дәлелдейді.
Бесіншіден, Ахмет Байтұрсынұлы жекелеген ғылым салаларының ғана емес, бүкіл қазақ терминологиясының қалыптасуына тікелей әсер еткен айрықша тұлға.
Ғалымның терминжасам тәсілдерін көрсетіп, оларды пайдалана отырып, тіл білімі, әдебиет ғылымдарының терминологиясын, өзге арнаулы салаларға қатысты терминдер жасауы – ғасыр басындағы өзге ғылым салалары бойынша оқулықтар мен түрлі ғылыми еңбектер жазған авторларға таптырмайтын үлгі болды. Ахаңнан кейін әр түрлі ғылым салалары бойынша еңбектер жазған қазақ зиялыларының жасаған терминдері оған айқын дәлел бола алады. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының 1914, 1915 жылдары және одан кейін бірнеше дүркін қайта басылған “Тіл – құрал” еңбегінде -уыш/уіш, -ша/ше, -лық/-лік жұрнақтары арқылы жасалған сызықша, есімше, көсемше, бастауыш, баяндауыш, сұраулық терминдерінің үлгісі 1927 жылы Мәскеуде басылған Ж.Күдериннің “Өсімдіктану” оқулығында сабақша, тұқымша, қайықша, қаптауыш, аналық, ал Е.Омарұлының 1928 жылы Қызылордада жарық көрген “Пішіндемесінде” (геометрия) тікше, қиықша, өлшеуіш, өлшемдік түрінде жалғасын тапқанын көруге болады.
Осы деректердің өзі ғалымның тіл білімпазы ретінде қазақ тілінде термин жасаудың үлгісін көрсете отырып, ғасыр басындағы термин жасау ісіне тікелей ықпал еткен зор тұлға екенін анық аңғартады.
Алтыншыдан, Ахмет Байтұрсынұлы XX ғасырдың басындағы қазақ терминологиясын қалыптастыру мен дамытудың бағыт-бағдарын айқындаушы.
Еңбекші қазақ” газетінің 1926 жылғы 12 тамыздағы санында жарияланған “Қазақстан оқу кемесериетінің орынбасары Жолдыбайұлы Молдағалимен әңгіме” деп берілген “Қазақ тілін байытамыз” атты шағын сұхбатта сол кезеңде термин жасаумен кімдер айналысқандығы және өзге тілдерден термин қабылдауда қандай қағидат басшылыққа алынғандығы, осы істі жүзеге асырудағы Ахаңның рөлі атап көрсетіледі. “1922 жылы Қазақстанда жат сөздерді, пән атауларын қазақшыландыратын кемесие құрылған. Кемесиенің құрылғаннан бергі жұмысы аз емес. Мың-мыңдаған сөздер қазақ тіліне аударылып, иә қазақ тіліне үйлестіріліп, қазақ тілі байытылды. Кемесиеде қазақ тіліне жетік 5-6 қазақ қызметкерлері жұмыс істейді. Оның үстіне кемесиенің жұмысына түрлі білімнің басын ұстаған мамандар қатыстырылады. Кемесиенің ағасы Қазақ елінің әсіресе тіл заңына жетік оқымысты данышпаны Байтұрсынұлы Ақымет. Кемесиенің негізгі мақсаты – қазақ тілін өнер-білімге бейім мәдениетті тіл қылу”.
Барлығы 5-6 адамнан тұратын комиссия үлкен іске мұрындық болып, көп іс тындыра білді. Оқу комиссариатының орынбасары атап көрсеткеніндей сол жылдарда қазақ тілі, оның терминологиялық қоры байыды, ғылым ұлт тілінде сөйлей бастады. Қазақ тілі термин шығармашылығында пайдаланылып, терминжасам тәжірибесі, дәстүрі қалыптаса бастады. Алаш арысы Ахаң төрағалық еткен осы комиссия қазақ тілінің терминологиялық қорын қалыптастырудың негізін салды, іргетасын қалады. Бұл істің ілгері басуына көрнекті көшбасшы, тіл, терминология жайын терең білетін ірі тілші ғалым, тарихи тұлға А.Байтұрсынұлының жеке үлесінің зор болғанын айрықша атап айтқан абзал.
“Кемесиенің негізгі мақсаты – қазақ тілін өнер-білімге бейім мәдениетті тіл қылу”дегеніне келсек, Ахаң басқарған комиссия мақсатына адал болып қана қойған жоқ, қазақ тілін білім-ғылым тілі ету жолында қыруар іс тындырды. “Байтұрсынұлы кезеңінде” қазақ тілінде жазылған көптеген оқулықтар мен, оқу құралдары, сөздіктер соның дәлелі бола алады. Оның бәрі азғантай ғана қазақ зиялыларының атқарған үлкен ісі, солардың қажырлы еңбегінің, мақсатты жұмыстарының нәтижесі. 1924 жылғы маусым айында Орынборда “Қазақ ғылыми қызметкерлерінің 1-съезі” болып, онда Е.Омарұлы баяндамасына негізделген терминологияны қалыптастырудың қағидаттары съез қаулысымен ресми бекітілді. Араға екі жылдай уақыт салып, 1926 жылы Бакуде өткен “Түркологтардың Бүкілодақтық бірінші құрылтайында” терминология жөнінде жасаған баяндамасында А.Байтұрсынұлы қатынасушыларға осы қағидаттарды таныстыра отырып, өзге түркілерге де ғылыми терминологияны қалыптастыруда қазақ білімпаздары жасаған осы қағидаттарды басшылыққа алуды ұсынды. Оның ұсыныстары ғалымдар тарапынан қолдау тауып, құрылтай қарарына енді.
Сонымен жетіншіден, Ахаң қазақ оқығандары жасап, ресми бекіткен терминология қағидаттарын бүкіл түркі халықтарына ұсына отырып, түбі бір туыстас тілдердің терминологиялық қорының ортақтық сипатын арттыруды көздеген кең тынысты түрколог ғалым.
“Ахмет Байтұрсынұлы жасаған терминдердің өміршеңдік танытуының сыры неде?” деген сұраққа жауап іздесек, ол ең алдымен ұғымға атау беруге ұлттық таным тұрғысынан келген. Сондықтан оны қазақ қауымы алғашқыда аздап жатсынғанмен, тез қабылдап санасына сіңіре алған. Екіншіден, сол кездегі Ахаңның зиялылар арасындағы зор беделі мен тіл саласындағы бірегей ірі оқымысты ретінде мойындалуы да оның жасаған терминдерінің шығармашыл қауым тарапынан талқысыз қабылдануына себеп болды. Онымен иықтас тұрып, ой жарыстырып, пікір таластырып, өз терминдерін ұсына қоятын тіл мамандары қалыптаса қоймап еді. Оның маңайындағы тіл мәселелеріне жетік деген Е.Омарұлы, Х.Досмұхамедұлы, Н.Төреқұлұлы сынды Алаш арыстарының да ғалым пікіріне құрметпен қарағаны байқалады.
Ахаң еңбегінің өміршеңдігін көрнекті тілші ғалым Мәулен Балақаев жақсы айтқан. Мәкеңнің мысалы мына төмендегі пікірінде шындық бар. Ол былай деп жазады: “Тіл — құрал” кезінде “алашордашылардың, ұлтшылдардың” кітабы болғандықтан, оны пайдалануға тыйым салынса, жаңа грамматика авторы да “халық жауы” атанып, кітабы қолданудан қалып қойды. Енді қайту керек? Тірі қалғандарымыз мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету үшін еңбектенгенде, алдымен грамматикалық атауларды қалай атаймыз деген проблема туды. Біз бұрыннан үйреншікті болған Ахмет терминдерін қазақ тілінің, қазақша айтылған бұрынғы сөздері деп танып, солай атай бердік. Себебі, басқаша жазу мүмкін емес, әдеби нормаға айналып, қалыптасып кеткен еді. Ахмет Байтұрсынов шығарған терминдер екенін білсек те, қазақ тілінің сөз байлығы деп танығанбыз”.
“Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадырынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын... Сондықтан сөзден жасап сөз шығару деген әркімнің қолынан келе бермейді және шығарғандардың да сөздері бәрі бірдей жақсы бола бермейді”, – деп тілдің міндетін терең түсініп, оны термин шығармашылығында асқан шеберлікпен, үлкен жауапкершілікпен жұмсай білген ұлы тұлғаның қазақтың ғылыми терминологиясын қалыптастырудағы еңбегі ұшан-теңіз.
Орыстың ғылым тілінің даму тарихын зерттеуші ғалымдар бірауыздан энциклопедист-ғалым М.В.Ломоносовты “орыс ғылыми терминологиясының атасы” дейтін болса, Қазақстан ғылымының тарихындағы ондай орынды ұлтымыздың бағына туған перзенті, Алаштың аяулы ұлы, аса көрнекті тілші ғалым Ахмет Байтұрсынұлы иеленіп тұр.
Авторы: Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор. Астана.
Достарыңызбен бөлісу: |